Бүгінгі таңда жаңарудағы қоғамның философиялықәлеуметтік мәселелерін қою және шешу жолында бұрынғы кеңестік қоғамның идеологиялық негізі болған марксизмді сырттатуда философияның негізгі мәселесін де жоққа шығарғысы келетін пікірлер аз емес. Әрине, маркстік философияның шеңберінде «негізгі мәселе» тек қана диалектикалық материализмді дәріптеуге, қалған философиялық бағыттарға «бейғылымдылық» баға беру жолында пайдаланылды.
Бірақ, соған қарамастан, біз философияның негізгі мәселесі марксизмнің ойлап шығарған «жалған мәселесі» деген ойдан алшақ болуымыз керек. Өйткені философия дүниеге келісімен-ақ, оның шеңберінде әртүрлі бір-біріне қарсы бағытталған ағымдар пайда болды.
Философиядағы әрбір дүниеге деген көзқарастьң негізінде осы пәннің негізгі мәселесінің шешімі жатыр.
Философияның негізгі мәселесі осы пәннің терең табиғатынан шығады. Дүниенің біртұтастығын, бірлігін ой-өрісімен қамту үшін, біз мына сұраққа жауап беруіміз керек: Дүниенің алғашқы негізгі субстанциясы неде? (substаntіа - латын сөзі, негізінде, астында жатқан).
Екінші жағынан, бұл Дүниені ең шегіне жеткен жалпылық тұрғысынан алып қарағанда, онда біз екі-ақ құбылысты табамыз: оның бірі материя (mаtеrіа - латын сөзі, зат) - табиғат заты, екіншісі - сана - адамның ішкі жан-дүниесі, рухы.
Жалпы айтканда, жоғарыда көрсетілген үш ұғымда Дүниені зерттеудегі негізгі үш идея берілген. Ол - Дүниенің бірлігі, екіншіден - оның заттық субстраты (substrаtum - негіз), үшіншіден адамның өз ішінен табатын материалдық емес, рухани тебіреністері.
Келесі ерекшеліктері - бұл ұғымдардың метафизикалық табиғаты, яғни оларды жеке ғылымдардағы ұғымдар сияқты тәжірибе арқылы тексеру мүмкін емес, өйткені олар бүкіл әлемді өз мазмұнында қамтуға бағытталып, бүкіл адамзат тәжірибесінің сыртына шығып, тек болжамдық мағынаға ғана ие болады.
Олай болатьн болса, қайсыбір философиялық ағым, қалай дегенде де, бұл ұғымдардың арақатынасын өзінше анықтамай, әрі қарай бір қадам аттай алмайды.
Егер Дүниенің субстанциясы материя деген пікірге келсек, онда философияда материалистік ағым пайда болады.
Керісінше, субстанция дегеніміз жеке адамның жан дүниесі, я болмаса дүниежүзілік абсолюттік идея, рух т.с.с. деп болжамдасақ, онда философияда идеалистік ағым пайда болады.
Егер Дүние субстанциясының екі ажырамас - материалдық және рухани - жағы бар деген көзқараста болсақ, онда біз философияда реализм бағытын тудырамыз. Тек қана бұл ұғымды орта ғасырлардағы схоластикалық философияның жалпы ұғым жөніндегі реализмінен айыруымыз керек.
Философияда сирек кездесетін ағымдардың бірі - Дүние субстанциясы екеу - материя және рух және олар бір-біріне тәуелсіз деген пікір. Мұны алғаш рет философия тарихында француз философы Р.Декарт айтқан болатын. Мұндай көзқарасты біз дуализм бағытына жатқызамыз (dualis — латын сөзі, екіжақтылық).
Ал жоғарыдағы үш Дүниеге деген көзқарас монистік бағытта болмақ (mоnо - грек сөзі, біреу).
Дүниеге деген материалистік көзқарас әлемдегі болып жатқан барлық кұбылыстарды дене, я болмаса сол материалдық заттардың қасиетттері ретінде қарайды. Сонау көне заманнан бастап осы уақытқа дейін материалистік философиядағы ағым (жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып) материя жөнінде әртүрлі пікірге келгенменен, жоғарыдағы көрсетілген көзқарастан тайған жоқ.
Материалистік көзқарастың негізінде сонау көне заманда пайда болған адамдардың жағалай қоршаған ортаның адамнан тәуелсіз, өзімен-өзі өмір сүріп жатқаны және сол Дүниедегі заттар мен құбылыстар жөніндегі адамның түйсіктері мен басқа қабылдау мүшелерінің дұрыс дерек беретіндігі жөніндегі алғашқы балама ойлары жатыр. Сондықтан алғашқы философтар Дүниенің негізін «бірінші заттан» (су, от, ауа т.с.с.) іздейді, ал адамның өзі де дене ретінде ғана қаралады. Ал адамның жан дүниесіне келетін болсақ, оның өзін тыныспен теңестіріп «жеңіл зат» ретінде қарайды. Гераклиттің «бірінші заты» отта, Демокриттің жеңіл және қозғалыстағы атомдары да адамның жан дүниесін құрайтын заттар ретінде түсіндіріледі.
Ал таным мәселесіне келер болсақ, оның негізгі себебі заттың үстіндегі жеңіл атомдар сезімдік мүшелерге келіп кіреді де, адамның түсініктерін тудырады деген пікір тарады.
Дегенмен тарихи мұндай көзқарастардың тұрпайылығы жаратылыстану ғылымдары мен психологиялық түсініктердің жетілуі арқасында анықталды. Адамның рухани өмірі материалдық заттардың ерекше жеңіл бөлшектері емес, ол, жалпы алғанда, бүкіл материяға тән қасиет және белгілі бір жағдай туған кезде өзін көрсетеді деген пікір кеңінен Жаңа дәуірде тарай бастады. Соңынан түйсік дегеніміз - жалпы материяның ажырамас қасиеті және белгілі бір жағдайда ол саналы түйсікке айналуы мүмкін деген ой туды. Олай болса, күрделі психикалық процестер тек қана түйсіктердің әр түрінің бір-бірімен косылуынан туады деген пікір дүниеге келді.
XIX ғасырда жаратылыстану ғылымдарының дамуы, капиталистік қоғамның әлеуметтік саяси қайшылықтарының өршуі маркстік материализмнің дүниеге келуіне әкеліп соқты. К.Маркс пен Ф.Энгельс Дүниеге деген материалистік көзқарасты қоғам өміріне дейін көтеріп, біртұтас материалистік ілімнің негізін қалады. Сана, рухани өмірді түсіну үшін олар философияға бейнелеу теориясын енгізді. Материяның ең жалпы қасиеті бейнелеу, осы арқылы тарихи материя өне бойы даму, күрделену үстінде. Адамньң санасы - бейнелеудің ең биік идеалды түрі деген пікір айтып, мидағы болып жатқан неше түрлі бұлдыр, көмескі үрдістердің өзі адамдардың материалдық болмысынан шығады деген пікірді олар «Неміс идеологиясы» деген еңбектерінде ашық айтты.
Сонымен қатар марксизм адам санасының өзін тудырған материалдық үрдістерге белсенді кері әсерін тигізіп, оны жетілдіретінін мойындады.
Философиядағы материалистік ағым ең көне, бүгінгі таңда жан-жақты дамыған жеке ғылымдардың нәтижелерін өз бойына сіңіріп, адамзаттың ағарған бөлігінің Дүниеге деген көзқарасы ретінде өзін көрсеткісі келеді.
Бірақ бұл көзқарастың сонау тұрпайы материализмнен бастап диалектикалық материализмге дейінгі негізгі әлсіз жері-материалдық қоршаған ортаның логикасы қайдан шықты? Дүниенің заңдылықтары, оның дамуының қайнар көзі неде? деген сұрақ. Бүгінгі адамды «ол - Дүниенің ішкі қайшылығында, материяның бейнелеу қасиетімен байланысты» деген жауап толығынан қанағаттандыра алмайды.
Философияның негізгі мәселесін шешу жолындағы материализмге қарама-қарсы бағыт - идеализм (іdеа - грек сөзі, ой, идея). Дүниенің негізінде субстанция ретінде рухани болмыс жатыр деген қайсыбір дүниетаным мен дүниені қабылдауды біз идеализм дейміз. Идеализм адам өмірінің рухани жағын бірінші орынға қояды. Бұл ағым қайсыбір белсенділік, шығармашылықтың қайнар көзі - рухта деген пікір айтады. Материя мойындалғанымен, ол енжар, болмыстың төменгі жаратылған түрі ретінде ғана қаралады.
Идеализмнің қайнар көзі сонау мифологиялық дәуірдің өзіне барып тіреледі. Өйткені алғашқы қауымның шеңберінде өмір сүріп жатқан адам бүкіл Дүниедегі құбылыстарды адамға ұқсатып түсіндіреді, оларды жандандырады. Әрі қарай жүре келе, адамның абстрактылық ойлау дәрежесі жоғарылаған сайын, идеализмнің дүниеге келуіне толық жол ашылады. Өйткені қайсыбір Дүниедегі құбылыстарды бейнелейтін жалпы ұғымдарда сол заттардың ішкі терең мәні берілген. Сезіммен қабылданатын сол заттар күнбе-күн өзгеріп, тіпті өмірден кеткенмен, ұғымның мағынасы тұрақты болғандықтан, ол өмірде қала береді. Мәселенің екінші жағы -қайсыбір нақтылы зат, құбылыс өзінің ұғымына ешқашанда толық сәйкес келмейді (ханның қызында да кемшіліктер бар). Сондықтан ұлы Абайдың «адам бол» деген нақыл сөзінде терең сыр жатыр. Өйткені бұл Дүниедегі өмір сүріп жатқан миллиондаған адамдардың ішінен бірде-бір адам идеясына толық сәйкес келетін жанды табу мүмкін емес. Тірі адамның үлесі - өмірінің соңына шейін күнбе-күн өзін жетілдіруге тырысу, сол адам ұғымына жеткенінше сай болу. Олай болса, идеалистердің айтуына қарағанда, ұғым шынайы болмысқа жатса, нақтылы дүниеге келіп, біршама уақыттан кейін дүниеден кетіп жатқан мінді заттар - елес, жалған болмыс ретінде түсіндіріледі.
Егер материализм адамның ішкі өмірінен гөрі сыртқы дүниені танып-білуге бағытталса, идеализмнің ең негізгі мәселесі - адам, оның өмірі мен ой-өрісі, тағдыры мен үміті, зардабы мен қуанышы т.с.с. Сондықтан идеалистік философияның аксиологиялық, праксеологиялық жақтары онтологиялық, гносеологиялық жақтарына қарағанда басымырақ болады. Идеалистік философияның негізгі екі түрін бір-бірінен ажыратуға болады: ол объективті және субъективті идеализм.
Батыс философиясында алғашқы рет тұжырымдама ретінде жан-жақты біртұтас жүйелік объективтік идеалистік көзқарас Платонның философиясында қалыптасты.
Платонның Эйдос әлемі - рухани әлем және сонымен қатар, бұл Дүниедегі нақтылы заттардың алғашқы кейпі (еіdоs - идея). Философтың ойынша, идеялар заттардың табиғатында көмескіленіп, бұрмаланады. Сондықтан сезімдік заттар әрқашанда толығынан өзінің идеясына сәйкес келмейді. Платонның ойынша, идея әлемі мен заттар әлемін бір-бірімен қосқан Демиург - ол мәңгілік өмір сүріп жатқан енжар материядан идеяларға ұқсайтын, соған сәйкес заттарды жасайды (demeieourgos- грек сөзі, өнерші, demeieourgos -қолөнерші,ұста).
Платонның таным теориясы адамның жан дүниесінің бұрынғы идеялар әлемінде өмір сүрген кезін анамнезистеуге, еске түсіруіне негізделеді (аnаmnеsіs - грек сөзі, еске түсіру). Оған түрткі болатын адамның сезімдік қабылдауы, өйткені ол заттың ұғымдық мәніне жете алмайды да, адамның ойлау қабілетін оятады. Адамның жан дүниесі идеялар әлемінен шыққаннан кейін мәңгілік, ол ешқашан өлмейді.
Объективті идеализмнің негізгі қағидалары Орта ғасыр заманында монотеистік (monos-грек сөзі, біреу; tһеos - кұдай) діндердің қалыптасуына зор әсерін тигізді.
Платонньң идеялары христиан дінінде Құдайдың ойына айналады. Егер Платонның Демиургі мәнгілік өмір сүріп жатқан материяға идеалдық бітім берсе, христиан діні Құдайдың кұдіретті сөзі арқылы жоқтан бар Дүние жаратылды дейді. Сонымен Платонның мәңгілік өмір сүріп жатқан енжар материясы үзілді-кесілді теріске шығарылып, Құдайдан бұрын еш нәрсе жоқ, Дүниенің бәрі соның құдіретті күші арқылы пайда болады деген қағидаға аса үлкен мән беріледі.
Дінде адамның дүниетанымындағы ақыл-ойы теріске шығарылмайды, бірақ ол сенім ақиқаттарымен шектеледі. Адамның ақыл-ойы Құдайдың берген аянынан биік емес, керісінше сенімге сәйкес болуы керек.
Платонның көзқарасы бойынша, зұлымдық Дүниенің кемшіліктерінен пайда болады, ал оның өзі енжар материя мен идея қосылған кезде, яғни бұл жалған Дүние пайда болысымен-ақ сонымен бірге өмірге келеді.
Діни философияда керісінше: Құдайдың логосынан (lоgоs -грек сөзі, сөз, мән-мағына) жаратылған Дүние еш мінсіз, таза, әсем болып дүниеге келеді. Зұлымдықты алатын болсақ, ол - тарихи оқиға, оның себебі - адамның еркінің алғашқы көрсетілген Құдайдың жолынан ауытқуы. Олай болатын болса, тарихтың соңында Құдайдың жасаған таза, әсем жаратылысына қайтадан оралуға болады.
Жаңа дәуірде Декарттың философиясында идея бөлек материямен қатар өмір сүретін ерекше субстанция ретінде қаралса, Гегельдің философиясында абсолюттік идеяның өзін-өзі тану жолындағы белсенділігіне айналады. Ал XX ғасырдағы философияда ерекше өмір сүріп жатқан құндылық, мән-мағына әлеміне феноменология (рһеnоmеnоn - грек сөзі, құбылыс), я болмаса ғылыми идеялар мен теорияларға айналады (ағылшын философы К. Поппердің «үшінші әлем» ілімі).
Сонымен 2,5 мың жылға созылған объективтік идеализмнің тарихының негізінде оның әртүрлігіне қарамастан, бұлжымаған бір ғана нәрсе бар, ол - рухтың, ойдың, жан-дүниенің, Құдайдың біріншілігі мен материяның, жаратылған дүниенің екіншілігі.
Идеализмнің философия тарихындағы екінші түрі - субъективті идеализм. Бұл философиялық ағымның ерекшелігі - тек қана жан дүниесінің өмір сүруін мойындау. Өйткені адам өз-өзіне үңіліп қарағанда өзінің жан дүниесінен басқа ештеңе таппайды. Субъективті идеализмнің өкілі Дж.Берклидің айтуынша «Өмір сүру -қабылдауға келетін нәрсе ғана». Ал адамның санасындағы неше түрлі ұғымдарды алатын болсақ, олар бізді алдайтын жалған елестер, өйткені біз оларды нақтылы қабылдай алмаймыз. Әрине, бұл қағида материализмге де, объективті идеализмге де қарсы бағытталған. Мысалы, Дж.Берклидің айтуына қарағанда, материя ұғымы - жалған елес, өйткені біз оны өзіміздің жан дүниемізден таба алмаймыз. Біз нақтылы ағашты, үйді, басқа жанымыздағы адамдарды, машиналарды т.с.с. қабылдай аламыз, ал материяны ешкім өзінің жан дүниесінде елестете алмайды.
Олай болатын болса, шындықтың өлшемі ұғымдар емес, адамның түйсіктері, солардың жиынтығы, жалпы адамның психикалық өмірі ғана (рsусһе - грек сөзі, жан дүниесі). Мұндай көзқарасты шегіне шейін кайшылықсыз созсақ, онда Дүние дегеніміз сол өмір сүріп жатқан субъектінің жан дүниесі ғана, басқа ештеңе де жоқ. Мұндай көзқарасты философияда солипсизм дейді(solus-латын сөзі, бір; ipse-өзім,жалғыз өзім ғана деген мағына береді). Әрине, мұндай көзқарас абсурдқа (absurdus-латын сөзі, беймағыналық) әкеліп тірейді.
Олай болса, адамның дүниетанымының шындығын қалай дәлелдеуге болады деген сұрақ пайда болады. Субъективті идеализм оған шарттық тұжырымдама арқылы жауап береді. Егер біздің дүниетанымымыз басқа адамдардың сезіміне сәйкес келсе, онда ол рухани болмыстың шындығын дәлелдейді. Ал рухани ортақ болмыстың болуының өзі оны тудырған Құдайды мойындауға әкеледі. Сонымен субъективті идеализм өз шеңберінен шығып, ақырында, объективтік идеализммен ұштаса кетеді.
Қорыта келе, идеализмнің қай түрі болмасын рухты алғашқы күш ретінде мойындайды. Ал бұл ағымның әлсіз жағы - қалайша жоқтан бар нәрсе туады деген сұрақ, өйткені бүкіл адамзаттың тәжірибесі жоқтан барды туғызуға болмайтынын көрсетеді. Әрине, мұндай көзқарас қазіргі көзі ашық адамды толығынан қанағаттандырмайды.
Бұл арада біз материализм және идеализм деген ұғымдардың жай қарапайым өмірде де басқа мағынада колданылатынын атап өтуіміз керек. Қарапайым адамдар материалист деп өмірде бардың бәрін алуға тырысатын, байлық пен мансап іздейтін, ләззат қуатын адамдарды айтады. Керісінше, идеалист деп өне бойы рухани ізденісте, өзінің мүддесінен гөрі қоғамдық мүддені жоғары ұстаған, басқа адамдарға көмек беретін, өзінің ар-ұжданына кір келтірмеуге тырысатын адамды айтады.
Сонымен бұл ұғымдардың екі мағыналығы толығынан бір-біріне сәйкес келмеуі мүмкін. Мысалы, өзінің философиялық көзқарасында материалистік бағыт ұстаған адам нақтылы өмірсалтында идеалист болуы сирек емес. Керісінше, философиялық идеалистік бағыт ұстап, өзінің нақтылы өмірінде өзін металға (алтынға) сататын адамдар да аз емес, ал қазіргі заманда тіпті көбейіп келе жатыр.
Әңгіме материалист, ия болмаса идеалистік бағытта болу емес, сол шеңбердегі философияны саналы түрде игеріп, өмірдегі өз орныңды табуда болса керек. Философиялық даналықпен қаруланған адам бүкіл адамзатпен бірге қазіргі рухани ізденіске атсалысып, бүгінгі өркениеттің тамаша жетістіктерін игеріп, сонымен бірге оның қайғылы да аянышты қателіктерін түзеу жолында белсенділік көрсетсе екен дейміз.
§ 5. Философияның негізгі мәселесі. Екінші жағы (танымдық)
Философиялық ағымдардың қайсысы болмасын келесі үлкен сұрақтарға жауап береді. Адам жағалай қоршаған ортаның шындығын танып-біле ала ма әлде біле алмай ма?
Бұл сұрақ философияның үлкен тарауларының бірі - гносеологияның өзегін қүрайды (gnоsіs - грек сөзі, тану-білу, lоgоs - ілім). Кейде гносеология ұғымымен қатар эпистемология деген термин қолданылады (еріstеmа - грек сөзі, білім).
Материалистік бағыттағы философтардың көпшілігі Дүниені адамның танып-біле алатынына ешқандай күмән келтірмейді.
Ал объективті идеализмге келетін болсақ, олардың бір бөлігі Дүниені танып-білуге болады десе, келесілері бұл мәселені теріс шешеді.
Адам Дүниенің терең мәнін танып-біле алмайды, ол мүмкін емес деген көзқарасқа агностицизм деген атақ берілді (а - теріс бөлшек, gnоsis - тану).
Осы ағымдардың ішіндегі субъективті идеализм ғана үзілді-кесілді біржақты шешеді: бізді жағалай қоршаған Дүниені танып-білуге болмайды, өйткені ол - жоқ. Әрбір адамның ішкі жан дүниесінен шығатын өз дүниесі бар. Ал сыртқы, яғни адамға әсерін тигізіп жатқан, одан бөлек өмір сүретін Дүние жоқ. Әрине, мұндай көзқарас, бір қарағанда, қарапайым кайсыбір адамның дүниетанымына қайшы келіп, абсурд сияқты көрінеді. Бірақ философиялық деңгейде оны теріске шығару біршама қиындықтарды туғызады.
Енді дүниетануды мойындайтын философияға келетін болсақ, олар келесі сұрақтарға жауап беруі кажет:
Адам Дүниені қалай таниды?
Адам Дүниені тану жолында қаншалықты дәрежеге көтеріле алады?
Тарихи бірінші сұраққа үш түрлі жауап берілді. Тарихи алғашқы пайда болған жауап «қайсыбір таным тәжірибеден шығады». Мұндай танымдық тұжырымға эмпиризм деген атақ берілді (еmреrіа - грек сөзі, тәжірибе). Сонау көне заманда пайда болып, эмпиризм танымдық тұжырымдама ретінде ХҮІІ-ХҮШ ғ.ғ. қалыптасады. Сонымен егер танымның негізгі қайнар көзін тәжірибеде деп мойындаса, ондай танымдық бағытты біз эмпиризмге жатқызамыз. Эмпиризмге өте жақын тұрған танымдық ағым, ол - сенсуализм (sеnsus - латын сөзі, сезім, қабылдау, түйсік). Сенсуализм таным үрдісіндегі сезімдік қабылдауды негізгі жол деп есептейді. Сенсуализмнің негізгі тұжырымдарының бірі мынадай: «Алғашқы сезімде болмаған, ақыл-ойда да жоқ».
Келесі таным теориясындағы ағым - рационализм (гаtіо -латын сөзі, ақыл). Бұл ағым адамның ақыл-ойын, зердесін танымның өзегі, негізі ретінде қарайды.
Рационализм таным тұжырымы ретінде XIX ғ. дүниеге келеді. Тарихи рационализмнің негіздері сонау көне заманда пайда болады. Грек ойшылы Парменид сол көне заманда: «Сезімдік таным тек қана жалған пікірлер туғызады, ал ақыл-ой арқылы ғана нағыз ақиқатқа жетуге болады», - деген ой айтқан.
Жаңа дәуірдегі математика, жаратылыстану ғылымдарының дамуы адамның ақыл-ойының құдіретін, оның табиғаттың ішкі сырын ашудағы зор мүмкіншіліктерін көрсетті.
17-18 ғ. ғылымның дамуы тіпті Европа топырағында үлкен идеологиялық ағымды - Француз Ағартушыларының ақыл негізінде дүние тануға, қоғамды қайта құруға, адамдарды тәрбиелеудегі ақыл-ойдың құдіретті күшіне деген зор сенім арттыруына әкеліп жеткізді.
Бұл замандағы рационализмді қолдайтын ойшылдар дүниені ақыл-оймен қорытудың сезімдік танымнан анағұрлым терең екенін көрсете білді. Егер сезімдік таным жеке құбылыстарды, кездейсоқ нәрселерді ғана танып, шегіне жеткен жалпылық, қажеттік деңгейіне көтере алмаса, ақыл-ой, зерде арқылы адам ондай дәрежеге көтеріле алады. Сонымен ғылыми білімнің қайнар көзі, ақиқаттьң анықтамасының бәрі - ақыл-ой, зердеде. Сондықтан Лейбниц сенсуализмнің «Алғашқы сезімде болмаған, ақыл-ойда да жоқ» деген тұжырымдамасына «ақылдың өзінен басқа» деген сөздерді қосьп адамның рационалдық танымының құдіретін көрсеткісі келді.
Әрине, ғылымның әрі қарай дамуы рационализмнің біржақтылығы, сезімдік таныммен санаспау ақыл-ойдың өзінің шындықтан алшақ кетіп қалып, оның адамды адастыруы мүмкіндігін көрсетті.
Сондықтан И.Кант: «Сезімдік таным ақыл-ойсыз толық емес, ақыл-ой сезімдік танымсыз - мазмұнсыз», - деген пікір айтып танымның екі жағын бір-біріне ұштастырды. Алайда Кант мұндай көзқарасты тек қана құбылыстар әлеміне таратып, «заттың өз ішіндегісін» танудан бас тартты.
Рационализмнің ең биік шыңы ретінде Гегельдің философиясын алуға болады. Бұл кісі Дүниені абсолюттік идеяның басқа болмысы ретінде қарап, таным үрдісінің өзі абсолюттік идеяның өз-өзін танып-біліп, өзіне жаңа дәрежеде - абсолюттік рух ретінде қайтып оралуы деп түсінді. Сондықтан Дүниенің дамуын, адамзат тарихын Гегель абсолюттік идеяның логикалық жолмен өз-өзіне тереңдеуі деп түсініп, панлогизмді тудырады (раn – бәрі, lоgоs білім, ілім, ақыл-ой).
XIX ғасырдың өзінде-ақ рационализмнің, соған негізделген ағарту идеяларының көбі сынға алынып, олардан күткен көп сенімдер жоққа шықты, өйткені ақыл-ойға негізделген тамаша қоғамнан адамдар үміт үзе бастады.
Осы кезде рационализмді сынға алған, панлогизмге қарсы бағытталған философияның түрлері дүниеге келді. Олар иррационализм бағыты. Егер А.Шопенгауер «Ерік философиясын», ал Ф.Ницше «билікке деген ерікті» алға қойса, З.Фрейд адамның «бейсаналық» күштерін зерттей бастады.
Марксизмде «эмпиризм мен рационализмнің арасындағы қайшылық праксеолгиялық жолмен шешіледі, яғни адам мен қоғамның қажеттіктері, соларды өтеу үшін жасалатын адамдардың іс-әрекеттері қайсыбір таным үрдістерінің қайнар көзі және ақиқаттың анықтамасы» деген пікір айтылады.
Соңғы жылдары танымның өте күрделі үрдіс екендігі, оны праксеологиямен ұштастырып қоймай, сонымен бірге аксиологиялық (әлеуметтік-мәдени, моральдық т.с.с. құндылықтар) тұрғысынан қарау керектігі анықталды.
Енді жоғарыда қойылған келесі сұраққа дүние тану дәрежесіне келетін болсақ, оған да екі түрлі жауап алуға болады.
Жаңа дәуірдегі әртүрлі таным теориялары көп ғасырлар бойы «ғылымдардағы ашылған жаңалықтар мәңгілік сол күйінде қалады, егер болашақта ол теріске шығарылса, онда оның алғашқы ашылған кезінде-ақ қата болғаны» деген пікірде болды. Яғни ғылымдағы тану үрдісіндегі табылған білім әрқашанда толық, кемеліне келген, әрі карай мазмұнын өзгертпейтін құбылыс ретінде қаралды. Гносеологиядағы мұндай пікірге «догматизм» (dоgmа - грек сөзі, шешім, ілім) деген атақ берілді.
Келесі гносеологиялық ілімдер қайсыбір ғылыми жаңалықты, білімді толық емес, салыстырмалы, тарихи, жүре келе тереңдетілетін құбылыс ретінде қарайды. Яғни ғыльмдағы жетістіктерді де шексіз әрі қарай дамытып, тереңдете беруге болады. Сондықтан ғылым әрі қарай дамыған сайын, ғалымдар өткен уақыттағы ашылған білім салаларына жаңа көзқараспен қарап, оның шындық жағын кеңейтілген жаңа теорияның құрамына кіргізіп, ал жалған жақтарын сырттатады.
Танымдағы мұндай бағытқа «релятивизм» деген атақ берілді (rеlаtіvus - латын сөзі, салыстырмалы).
Сонымен тіпті маркстік философияның шеңберінде біз гносеологиялық мәселелерге праксеологиялық шешімдердің кіргенін байқадық.
Мұның өзі бізді философияның негізгі мәселесін әрі қарай талдап «адам дүниені не үшін таниды?» деген сұраққа әкеледі. Мүмкін, ол Дүниеге таңғалып, соған қызығушылық сезімнің негізінде оны танып-білетін болар? Әлде ол адамның өмірлік мұқтаждықтарымен байланысты ма? Мысалы, Аристотельдің айтқанындай, «философияның негізінде адамның Дүниеге деген таңғалуы жатыр». Сонымен адам Дүниені танып-білудің негізінде оны өзгерте ме, я болмаса өзінің табиғи өмірге деген қызығушылығын қанағаттандырып қана қоя ма?
Басқаша айтқанда, адамның дүниетанымы, санасы, рухы айнала қоршаған ортаға өзінің әсерін тигізе ме, әлде Дүние сол қалпында қала бере ме?
Бұл қойылған сұрақтар философияның праксеологиялық (іс-әрекет) және аксиологиялық (құндылық) жақтарын кұрайды.
Мысалы, адам материалистік көзқараста болып, дүниенің танылатынын мойындағанмен, айнала қоршаған ортаны - табиғат пен қоғамды өзінің белсенді іс-әрекеті арқылы өзгерте алатына күмән келтіруі мүмкін.
Бір қарағанда, бұл сұракқа жауап жеңіл сияқты. Оған жауап ретінде адам тағы табиғатта жоқ қалаларды, асфальт, теміржолдарды, ұшақтарды т.с.с. көрсетуі мүмкін. Мұның бәрі де адамның саналы іс-әрекетінің нәтижесі. Бірақ экологиялық апаттар мен дағдарыстардың дүниеге келуі, көп өсімдіктер мен жануарлардың түрлерінің келмеске кетуі, жалпы айнала қоршаған табиғаттың азғындауы, тіпті адамдардың өздерінің физикалық табиғатының әлсіреуі, осынын бәрі - жоғарыда көрсетілген жеңіл жауапқа күмән келтіруі мүмкін. Олай болса, бұл сұрақ қазіргі адамзаттың рух тебіренісінің негізгі мәселелерінің бірі болып саналады.
Негізінен алғанда, материалистік және идеалистік бағыттағы көп ойшылдар адамның шығармашылық іс-әрекетін, оның қоршаған ортаны өзгертудегі мүмкіндіктерін мойындайды.
Әсіресе, бұл мәселеге еш күмәнсіз қарап, рухтың кұдіретін көрсететін ағым - ол субъективті идеализм. Оның себебі, олардың пікірінше, адам өз-дүниесін өзі құрайды. Мұндай шешім адамның шығармашылық іс-әрекетін жеке көрсетеді. Осыған орай, неміс философы И.Фихте айтқан: «Әрекет ет, әрекет ет, тағы да әрекет ет!» — деген ұранын келтірсек болғаны.
Бұл салада тағы да бір үлкен сұрақ пайда болады. Егер адам Дүниені саналы түрде қайта кұра алатын болса, онда ол оны қаншалықты өзгерте алады?
Бірінші жауапты, негізінен, төмендегі көзқарасқа теңеуге болады. Біздің шығармашылық іс-әрекетіміз Дүниені толығынан өзгертіп, жаңа, өзіміздің ойымызға сай өмірді туғыза алады. Мысалы, марксизмнің коммунистік идеясын осы бағытқа жатқызуға болар еді. Сонымен адам өз болмысын шығармашылық іс-әрекеті арқылы толығынан Дүниені өзгертіп жасайды.
Екінші жауап мұндай абсолюттік көзқарастан бас тартып, «Адам Дүниені өзінің саналы іс-әрекеті арқылы өзгерткенмен, оны толығынан қайта құра алмайды, тек қана салыстырмалы түрде ғана басқа өзгертілген Дүние келуі мүмкін» деген пікір айтады. Және бұл көзқарас Дүниені өзгертуде адам «жеті рет ойланып, бір рет кесуін», бүгінгі таңдағы керектіктерін болашақтағы өмірмен ұштастырып, волюнтаризмге жол бермеу жағын, айнала коршаған ортаға өте ұкыптылықпен карап, адамның пенде екендігін, оның Құдай еместігін алаңдаушылық сезіммен бізге жеткізеді.
Бұл мәселе әсіресе біздің жаңару үстіндегі қоғамдағы жүргізіліп жатқан іс-әрекеттермен тығыз байланысты. Дүниені коммунистік тұрғыдан толығынан өзгерту жолынан бас тартып, біз келесі біржақтылыкқа - «нарықтық жұмақ» орнату жолына түсіп кеткен жокпыз ба? Біз неге өткен қоғамның тиімді жақтарын ұстап кала алмадық? Біз каншалықты өзгерген қоғам орнатуымыз керек? т.с.с.
Бұл сұрақтар - ашық сұрақтар. Оқырман Дүниеге деген өз көзқарасының шеңберінде бұларға өзі жауап табуға тырысса екен дейміз. Қорыта келе, философияның негізгі мәселесінің бірінші -онтологиялық жағы «Бұл Дүние не?» деген сұраққа жауап берсе, екінші - гносеологиялық, праксеологиялық, аксиологиялық жақтары «Бұл дүниені қалайша танып-біліп, бағалап, өзгертуге болады?» деген сұраққа жауап береді.