Конттың ойынша, әлеуметтанудың салыстырмалы әдісі салыстырудың бірнеше әдістерінен немесе тәсілдерінен тұрады.
Біріншісі - адамдар мен жануарлар қауымдастықтарын салыстыру. Бұл әдістің құндылығы әлеуметтік ынтымақтастықтың неғұрлым қарапайым және әмбебап заңдарын анықтауға мүмкіндік беретіндігінде.
Екіншісі - жер шарының әртүрлі аймақтарындағы адамзат қоғамының әр түрлі қатар өмір сүру жағдайларын салыстыру, оның үстіне бұл жағдайлар бір-бірінен толық тәуелсіз халықтарды алып қарастырады. Бұл әдіс ғаламшардың әр түрлі бөлігіндегі қазіргі халықтар арасындағы неғұрлым өркениетті ұлттардың бұдан бұрынғы жай-күйлерін анықтап, “адамзаттың іргелі дамуының қажетті және тұрақты тепе-теңдігін” негіздейді. Бірақ мұндай салыстыру, Конттың ойынша, олар бір уақытта өмір сүретін және қозғалмайтын деп есептелетін, ал шындығында бірінің артынан бірі келіп отыратын, әлеуметтік жай-күй ретінде көрсетілетіндіктен, жетімсіз еді. Сондықтан адамзат эволюциясының барысын, “қоғамның түрлі жүйелерінің шынайы сабақтастығын” анықтауға мүмкіндік беретін салыстыру тәсілі қажет.
Осыдан салыстырудың үшінші түрі шығады, оны Конт “адамзаттың әр түрлі жүйелік жай-күйін тарихи салыстыру” немесе “тарихи әдіс” деп атаған. Әлеуметтік ғылымның “нағыз негізін” құрайтын бұл әдіс тек әлеуметтануға ғана тән және оған неғұрлым жақын келетін биологиядан да айырмашылығы бар. Бұл әдістің мәні адамзат эволюциясының әртүрлі кезеңін салыстыруында, “әлеуметтік қатарлар” жасауда және адамзаттың әр түрлі жай-күйіне дәйекті баға беруінде жатыр.
Әлеуметтануды болжау мақсатында да тарихи әдістің маңызы жоғары, өйткені ол үшін өткен уақыт осы уақытқа қарағанда өте маңызды: “...Біз өткенді болжай алған жағдайда ғана болашақты ұтымды түрде болжауды үйренеміз...”
Ал “субъективті” әдіске келетін болсақ, бұл тәсілді Конт анық сипаттамайды, өйткені Конт үшін “субъективті” әдістің мистикалық сипаты бар. “Субъективті” әдістің бастамасы болып табылатын субъектіге негізінен жеке адам немесе топ емес, бүкіл адамзат жатады.
Бұл әдістің бірінші белгісі - зерттелетін объектіге жалпы адамзаттық немесе әлеуметтік көзқарас.
Екінші белгісі - “объективті”, ұтымды тәсілмен салыстырғанда, бұл әдіс өзінің мәні жағынан эмоционалды-альтруистік болып табылады. Бұл ақылды бағындыратын “жүрек” әдісі. Ғылыми, моральдық, саяси идеяларды отанға, адамзатқа бағытталған альтруистік сезімдерге бағындыру қажет. Бұған үш формула сәйкес келеді: жақын адамдар үшін өмір сүру, өзінің отандастары үшін өмір сүру, барлық адамдар үшін өмір сүру. Мұның бәрі “Басқалар үшін өмір сүру” деген тұжырымға сіңірілген.
Бір сөзбен айтқанда, бұл әдіс қазір эмпатия деп аталатын әдіске қарағанда жалпы және іргелі болып табылады. Конт мұны махаббат әдісі деп атап, оны тек өмірлік ғана емес, әдіснамалық принцип тұрғысынан да атап көрсетеді.
Конттың ойынша, кез келген объект екі көзқарас (статикалық және серпінділік) тұрғысынан зерттеледі. Мұның әлеуметтік жүйені зерттеуге де қатысы бар. Сондықтан әлеуметтану оның доктринасында екі бөлікке бөлінеді: әлеуметтік статика және әлеуметтік серпін. Екі пән де Конттың “тәртіп және прогресс” деп аталатын ұранының екі бөлігіне сәйкес келеді. Әлеуметтік статика үшін басты мақсат - әлеуметтік тәртіп заңдарын табу болса, әлеуметтік серпін үшін - прогресс заңдарын анықтау. Әлеуметтік статика - әлеуметтік организмнің құрылымын зерттейтін әлеуметтік анатомия болса, әлеуметтік серпін – оның жүзеге асуын қарастыратын әлеуметтік физиология. Олардың біріншісінің объектісі - “тыныштық қалпындағы” қоғам болса, екіншісінің объектісі - “қозғалыс қалпындағы” қоғам болып табылады. Конттың әлеуметтанудың осы екі бөлімінің маңыздылығына берген салыстырмалы бағасы өзгеріп отырады: “Позитивті философия курсында” ол әлеуметтанудың басты бөлігі - әлеуметтік серпін деп есептесе, “Жүйеде” әлеуметтік статиканы әлеуметтанудың басты бөлімі деп санайды.
Әлеуметтік статика “ұжымдық тіршілік ету құрылымын” бөліп көрсетіп, барлық адамзат қоғамына тән тіршілік ету жағдайларын және соған сәйкес үйлесімділік заңдарын зерттейді. Бұл жағдайлар жеке адамға, отбасыға және қоғамға (адамзатқа) қатысты.
Конттың ойынша, жеке адам табиғи түрде қоғамда өмір сүру үшін жаралған; бірақ оның өзімшіл ерекшеліктері де табиғи сипат алады. “Нағыз әлеуметтанушы элемент” жеке адам емес, отбасы болып табылады.
Отбасы - әлеуметтік өмір мектебі, мұнда жеке адам бағынуды және басқаруды үйренеді, басқалармен үйлесім тауып өмір сүруді үйренеді. Ол әлеуметтік сабақтастық сезімі мен өткен ұрпаққа тәуелділікті түсіну керектігін сіңіріп, өткенді болашақпен байланыстыра отырып “...Адамның өмірге кеше келдім деп ойламауы әрқашан маңызды болады...” дейді. Микроәлеуметтік жүйе болған отбасы иерархия мен субординацияға бағынады: мұнда әйел - еркекке, кішілер - үлкендерге бағынуы тиіс. Отбасы - қоғамды құрайтын негізгі элемент.
Қоғам отбасылар жиынтығынан құрылады; мұнда отбасылық тіршілік ету сатысы саяси тіршілік ету сатысына ауысады. Отбасы, ру, ұлт, мемлекет - мұның бәрі дәйекті түрде адамзатқа ұмтылудағы қауымдастық кезеңдері болып табылады. Бірақ отбасы - қауымдастық емес, ол сезімдік, эмоционалдық байланыстылыққа негізделген “одақ” болып табылады. Ал әлеуметтік құрылымдар тұрғысынан алғанда, бұлар еңбек бөлінісіне негізделген кооперацияны көздейді.
Конттың ойынша, еңбек бөлінісі тек экономикалық емес, сонымен бірге іргелі әлеуметтік факт және “біздің әлеуметтік өміріміздің басты шарты” болып табылады. Еңбек бөлінісі әлеуметтік ынтымақтастықтың және әлеуметтік организм көлемінің ұлғаюы мен күрделілігінің өсуі негізінде жатыр. Ол әр отбасына басқаларға тәуелділік сезімі мен өзінің жеке маңыздылығы сезімін туғызады, сондықтан әр отбасы өзінің бүкіл жүйеден бөлінбейтін маңызды қоғамдық функцияны атқаратынын біле алады.
Ынтымақтастық барлық тірі жанға тән болғандықтан, қоғамда ең жоғары дәрежеге ие болады. Осы дәрежені және адамзат қоғамындағы әлеуметтік ынтымақтастық ерекшелігін анықтау үшін Конт әлеуметтік бәтуа (келісім) ұғымын қолдана бастайды. Бәтуа оның теориясында “ әлеуметтік статиканың негізгі идеясы ” болып табылады.
Сонымен қатар, еңбек бөлінісінің әлеуметтік организм үшін белгілі бір зияны мен қауіп-қатері бар. Ол қоғамды көптеген бөлек топтарға ыдыратып жіберу қаупін тудырады. Ол адамды бір жағынан шебер ететін болса, екінші жағынан “тым қабілетсіз” етеді. Өзінің жеке міндетін орындауға ұмтылған адам, тек өзінің жеке мүддесін ойлайды да, әлеуметтік мүддеге селқос болады.
Осы қауіптерді жеңіп шығу тұрақты пәннің, басқару және соған сәйкес атқару функциясының арқасында мүмкін болады. Басқару - “идеялардың, сезімдер мен мүдделердің таралуының қатерлі бейімділігін” ескерту мен тежеп отыруға арналған әлеуметтік функция. Гоббс, Локк және Руссоға қарсы Конт басқаруды адамдарды қоғамдық келісім мен тәртіпті сақтауға шақыратын әлдебір қосымша жасанды күш емес, қоғаммен бірге дамыған табиғи, қажетті функция деп көрсетеді. Материалдық, интеллектуалдық және моральдық субординация еңбек бөлінісімен тығыз байланысты; ол бағынудан басқа, не қабілеттілікке, не басқарушылардың адалдығына сенімді талап етеді. “Қалыпты” үкімет - әлеуметтік тұтастықты қамтамасыз ететін үкімет алдымен материалдық күшке, сонан соң сенімге, келісімге және қоғамдық пікірге сүйенеді. Субординация заңға бағынады, ол бойынша іс-әрекеттің жеке түрлері жалпы түрлерінің басқаруымен жүзеге асады. Басқару – функциялардың ішіндегі ең жалпысы, сондықтан әлеуметтік функциялар осыған бағынады.
Конт әлеуметтік иерархияның табиғи, мәңгі және жойылмайтын сипаты мен соған сәйкес әлеуметтік теңдік идеясының табиғи емес сипатын көрсетеді. Қоғамды таптарға бөлу басқару мен атқару функцияларын бөлуден шығады. Конт таптарды әр түрге бөледі, олардың мәні екі жалпы санатты: басқарушылар мен атқарушыларды құрайды. Қазіргі қоғамда екі неғұрлым елеулі санат бар. Ол патрициат және пролетариат. Олар өз ішінде ұсақ әлеуметтік топтарға бөлінеді. Патрициат капиталды басқаратын банкирлер мен кәсіпкерлерден тұрады. Кәсіпкерлер өз алдына өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық болып бөлінеді. Пролетариат та өз ішінде жіктеледі, алайда мұны мойындай отырып, Конт олардың бірлігі мен біртектілігін баса көрсетуге бейім.
Билікті заң шығарушы, атқарушы және сотқа бөлуге қарсы болған Конт сонымен қатар билікті діни және зайырлы билікке бөледі. Бұл бөлу діни билік зайырлы биліктен сөзсіз басым болған жағдайда қоғам үшін шынайы және игілікті. Ортағасырлық Еуропада діни билік дін басшыларының, зайырлы билік әскерилердің қолында болды. Француз революциясынан кейін діни билікті зайырлы билік жұтып қойды да, ол саясаткерлер мен заңгерлердің қолына көшті. Қазіргі заманда позитивизмнің жеңісімен бірге зайырлы билік “индустриалдарға”, ал діни билік “ғалымдарға” (“философтар” мен “әлеуметтанушылар”) өтті, оларды Конт алғашында бейнелі мағынада, кейін тура мағынада жаңа “рухани билеушілер”, “жаңа абыздар” деп атады.
Конттың ойынша, әлеуметтік статика зерттейтін қоғамның құрылымы принципінде түбегейлі өзгермейді. Ол тек сындарлы кезеңдерде қиындықты бастан кешуі мүмкін, бірақ прогрестің арқасында қайта қалпына келеді. Өйткені оның формулаларының біріне сәйкес, “прогресс - тәртіптің дамуы”.
Әлеуметтік серпін - прогресс теориясы. Прогресс ұғымы тек адамзат қоғамына тән, олардың өзіне тән ерекшелігін құрайды және әлеуметтануды биологиядан бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Жануарлар қауымдастығымен салыстырғанда, бір ұрпақтың келесі ұрпаққа жинақталған материалдық және рухани байлықтарды қалдыра алуының арқасында прогресс мүмкін болады. Қоғам мен адамзат арасында айырмашылықтың болмауы салдарынан және әлеуметтанудың “адамзат табиғатының позитивті теориясының” құрамына кіруі нәтижесінде Конттың прогресс теориясы өзінің негізі бойынша антропологиялық болып табылады.
Конт прогресс бақыттың шексіз өсуі мен адамның жетілуімен бірдей емес екендігін ескертіп, бұл түсінікті “даму” ұғымымен ауыстыру керектігін айтады. Әлеуметтік серпін ауытқулардың мүмкіндігі мен қажеттілігін мойындайтындықтан, оптимизмнен айрылған. Тарихта сабақтастық бұзылған кезде “органикалық” кезеңдер “сыни” кезеңдермен алмасып отырады. Дегенмен, Конт әлеуметтік дамуды жетілу, жақсару, прогресс ретінде сипаттайды.
Конт үнемі прогрестің үздіксіз және сабақтастық сипатын ерекшелейді. Әлеуметтік статика кеңістіктегі ынтымақтастықты анықтайтыны тәрізді, әлеуметтік серпін оның уақытын анықтайды. Әлеуметтік серпін қоғамның жүйелілік күйін өткен шақтың нәтижесі мен болашақтың қажетті қайнар көзі ретінде қарастырады, өйткені Лейбництің қағидасына сәйкес “болашақ қазіргі уақыттан туындайды”.
Дәстүршілердің көзқарастарын жалғастыра отырып, Конт ұрпақтар сабақтастығын және барлық бұрынғы ұрпақтың келешектің дамуына орасан зор ықпал ететінін үнемі атап көрсетеді. Өзінің “Позитивтік катехизисінде” ол былай дейді: “Әрдайым тірілерді өлілер басқарып отыратын болады: бұл адамзат болмысының іргелі заңы”. Бұл анықтама оның адамзаттың көпшілік құрамы өлілерден құралады және әлеуметтік байланыс “тірілер өлілерге қарсы шыққан” жағдайда бұзылады деген тезисімен ұштасады.
Конттың ойынша, әлеуметтік прогрестің басты заңы - үш саты заңы. Барлық қоғамдар ерте ме, кеш пе өзінің дамуында теологиялық, метафизикалық, позитивті кезеңдерден өтеді.
ХІХ ғасырдың көптеген әлеуметтік ойшылдары сияқты Конт та болжам жасағанды жақсы көрген. Бүгінгі таңда оның болжам-дарының бірі қарапайым және күлкілі болса, бірі - негізделген әрі тура айтылған болып табылады. Конттың өзі негізін қалап, салттық белгілеріне дейін ойлап тапқан Адамзат Діні адамзаттың дініне айналады деген сенімі ақталмады. Ол бір жағынан болжап, бір жағынан ұсынған әлеуметтік режим - социократия - қатаң иерархияға, субординацияға, белгіленген функцияны дұрыс орындауға негізделеді. Осы тектес қоғамдар көлемі жағынан шағын (болашақ мемлекеттер көлемі жағынан Швейцариядан немесе Бельгиядан аспауы керек) болып, біртұтас шіркеуге немесе Ұлы Тіршілік иесіне (адамзатқа) бағына отырып, Фурье фаланстері мен монастырь арасындағы нәрсе болуы керек еді. Конттың пролетариат пен әйелдердің одағы – бір жағынан, және позитивизм - екінші жағынан; орта таптың жойылуы; әйелдің отбасылық-тұрмыстық рөлі жайындағы болжамдары ақталмады.
Сонымен қатар адамзаттың бірігуі мәселесі бүгін де, саяси, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар дәуірінде де өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бірақ жалпы адамзаттың бірігуіне жету әлі алыс бола тұрса да, көптеген бүкіләлемдік және халықаралық ұйымдар әрекетінің біршама жетістіктерге жеткенін көруге болады. Конт ұлтаралық және тапаралық бейбітшіліктің белсенді жақтаушысы болды, Бернарден де Сен-Пьермен бірге ол бірінші болып “еуропалық үй” идеясын қорғады; Сен-Симонмен бірге ол индустриализм заманының келуі мен отарсыздандыру процесін болжады.
Конттың әлеуметтік-саяси көзқарасы мен жобаларында авторитаризм мен болашақ тоталитаризм элементі, атап айтқанда, азаматтық бостандықтар мен жеке тұлғаның құқықтарын, сөз бостандығы мен пікір бостандығын, биліктің бөліну принципін, демократиялық институттарды мойындамау маңызды орын алады. Конт мемлекеттің экономикаға және әлеуметтік өмірдің басқа да жақтарына, тіпті адамның жеке өміріне белсене араласуын жақтаушы болды. Социалистердің көптеген жобалары сияқты, оның “социократиясы”, сөзсіз, тоталитарлық режимнің алғашқы бейнесі болып табылады.
Дегенмен де, Конттың әлеуметтануында либерализм рухы сезіледі. Бұл оның пайымдаушыларының “объективті” әдіске негізделген, өзінің басты мақсаты ретінде табиғи өзгермейтін заңдарды тану және әлеуметтік тәжірибеде соларға сүйену болып табылатын бөлігіне қатысты. Конттың теориялық жүйесінің нақ осы жағы кейін әлеуметтанушылық ойлар тарихында дами түсті. Әлеуметтік шындық өзіндік заңдармен дамиды, ол да табиғат сияқты айла-шарғыға және мәжбүрлеуге көнбейді, сондықтан оған нәтижелі ықпал жасау үшін алдын ала зерттелген заңдарға бағыну, соларға сүйену қажет. Міне, осы идея либерализм негізінде жатыр.
Әлеуметтану Конт үшін синтетикалық дүниетаным болды, ол ғылымнан басқа көптеген құрамдас бөліктерді, соның ішінде утопиялық жобалауды қамтыды. Осының салдарынан “әлеуметтану” сөзі біраз уақыт беделінен айрылып қалды. ХІХ ғасырдың орта тұсында және екінші жартысында көптеген әлеуметтік ғалымдар оны фанатик позитивистердің әлеуметтік утопиясы ретінде қабылдады; ол сөзді қолдану “позитивизм” немесе “социократия” сөздерін қолданумен бірдей болды. Өздерінің зерттеулерін және қоғам туралы ғылымын белгілеу үшін олар басқа терминдерді, соның ішінде бейтарап “әлеуметтік ғылым” терминін қолдануды ұйғарды. Тек Г.Спенсердің, кейін басқа да ғалымдардың еңбектері нәтижесінде “әлеуметтанушы” сөзі қалпына келтірілді. Ол зерттеушінің әлеуметтік мұраттарына қарамастан тек Конттың әлеуметтік доктринасын ғана емес, жалпы әлеуметтік құбылыстар жайындағы ғылымды білдіретін болды. Сонымен қатар оның мағынасы кішірейе түсті, өйткені әлеуметтанудан оның ғылымнан тыс құрамдас бөліктері алынып тасталды (немесе сондай әрекеттер жасалды).
Конт әлеуметтік ілімнің онтологиялық парадигмаларының, яғни әлеуметтік шындық жайындағы басты түсініктерінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ол әлеуметтік шындық - әлемдік жалпы жүйенің бір бөлігі деген тезисті дәлелдеді. Ол “әлеуметтік тіршілік” автономиясы идеясының жеке-дара тіршілікке қатынасын негіздеді. Ол бірінші болып “әлеуметтік организм” және “әлеуметтік жүйе” сияқты іргелі ұғымдарды ойлап тапқан. Конт барлық қоғам өз дамуында ерте ме, кеш пе бірдей кезеңдерден өтеді дегенді дәлелдей отырып, эволюциялық парадигманы тұжырымдады. Ол қоғамды әскери және индустриалды түрге бөлуді негіздеді, кейін бұл идеяны басқа әлеуметтанушылар жалғастырып, дамытты. Оның идеялары индустриализм мен технократияның әр түрлі теорияларына негізделген. Ол әлеуметтік өмір сахнасына жаңа әлеуметтік санаттардың: кәсіпкерлердің, банкирлердің, инженерлердің, жұмысшы табының, ғалымдардың шыққанын және олардың маңызы арта түскенін көре білді. Ол басты әлеуметтану дәстүрлерінің бірі - әлеуметтік ынтымақтастықты (сондай-ақ “келісім”, “тұтастық” терминдерімен анықталатын) зерттеу дәстүрінің бастауында тұрды.
Эпистемологиялық жағынан Огюст Конттың қоғамның құрылымы мен дамуы заңдарға бағынады, ол заңдарды оқып-біліп, әлеуметтік практиканы солардың негізінде құру қажет деген тезисінің маңызы зор болды. Оның әлеуметтік статика мен әлеуметтік серпінінің ара-жігін ажыратуы, қайсы бір нысанда әлеуметтанудың бүкіл тарихы бойында сақталып қалды, сондай-ақ сабақтас ғылымға енді. Әлеуметтанудың әдістеріне: салыстырмалы-тарихи әдіске, байқауға, тәжірибеге қатысты оның көптеген жорамалдары да өз мағынасын сақтап қалды.
Джон Стюарт Милль
Джон Стюарт Милль (John Stuart Mіll) (1806-1873) - ағылшын экономисі, философ, тарихшы және ойшыл, саяси және экономикалық либерализмнің теоретигі.
Лондонда туған. Әкесі Джеймс Милль, “Британдық Үндістанның тарихы” атты еңбектің авторы, ұлына жоғарғы білім берген. Тоғыз жасында Джон Стюарт грек және латын тілдерін меңгеріп, он бір жасында әкесінің кітабын оқып шығады. 1823-1858 жылдары Ост-Үнді компаниясында жұмыс істейді. Өзінің “Өмірбаянында” жастық шағына толық сипаттама береді. Жиырма жасында үлкен торығуды басынан кешіріп, оны эмоциялардың таусылуы деп есептейді. Милльдің философиялық және әлеуметтану көзқарастары Карлейль, Бентам, Конттың ықпалымен қалыптасты.
Англияда Конт позитивизмінің әдіснамалық идеясын насихаттады, оны сынады, қайтадан ой елегінен өткізді. Милльдің эмпирикалық психологизмі - әлеуметтанудың да, логиканың да басты мәселелерінің бірі, ол психологияның ойлау техникасын зерттейтін тармағы ретінде ғана танылады.
Өзінің “Огюст Конт және позитивизм” атты мақаласында ол француз философының зерттеу әдісін ойлап тауып, нәтижелерге ие болса да, осы әдістің шынайылығын дәлелдеу шартына назар аудармағанын атап көрсетеді. Өйткені, тәжірибеден біз дәйекті жүйелілікті және бір қатарға қоюды ғана табамыз. Алайда тәжірибе себеп-салдарлық байланыс пен жағдайлардың бір-бірімен сәйкес келуі арасындағы айырмашылықты айтпайды. Бұл, әсіресе, қоғамды зерттеу барысында заңдылықтарды, әсіресе прогресс заңдарын анықтауды қиындататын көптеген факторлар қолданылған кезде айқын байқалады. Нақ осында заңдарды орнықтыру әдістерінің және тиісінше фактілерді тұжырымдау рөлінің мәселелері неғұрлым өткір қойылады. Милль Конттың осы жөніндегі көзқарастарын жинақтайды. Әңгіме адам психикасының құрылымынан алынған немесе дәуір терминімен айтқанда адам табиғатының заңдарынан алынған әлеуметтік заңдар дедукциясының мүмкіндіктері туралы болып отыр.
Милльдің әлеуметтану үшін аса маңызды болған еңбегі “Силлогистік және индукциялық логиканың жүйесі” (1843) деп аталады.
Бұл еңбекте әлеуметтану үшін маңызды төрт әдіс берілген:
1. Ұқсастық әдісі: егер қайсы бір құбылысты зерттеу барысындағы бірнеше жағдайларда бір ғана ортақ мән-жай табылатын болса, онда ол осы құбылыстың себебі (немесе салдары) болып табылады.
2. Өзгешелік әдісі: егер осы құбылыс болған және болмаған жағдайларда біреуінен басқасының бәрі бірдей болса, онда соңғысы осы құбылыстың себебі (не салдары) болып табылады.
3. Қалдықтар әдісі: құбылыстан бұрынғы индукцияларда белгілі болған себептер алынып тасталады. Сонда қалған факті қалған себептің салдары болып табылады.
4. Ілеспе өзгерістер әдісі: құбылыс әрдайым басқа құбылыстың белгілі бір өзгеруі барысында осы соңғы құбылыспен себептік байланыспен сабақтасқан кезде өзгеріп отырады.
Милль адамның ақыл-ойы әлеуметтік даму негізінде жетілетінін, ал “пікір мен наным-сенім” оның шешуші факторлары болып табылатындығын мойындайды. Сонымен қатар, ол қоғамдық өмірде адамдар адам табиғатының заңдарынан туындайтын қасиеттерге ие болады деп көрсетеді. Ол жеке-даралықтың басымдығы, тарихтағы тұлғаның орны позицияларын ұстанып, тарихи процестің дамуында халық бұқарасының рөлін жоққа шығарды, сондықтан да Конт сияқты, марксшілдердің қатаң сынына ұшырады, олар оны реакцияшыл деп санап, әлеуметтануды буржуазиялық ғылымдар санатына қосты.
Өзінің әлеуметтану көзқарастарын Милль адамдардың ақыл-ой құрылымы мен мінезін зерттеуге, яғни олардың психологиясы мен санасын зерттеуге арнайды. Ол қоғамды ойлау қабілеті өзгеру мен даму процесінен біртіндеп өтетін жеке адамдардың агрегаты ретінде қарастырады.