Жалпы органикалық ұқсастықтың талдау әдісі ретінде әлеуметтік ғылымдарда өзінің сонау Платоннан бастау алатын ежелгі дәстүрлері бар. Ұқсастық бойынша жүргізілген кез келген ой-тұжырымның мәні мынада: қайсыбір объектіні қарастырудан алынған білім азырақ зерттелген, бірақ біріншісімен өзінің елеулі қасиеттерімен ұқсас басқа объектіге ауысады. Мұндай ой-тұжырымдар ғылыми болжамдардың басты қайнар көздерінің бірі болып табылады. Соның ішінде, зерттеушілер адам қауымдастықтарының басқа тірі организмдермен ұқсастықтарын байқап, осы ұқсастықтарды қолдануға тырысты.
Органикалық ұқсастық әлеуметтік ғылымдарда белгілі бір дәрежеде механикалық ұқсастық мектептеріне қарсы тұрды деп есептеуге болады: біріншісі қоғамды адамның талап-тілегіне, ниеті мен жоспарларына қарамастан өмір сүретін және дамитын табиғи құбылыс ретінде қарастыруға бейім; екіншісі қоғамды адам санасының туындысы деп қарастыруға ұмтылады. Органикалық ұқсастықты кейде консервативтік оймен қабыстырады, себебі олардың тәсілі әлеуметтік процестерді оған еркін араласу көмегімен өзгертпеуді көздейді (ал кейде олай істеу тіпті қауіпті де). Көптеген ойшылдар механикалық ұқсастықты “әлеуметтік инженериямен” ұштастырады. Кез келген механизмнің құрылымы мен әрекет ету принципін осы құрылымдағы әдейі жасалған (яғни адамдар күні бұрын жоспарлаған) өзгерістердің көмегімен зерттеуге, түсінуге және дамытуға болады.
Спенсер бірінші тәсілді - органикалық ұқсастықты дәйекті түрде жақтады. Бұл оның позитивистік ұстанымынан туған еді. Қоғамды организмнің ерекше түрі деп қарастыратынын айта келіп Спенсер былай деп мәлімдейді: “Біз қоғамды ерекше мән ретінде қарастыруға құқылымыз; себебі ол дискретті бірліктерден құралса да, әр қоғамның алып отырған орны шеңберіндегі жалпы ұқсастықтарды ғасырлар бойы және тұтас ұрпақтарда сақтау олардың құрған агрегатының белгілі бір нақтылығын көрсетеді”.
Бұл агрегатты қай тапқа - органикалық немесе органикалық емес тапқа - жатқызу керектігі күдік туғыза қоймас: әрине, органикалық тапқа жатады. “Әлеуметтану негіздері” деген еңбек тарауларының бірі “Қоғам дегеніміз организм” деп аталады. Әлеуметтік және қоғамдық организмдердің ұқсастықтары немен анықталады? Мұндай ұқсас белгілерді көптеп табуға болады. Олардың бастылары мыналар:
1) биологиялық организм сияқты қоғамның көлемі үлкейіп, өседі (органикалық емес агрегаттарда бұлай болмайды);
2) биологиялық және әлеуметтік организмдер өскен сайын өзгеріп, олардың ішкі құрылымы күрделілене түседі;
3) биологиялық организмдерде де, әлеуметтік организмдерде де құрылымның күрделіленуі олардың органдарының әр түрлі функцияларының саралануын тудырады;
4) екінші және үшінші процестер барысында құрылымды құрайтын барлық органдардың өзара әрекеті мен ықпалы дамып күшейеді;
5) қоғамда да, биологиялық организмде де тұтас нәрсе ыдырай бастаған кезде, жеке бөлшектер белгілі бір уақытта өзінің тәуелсіз тіршілігін жалғастыра алады. Сонымен қатар, агрегат өмірін қысқартатын ешбір апат болмаса, тұтас нәрсенің өмірі оның бөлшектерінікінен ұзақ болады.
Сонымен біз тұтас организмнің өмірі - биологиялық болсын, әлеуметтік болсын - оны құрайтын бөлшектердің өміріне, соларға тәуелді бола тұрса да, солардан түзілетін болса да, оларға мүлдем ұқсамайтынын көреміз. Әйтсе де биологиялық және әлеуметтік организмдердің арасындағы ұқсастығының айқындығы соншалық, оны байқамау мүмкін емес.
Мәселен, жануарлар организмдерінің өсуімен қатар, оның әр түрлі бөлшектерінің бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын, ал олардың өзара байланысы күрделілене түсетінін көреміз. Құрылымның прогрессивті саралануымен қатар олардың функцияларының да прогрессивті саралануы байқалады. Осындай жағдай қоғамға да қатысты. Мұнда пайда болатын үстемдік етуші тап басқа таптар мен топтардан ерекшеленіп қана қоймай, олардың іс-әрекетіне бақылау орнататын функцияларды да иеленеді. Кейіннен бұл тап шағын таптарға бөлініп, олардың әрқайсысы бақылаудың түрлі деңгейлеріне және әлеуметтік тіршіліктің түрлі саласына ие болады.
Сонымен қатар, бұл әлі де толық емес ұқсастық. Спенсер биологиялық және әлеуметтік организмдерді теңдестіруге мүлдем болмайтынын көрсетеді. Биологиялық организмдердің жеке бөлшектерінің жиынтығы нақтыны (лат. concretus, тура мағынасында - қоюланған, тығыздалған, біте қайнасқан) құраса, әлеуметтік организмнің - қоғамның - бөлшектері дискретті (лат. dіscretus - бөлшектенген, үзік-үзік) болып келеді: организм құрамына кіретін органдар бір-бірімен үнемі тығыз байланысты; ал қоғамды құрайтын тірі бөлшектер кеңістікте жеке-жеке, бір-біріне жақындаспай еркін жүреді, бұл қоғамды тастап, басқа қауымдастықтың жеке адамдарымен қосылып, басқа қоғам құра алады.
Құрамдас бөлшектердің арасындағы байланыстың өзі биологиялық организмде таза физикалық сипатқа ие. Ал қоғамда жеке бөлшектер бір-бірімен басқаша байланысады, көбінесе қарапайым физикалық дәнекердің көмегімен емес, өзара әрекеттесудің интеллектуалды және эмоционалдық дәнекерлері арқылы байланысады. Бұларды, сондай-ақ өзара әрекеттесудің нәтижелерін Спенсер органикалықтан жоғары өнімдер (superorganic) деп атайды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы тіл болып табылады, тіл арқылы қоғамның элементтері мен бөлшектері өзара қатынасқа түсіп, қоғамды құруға себеп болады.
Спенсер екі организм арасынан тағы бір ерекшелікті көрсетеді. Биологиялық организмде (дәлірек айтқанда, жануарларда) сана тұтас агрегаттың шағын бір бөлшегінде шоғырланған. Ал әлеуметтік организмде сана бүкіл агрегатқа бөлінеді, барлық бөлшектерінің бақытты немесе бақытсыздықты сезе алатын бірдей не ұқсас ерекшеліктері бар.
Органикалық ұқсастықты қарастыра отырып, біз мынаны айта аламыз: тірі организмдер өз бастауын кішкентай ұрықтардан алатыны тәрізді, қоғам да адамдар массасымен салыстырғанда түкке тұрмайтын бірлестіктерден бастау алып, біртіндеп өсіп жетіледі.
Спенсердің ойынша, қоғам деген не? Ол бұған былай жауап береді: қоғам - жеке бөлшектерден (dіscrete) құралса да, мейлінше дербес, алайда мейлінше ұзақ және тұрақты - тұтас бір ұрпақтардың өмір бойы, тіпті ғасырлар бойы - бір мекенжайда бірлесіп өмір сүруі белгілі бір ұқсастықтарға алып келетін және өздері жасаған агрегаттың белгілі бір нақтылығын көрсететін нәрсе (entіty).
Басқаша айтқанда, біз адамдардың өзгермелі және кездейсоқ жиынтығынан тұратын қауымды қоғам деп атай алмаймыз, олар тек алғашқы қауымдық тайпаларды құрай алады. Ал қоғам атауын ұзақ уақыт бойы отырықшы өмір сүрген жерде оны құраушы бөлшектер арасында белгілі бір тұрақтылыққа және олардың өзара қарым-қатынастарына алып келетін қауымдастыққа қолдана аламыз.
Тағы бір ескертпе. Өзінің ішкі құрылымы және саралануының деңгейі жағынан күрделі, қоғамдық жәндіктерден (аралар, масалар, құмырсқалар) құралатын агрегаттарды, сыртқы белгілері бойынша әлеуметтік агрегаттарға ұқсас болса да, қоғаммен қатар қоюға болмайды. Себебі олар туыстық жағынан бір-біріне тәуелсіз, дербес жеке адамдардың бірлестіктері емес. Олардың барлығы бір анадан туғандардың бірлестігін құрайды. Құмырсқа немесе ара өз ұяларын тастап, басқа ұяға қосыла алмайды, өйткені оларды міндетті түрде өлтіріп тастайды. Сол сияқты олар шағын топтар құра алмайды және жеке өмір сүре алмайды. Бұл тұрғыда араның ұясын, құмырсқаның илеуін немесе масаның ұясын тұтас нәрсе ретінде, ал олардың бөлшектерін аз да болса кеңістікте бөлініп жүрген организм деп қарастыруға болады.
Ал енді қоғамда өтіп жатқан процестердің негізгі факторлары қандай? Спенсер оларды негізгі және қайталама деп бөледі. Өз кезегінде негізгі факторларды ол сыртқы және ішкі деп бөледі. Сыртқы факторларға климат, жер беті рельефінің сипаты, оның флорасы мен фаунасы жатады. Ішкі факторларға қоғамды құраушы әлеуметтік бірлік - жеке адамдардың интеллектуалдық және эмоционалдық қасиеттері жатады. Қайталама немесе туынды факторлар - әлеуметтік эволюция процесінен туындайтын, алайда кейін оған ықпалын жүргізе бастайтын факторлар. Мәселен, ормандарды отаудың, далаларды су басудың, топырақты кептірудің зардаптары, өсімдік пен жануарлар дүниесіндегі түрлі өзгерістер адамдардың нысаналы (бірақ әрдайым ұтымды болмайтын) іс-әрекеттерінен туындайды.
Спенсер қоғамның өсуін әлеуметтік дамудың негізгі факторларының біріне жатқызады, әлеуметтік эволюцияның себебі де, салдары да содан туындайды. Шынында да, еңбек бөлінісі жеке адамдар санының аз болуына және олардың атқаратын функцияларының шектеулілігіне байланысты шағын қоғамдарда терең дами алмайды. Сонымен бірге, адамзат қауымдастықтары өскен сайын, олардың бір-біріне ықпалы күшейе түседі - ол не әскери қақтығыстар арқылы, не сауда-өнеркәсіп қатынастарының күшеюі арқылы жүреді. Тұрақты түрде жинақталып, күрделілене түсетін органикалық өнімдер – заттай да, сондай-ақ таза рухани өнімдер де бірте-бірте, әлеуметтік өзгерістердің маңызды себептері бола бастайды.
Спенсердің ойынша, қоғамдардың өсуі кейде бірге, кейде бөлек болатын екі процесс есебінен жүреді: (1) қоғам мүшелерінің жәй көбеюі олардың санының өсуіне – өсудің ішкі факторына, (2) әртүрлі, бастапқы дербес топтардың үлкен топтарға бірігуіне алып келеді. Спенсердің ойынша, екінші процесс кеңінен таралған, себебі алғашқы қауымды қоғамдық топ жәй көбею арқылы ешқашан санын өсіре алмайды. Әдетте, үлкен қауымдастықтар шағын топтардың аса ірі (кейде ерікті түрде, көбіне мәжбүрлеп, күшпен) топтарға бірігуі жолымен құрылады да, әдетте бұдан эволюция процесі тек ұтатын болады.
Түптеп келгенде, адамдар белгілі бір ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін әлеуметтік құрылымдарға бірігеді, бұл бір есептен қоғамның мақсатына айналады. Бір қоғамның екіншісінен айырмашылықтарының бірі осынау ортақ мақсаттарға жету жолында адамдардың бірігуі ерікті бола ма, әлде мәжбүрлі бола ма деген фактіге саяды. Мұндай айырмашылық, Спенсердің ойынша, қоғамның қарама-қайшы екі типін – “әскери” және “өнеркәсіптік” типін айқындайды. Конттың да осындай қарама-қайшылықты көрсеткені мәлім. Алайда Конт әскери қоғамды - өткен кезең, әлеуметтік эволюция деңгейі өнеркәсіптік қоғаммен салыстырғанда төмен äåï åñåïòåñå, ал Спенсердің ойынша, әскери қоғам белгілі бір жағдайда қайта-қайта пайда болып отыруы мүмкін. Қоғамның “әскери” және “өнеркәсіптік” түрлерінің қарама-қайшылығы екі типтік қоғамның интегралдық сипаттамасы салдарынан ғана пайда болмайды, олардың жеке бөлшектері дамуының ерекшеліктеріне байланысты, күрделі әлеуметтік үрдістерді бейнелейді. Сонымен қатар, кез келген қоғамды оның билеуші ортасы ұстанған агрессиялық ниеттеріне қарап әскери типке жатқызуға болмайды. “Әскери қоғамда әскер - жұмылдырылған халық, ал халық - дем алушы әскер, сондықтан мұнда әскер мен халықтың құрылымы бірдей.
Спенсердің ойынша, әлеуметтік организм үш негізгі органдар (институттар) жүйесіне бөлінеді: реттеуші (басқарушы), өндірістік (қолдаушы) және реттеп-таратушы (қатынас жолдары, көлік, сауда, т.б.). Реттеуші жүйеге талдау жасау кезінде ол әлеуметтік бақылау механизмдеріне баса назар аударады; бұл ретте ол тек саяси басқаруды ғана қарастырады. Түптеп келгенде, оның ойынша, бүкіл әлеуметтік бақылауды үрей мен қорқыныш билейді. Саяси бақылау мен мемлекеттік билік тірілерден үрейленсе, діни бақылау - шіркеу билігі өлілерден үрейленді. Осы екі әлеуметтік институт алғашқы қауымдық қоғамда өмір сүрген қарапайым түрінде қалыптасып, біртіндеп дами түскен. Ал адамдардың күнделікті қам-қарекетін алатын болсақ, оларда әлеуметтік бақылау “салтанатты” институттар арқылы жүзеге асырылып, тиімді функциялар атқарады.
Спенсердің философиялық-этикалық көзқарастар жүйесінің негізгі ерекшеліктерінің бірін алсақ, ол дербес құндылық ретіндегі жеке адам еркіндігі идеясын дәйекті түрде жақтады. Оның ойынша, қоғам жеке адамдар үшін өмір сүреді. Ол қоғамның қарқынды дамуының шарты жеке адамдардың барлығына тең еркіндік принципінің орнығуы деп есептеді, мұндай еркіндік басқа жеке адамдардың еркіндігін, қоғамның барлық мүшелерінің және әлеуметтік топтарының саяси шешім қабылдауға тең ықпалдылығын, сондай-ақ еркін бәсекелестікті қамтамасыз ету мүмкіндіктерімен ғана шектелуі керек.
Осындай сенімге орай, Спенсер социализмді жарамсыз деп есептеді, мұндай құрылым, оның пікірінше, өзінің кез келген нысанында құлдықты білдіреді. Құлға тән қандай белгілер бар? Ең алдымен, ол өз еркінсіз, мәжбүрлеу арқылы жұмыс істейді, бұл жерде оның иесі адам ба, әлде мемлекет пе бәрібір. Егер ол өзінің бүкіл еңбегін қоғамға беріп, ал өзі қоғам тағайындаған нәрсені ғана алса, онда ол - қоғамның құлы. Спенсер социализмнен әділетті ұстаным тұрғысынан да, таза пайдақорлық ұғым тұрғысынан да бас тартты. Оның ойынша, қоғамда социалистік тәртіп орнату әскери деспотизмнің қатаң нысанының орнауына алып келеді. “Менің социализмнен бас тартуым, - дейді ол, - оның орнауы күшті мемлекеттердің дамуын тоқтатып, әлсіз мемлекетті әлсіретіп жібереді деген тұжырымға негізделеді. Әлеуметтік өмірді ұйымдастыру арқылы адам табиғатын баяу дамытудан басқа ешнәрсе де жақсы өзгерістер жасай алмайды”.
Спенсер социализмнің қынжыларлық салдарын көре білді, адамзат үшін оны үлкен бақытсыздық деп санады. Сонымен қатар социализмнің сөзсіз келетініне сенді - қазіргі қоғамдардың даму үрдісі осыған меңзеді. Спенсер 1903 жылға дейін өмір сүрді және оның батыс қоғамдарын социализм жолына түсуге итермелеген қоғамдық қозғалыстар қуатының нығаюын өз көзімен көруге мүмкіндігі болған еді.
Дарашылдықты әлеуметтік жүйе эволюциясының органикалық үлгісімен үйлестіру Спенсер әлеуметтануының ерекше белгісі еді. Биологияның табиғи сұрыпталу теориясының ықпалымен Спенсер әлеуметтік эволюцияны түсіндірудің екі түрлі нұсқасын қолданады. Біріншісінде, ол әлеуметтік жүйелердің организмдер сияқты өзінің қоршаған ортасына ішкі саралануы мен ықпалдасу процесі арқылы бейімделетінін айтты. Екіншісіне сәйкес эволюциялық прогресс біртекті, қарапайым “әскери” қоғамнан күрделі, гетерогенді, индустриалды қоғамға өтеді.
Спенсердің өз әлеуметтануынан шығарған саяси доктринасының мәні мынада: әлеуметтік жоспарлау, әлеуметтік ауқаттылықты орталықтандыру және қоғамдық процестерге мемлекеттің араласуы индустриалдық қоғамда жеке бостандыққа кепілдік беретін әлеуметтік эволюция мен прогреске кедергі келтіреді. Спенсердің әлеуметтануын көбінесе “неғұрлым бейімділердің тірі қалуы” принципімен және әлеуметтік-дарвинизммен үйлестіреді, алайда оның өзі бәсекелестік күрес тек ертедегі әскери қоғамдарда үстемдік еткен деп санады. Дамыған индустриалды қоғам агрессия мен жанжалдан гөрі ынтымақтастыққа, ой-пікірге және альтруизмге жүгінеді.
Ғылымға қазіргі мағынасындағы “эволюция” терминін енгізгеннен басқа Герберт Спенсер жалпы ғылыми әлеуметтану парадигмасының қалыптасуына қандай жаңалықтар енгізді? Біріншіден, Спенсер қоғамдық құбылыстарды талдауда эволюциялық әдіс қолданды. Екіншіден, ол эволюция идеясының жануарлар-өсімдіктер әлемі мен қоғамға ғана емес, сонымен бірге органикалық емес табиғатқа да қолданылатынын көрсетті - бұл идея геологияда жақсы дамыды. Ал үшіншіден, эволюциялық әдіске сүйене отырып, Спенсер Еуропада жаңа заманнан бері қалыптасқан прогресс өлшемдері жөніндегі түсінікті қайта қарастырып, әлеуметтанудың ғана емес, сондай-ақ жүйелі талдаудың қалыптасуына да маңызды рөл атқарған прогресс-эволюцияның өзіндік тұжырымдамасын жасады.
Кеңестік кезеңдегі қоғамдық ғылымның дамуында Спенсер шеттетілді. Оның еңбектері орыс тілінде басылмады; оның идеялары және тіпті аты да әлеуметтік-саяси пәндердің бағдарламаларынан алынып тасталды. Бұл бір жағынан заңдылық болып табылады: өйткені, оның идеялары большевиктердің “әлеуметтік инженерияға” сүйенген қоғамды қайта орнату жобаларына мүлдем қайшы келді. Әрине, аса көрнекті ағылшын әлеуметтанушысының шығармашылығында қарама-қайшылықтар бар, барлығы бірдей жақсы дей алмаймыз, оның айтқандарының бәрімен келісуге болмайды, алайда Спенсерсіз, оның идеяларынсыз әлеуметтік ғылымның жұтаңданып қалатынын мойындау қажет.
Вильфредо Парето
Вильфредо Парето (Wіlfredo Pareto) (1848-1923) - итальян экономисі, әлеуметтанушы. 1848 жылы 15 шілдеде Парижде өзінің либералдық және республикалық көзқарастары үшін Генуядан кетуге мәжбүр болған итальян маркизінің отбасында туған. 1858 жылы Паретоның отбасы Италияға оралады. Мұнда ол классикалық гуманитарлық және техникалық білім алады. Туринде политехникалық мектепті бітірген соң 1869 жылы “Қатты денелердегі тепе-теңдіктің іргелі принциптері” деген тақырыпта диссертация қорғайды. Тепе-теңдік ұғымы оның бұдан кейінгі экономикалық және әлеуметтанушылық еңбектерінде маңызды орын алатынын ескерер болсақ, бұл тақырып нысана ретінде қабылданды. Бірнеше жылдар бойы ол темір жол мекемесі мен металлургиялық компанияда маңызды қызметтер атқарды. 90-жылдары ол саясатқа араласуға талпынас жасайды, бірақ онысы сәтсіз болады. Осы кезде ол публицистикамен, классикалық мәтіндерді оқумен және аударумен белсене айналысады. 90-жылдардың бірінші жартысында Парето экономикалық теория және математикалық экономика саласынан бірқатар зерттеулер шығарады. 1893 жылдан өмірінің соңына дейін ол Швейцарияда Лозанна университетінде атақты экономист Леон Вальрасты алмастырып, саяси экономия профессоры болды. Парето өмірінің соңғы жылында Италияда фашистік режим орнайды. Бұл режимнің кейбір қайраткерлері өздерін лозанндық профессордың шәкіртіміз деп есептеді. Осыған байланысты 1923 жылы оған Италия сенаторы атағы беріледі. Парето бұл режимге ұстамды қолдау көрсете отырып, оны либералды болуға және академиялық еркіндіктерді шектемеуге шақырды. Парето 1923 жылы 19 тамызда өмірінің соңғы жылдарын өткізген Селиньяда (Швейцарияда) қайтыс болды.
Паретоның алғашқы ғылыми еңбектері экономикаға арналған. Экономист ретінде ол ғылым тарихында елеулі орын алады. Ол монополистік нарықты, табыстарды бөлуді, эконометрияның қалыптасуына маңызды үлес қосты. Алайда ол біртіндеп homo economіcus ретіндегі адам туралы түсініктердің жеткіліксіз және дәл еместігін түсінеді. Өз кезегінде бұл түсіну оның адамның рационалистік тұжырымдамасына теріс көзқарасымен байланысты. Адамның дәл және толық үлгісін іздестіру барысында Парето әлеуметтануға жүгінеді. Бұл жүгінуді ол салыстырмалы түрде айтқанда кешірек, яғни белгілі ғалым болған кезде қолға алды. Бұл Паретоның жанр бойынша әлеуметтануға жатпайтын еңбектерінен байқалады, олар мыналар: “Саяси экономия курсы” (1896 - 1897), “Социалистік жүйелер” (1902) және “Саяси экономия оқулығы” (1906). Паретоның әлеуметтану тұжырымдамалары бейнеленген ең ірі шығармасы – “Жалпы әлеуметтану трактаты” (1907-1912).
Паретоның әлеуметтанудағы дүниетаным бастаулары жан-жақты. Экономикалық тепе-теңдік теориясының авторы Леон Вальрастан басқа Н.Маккиавеллидің әлеуметтік дарвинизмі мен түйсік психоло-гиясын, Г.Лебен мен Г.Тардтың итальяндық қылмыстық мектебін, француз философы Жорж Сорель мен оның зорлық пен әлеуметтік миф теориясын, итальяндық саяси ойшыл Гаэтано Москаның қоғамды басқарушылар мен бағынушыларға бөлу теориясын атап айтуға болады.
Паретоның ғылыми шығармашылығын зерттеушілер бір ауыздан оның әлеуметтану көзқарастарының қалыптасуына оның құндылықты бағалау бағдарының түбегейлі өзгеруінің ықпалын ерекше атап көрсетеді. Алғашында ол демократиялық, либералды және гуманистік көзқарастардың жақтаушысы болған. Бірақ кейін, шамамен 1900 жылдары өз заманындағы Италияның саяси өмірін бақылай отырып, Парето өзінің жас кезіндегі мұраттарынан көңілі қалады. Парето үнемі түрлі саяси, моральдық, метафизикалық ілімдерді сынай отырып, өз заманының демократия (ол оны “плутодемократия” деп атайды), еркіндік, гуманизм, ынтымақ, прогресс, теңдік, әділеттілік сияқты сан алуан әлеуметтік мұраттарын “әшкерелейді”. Әлеуметтану ғылымының өзі Парето үшін әлеуметтік мұраттарды әшкерелеу құралы болды. Әлеуметтік ғылымның алатын орнына осындай көзқарас Паретоны Маркс, Гобино немесе Гумплович сияқты ойшылдарға жақындата түседі. Оларда, әдетте, “әдемі сөздің артында ажарсыз шындық жасырынғанын” дәлелдеуге ұмтылды.
Осы айтылғандардан Паретоның адамзат табиғаты жөнінде жоғары пікірде болмағаны байқалады. Оған өзіне рухани жақын Н.Маккиавеллидің “Билеуші” еңбегінде адамдар жайында айтылған “олар қайырымсыз және тұрақсыз, екіжүзділікке және алдауға бейім, қауіптен қорқады және пайдаға ұмтылады” деген ұстанымы өте жақын болды.