Тілдегі әрбір құбылыс белгілі дәрежеде басқа құбылыстармен тығыз байланысты. Тілдік құбылыстар арасындағы байланыстар мен олардың сипаттары тарихи жағдайларға байланысты құбылып өзгереді. Тілдің тарихын, тілдік құбылыстардың туып, қалыптасу тарихын зерттегенде оның қалыптасу негізінде, басқа құбылыстармен қандай айырмашылығы барын анықтау қажет.
Тілдік құбылыстың өзгеруі көбіне өзі өмір сүріп отырған байланыста болатын басқа құбылыстармен өзгеріп кетуі нәтижесінде пайда болады. Тіл – қоғамдық құбылыс болғандықтан дамып, өзгеріп, белгілі құбылыстың жоғалып отыруы заңды. Қай кезеңнің болмасын баспасөз материалының тілін өзгертпесекте, сол кезең тұрғысынан қарап, пікір айтуымыз қажет. Өйткені баспасөз тілі де, сол заман ағысына қарай өзгеріп отырады. Тіл – халық өмірінің айнасы болса, әр кезеңнің, әр ұлттың өміріндегі болып жатқан барлық өзгерістер мен құбылыстар, жаңалықтар сол халықтың өз тілінен көрініс табады. Міне осы өзгерістер мен тілдік көріністерді баспасөз бетінен көруге болады.
Өйткені қандай да болмасын, жаңалық алдымен баспасөз, радио арқылы келеді. Мерзімді баспасөз сол қоғамадағы әлеуметтік саяси, ресми қаулы – қарарларды өз беттерімен жариялап тұратын ақпараттар ағыны. Осы мәселе тұғысында Б.Қ.Момынова: «Қазіргі кездегі өркендеп дамыған бұқаралық ақпарат құралдары оқылатын (визуалды) мерзімді басылымдар, тыңдалатын (аудиалды-радио), әрі тыңдауға, әрі көруге болатын (аудиовизуалды – теледидар, деректі кино) болып үш түрге бөлінеді. Бұлардың коммуникативті құрылымдарындағы айырмашылықтары болмаса, атқаратын қызметтері ұқсас» дейді.
Мерзімді басылымдағы түрлі мамандық иелері әр түрлі қырынан зерттеуі мүмкін. Егер, журналистерді нақтылы басылымның әдеби – публицистикалық сапасы, автордың материалды бере білу шеберлігі қызықтырса, деректанушыны баспасөзді оның деректік маңызы мен ерекшеліктерін көрсету үшін, жалпы тарих дерегі ретіндегі ғылыми құндылығын анықтау үшін зерттейді, ал тілшіні газет бетіндегі атаулардың синтаксистік, лексикалық т.б. жақтары қызықтырады.
Номинатив бірліктен немесе Ф. де Соссюр терминімен айтсақ сигнификаттан газет атауларының басты айырмасы: «белгілі бір заттың биологиялық табиғи байланысы жоқ акустикалық бейнесі емес, мақаладан туындайтын оймен, оның мазмұны мен тікелей байланысты, өзге деңгейдегі атау болуында».
Газет атауларын зерттеуші жас маман Г.К.Исхангалиева өзінің «Функционально-прагматический анализ заголовков» атты диссертациялық зерттеуінде: газет атауларына талдау жасай келіп, олардың негізгі: «номинативтік, ақпараттық (информативтік) прагматикалық және болжағыштық төрт тұрақты қызметіне тоқталып, қалған функциялары қосалқы қызмет атқарады» - дейді.Баспасөздегі ақпарат беретін газет атауларының бірінші типі оқырманға қоғамда болып жатқан бүгінгі оқиғаларды түсіндіріп, қауіпті жағдайларға ұшырамай, сәтсіздіктерден шығудың жолын табуға көмектесе аларлықтай болуы тиіс. Сонымен қатар оқырмандарға бұрын сонды ол естімеген, білмеген, көрмеген жаңа хабарды танытуы қажет. Газет атауының оқырманға әсер ете алуы материалдардың қызықты әр алуан болуына байланысты. Белгілі бір салаға маманданған тілші болмаса, басылымдар кез келген оқырманды бейжай қалдырмайды. Газет атаулары өмірдің сан-салысынан хабар беретін ақпарат ағыны қазіргі газет ұжымының алдында басты мақсат пен міндет. Егеменді еліміздің тарихына жаңа көзқараспен қарап, шындық тұрғысынан жазу.
Мерзімді баспасөз қоғам өміріне, қоғам мүшелерінің күнделікті тіршілігіне тікелей араласып, қоғамдық пікір тудыруды мақсат етеді. Тілші белгілі бір жайды хабарлап отырып, мақала атауларына өз бағасын береді. Осы мақсаттарға сәйкес берілген мақалаларды қолданылатын сөздің ерекшеліктері, газет тілшілерінің тіл мәдениетін сақтаудағы шеберліктері айқындалады. Мерзімді баспасөз әлеуметтік өмірде болып жатқан оқиғалардың қай-қайсына болса да араласып, пікір тудырып отырады. Баспасөз тілінің ерекшеліктері қоғамдағы сан-алуан жағдайаттарды, өтпелі кезеңдерді суреттеуде үлкен орын алады. Оқырманға әр уақытта жаңа да тың, құнды тақырыптар қажет.
Баспасөз бетіндегі атаулар тілде жүйелі түрде пайдаланып, тілдік қорды байытуға септігін тигізетін бұқаралық ақпарат құрлдарының құрамдас бөлігі болып табылады. Атаулар мақаланың мазмұнын ашатын, автордың өзіндік көзқарасын танытуға мүмкіндік беретін, қоғамдық сана мен болмастағы өзгерістерді білдіретін тілдік бірлік. Кейде тілдік мақсаттар үшін сөйлем мүшелерінің қалыпты орны өзгеріп, инверсия арқылы белгілі бір сөзге ой екпіні түсіріледі. Ал публицистикалық, ғылыми шығармадағы сөйлем мүшелерінің орнын газет-журнал қалай болса солай ауыстыра беруге болмайды.
Қоғам дамуының нәтижесінде ғылым мен техника, экономика мен мәдениеттің өзгеруіне байланысты туындайтын жаңа сөздерді ғана пайдаланып қоймай, қазақ халқының төл сөз байлығын қазіргі мерзімді басылымдар мейлінше сарқа пайдалануда. «Баспасөз – өмір айнасы, қоғамдық пікірдің жаршысы, саяси күрестің құралы» деп Қазақ совет энциклопедиясында анықтама береді.
Бүгінгі баспасөз аралық қызу бәсекелестікті ескерсек өз оқырманын жоғалтып алмаудың бірден-бір кілті – газет материалының қызықты әрі түсінікті болуы. Нарық пен техника дамып, компьютер байланысы әлемді шырмауықтай қаптаған заманда қалыптасқан әлеуметтік құбылыс ретінде газет тілі де өзіндік ерекшеліктерге ие болуда. «Баспасөз – өмір айнасы» қағидасын терең қарастырсақ, өмірдің уақытқа тәуелділігін ескере отырып, тіпті апта, ай, жылдардағы деректі мәселелері күнделікті баспасөздің арқауы болуда. Егер бұрынырақта оқырмандар әдеттегі – күнделікті тұрмыстық, жеңіл хабарлар тапшылығын сезіне отырып, міндетті телерадио хабарламаларымен жарнама апталықтарын сатып алатын болса, ал бүгінде мұндай басылымдар ұшан-теңіз.
Газет бетіндегі атауларды зерттеуші ғалымдар қатарында М.С.Стам, И.С.Фоменко, А.Э.Лазерова, Л.А.Коробова, Д.И.Заславскийдің еңбектерін атауға болады. Қазақ тіл білімінде баспасөз тілінің ерекшеліктері мен газет атаулары жөніндегі зерттеулерге елеулі үлес қосқан ғалымдар: С.М.Исаев, Б.А.Әбілқасымов, Н.В.Қарашев, Ж.Б.Райымбекова, Б.К.Момынованың еңбектері газет тілі зерттеуге арналған құнды дүниелер болып табылады.
Атау дегеніміздің өзі осы газет тақырыптары деген сөзбен мазмұндас келетіні даусыз. Б.Момынова: «Мәтіндегі ойланатын ойдың жиынтығы тақырып арқылы көрінеді. Ал ондағы айтылатын ойдан хабар беруі тақырыптың номинативтік функциясы болып табылады. Сонымен бірге мәтіндегі айтылатын ой мен жеткізілетін хабарға баға беруі әрі осы баға берушілік қасиеттерінің нәтижесінде мәтінді қабылдау функциясы іске асады» - дейді.
«Жалпы газет тақырыбы мен айдарларын тілдік тұрғыдан талдау газеттің хабар жеткізу және әсер ету функциялары ескеріле отырып жүргізіледі» - дейді.
Сонымен қатар тақырыптардың қызметі мен сөз функциялары арасындағы ұқсас және айырым тұстарын қарастырады: Сөздің функциялары үш жақты болатыны белгілі:
а) коммуникативті;
ә) номинативті;
б) эстетикалық;
Қорыта айтқанда, сөздің коммуникативтік қызметі сөздің қарым-қатынастық және хабарласу құралы болуында, номинативтік функциясы заттың атауы болуында, эстетикалық функциясы ойды көркем жеткізу құралы болатындығында. Ал, тақырып атауы болып тұрған сөз немесе сөз тіркесі, сөйлемшелер бір ғана мағына беру арқылы номинативтік қызмет атқарады. Тіпті осы қызметімен бірге баға берушілік жүгін де көтереді. Оның баға берушілік қызметі оқырманды мәтінді қабылдауға, дұрыс түсінуге даярлайды.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1.М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев. Қазақ тілінің стилистикасы. А, 2005 ж.
2. Қазақ тілінің мәдениеті. А, 1971ж
3. Т.Қожакеев. Жас тілшілер серігі. А,1991ж
4. Б.Жақып. Қазақ публицистикасының тарихы мен қалыптасуы. А, 2007ж