Пейіш, тозақ таласар, таласуда баян бар,
Тозақ айтар:
мен артық, менде Перғауын, Һаман бар.
Пейіш айтар:
білмейсің, сенде қандай талғам бар?! –
Перғауын, Һаман сенде-дүр, менде Жүсіп, Кенған бар.
Тозақ айтар:
мен артық, дүниепарас көп құл жүр,
Қолдарына салынған алмас кісен, от-шынжыр.
Пейіш айтар:
мен артық, мен – пайғамбар мекені,
Алдарында олардың: кәусар, һүр мен нөкері.
Тозақ айтар:
мен артық, менде жөйіт, тарса бар,
Жөйіт, тарса тәндерін сансыз азап паршалар.
Пейіш айтар:
мен артық, менде иманды құлдар бар,
Момындардың алдында шексіз нығмет – гүлзар бар.
Тозақ айтар:
мен артық, залым құлдар бар менде,
Залымдарға беретін зәһар – менде, зәр – менде.
Пейіш айтар:
мен артық, ғалым құлдар – төрімде,
Аят, хадис, құран бар ғалымдардың көңілінде.
Тозақ айтар:
мен артық, алаяқ бар – қойынымда,
Оттан ескен кісен бар мұнафықтар мойынында.
Пейіш айтар:
мен артық, менде – хақ жол тұтқандар,
Сопылардың көңілінде зікір, пікір, Сұбхан бар.
Тозақ айтар:
мен артық, бейнамазды аяр бар,
Бейнамаздың мойынында жылан менен шаян бар.
Пейіш айтар:
мен артық, менде – Дидар-Мұратың,
Жар Дидарын көрсетер бар Рахман-Рахым.
Тозақ сонда тақ тұрды, пейіш көкке самғады, ал,
Құл Қожа Ахмет, не білдің? –
Білдіруші Алла бар.
Хикмет. Опасыз фәни
Опасыз фәни – бұл жалған
Жұтады жуан-жұқаны.
Малыңа сенбе құлданған,
Қурайдың ол бір бұтағы.
Қай жаққа кетті аттанып,
Пікір қыл, сонау көп халық?
Жетеді қуып ат-табыт,
Кигізіп жеңсіз лыпаны.
Аңдыма дүние қапысын,
Тірлік қыл Тәңір хақы үшін.
Жей гөрме жанның ақысын,
Қылкөпір ертең тұтады.
Ұл-қызың, досың жорықтас,
Ешбірі жебеп жарытпас.
Жігерлен, сілкін, ғаріп бас,
Ғұмырың желдей зытады.
Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,
Ғұмырыңды қай жан санап тұр?
Топырақ пен судан жаратты –
Топырақ қайта жұтады.
Хикмет. Аш ей, момын, көзіңді
Аш ей, момын, көзіңді
Сахар мезгіл болғанда,
Құтқар оттан өзіңді
Сахар мезгіл болғанда.
Сахарларда барша гүл
мадақтайды Құдайды,
Айтып бұлбұл аңсарын,
махаббаттан жылайды.
Зікір қылсаң еңісте
сахар мезгіл болғанда,
Түсер көктен періште –
сахар мезгіл болғанда.
Жазықта нұр аққасын
сахар мезгіл болғанда,
Ашар жәннат қақпасын –
сахар мезгіл болғанда.
Ояу құлдар кек қыспай,
сахар мезгіл болғанда,
Өлетінін еске ұстай,
сахар мезгіл болғанда;
Сахар сырын жалғанда ғашық құлдар ұғады,
Қорқыныштан көкке ұшқай –
сахар мезгіл болғанда.
Көрер олар Құданы сахар мезгіл болғанда,
Кеудеңе нұр толғанда –
жүрегіңді қолға ал да, –
Сахар мезгіл – хош сағат, болар рахат һәм жәннат,
Тәңірге қыл ғибадат –
сахар мезгіл болғанда.
Хикмет. Кепіл болам
Әуелі – Һу, ақыры – Һу деп, өзіңнен кет,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Хақ жолына кемел жан боп төзіммен жет,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
«Лә иләһа илл-Алла-лап» зарлы түнің
Өткей; жәрдем бер кім айтса Хақ зікірін.
Пірмұғанға қызмет қылсын бар бітімің,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
«Лә иләһа илл-Алланы» тіліңе сал,
Діліңе сал, әр тыныста нұрын ашар;
Сол Пірмұған назар бұрса түріңе сәл –
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Тақты тепкен Адһамдардың жет соңынан,
Кімді көрсең: «Қызыр – ол», – деп өп қолынан.
Сахарда тұр, жанарыңнан төк толы қан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Алла деген пенделердің қолы болғын,
Сапар шексе, топырақ сыйпат жолы болғын,
Ғашықтардың жанып-өшкен күлі болғын,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Сен Хақты сүй зәкір* болып, шәкір* болып,
Нәпсі көзін ой сахарда, аһ ұр келіп,
Дүниені қой Баязиттей пақыр болып,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Әр деміңде Жаратқанды талап қылсаң,
Тұлпар болып сахарларда жарап тұрсаң.
Олла-биллә, боқ дүниені талақ қылсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Кіргіз сахар Хақ есімін әр деміңе,
Аллаһу деп, отқа қурыл, зарла егіле.
Қайрат құрын мықтап байла жан беліне,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Адһам құсап ақиқаттың жүзін өпкін,
Желік, менмен, байлық үйін бұзып өткін.
Махаббаттың дариясынан жүзіп өткін,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Ұйқыдан без ақыреттің қаупіменен,
Күндіз-түні жүр Алланың зауқыменен.
Жүректі жар махаббаттың шауқыменен,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Аулақта бол менмендердің аранынан,
Жасыңды төк гүл сияқты сабағы қан.
Тынбай ішкін махаббаттың шарабынан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Ей, достарым, фәни ғой бұл қылышы қан,
Жылап жүріп шыққан дұрыс уысынан.
Шарап ішің махаббаттың ыдысынан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Күндіз-түні тек Алла-лау міндеттерің,
Түнде ұйықтамай қанды жұту – індет керім.
Сен тәрік қыл фәни-дүрмек құрыметтерін,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Бол қашанда Пірмұғанның назарында,
Өзіңді сат мағрифат* базарында.
Шарабыңды іш, зікіріңді қаза қылма,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
«Йә, Рәббәна, заләмна»*, – деп нала қылсаң,
Жан-жағыңа жанарыңнан қан ағызсаң,
Хақ зікірін серік тұтса санаңыз сан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Сен – көбелек, ал ақиқат – жайнаған шам,
Өзіңді отқа ұр, сол асыл дерт – пайдаға алсаң,
Дүкенің құр зікір етіп қайда барсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Махаббаттың майданында басты ойнатсаң,
Кірпігіңнің әр талына жас байлатсаң,
Дидар тілеп, «һу-һу-һу» деп тас қайнатсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Сен қорғап жат ерендердің астанасын*,
Сахар тұрып, шар зарб* ұрып бастағасын,
Жаныңнан без, ұрғандай боп тасқа басың,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Топырақ бол, нәпсі азаптан сынсын да әрмән
Халық ішінде рәсуә бол, күлсін – Жалған!
Шын жүрекпен жылай көр тек, білсін де Аллаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Рақым жаусын, дария қыл көз жасыңды,
Ғаріп болып жолда жатып қозға сырды, –
Тәңір сенен керек қылмас өзге асылды,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Көшетін түн отты лаулат лағылыңмен,
Шақпақты шақ көзден аққан жалыныңмен,
Сұқбаттарда судай тасы дауыл үрген,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Ей, ынсапсыз, дүние – жалған, Хаққа қайтқын,
Пенде болсаң, Хақ зікірін жатпай айтқын,
Пірмұғанның қызыметінде «ләббай!» – айтқын,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Алла-һу деп, жоғал, жүрек-бауырың күйсін,
Түнде тұрып, тағат қылғын, Тәңірің сүйсін.
Одан кейін хас ұлықтар әмірін қылсын,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Сахарда тұр, сияқтанып сабылған көш,
Ғашық болсаң, Ысмайылдай жаныңнан кеш,
Тәңірінің әміріне таңылғанда ес,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Риязат* тарт, жанды қыйна, жас шығындап,
Бұл майданға барыңды бер басты бұлғап,
Бал орынына заққұм шайна, тас тығындап,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Фархадтайын мехнат тартып, таулардан ас,
Баязиттей түнде тұрып, бауларға қаш,
Жөнейіттей шөлді кезіп саулар ма жас?! –
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Хақ рахметі алып мұхит тамшысы – нәр,
Сол тамшыдан татар болсаң, жан тұшынар,
Менмендікті кісіліктің қамшысы ұрар,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Хақ рахметі – ұлы дария, аппақ арай,
Оны іздесең басқын аяқ Хаққа қарай,
Тақуалық – бетін бұлттар жаппаған Ай,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
«Илл-Аллаға» ышығыңды жария қыл,
«Әнал хақ» деп, бол Мансұрдай Жарыңа құл,
Жылап алып, көз жасыңды дария қыл,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Ай, бейхабар, ғафыл ұйқы – зайғыдасың,
Дүние тілеп күндіз-түні қайғырасың,
Тағат қылшы, бос сөздерден айны да шын! –
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Тағат қылсаң – тас төсекпен қалсаң жолда,
Бітіміңді Хақ ұсынған салсаң жолға,
Өлеріңде толық иман алсаң қолға,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Құл Қожа Ахмет, өзіңе қыл насихатты,
Халықты айтып, өзіңді ұмытып, басың қатты.
Тауың – ауыр, қылмысың – зор, тасың – қатты,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам!