Натурфилософия өз уақытының шеңберінің шегіне келіп, әрі қарай Дүниені зерттеуде жаңа идеялар тудыра алмады.
Екінші жағынан, гректердің қала-полистеріндегі саяси өмірдің жандануы, әсіресе тікелей демократияның дамуы, халық жиналысының, соттың мәнінің өсуі философия саласында жаңа бетбұрыс тудырады. Жалпы Дүние жөніндегі тебіреністерден ойшылдар қоғам мәселелеріне, адамның өміріне, мән-мағыналықты ашуға көп көңіл бөле бастайды.
Осы кезде грек топырағына софистика ағымы келеді (sорһіа - дана, даналық). Бұл ұғымның мағынасы даналықты, білімділікті көрсеткенмен, уақытында теріс мағынада «жалған білімділік» ретінде қолданыла басталды.
Оның негізгі себебі - софистердің оқытушылық қызметі, өйткені сол уақыттағы саяси өмірдің дамуы риторика, логика, философия ғылымдарына деген үлкен сұранысты тудырды. (риторика әсем және әсерлі сөйлеу өнері, логика ойлау заңдылықтарын зерттейтін пән). Өйткені саяси өмірде белсенділік көрсету үшін, жиналған адамдарға өзіңнің көзқарасыңның дұрыстығын дәлелдеп, олардан колдау табу қажет болды, ал оның өзі оңай жұмыс емес, оған оқу керек болды. Өмірде пайда болған сұраныс софист-оқытушыларды дүниеге әкелді. Олар тек қана даналыққа емес, сонымен катар өзінің саяси оппоненттерінің (қарсыластарының) көзқарастарының тұжырымдарын қалайша теріске шығаруға болады, қалай білдіртпей алдап кетуге болады т.с.с. қазіргі саяси технологияларда қолданылатын әдістерге үқсас нәрселерді үйрете бастайды.
Екіншіден, софистер өздерінің сабақтарына ақша алады. Негізінен, билікке таласатын ақшалы адамдар - аристократтар мен плутократтар (аrіsіоs - ең жақсылар, ақсүйектер, рluto - байлық, сrаІtos - билік) болғаннан кейін, олардың табыстары да аз болған жоқ. Ал ол кездегі ерікті адамдар еңбекпен ақша тапқан адамдарға менсінбей, жоғарыдан қараған. Сондықтан қоғамдық санада софистер жөнінде теріс пікір туып, оларға «жалған дана» деген ат берілген.
Ал, шынына келгенде, софистер философия саласында үлкен төңкеріс жасап, ой-өрісін физис, космос мәселелерінен этика, саясаттану, риторика, тіл, дін, тәрбие мәселелеріне аударды. Олай болса, оларды антикалық философияның гуманистік-адамгершілік бағытын ашты деген пікірге келуге болады.
Софистердің арасындағы ең кең танылған тұлға - Протагор (481-411 б.ғ.д.) Оның «Еватл» деген софизмімен танысайық.
Протагор өзінің оқушысы Еватлмен келісімге келеді: егер Еватл алғашқы рет сотта жеңіске жетсе, онда Протагорға ақша төлеуге тиіс.
Бірақ Еватл асықпайды. Онда Протагор Еватлға: «Мен сені сотқа беремін», - деп қорқытады. Оған Еватл: «Келісім бойынша мен сотта жеңіске жетсем ғана төлеймін, мен әлі бір сотты да ұтқан жоқпын», — дейді.
Сонда Протагор айтыпты: «Егер мен сотта сені ұтсам, онда соттың шешімі бойынша сен төлейсің, егер сен ұтсаң, онда бәрібір төлейсің, келісім бойынша».
Оған Еватл былай депті: «Егер мен ұтылсам, онда төлемеймін, келісім бойынша, ал егер ұтсам, онда төлемеймін соттың шешімі бойынша».
Осындай софизмдердің негізінде Протагор мынандай тұжырымға келеді: әр нәрсе жөнінде бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі пікір айтуға болады. Олай болса, мәселенің бір жағына шығу керек, оның кепілі - адамның өзі. Сондықтан Протагор өзінің атақты нақыл сөзін айтады: Адам — барлық заттың өлшемі, олардың барының барлығын, жоғының жоғын көрсетеді. «Адам өлшем» дегеніміз, маған қандай болып зат көрінсе, ол - сондай, ал саған керісінше көрінсе, ол саған — сондай. Оны қазақ: «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді», — деген.
Сонымен Протагордың айтуынша, бәрі де салыстырмалы, еш жерде соңғы ақиқат, ең кұнды моральдық кағидалар, нормалар т.с.с. жоқ.
Олай болса, өз пікіріңді дәлелдей ал, айтыста өз оиыңның артықшылығын көрсете біл, қате пікірдің әлсіз жағын тауып алуға тырыс. Тіпті эйдік болсаң, нәзік дэлелдемені күшейтіп, күшті дәлелдемені теріске шығара біл.
Протагордың окушылары саяси мінбелерге шығып, өздерінің қарсыластарын жеңе білген, өздерінің табиғи дарындарын ашып, саяси өмірге белсенді қатысқан. Ал мұның өзі Протагордың даңкын арттырған.
Қорыта келе, мынаны айту керек. Егер адамның жететш ақиқатының бәрі салыстырмалы болса, онда оларды салыстырып, пайдалысын таңдай біл және оның сондай екенін басқаларға дәлелдеп, қөздерін жеткіз. Сонда ғана даналық деңгейге қөтерілуге болады, - дейді Протагор.
Софистердің философияға енгізген жаңылықтары -- ақыл-оймен Дүниенің қайшылығын бейнелеу арқылы жасалатын ұғымдардың аумалы-төкпелілігі, іштей қайшылықтары. Ой-өрісінің дамуын зерттей келе, олар логиканың, риториканың көп мәселелерін көтеріп, осы уакытқа дейін ғалымдар ойландыратын нәрселерді қалдырды.
Мысалы, мына софизмді алсақ: «Егер алдаушы мен алдадым десе, онда - оның шындықты айтқаны». Бұл софизм осы уақытқа дейін шешілген жоқ. Оқырман, кәне, сен оны шешіп көрші!
Сократ ілімі
Сократ (469-399 б.ғ.д.) Афина қаласының қарапайым адамдарының отбасында дүниеге келеді. Өз заманының халық сыйлайтын, сонымен қатар байлары мен билері үрейлене карайтын ірі тұлғасы болса керек.
Сократ жөнінде тарихта әртүрлі пікірлер қалған Аристофанның «Бұлттар» деген комедиясында Сократ «өтірікпен шындықты жеңетін» софистердің біреуі деп қөрсетілсе, Ксенофон оны заңды сүйгіш, әдет-ғұрыпты сыйлаған адам ретінде, ал оның оқушысы, шәкірті Платон ең ақылды, кемеліне келген дана ретінде суреттейді.
Сократ - жазба еңбектер қалдырмаған адам. Байлық қумаған. Сондықтан өз заманының софистерін олардың ақиқатты тым салыстырмалы қылғаны үшін жек көрген.
Сократ софистердің «Адам - өлшем» деген тұжырымдарымен келіседі, бірақ ол нақтылы, өз заманының пайда іздеген адамы емес, ол - тек адам ретінде алынғандағы адам.
Сонымен оны негізінен толғандыратын мәселелер: олар адам табиғаты, оның терең мәні. Оның айтуынша, адамның терең мәні - оның жан дүниесінде. Ал адамның жаны - ол оның ойлауға деген қабілеті, оның парасаты, адамгершілікке негізделген жүріс-тұрысы мен іс-әрекеті.
Адамды дене ретінде емес, сана ретінде түсіну керек. Ол - өз-өзін санасы арқылы сынай алатын, ар-ұжданы бар тұлға. Олай болса, адамның жан дүниесін тәрбиелеу қажет, оны өсіп-өндіруіміз керек. Өз қаласының адамдарына арнап: ол «Сендер өз денелеріңді я болмаса байлықты, басқа керек заттарды бірінші ретте ойламаңдар, ең алдымен өз жан дүниелеріңді тәрбиелеп өсіріп, тазалаңдар, өйткені ізгілік байлықтан емес, байлық пен басқаның бәрі ізгіліктен шығады», - дейді.
Сократтың ойынша, ізгілік (даналық, әділеттілік, тұрақтылық, қанағаттылық т.с.с.) әрқашанда білім, ал залымдық - надандық.
Ешкім де саналы түрде жамандық жасамайды, ал жамандық жасайтындар оны білмегендіктен жасайды.
Ізгілік дегеніміз - жақсылықты білу және соның негізінде іс-әрекет ету; батылдық - ол қауіп төнген жағдайда не істеу керектігін білу; әділетті адам өзінің мемлекетпен қарым-қатынасын біледі т.с.с. Оның себебі, ізгіліктің табиғаты жөнінде адамдар ойланбайды, өйткені олардың көпшілігі әдет-ғұрып арқылы беріледі. Ал егерде біз оларды ақыл-оймен танып-білсек, онда біз өзіміздің жан дүниемізді байытып, жамандыққа бара алмаймыз.
Әрине, ізгіліктен ауытқу, күнәға бату - ол тек қана білмегендіктен шықпайды, ол адамның еркімен де тығыз байланысты. Бірақ ерте замандағы адамдарға ерік әлі таныс емес, оны тек Орта ғасырдың діни ойшылдары ғана ашқан болатын.
Сократтың ойынша, адамның ең тамаша қасиетінің бірі - өз-өзін ұстауы. Қандай көңіл-күйде болсаң да: шаттық, қайғы-қамығуда да, неше түрлі құштарлықта да адам өзін-өзі билеп, ұстауы қажет.
Сократ грек ойшылдарының бақыт жөніндегі түсініктерін тереңдете түсті. «Менің ойымша, тек ізгі адам бақытты; шындығы жоқ, арам пиғылды - әрқашанда бақытсыз».
Сократ адамның жан дүниесінің терең мәнін ашып қана қоймай, сонымен бірге оны жетілдірудің жолын көрсетті. Оның жолы — ирония мен маевтика. Ирония дегеніміз сұхбат барысында білмеген сияқты болып талқыланып жатқан мәселе жөніндегі қарсыда отырған адамның тұжырымдарының неше түрлі сұрақтар арқылы ішкі қайшылығын ашып, ең ақырында оны: «Менің біле-тінім - тек қана ештеңе білмейтінім», - деген ойға әкелу. Бірақ мұнымен сұхбат бітпейді. Егер осы сатыда әңгіме бітсе, адам толығынан күмәнға батып, дүниеде не істерін, қалай өзін ұстайтынын білмес еді.
Сұхбаттың екінші сатысында маевтика басталады. Ол сәбидің Дүниеге келуіне көмектесетін кіндік шешенің қызметі сияқты. Бірақ сәби емес, Дүниеге акиқат келеді. Ол үшін жоғарыдағы талданған мәселе жөніндегі пікірлер салыстырылып, олардың ішіндегі ақиқатқа әкелетіндері алынады.
Бірақ Сократтың мақсаты - одан да әрі тереңдеу. Қандай мәселе талқыланса да, әңгіме ақырында адам өмірінің мән-мағынасына келіп тіреліп, осы мен қалай өмір сүріп жатырмын, не істеп, не қойдым, менін ар-ұжданым таза ма т.с.с. деген сұрақтарға әкеледі. Міне, негізгі мақсат енді ғана орындалды, осы уақытка дейін өзінің жан дүниесі жөнінде ойланбай келген адам іштей тазарып, өмірге басқа көзбен қарай бастайды.
Олай болса, адамның өз-өзін танып-білуі - оның ең биік мұратына айналуы керек. Сонда ғана адам мен қоғам арасындағы қайшылықтар шешіледі. Ол үшін адам күнделікті өмірдегі «ұсақ мәселелердің» жолын табуы емес, ол бүкіладамзаттык ақиқат деңгейіне көтеріліп, өзінің жан-дүниесін толтыруы керек. Бұл пікірді қолдайтын бір аңыз бар. Сократтан: «Сіздің туған жеріңіз қайда?» - деп сұрағанда, ол: «Мен ғарыштанмын», - деп жауап берсе керек. Сократтың ұлы тұлғалығы, міне, осында.