Алтын Орда дәуірінде қыпшақ даласындағы түркі халықтарының мәдениеті, әдебиеті қанатын кеңге жайып, жоғары дәрежеде дамыды. Аталған кезеңде әл-Хорезмидің «Мұхаббат намесі», Сайф Сараидың «Гүлістан бит-түркиі», Құтбтың «Хұсрау-Шырыны», Дүрбектің «Жүсіп-Зылихасы» және басқа да әдеби ескерткіштер дүниеге келді. Бұл жәдігерлермен бір қатардан орын алатын қыпшақ тілінің сөздігі – «Кодекс куманикус» атты кітаптың да манызы мен мәні өте зор деп айтуға болады. Бұл кітап заман талабына сай жазылған туынды деп бағаланған. Алтын Орда дәуірі кезеңінде ұлы даладағы түркі тайпалары әскери күші мен қуаты жағынан әлемде теңдесі жоқ күшке ие болып, олардың ықпалы алыс-жақын елдерге өте жоғары болған және қыпшақ тілі халықаралық тіл дәрежесіне көтерілген. Мұның айқын дәлелі – куман-латын-парсы-латын, герман-латын тілдерінің сөздігі түзілген «Кодекс куманикус», яғни «Қыпшақтар кітабы». Ол ескерткіш 1303 жылы жазылған.
«Кодекс куманикус» жазба ескерткішінің жазылу тарихы, оның тілдік ерекшеліктері жайында көптеген ғалымдар зерттеп те, жазып та келеді. Олардың қатарынан 1828 жылы «Қыпшақтар кітабы» жайында алғаш мақала жазған Г.Клапротты, А.Гаркавецті, Я.Дашкевичті, Ә.Құрышжановты, Н.Келімбетовті, М.Жолдасбековті, А.Кыраубаеваны және басқа да ғалымдарды атап өту керек. Жақында осы ғалымдардың қатарына «Кодекс куманикус» – бабалар болмысының баяны» атты ғылыми кітабымен журналист-қаламгер Зәкім Жайлыбай қосылды.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, автор 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірерде жазған «Кодекс куманикус» ескерткішіндегі септік жалғаулары және оларды қазіргі түркі тілдерімен салыстыру» (қазақ, қарақалпақ, ноғай, құмық) атты диплом жұмысын орта жолда тастамай, оны жаңа ой-пікірлерімен толықтырып, іргелі зерттеу жүргізіпті. Зерттеуші З.Жайлыбай ғылыми еңбегін «Кодекс куманикус» – бабалар болмысының баяны» деп өте орынды атаған. Себебі осы әдеби жәдігер арқылы кейінгі ұрпақ өздерінің бабаларының әлемді тітіреткен ұлы держава құрып, қыпшақ тілінің қазіргі ағылшын тілі сияқты халықаралық қатынас тілі дәрежесіне жеткенін мақтаныш етеді. Автордың зерттеу нысанына алған осынау жазба ескерткішті зерделеу барысында өзіндік соны пікірлерін Тәуелсіз елдің азаматына сай талғаммен ұштастыра отырып, ұлттық дүниетаным тұрғысында қазіргі қазақ тіл білімі саласында алар орны жоғары, маңызды да келелі мәселелерді қамтығандығы байқалады. Зат есімдер тілдегі өзге сөздердің барлығына әрі ұйтқы, әрі өзек болып қызмет атқарады. Зат есiмдер заттық ұғымды білдіретіндіктен, iштей нақтылық және абстрактылық, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелiк және топтық сияқты семантикалық категорияларды да қамтиды. Грамматиканың да, грамматикалық талдаудың да негізгі міндетінің бірі – белгілі бір категорияға жалпы сипаттама берумен қатар, олардың ішіндегі өзінше ерекшеліктері бар топ-топтардың да сыр-сипаттарын ашу, оны баяндау болмақ. Зат есiмдердi iштей семантикасының өзара орайлас, астас болуларына қарай, әлденеше топқа бөлiп қарастыруға болады. Семантикалық ерекшелiктерiне қарай, зат есiмдердi iштей мал атаулары, өсiмдiк атаулары, төрт түлiк мал атаулары, аспан денелерiнiң атаулары, құрт-құмырсқа атаулары, қора - қопсы атаулары, үй мүлiктерiнiң атаулары, қоғамдық тұрмыстың, саяси - әлеуметтiк салада қолданылатын атаулар деген сияқты неше алуан топқа жiктеуге болады. Жалпы жазба ескерткiштердiң тiлiн зерттей отырып, ондағы есiм сөздердi лексика-семантикалық топтарына қарай топтастыруға болады.Тілімізде зат есімдерді семантикалық және грамматикалықсипаты жағынан талдап қарастырсақ, олардың бір саласы адам атаулары, екінші саласы адамнан өзге жан-жануарлар мен заттардың атаулары болып келеді.
Жазба ескерткiштерде де, қазiргi түркi тiлдерiнде де көптiк форма туғызатын -лар, -лер сан есiмдерден кейiн қолданылмайды, өйткенi сан есiмдер онсыз да анықталатын сөздiң санын бiлдiредi. Мысалы: ары - лар (әулиелер), тiкан - лар (тiкендер), кадлiк - лар (киiктер), iт - лар (иттер), чақ - лар (шақтар).Қазақ тiлiнде жетi септiк бар. Атау септiгiнен басқалары арнаулы жалғаулар арқылы жасалады. Жазба ескерткiштердегi септiк жалғауларының да беретiн мағыналары қазiргi тiлдегiден айырмашылығы жоқ.Сөздер құрамы бірдей болмайтыны сияқты, жұрнақтардың да тұлғалық құрамы бірдей емес, әр түрлі. Форма жағынан әрі қарай бөлшектеуге келмейтін, бірақ фонетикалық вариант жасайтын (үнемі ола да болмауы мүмкін) қосымшалар түрі жалаң деп аталады. «Жалаң жұрнақ деп мағына жағынан да, форма жағынан да бөлшектенбейтін бір бүтін тұлғалы жұрнақты айтамыз», дейді профессор А.Ысқақов. Көне тiлдерде де, қазiргi түркi тiлдерiнде де зат есiмдер лексикалық, морфологиялық, синтаксистiк тәсiлдер арқылы жасала бередi. Бiздердiң зерттеп отырған ескерткiштерiмiзде есiм сөздерден зат есiм жасауға бейiм жұрнақтар деп мыналарды көрсетуге болады. Мысалы: -чақ, -чық, -лық, -лiк, -дық, -даш, -деш, -ув, -лук, -сүк, -ған. Жазба ескерткiштердегi зат есiмдердiң беретiн мағынасына қарай былайша топтастырып қарауға болады. Қимыл мен әрекеттiң нәтижесiн бiлдiретiн жұрнақтар:
-а, -е: йар – ескi түбiрi йарлығ – жараулы; йара - жара.
-ғақ, -гек, -қақ, -кек: қ – ру – құрға, қ – руғақ - құрғақшылық.
-ғун, -гун, -ғын, -гын, -қын, -күн: тұтғун - тұтқын, ушқун - ұшқын, йарқын- жарқын.
Ескерткiштердегi есiм сөздерге жалғанып зат есiм тудыратын жұрнақтардың жазба ескерткіштердегі көрінісі.
-ча, -че жұрнағы да есім тудыратын өнімді жұрнақтардың бірі. Бұл жұрнақ кішірейтіп көрсету үшін, әр нәрсенің өзіндік ерекшелігін сәл де болса әлсірете түсу үшін жұмсалады.
Ғұнча – түйнек. Көріб гүл ғұнчаның ағзы ачылұр – сені көріп, гүл түйнегі ашылар /Мн.155/.
қ // - к, -ақ // -ек жұрнағы, негiзiнен алғанда, кiшiрейткiш ұғым бередi. Бұл жұрнақ алғашқы сөздің лексикалық мағынасын сақтай отырып, екінші бір жаңа сөз тудырады. Жазба ескерткіштерде -қ, -к, -ақ, -ек, -әк, -ық, -ик, -уқ, -үк тұлғаларында қолданылады. А.Ысқақов бұл жұрнақты – нағыз омоним жұрнақ деп есептей келіп, оның мынадай мағыналарын атап өтеді:
1. Етістіктен туған зат есімдер (қазық, күйік, т.б.)
2. Есімдерден туған зат есімдер (мойнақ, тікенек, т.б.)
3. Етістіктен туған сын есімдер (бөлек, сирек, сынақ, т.б.)
4. Еліктеуіш сөздерден туған сын есімдер (қалтақ, шыжық, т.б.)
5. Есімдерден туған етістіктер (сауық, өшік, кешік, т.б.)
6. Түбір етістіктен туған туынды етістіктер (көнік, қанық, т.б.)