Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Хикмет. Үмбет туралы




Хикмет. Уа, Жаратқан!

 

Уа, жаратқан!

Хақ есігін аш алыстан,

Мен бір жемтік, жеді нәпсім – аш арыстан.

Күнәм шексіз, бақытсыздық батпағынан

Шығара гөр мен бейбақты қасарысқан.

Дүние – нәпсі, соны іздеген соры қалың

Иттей болдым, сүйек тастар жолыма кім?

Қара басты! – Хақ жолынан мен адастым,

Қайда барам, ей, достарым, не қыламын?

Нәпсі, шайтан жүргізеді жарлық маған,

Бір пенде жоқ соған құл боп шалдықпаған.

Пендең сорлы – танымаған оң мен солды,

Уа, дариға, қасіреттен қаңғып барам.

Десе сенбе: менен де өткен болды әлемет,

Қылығыммен салып біттім елге де әлек.

Жүзім – қара, басып өткен ізім қара,

Қай түріммен көрінемін, мен – қарабет?!

Әзіз жанның жақсылығын танымадым,

Қайтіп онда жан сырына бағынамын?!

Бас ұрмады дәргейіңе масыл, залым,

Иә, Раббым, енді, міне, зары қалың.

Күнәм – ауыр, не бетім бар Досқа қарар?

Сансыз тәубе жеңілдетпес масқара бар.

Құл Қожа Ахмет жылап келді, ал панаңа,

Назарың сал, жерім бар ма басқа барар?!

 

Хикмет. Пәруардигар

Ғашықтық жол саған бастар, Бір және Бар,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

Қолым жайып дұға қылам, Ием Жаббар,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

Ғашықтық – от. Басылмайды жанның шөлі,

Ғашықтыққа бөгет емес таудың селі.

Ғашық болмай танымаспын, Мәулім*, Сені,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

Ғашық жыры сыймас Достың сарайына,

Жүмілә ғашық жылап барар пәнәйына.

Жеті тозақ төзбес ғашық арайына,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

Шын ғашықты көрсет маған, сағынды жан,

Ара кессе – Зәкәриядай тәлім қылам.

Бәле келсе – Аюб құсап сабыр қылам,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

Ғашық дертін талап еттім – дәрмені жоқ,

Осы жолда жан бергеннің арманы жоқ.

Жан бермеуден басқа жолдың қалғаны жоқ,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

Ғашық қылдың, қайдан табам, амалым жоқ,

Зікір етем тек өзіңді – таярым жоқ.

Дәргейіңнен басқа жерге барарым жоқ,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

Ғашық базары – ұлық базар, сауда харам,

Ғашықтарға жалғағай тек – тәуба-тобам.

Дүние – харам. Тек өзіңнен сауға табам,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

Ғашықтықты уағыз қылып жүре алмадым,

Нәпсім жеңіп, әміріңді қыла алмадым.

Надандықпен Хақ әмірін біле алмадым,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

Құл Қожа Ахмет, бұл бір дерт қой дуа қонбас,

Боянсаң да жүзіңізді қуалар жас.

Көз жасыңнан бөтен ешкім куә болмас,

Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар.

 

3-хикмет. Қаһар атты қаһарың

 

Қаһар атты қаһарың – қорқып жылар Қожа Ахмет,

Рахман атты рахымың – сертін қылар Қожа Ахмет.

Күнәйім көп, ылайым,

кешіргейсің, Құдайым,

Кім бар құлдар ішінде дертіңді ұғар, Қожа Ахмет?..

Мұнафықтар ылаңы – күнә-қылмыс қылады,

Жүзін жаспен жуады – өртін қуар Қожа Ахмет.

Тарихатты білмедім,

Хақиқатқа кірмедім,

Пір бұйрығын ілмедім: дертің – бұлар, Қожа Ахмет.

Ақырзаман болған-дүр,

залым төрге қонған-дүр,

Харам, шүбә толған-дүр, татқан зәһар Қожа Ахмет.

Хас шерменде, шын құлмын,

ғашық жолда бұлбұлмын,

Арыстан бабты пір қылдым, –

Бақтан болар, Қожа Ахмет.

Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,

жыламақты әдет қыл,

Бәле келсе – сабақ біл,

Хақтан болар, Қожа Ахмет.

 

Хикмет. Жылап дұға қылам саған

 

Рахымыңнан мен ғаріпті шет қалдырма,

Тынбай мезгіл жылап дұға қылам саған.

Ояу болам боялғанша ақ таң нұрға,

Жұмбай көзді жылап дұға қылам саған.

Дәргейіңе келдім, міне, белім байлап,

Жүрек, бауырым өртке толып, жаным қайнап.

Орыны толмас өкініш салып қанымда ойнақ,

Ықыласпен жылап дұға қылам саған.

Жастық-бақта күте алмаппын көңіл гүлін,

Қарттық шақта сөндіріппін өмір нұрын.

Дін жолында жеңілдер ме менің жүгім? –

Иә, Құдірет, жылап дұға қылам саған!

Осы жолда болмайды екен жан күтуге,

Жан күткенді күтеді алдан мәңгі түрме.

Безіп барлық пайдалардан хал бітуде,

Осы күйде жылап дұға қылам саған.

Құл Қожа Ахмет нәпсі-шыңнан асты жәйлап,

Фәна филлаһ* мақамына басты байлап,

Жүрек, бауырым аласұрып тасты қайнап,

Осы күймен жылап дұға қылам саған.

 

Хикмет. Әнтәл Һәди

 

Құнсыз құлың – дәргейіңе жылап келдім,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди*.

Ия, Құдірет, адастырмас шырақ бергін,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Болдым басыр, мыйсыз басты нанға тығып,

Сеніменен сырласпаппын таңда тұрып.

Кешермісің өкінсем мен мәңгі «аһ» ұрып,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Азғын жолға түстім, достар, халім – харап,

Жөн айтар ма жыйған жандар қарынға – бақ?!

Сен жол көрсет, Жаратушым – Әли Жанаб*,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Қорқып келгем Жан мен Тәннен харамдалған,

Кенет маған дауыс жетті Жан-Алламнан.

Қайта жақты үміт отын тәмам болған,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Жылап келдім, бетім бар ед кімге қарар,

Айдың нұрын шырақ қылшы түнде жағар.

Падишам – Сен, сүйенішім – Бір және Бар,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Кір күнәмен былғап алдым иманымды,

Бұралқы итпін, қақпан шалған сыйрағымды.

Қалай көрем бұл халіммен Дидарыңды!? –

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Қол-аяғым куәлік берер өлгенде мен,

Сен кешпесең, ақтала алар пендең немен?–

Күнәм шексіз, жұртта қалған шермендең ем,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Көп қылмысым ауру қылды – Дәргерім Сен,

Жаным да – Сен, Сүйіктім де, Дәрменім – Сен,

Адасқанның халін сұрар Жан-Бегім – Сен! –

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Кім бола алар саған деген сенімге кес?! –

Сенсіз жүрген жолым дәйім менің көмес.

Мейіріңсіз қыйындығым жеңілдемес,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Жерде, көкте Сенен өзге Қадір* де жоқ,

Осы сөзді естіп тұрсың – шәгім де жоқ.

Бірсің, Барсың, еш шүбәсіз әзір де боп,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Мен жолыңа басты берем, Қадір-Жарым,

Бас деген не? –

Жүз мың пида ғаріп жаным!

Дертім – өзің, Дәрім де өзің, Зарым – қалың,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Сенің зауқың бар қорегі Жан-Иманның,

Махаббат бер, орынына жанымды алғын.

Махшар Күні Нұр ғып соны қабылдармын,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

«Құл һу Алла» Сүбхан* сөзі – қамшы-дағы,

Ораза, намаз, тәхлил, тәсбих – жаршылары.

Пірмұғандар тәліптердің шамшырағы,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Зікірін айтып Әнтәл Һәди, Әнтәл Хақтың,

Келіп еді тура жолда шер тарқатқым. –

Шайтан қорқып зікірімнен, дәркәр таттым,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Әнтәл Һәди, Әнтәл Хақтың зікірі зор,

Пірмұғанның сөзін ұқсаң пікірі зор, –

Жан сарайың жарық табар – шүкірі мол. –

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

Құл Қожа Ахмет, саған рахым тиер ме еді,

«Шүкір» дейін, «пендем» десе Ием мені.

«Пендем» демей, жүз қайырса – күйер көгім,

Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди.

 

Хикмет. Салауат

 

Он сегіз мың ғаламға сәруар* болған Мұхаммет,

Отыз үш мың асхабқа сардар болған Мұхаммет.

Жоқшылық пен індетке қанағатшыл Мұхаммет,

Күнә тартқан үмбетке шапағатшыл Мұхаммет.

Кірпік ілмей талықты, –

сабыр табар Мұхаммет,

Жетім, міскін, ғаріпті жарылқаған Мұхаммет.

Үлес берген пендеге сара жолдан Мұхаммет,

Азап кешкен әммеге пана болған Мұхаммет.

Әбужаһил залымға төзім қылған Мұхаммет,

Жалақордың хақ жолға өзін бұрған Мұхаммет.

Жалғаншының қайғысын ұмыттырған Мұхаммет,

Зікір айтып Рухын шынықтырған Мұхаммет.

Малғұн, лағин, шайтанға соғыс қылған Мұхаммет,

Шариғатқа үмбетін тоғыстырған Мұхаммет.

Тариқатқа – жолбасшы,

жаны ышқынған Мұхаммет,

Ақиқатты баршаға табыстырған Мұхаммет.

Жамандыққа – жақсылық бағыштаған Мұхаммет,

Тауфық тілеп, залыммен алыспаған Мұхаммет.

Сәждеге ұрып маңдайын,

тағат қылған Мұхаммет,

Қабыл болып дұғасы – таң аттырған Мұхаммет.

Залымдардың бәлесін харап қылған Мұхаммет,

Бір Алланың Дидарын талап қылған Мұхаммет.

Бес уақыт намазда имам болған Мұхаммет,

Миғражда көргені Дидар болған Мұхаммет.

Ғаршы, Күрсі базарын иеленген Мұхаммет,

Сегіз бейіш төріне Кие берген Мұхаммет.

Міскін Ахмет құлына мұра қылған Мұхаммет,

Жетімдерге жүрегін шыра қылған Мұхаммет.

 

хикмет. Үмбет туралы

 

«Әл кәззабу лә уммәти!»* – деді Расул жұпар леп,

Жалғаншылар қауымын үмбет демес Мұхаммет.

Тура жүрген құлдарын Хақтың іздеп Дидарын,

Шын жолдағы ұлдарын үмбетім дер Мұхаммет.

Әркім жүріп үмбетше,

Расул ісін үлгі етсе,

Шапағат күн шын жетсе, мақұрым қоймас Мұхаммет.

Тәңірі-Тағала міндетін,

Расул Алла сүннетін

Инанбаған үмбетін үмбет демес Мұхаммет.

Үмбетпін деп сөйлесең,

бұйрыққа бас имесең,

Үмітсізсің онда сен – хал сұрамас Мұхаммет.

Халың мүшкіл тап сонда,

жан шырағын жақшы онда,

Рәсуа болар мақшарда, демесе үмбет – Мұхаммет.

Үмбет дейді Мұхаммет,

ақырыңды ойлас, Құл Ахмет,

Болғанда ертең қиямет мақұрым қоймас Мұхаммет.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-07-29; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 1135 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Стремитесь не к успеху, а к ценностям, которые он дает © Альберт Эйнштейн
==> читать все изречения...

2141 - | 2100 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.