Бақылау әдісі деп – зерттеу барысында бақылаушының болып жатқан оқиғаларды ағымдық процесіне қарай тікелей тіркеп отыру әдісін айтамыз.
Бақылау әдісінің ерекшелігі: зерттеу объектісін тікелей өз көзімен көріп, құлағымен есту арқылы мағлұмат жинау, мәліметтерді сұралушының еркіне қарамай алуына мүмкіндіктер беру, зерттеуші мен объектінің арасында тікелей байланыстың болуы арқылы шапшаң ақпараттар алып тұру мүмкіндігі. Бақылау бақыланушының түрлі жағдайлардағы іс-әрекеттерін, мінез-құлқын дәл және кеңірек ұғынуға, олардың болып жатқан оқиғаларға реакциялары мәнін түсінуге көмектеседі. Бақылаудың түрлері:
Жеке бақылау – зерттеушінің зерттеу объектісін өзінше жеке бақылауы;
Топтық бақылау – зерттеу объектісін бақылауға құрылған арнайы топ;
Іштей бақылау – зерттеушінің зерттеу объектісіне қатысу арқылы мәлімет жинауы;
Сырттай бақылау – зерттеушінің зерттеу объектісіне араласпай сыртынан бақылауы;
Табиғи бақылау – табиғи ортада, табиғи жағдайларда жүргізілетін зерттеу;
Зертханалық бақылау – арнайы құрылған, жасанды жағдайдағы бақылау.
Тәжірибе (эксперимент) – бақыланып және басқарылатын жағдайда жаңа білімдер алудың ғылыми әдісі болып табылады.
Тәжірибеде зерттелетін оқиғаның жағдайын жоспарлы түрде басқару арқылы себепті байланыстары туралы болжамдар тексеріліп, сыни тұрғыдан қарастырылады. Ол қарастырылып отырған құбылыстың белгілі бір гипотетикалық моделін жасауға негізделіп, оның негізгі параметрлері, өзара және басқа құбылыстармен байланыстары, сол байланыстарының себепті салдарлы бағыттары айқындалады. Тәжірибеде зерттелетін осы модельдің көмегімен құбылыс өзгермелі жүйе ретінде сипатталады; оның ішінде іс-әрекеті басқаруға бағынып, тәжірибенің бақылауындағы тәуелсіз өзгермелісі ерекшеленеді.
Тәжірибенің құрылымы оны ұйымдастыру мен өткізу кезеңдеріне тікелей байланысты.
Алғашқы кезең теориялық сипатта болады. Оның барысында социолог айқындап, оның нысаны мен пәнін, зерттеудің тәжірибелік міндеттері мен болжамын белгілейді; проблема негізгі міндеттерге орай анықталады.
Екінші кезеңде тәжірибе жасаудың бағдарламасы оның қалай өтетіндігі, барлық элементтері көрсетілген құжат жасалады.
Үшінші кезеңде тәжірибенің бағдарламасы жүзеге асады. Оның барысында ойластырылған тәжірибе, оның кезеңдері мен барлық жүру тәртібі, яғни экспериментальды жағдай тікелей жүзеге асады.
Төртінші кезеңде тәжірибе жасаудың барысында алынған нәтижелер талданып, бағаланады, алға қойған мақсат орындалды ма, зерттеу болжамы дәлелденді ме деген сауалдарға жауап беріледі.
Әдіснама әлеуметтік тәжірибені мынадай түрлерге бөледі. Нысан мен зерттеу пәнінің сипатына қарай әлеуметтік, экономикалық, құықтық, әлеуметтік-психологиялық, психологиялық, эстетикалық тәжірибелер. Тәжірибелердің мұндай түрлері ғылыми пәндердің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты анықталады.
Зерттеу жүргізудің сипатына қарай тәжірибелер реалды және ойша болып бөлінеді. Реалды болжамды тексеру әлеуметтік қызметтің жағдайын жоспарлы түрде басқару арқылы жүзеге асады. Ал тәжірибені оймен жүргізуде болжамды тексеру өмір құбылыстары емес, олар туралы мағлұматтар арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар табиғи, зертханалық, сызықтық (линейный) және параллельді тәжірибелер кездеседі.
Табиғи тәжірибе – зерттеудің қоғамда қалыптасқан, өзінің табиғи қалпын сақтаған қандай да бір ұйым, институттардың төңірегінде болады;
Зертханалық тәжірибе – зерттеудің жасанды жолмен қалыптасқан объектілерде жүргізілуі;
Сызықтық тәжірибе – зерттеуге бір ғана топтың қатысып, нәтижелерін алдыңғы сол топтың нәтижелерімен салыстыру;
Параллельді тәжірибе – зерттеуге екі немесе одан да көп топтың қатысып, нәтижелерін бір-бірімен салыстыру.
Құжат деп – адамның белгілі бір материалға түсірген мәліметтерді сақтап, керек кезінде алып қолдану үшін құрған арнайы затын айтамыз. Құжат қолжазба, тасқа басылған мәтін, баяндаманың стенограммасы, магнитофон жазбасы, фотосурет, сурет, кинофильм, видеожазба күйінде болуы мүмкін. Мәліметті жазып алу, беру және сақтау үшін микрофильм, микрофиша, компьютер дискеті, лазер дискасы жиі қолданылады.
Құжаттарды түрлі белгілеріне қарай жүйелеуге болады. Мәліметтерді тіркеу тәсіліне қарай төмендегідей бөлінеді:
1. Жазба құжаттар (іштей тағы вербальды және статистикалық болып бөлінеді). Вербальды жазбаша құжаттарға – кітап, хат, баспасөз, ал статистикалыққа – халық санағының, әлеуметтік сұраудың мәліметтері, елдің немесе аймақтық экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерінің статистикалық материалдар жинақтары т.б. жатады.
2. Фонетикалық, яғни есту арқылы қабылданатын құжаттар (грампластинка, лазер дискасы, магнитофон жазбасы, радио хабарлары).
3. Иконографиялық құжаттар (картиналар, фотосуреттер, видеожазбалар).
Құжаттарды талдауға қалыпқа түспеген (сапалық) және қалыпқа түскен (сапалық-сандық) әдістер қолданылады. Сапалық талдауда құжаттар оқылып, оның мазмұны логикалық операцияларды пайдалана отырып түсіндіріледі. Яғни талдаудың сапалылығы субъективтік (зерттеушіның білімі, қабілеті т.б.) жағдайларға тікелей байланысты. Осы субъективизмнен арылу мақсатында құжаттарды талдаудың қалыпқа түскен тәсілдері жасалып, ол контент-талдау деп аталады. Оның дамуы мен кеңінен таралуына ақпараттық процестердің бұқаралық сипат алуы, осыған байланысты кең ауқымдағы мәліметтерді талдау қажеттілігі маңызды алғышарты болды. Контент-талдау алғашында бұқаралық ақпарат құралдарын зерттеуге қолданылса, кейіннен бұл әдіс кең тарап, әлеуметтік өмірдің басқа салаларында, құжаттарда қолданыла бастады.