Қоғам – адамдар жиынтығы, өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында, олардың мінез-құлқын анықтайтын ерекше әлеуметтік құндылықтар мен нормалардың болуымен, тұрақтылық пен тұтастықтың, өзін-өзі дамытудың болуымен сипатталатын адамдардың тарихи қалыптасқан өзара байланыс формаларына бірігуі. Қоғам түрлі әлеуметтік байланыстары, өзара әсерлері мен арақатынастары бар көптеген индивидтерден тұрады. Қоғам – біртұтас жүйе. Оның негізі қоғамның өзін сақтап, жаңартып, дамытып отыруға бағытталған адамдардың іс-әрекеті.
Қоғамның маңызды сипаты оның дербестігі пен өзін-өзі қамтамасыз етуі. Қоғамның дербестігі мен өзін-өзі қамтамасыз етуі де өзін-өзі реттеп отыру арқылы ғана жүзеге асады.
Өзін-өзі реттеп отыруға қабілеттілік – қоғамдық жүйенің іргелі қасиеті. Қоғамның барлық жүйелерінде жүріп жататын өзін-өзі реттеу, ұйымдастыру, тәртіпке келтіру процесі дербес әлеуметтік формаларды, норма, тәртіп, құқықтар мен міндеттер, рұқсат етілген және етілмеген жүйелерді тудырады. Нәтижесінде қоғамды реттеп отыратын ерекше жеке механизмдер – экономикалық басқару құрылымы, саяси және құқықтық реттеуші органдар т.б. пайда болады. Қоғам – бір-бірімен байланысты, ықпалдас әлеуметтік құбылыстар мен процестер жиынтығынан тұратын әлеуметтік жүйе.
Әлеуметтік жүйе – тұтас құрылымдық бірлік, оның негізгі элементтеріне адамдар, олардың топтары мен қауымдастықтары, байланыстар мен өзара әрекеттер, әлеуметтік құндылықтар мен нормалар, әлеуметтік институттар мен ұйымдар жатады.
Индивидтер әрекеті жеке дара емес, нақтылы әлеуметтік жағдайда түрлі қауымдарға біріккен басқа адамдармен өзара қарым-қатынас процесінде жасайды. Нәтижесінде адамдардың бұл қоғамы өзіндік ерекшеліктері бар біртұтас әлеуметтік жүйеге айналады. Белгілі әлеуметтік орын иеленіп, сол қоғамның нормалары мен құндылықтарына сәйкес тұрақты әлеуметтік қызмет атқаратын топтар мен индивидтердің өзара байланыстарының нақтылы тәсілі қоғамдық жүйенің құрылымын түзеді.
Әлеуметтік жүйенің құрылымы оның құрамдас бөліктері жиынтығының бірлігі ретінде өздеріне ғана тән заңдар мен заңдылықтар арқылы реттеліп отырады. Құрылымның өзгеруі мен өмір сүруі сыртқы заңдармен емес, жүйенің ішіндегі құрамдас бөліктердің тепе-теңдігін сақтап, ауытқулар болса қалпына келтіріп, өзгерісті дұрыс бағыттап отыратын процестермен реттеледі.
Әлеуметтік жүйенің даму заңдылықтары мен өмір сүруі социетальдық жүйенің ұқсас заңдылықтарымен сәйкес келуі де, келмеуі де, сол қоғам үшін оң және теріс әлеуметтік маңызы бар салдарға апарып соқтыруы да мүмкін. Социетальдық жүйе қоғам болып табылады. Әлеуметтанудың өзіндік ерекшелігі сол, ол зерттейтін байланыстар әлеуметтік байланыстар деп аталады.
Әлеуметтік байланыс деп – бір жерде, бір уақытта өмір сүріп жатқан адамдардың алға қойған мақсаттарына жету жолындағы бірлескен іс-әрекеттеріне жағдай жасайтын барлық факторлардың жиынтығын айтамыз.
Мұндай байланыс жекелеген адамдардың әлеуметтік және өзіндік сипаттарына қарамастан ұзақ мерзім бойы үзілмейді. Осындай әлеуметтік байланыс барысында қоғамның өмір сүруі, дамуы үзілмейді.
2. Аграрлық, дәстүрлі қоғамдардың сипаттамасы
Қоғам деп – ерекше әлеуметтік құрылым, мәдени-тарихи және саяси жүйе, ортақ мүдделеріне қарай бірлескен, бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын адамдар жиынтығын айтамыз.
Аристотельден бастап мемлекет саясатпен тікелей байланыстағы құрылым деп түсініліп келді.
Жаңа дәуірдегі әлеуметтік білімдерде қоғам мемлекетпен байланыстырылып қарастырылды.
Гоббс, Дидро және т.б. қоғамның қалыпты жағдайын, адамдардың бір-бірімен соғысын сипаттай келе, одан шығудың жолы – қоғамдық келісім, ал оны сақтау кепілдігі ретінде мемлекетті айтып көрсетті.
Ағылшын ойшылы Дж.Локк азаматтық қоғамның мемлекеттен басымдығын жариялады. Бұл идея азаматтық қоғамның негізі жекеменшік екенін мойындауға негізделген.
Француз ағартушысы Шарль Луи Монтескье еңбектерінде азаматтық қоғам отбасы, қоғам дамуының нәтижесі, адамзат тарихының табиғи күйінен кейінгі төртінші сатысы. Тағы бір француз ойшылы Жан-Жак Руссо азаматтық қоғамды үкіметі кез-келген уақытта тәуелсіз қоғамның талап етуімен шеттелетін, қоғамдық келісім арқылы мемлекетке айналатын демократиялық республика формасында түсінді.
Тарихи дамудағы қоғам идеясын И.Кант адамзат идеясымен адамзат тегін тәрбиелеу процесімен байланысты түсіндірді.
Гегель азаматтық қоғам мен мемлекеттің ара жігін ажыратып, сонымен бірге ұқсастықтарын да көрсетеді. Ол азаматтық қоғам мемлекетке тәуелді және бағынышты дей келе, соңында оның мемлекетке сіңіп кететіндігін айтады.
О.Конт қоғам туралы жеке ғылымның негізін сала отырып, онда адамзат қоғамының тарихи даму заңдарын қарастырды. Ол әртүрлі ғылымдар, әсіресе биологияда қолданылып келген әдістерге ұқсас бақылау мен салыстыруға негізделді, бірақ бұл әдістердің қолданылу аясы позитивтік ілім идеясының синтетикалық тұжырымдамасы көмегімен нақтылана түсті.
Сөйтіп, Огюст Конт әлеуметтануды қоғамның құрылымы мен өзгерістерін түсіндіріп беретін заңдарды реттейтін ғылым деп санады.
Ағылшын ғалымы Герберт Спенсердің әлеуметтік теориясы Ч.Дарвиннен алынған қоғамды организм күйінде қарастыру және әлеуметтік эволюция идеясы сияқты екі ережеге негізделді. Спенсер даму сатылары бойынша қоғамның типологиясын жасады.
Француз социологы Э.Дюркгейм қоғамды «ұжымдық санаға» негізделген жекешеден жоғары тұрған рухани шындық ретінде сипаттады.
Неміс ғалымы М.Вебердің пайымдауынша, қоғам - әлеуметтік әрекеттердің өнімі болып табылатын адамдардың өзара іс-әрекеті.
Америка социологы Т.Парсонс әлеуметтік әрекет теориясын қарастыра отырып, қоғамды норма, құндылықтар т.б. арқылы байланысқан жүйе деп есептеді.
К.Маркс қоғамның қалыптасып, дамуын қарастыра отырып, қоғамдық-экономикалық формация теориясын жасап шығарды. Маркс қоғамды экономикалық ресурстарды қолдану мен бақылауына қарай бірнеше тарихи түрлерге бөлді. Олар: алғашқы қауымдық қоғам, құл иеленушілік қоғам, феодалдық қоғам, капиталистік қоғам, социалистік қоғам.
Қазіргі әлеуметтану қоғамның барлық типологиясын қолдана отырып, олардың ортақ синтетикалық жобасын жасап шығарды. Оның авторы америка социологы Даниел Белл деп танылады. Ол дүниежүзілік тарихты үш кезеңге бөлді:
1. Индустрияға дейінгі қоғам – даму факторы ауыл шаруашылығымен айқындалады, сондықтан оны аграрлық қоғам деп те атайды.
Аграрлық қоғам – натуралды ауыл шаруашылығы мен сословиялық иерархияның үстемдігімен, әлеуметтік саяси өмірде дін мен армияның шешуші рөлімен сипатталатын қоғам дамуының индустриялдық қоғамға дейінгі тарихи сатысы.
2. Индустриялдық қоғам – қоғам дамуының тарихи сатысы, оған жоғары деңгейдегі өнеркәсіп өндірісі, оны механикаландыру, дамыған еңбек бөлінісі және оның мамандандырылуы, ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін қолдану, әлеуметтік-саяси өмірді ұйымдастыруда ілгерілеу, икемділік және ашықтық тән.
3. Постиндустриялдық қоғам – адамзат қоғамы дамуының үшінші сатысы, әлемдік көпшілікке олардың болашағын көрсетіп, қазіргі ғылыми технологиялық, басқа да төңкерістердің қол жеткен табыстарымен және келешегімен байланысқан әлеуметтік өзгерістерді сипаттайды.
Қоғамның қазіргі кездегі синтетикалық жобасы конвергенциялық (жақындастыру, теңестіру) процестерді тудырды. Онда адамзат қоғамының дамуы барысында экономикалық, саяси, мәдени, идеологиялық т.б. салаларының ерекшеліктері бірте-бірте төмендеп, ал ұқсастықтары жоғарылайды.