Әлеуметтанушылық ой дамудың бірнеше кезеңдерінен өткен. Үш кезеңді бөліп қарауға болады - АЛДЫҢҒЫ ТАРИХИ (Ежелгі дүниенің, Орта ғасырлардың және Жаңа заманның әлеуметтік білімі), КЛАССИКАЛЫҚ (ерте және кейінгі классика) және ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ (соғыстан кейінгі және жаңа әлеуметтану) [1].
ӘЛЕУМЕТТАНУДЫҢ АЛДЫҢҒЫ ТАРИХИ КЕЗЕҢІ - ең алдымен әлеуметтану білімнің онтологиялық алғышарттарының: қоғам туралы, әлеуметтілік туралы, әлеуметтік шынайылық туралы түсініктердің қалыптасу процесі. Бұл алғышарттар ХІХ ғасырдың ортасына қарай қалыптасқан, ал осы уақытқа дейін әлеуметтану білімі ұзақ уақыт бойы әр түрлі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың: философияның, тарихтың, саяси экономиканың, құқықтану мен мемлекет теориясының және т.б. құрамында жинақталып, дамыды. Адам мен қоғам проблемасы, өте жақсы қарым-қатынастар мен сол қоғамды дұрыс құру идеялары ерте кездің өзінде ірі ойшылдардың ақыл-ойларынан орын алған. Оқиғалардың уақытын, орнын және қатысушы адамдарын көрсетіп, қарапайым тіркеу ретінде пайда болған әлеуметтік білім біртіндеп талдамалық ой-тұжырымдармен де байи түсті. Әлеуметтік танымдағы жаңа талдамалық деңгейдің пайда болуына адамзат әуелі ежелгі қытай философтарына, сонан соң көне философияға борыштар. Әлеуметтанудың бастауларын Мао-цзы даос мектебінің ғұламалары мен даналарының әр түрлі тіршілік мәселелері жөніндегі философиялық астардағы ой-тұжырымдары мен кеңестерінен және қоғамдық өмір тәртібін анықтайтын үндінің “Махабхарата” мәтіндерінен табуға болады.
Платонның “Мемлекет”, Аристотельдің “Саясат” атты жұмыстары әлеуметтік білімнің дамуына жаңа серпін берді және жеке қоғамдық институттарды, атап айтқанда мемлекет, отбасы, құқықты зерделеуге жол салып берді. Көне философтар алғаш рет қоғамдағы адам орнының проблемасына назар аударып, адам мен қоғам туралы ілімді теориялық негізге қойды. Адамдардың дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, өнегелері мен өзара қарым-қатынастарын зерделей, фактілерді жалпылай отырып әлеуметтік философтар қоғамды жетілдіру жөніндегі тәжірибелік ұсыныстар мен қисынды аяқталатын тұжырымдамалар жасады.
Шығыс халықтарындағы қоғамдық әлеуметтанушылық ойдың аса көрнекті өкілдері әл-Фараби, әл-Бируни, Ибн-Сина болды. Шығыста әлеуметтік білім тарихи тұрғыдан әр түрлі қоғамдық күштердің тарихи шынайылықты игеруінің ерекше түрі ретінде дамыды және Шығыс халықтарының, соның ішінде қазақ халқының қоғамдық санасының қалыптасуында орасан зор рөл атқарды. Ежелгі және ортағасырлық қоғамдарда арғы әлеуметтанушылық білімнің кейбір, бірақ әлі әлеуметтану бола қоймаған элементтерін аңғаруға болады. Бүгінгі біздің арғы әлеуметтанушылық идеяларды әлеуметтану ретінде қабылдауымыз оларға ретроспективтік көзқарастың, қалыптасып үлгерген, бірақ, жалпы алғанда, басқа уақытта және басқа жерде қалыптасқан ғылымның позициясы көзқарасының мүмкіндігіне негізделген.
Ғылым ретіндегі әлеуметтанудың ең жуық, тікелей алғышарттары Жаңа дәуір кезеңінің (ХVІІ-XІХ ғ.) әлеуметтік ойлары болды. Оның өкілдері Англияда Джон Локк, Адам Смит және Дэвид Юм; Францияда - Вольтер, Поль Гольбах, Дени Дидро, Шарль Монтескье, Анри Сен-Симон; Ресейде - М.В. Ломоносов, А.Н. Радищев, Н.И. Новиков; Германияда - Готхольд Лессинг, Иоганн Гердер, Иммануил Кант, Иоганн Фихте және т.б. болды.
Ағарту кезеңінің әлеуметтік теориялары өзінің сан алуан түрлілігімен мынадай негізгі идеяларды біріктіреді: адам бостандығын ажырамас табиғи құқық ретінде мойындау; ғылыми білімді адамдарға білім беруге және қоғамды жетілдіруге пайдалану қажеттілігі; философиядағы метафизикалық ойлауды, философиядағы тәжірибе мен экспериментке арқа сүйейтін әлеуметтік теорияларды жасаған кездегі адам мен қоғамға қатысты оймен жасалатын конструкцияларды сынау.
Әлеуметтану ғылымының ерте және тікелей негізін салушылардың әлеуметтанушылық ой-пікірлерінде құнды идеялар аз емес. Әйтсе де олар шектелген және ғылым ретіндегі әлеуметтанудан өзгеше.
Ғалымдарды арғы әлеуметтанушылар мен әлеуметтанушыларға бөлудің кем дегенде екі осындай негіздемесі бар:
Біріншіден, арғы әлеуметтанушылардың көбісі үшін әлеуметтік проблемаларды зерделеу негізгі, басты іс емес, философиялық, тарихи және саяси талдаулардың бір бөлігі және де философиялық, тарихи және саяси теорияларға тәуелді, туынды бөлігі болды.
Екіншіден, арғы әлеуметтанушылар өздерінде жоқ зерттеудің арнайы әдістерін қолданудың қажеттігін түсінді. Сондықтан олардың тұжырымдамалары жүйелі эмпирикалық зерттеулерге негізделмеген және көп жағдайда оймен тұжырымдалған.
Арғы әлеуметтану мен әлеуметтану тарихы арасындағы шекара едәуір дәрежеде шартты. Ғылымның бір күйден екінші күйге өтуі - құбылыс емес, аса ұзақ және кең ауқымды процесс. Әлеуметтанудың пайда болуы белгілі бір тарихи кезеңде және әлемдік мәдени кеңістіктің белгілі бір нүктесінде қиылысқан бірқатар интеллектуалдық және әлеуметтік факторлардың бірігуінің нәтижесі болды.
Бұл кезең ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы, ал болған жері – Батыс Еуропа. Кейіннен әлеуметтану жер шарының әр түрлі әлеуметтік-мәдени аудандарында дамып, тарады.
Осы жерде бұл ғылымның алдыңғы тарихы аяқталып, жаңа тарихы басталады.
Классикалық кезең (ХІХ ғасырдың ортасында пайда болған сәттен Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін) пәннің салыстырмалы түрде алғанда әлсіз жіктелуімен және академиялық мекемелер шеңберіндегі институттану процестерімен сипатталады. Ерте және кейінгі классика арасындағы ажыратушы оқиға - Бірінші дүниежүзілік соғыс және Ресейдегі Қазан революциясы болды. Ерте классиканы шартты түрде “бір фактор” мектебі деп атауға болады. Бұл уақытта ғалымдар қоғам дамуының әлеуметтік процесін, тарихи процестің бағыттарын анықтайтын басты, шешуші факторды табуға тырысты. Бұл кезеңде неғұрлым кең тараған мектептер органицизм, механицизм, әлеуметтік география, әлеуметтік дарвинизм, нәсілдік-антропологиялық теориялар, психоло-гиялық мектеп сияқты мектептер болды. Бұл мектептердің жалпы айырмашылықтары болғанымен, оларға кейбір ортақ әдіснамалық белгілер тән еді. Олардың барлығы эволюционизм әдіснамасына негізделеді. Бұл кезең мектептерінің маңызды белгісі қандай да бір құбылыстың кез келген ғылыми емес түсініктерінен бас тарту болды: мистика да, алдын ала жазылып қойылатын құндылықтар да, апологетика да әлеуметтік ғылымдарда орын алмауы тиіс.
Кейінгі классика кезеңі бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындылары мен Қазан социалистік революциясынан бастап қоғам үшін ашылған баламаларды ұғынудан басталады да, екінші дүниежүзілік соғыспен аяқталады. Оны әлеуметтанудағы плюралистік көзқарастың бекіген кезеңі деп атауға болады. Бұл уақытта әлеуметтану әдіснамасы айтарлықтай алға жылжыды. Бұл кезең әлеуметтанудың әлеуметтік құбылыстарды зерделеудегі басты әдіснамалық принципі ретінде қалыптасуымен ерекшеленеді (Э.Дюркгейм).
Әлеуметтанушылық негіздің қалыптасуына үлес қосқандар Э.Дюркгейм мен оның әлеуметтану мектебі, М.Вебер және оның әлеуметтануы; В.Парето және элиталардың айналым теориясы; марксизм еңбекті жатсыну теориясымен бірге; А.Адлер мен К. Юнгтің еңбектеріндегі психоталдау. Әлеуметтануда статис-тикалық-математикалық ғылымды пайдалану кең етек жаюда. Бұл ретте Я.Мореноның әлеуметметриясы мен П.Лазарсфельдтің бұқаралық коммуникация құралдарын зерттеуі жарқын мысал бола алады. Осы кезеңнің соңына әлеуметтану ғылымының жоғары беделінің куәгері үкімет тарапынан қоғамның қауіпсіздігі мен қорғанысы үшін шешуші мәні бар зерттеулерге тапсырыс алу фактісі болып табылады. Әңгіме американ ғалымы Г.Лассуэлдің Гитлер мен Сталиннің саяси портретін жасау жөніндегі жұмыстары туралы, Т.Адорноның жетекшілігімен Германия мен АҚШ-та жүзеге асырылған авторитарлық тұлға жасау факторларын зерделеудің халықаралық жобасы туралы болып отыр.
Қазіргі заманғы кезең өзінің тарихын екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуынан бастайды. Оның бірінші кезеңі “орта деңгей теориясының” пайда болуы мен қарқынды дамуы аясында өтті. Жеке әлеуметтік проблемаларды зерделеудің жинақталған тәжірибесі әлеуметтанудың жаңа сапасына секіруге - салалық теориялардың құрылуына мүмкіндік берді. Оларды құруға адам қызметінің кез келген саласын дамытуда және басқаруда тек кәсіптік, мазмұндық қырларын ғана емес, әлеуметтік, ұйымдық жақтарын да ескерудің маңызды екендігін ғылымның, медицинаның, технологияның және бірқатар басқа да әлеуметтік қызмет салаларының мысалында көрсеткен американ ғалымы Р.Мертонның сіңірген еңбегі даусыз.
Әлеуметтану дамуының жаңа кезеңі ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан басталады. Бұл уақытта кеңес ғалымдары мен басқа да социалистік елдердің қоғамтанушылары әлемдік әлеуметтану ғылымына қосылды. Академиялық ортаның және жалпы қазіргі заманғы қоғамның өміріне жастар мен студенттердің жаппай әлеуметтік наразылық танытуы түбегейлі ықпал етті. Әлеуметтанудың дамуындағы бұл кезеңді әдіснамалық плюрализм дәуірі деп атауға болады.
Ғылымның барлық салалары мен тікелей әлеуметтануды қозғаған ғылымның институттануының объективті және өте қарқынды процестерінің артықшылықтары ғана емес, кемшіліктері де толық көріне бастады. Ғылыми қоғамдастық бірыңғай әмбебап әлеуметтанушылық теория құрудың мүмкін еместігін түсінуге бет бұра бастады. Бұл жерде сындарлы болатын әлеуметтану теориясының тұжырымдаушы абстрактілі үлгісін құру ғана емес, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан әлеуметтанудың алдында тұрған әр түрлі міндеттерге бұрыннан бар және жаңадан пайда болған әрбір тәсілдердің мүмкіндіктерін мұқият үйлестіру де қажет болды.
Әлеуметтану дамуының институттану сипаттамалары:
Классикалық кезең. Ерте классикалық кезеңінде әлеуметтану алғаш рет университеттерге енгізіле бастады, алғашында Батыс Еуропада, кейіннен Солтүстік Америкада, Ресейде және кейбір басқа елдерде. Әлеуметтану профессорлары, сосын кафедралар, ғылыми журналдар, кәсіптік, ұлттық және халықаралық қоғамдастықтар пайда бола бастады. Әлеуметтанудың институттануының ірі белесі болғандар: 1883 жылы Парижде Халықаралық әлеуметтану институтының негізі қалануы, 1901 жылы Бірінші дүниежүзілік Орыс Жоғары мектебінің шеңберінде қоғамдық ғылымдардың ашылуы, L’Annee Socіologіque және The Amerіcan Journal of Socіology журналдарының ашылуы. Ресейде бұл кезең 1916 жылы М.М.Ковалевский атындағы Орыс әлеуметтанушылар қоғамының құрылуымен аяқталды.
Кейінгі классика кезеңі әлемнің жетекші университеттеріндегі кафедралар мен факультеттердің қарқынды дамуымен, дербес әлеуметтанушылық зерттеу институт-тарының пайда болуымен, әлеуметтанушылардың халықаралық ынтымақтастығының одан әрі нығаюымен және жекелеген мектептердің ұлттық шекара шеңберінен шығуымен сипатталады. Соңғы үрдістің мысалы Франкфурт мектебі бола алады, оның жолын қуушылар Германияда ғана емес, Францияда, Англияда, Швейцарияда және АҚШ-та бар. КСРО-да бұл кезең 1918 жылы елдің жетекші университеттерінде факультеттер құрумен және әлеуметтік проблемалардың кең ауқымды спектріне маманданған инститтуттардың ашылуымен басталды.
Қазіргі заманғы кезең. Соғыстан кейінгі әлеуметтану университеттер шегінен асып кетті, кәсіпқой әлеуметтанушылардың едәуір саны салалық зерттеу орталықтарында шоғырланады. Басқару менеджменті сияқты әлеуметтік технологиялар немесе саяси болжаудың әр түрлі әдістемелері, мысалы, сараптамалық бағалау және брейнсторминг сияқты танымал әдістері пайда болады және қарқынды дамиды.
Жаңа әлеуметтану кезеңінде салалық әлеуметтану ынтымақтастығы кеңінен дамиды, салыстырмалы халықаралық зерттеу жобалары кең қанат жаяды, халықаралық әлеуметтану басылымдарының саны артады.
Әлеуметтану ғылымы дамуының сұлбасы жалпы алғанда осындай. Әлеуметтанушылық ойдың дамуы кезеңдерінің мазмұнымен нақтырақ танысу үшін нақты тұлғалар мен мектептерді қарастыру қажет.