Көрген бойда-ақ иланған Әбубәкір Сыдық қой,
Ұстын болып қыйналған Әбубәкір Сыдық қой.
Мұңдасқанда зарлаған,
құлдыққа бел байлаған,
Іші-бауырын қарнаған Әбубәкір Сыдық қой.
Бір сөзінен қайтпаған,
сырын әркез сақтаған,
Ғапыл болып жатпаған Әбубәкір Сыдық қой.
Сүйгендерді тап қылған,
қызын қолдан тапсырған,
Қол қусырып тақ тұрған Әбубәкір Сыдық қой.
Жеткен айтқан сөзіне,
түскен Рухтың тезіне,
Сенген Расул өзіне Әбубәкір Сыдық қой.
Мұхамметке қайын ата,
қылған емес еш қата,
Ерте тұрған, кеш жата Әбубәкір Сыдық қой.
Құл Қожа Ахмет толғасын –
үңгірдегі жолдасын,
Ғаріптікке, олла, асыл Әбубәкір Сыдық қой.
Хикмет. Омар хақында
Сәни* досы Расулдың әділетті Омар-дүр,
Мүмін жары асылдың әділетті Омар-дүр.
Біләлге азан айттырған,
шариғатты хат қылған,
Дін шырағын жақтырған әділетті Омар-дүр.
Қағба есігін аштырған,
барша пұтты ылақтырған,
Расул көңілін хош қылған әділетті Омар-дүр.
Шариғатқа күш-қорған,
тарихатты ұстанған,
Ақиқатты түс таныған әділетті Омар-дүр.
Әділеттің жолында
құрбан қылған ұлын да,
Қалған шындық шыңында әділетті Омар-дүр.
Шырақ болып парлаған,
дін жолынан танбаған,
Жөнсіздікке бармаған әділетті Омар-дүр.
Міскін Ахмет, жол алғын,
әлсіздікті доғарғын,
Сонда рухы болар – нұр әділетті Омардың.
Хикмет. Оспан хақында
Үшінші дос – жар болған иман қабы Оспан ғой,
Әр демінде бар болған иман қабы Оспан ғой.
Пайғамбардың күйеуі,
дініміздің сүйеуі,
Барлық ісі киелі иман қабы Оспан ғой.
Тек Хақ сөзін жадқа алған,
аят-хадис ақтарған,
Әрбір сөзі жатталған, иман қабы Оспан ғой.
Тұр тауындай – тобасы,
екі нұрдың қожасы,
Айтқанының бәрі асыл, иман қабы Оспан ғой.
Мінгізбей жау атына,
қол салысты сапыға,
Шаһид қылды қапыда – иман қабы Оспан ғой.
Құл Қожа Ахмет, достарды –
сыйпаттадың Оспанды,
Күмән одан бос қалды, иман қабы Оспан ғой.
Хикмет. Әзірет Әлі хақында
Төртінші дос – жар болған Алла шері Әли-дүр,
Миғражда бар болған Алла шері Әли-дүр.
Хақ әмірін жүргізді,
кәпірлерді кіргізді,
Ай дидарлы, нұр жүзді Алла шері Әли-дүр.
Көрген адам пір тұтар,
тек зікірді тіл тұтар,
Қолында бар – зұлпықар Алла шері Әли-дүр.
Мінсе дүлдүл – нұрлана,
жерге кірер зілзала,
Кәпірлерге мұң-нала Алла шері Әли-дүр.
Дұшпан ықты не күшті,
кәпірге ашты соғысты,
Оңға бұрған терісті Алла шері Әли-дүр.
Нығмет сенде, Бір мен Бар,
Төгем саған тілден зар,
Құл Қожа Ахмет білген жар – Алла шері Әли-дүр.
Хикмет. Қиямет күн жақын қалды
Әулиелер уағдасы келді, міне,
Қияметтің күні жақын жетті, достар.
Ақылды құл кетеді айтып ендігіге,
Ел-халықтан мейір-шафқат кетті, достар.
Барша жұрттан әдеп кетті – қыйналған жоқ,
Әйелден – қыз, үлкеннен жас иба алған жоқ.
Расул айтты: «Ұят деген – иманнан» деп,
Арсыз қауым жайлады жер, көкті, достар.
Мұсылмандар өлтіреді мұсылманды,
Тура ісіңді нақақ бұрса, ішің жанды.
Мүрит біткен пірді аямай ұшынған-ды,
Ондай сұмдар болады екен кекті, достар.
Дүние байлап жүрек көзін,
шын асылға
Қолы жетпей қалды жұрттың, ұғасың ба?
Нәтиже жоқ дәруіштер дұғасында,
Сан бәлені ел үстіне төкті, достар.
Ғалым біткен кетті айналып сұм-залымға,
Әмірлер көп шаруасы жоқ мұң-зарыңда.
Айтқан Хақты қыйын болды шын ғалымға,
Жер бетіне сұмдық заман шөкті, достар.
Қиямет күн жақын қалды – бұрмады бет,
Құл Қожа Ахмет айтты сөзін – тыңдары жоқ.
Өзі өзіне бір насихат қылғаны жоқ,
Насихатын халыққа айтып кетті, достар.
Хикмет. Ғашық дерті
Ғашық дертке ем сұрама, әсте, тегі,
Ойран қылып кетеді оның дауасы жоқ.
Жан қыйналып, жасың ағып, ес кетеді,
Ол бір дерт қой ей, достарым, шарасы жоқ.
Ғашық оты бермес, сірә, жанға шыдам,
Жаны күйсе шығар түтін ағзасынан,
Бауырын оның шұрық тесік қып қан жосыған,
Сыртқа, бірақ көрініп тұрған жарасы жоқ.
Кім не таппақ – Құдай болмай дерт-құмары! –
Көбелекті махаббаты мерт қылады,
Көре тұрып өзін-өзі өртке ұрады,
Пайда-зиян дегенмен еш шаруасы жоқ.
Бұрылмасаң шайтан салған ізден қырын,
Ей, бейхабар, із қалмайды сізден де ырым.
Сан керуен сапар шеккен бізден бұрын,
Бұл – опасыз фәни жалған, таласы жоқ.
Хаққа жеткен даналардан жолды сұра,
«Илл-Алламен» қарсы алғайсың таңды, сірә.
«Һу» сұхбатын құрған жерден жанды шыра,
Нұрмен шайған жүректердің қарасы жоқ.
Құл Қожа Ахмет айтты, достар, есті мұны,
Қап тауындай тастар тисе – өшті мұңы.
Зар еңіре – естілгенше Достың үні,
Олла-биллә, ғашық дерттің дауасы жоқ.