Мақсаты: нарықтағы өндірушілердің мінез-құлқын және іс-әрекеттерін талдай отырып осылардың өндіретін өнімдерінің тиімді көлемін анықтау және ұсыныс тарапынан болатын өндірушілердің қабылдайтын шешімдерін зерттеу арқылы микроэкономикалық талдауды әріқарай жалғастыру. Ол үшін дәріс жоспарында мына сұрақтар қарастырылу қажет.
Дәріс сабағының жоспары:
1. Өндіріс және технология. Өндірістік функция. Изокванталар.
2. Қысқа мерзімдегі өндіріс. Қайтарымдылықтың кемімелі заңы.
3. Айнымалы фактордан тәуелді өнім қисығы. Ұзақ мерзімдегі өндірісті талдау.
4. Өндіріс факторларының алмастырылуы. Масштаб тиімділігі.
Негізгі ұғымдар: өндіріс; өндірістік функция; технология; өндіріс факторлары өнімділігінің төмендеу заңы; жалпы өнім; орташа өнім; шекті өнім; изокванталар; технологиялық алмастырудың шекті нормасы; масштаб тиімділігі (өндіріс ауқымы); өндіріс ауқымының тұрақты қайтарымы; өндіріс ауқымының өспелі қайтарымы; өндіріс ауқымының кемімелі қайтарымы; өсу траекториясы; т.б.
Тақырыптың мазмұны. Бұл тақырыпта біз ұсыныс қатынастары тарапынан болатын өндірушілердің нарықтағы мінез – құлықтары мен олардың экономикалық шешім қабылдау заңдылықтарын қарастырамыз. Жалпы нарықта тұтынушылардың сатып алатын кез келген тауарлары мен қызметтерінің саны мен сапасы оларды өндіруге жұмсалатын сол өндіріс үрдісіндегі ресурстардың немесе факторлардың саны мен сапасына және қолданылатын технологияға байланысты және тәуелді болып келеді. Сол себепті өндірістік ресурстар мен солар арқылы өндірілетін тауарлар мен қызметтердің арасындағы байланысты талдай отырып қана біз нарықтағы өндіруші субъектілердің дербес әрекеттерін түсіне аламыз.
Өндіріс дегеніміз – тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажетті өндірістік ресурстарды тиімді пайдалану үрдісі немесе басқаша сөзбен айтқанда, сол өндірістік ресурстарды адамның шексіз қажеттіліктерін тікелей және жанама түрде қанағаттандыруға қажетті игіліктерге айналдырудың үрдісі. Кез келген өндірістің түрі белгілі бір игіліктерді жасау мақсатындағы іс-әрекет ретінде анықталуы тиіс. Өндірісті жүзеге асыру үшін әртүрлі ресурстар қолданылады. Сол ресурстар өндірістік үрдіске тартыла отырып өндіріс факторлары формасына ие болады. Өндіріс факторлары әдетте, іріленген түрінде: 1) еңбек өндіріске тартылатын жұмыс күшінің жиынтығы ретінде; 2) капитал өндіріс құрал-жабдықтарының жиынтық кешенінің материалдық формасы ретінде; 3) жер табиғи ресурстардың жиынтығы ретінде; 4) кәсіпкерлік қабілет өндірісті ұйымдастыру және оған бақылау жасау бойынша шешуші әрекет ретінде қарастырылады. Енді, осы өндірістен пайда болған нәтижелер материалдық (тауарлар) және материалдық емес (қызметтер) формаға ие болады. Кез келген өндіріс үрдісінің өзіндік ерекшелігі болады, яғни белгілі бір технология арқылы қолданылатын факторлардың сандық және сапалық жағынан тиімді әдісін анықтауға болады. Ал технология дегеніміз бұл өндірісте қолданылатын өндіріс факторларының өзара тиімді және тұрақты үйлесімділіктері. Сол бір өнімнің түрі әртүрлі технологиялық әдіспен өндіріле алады. Өз кезегінде технология дамыған сайын өндіріс факторларын аса тиімді түрде қолдануды қамтамасыз ететін өндірісті ұйымдастыруда жаңа әдістерді анықтауға мүмкіндік туады. Бір технологиялық әдісті қолдану аясында ресурстардың көлемі мен шығарылатын өнім көлемі арасында әрқашанда тұрақты байланыс болады. Бұл байланысты өндірістік функция сипаттайды.
Өндірістік функция – өндірілетін өнімнің максималды көлемі мен берілген технология деңгейіндегі өндіріс факторларының физикалық көлемі арасындағы тәуелділікті сипаттайтын функционалдық өзара байланыс. Өндіріс көлемі қолданылатын ресурстардың көлеміне байланысты болғандықтан, олардың өзара тәуелділігін мына функционалдық байланыста жазуға болады:
Q = f (L, K, N, M),
мұндағы Q – берілген өндіріс факторларымен өндірілген өнімнің максималды көлемі; L – еңбек; K – капитал; N – жер; M – басқа да ресурстар; f – функция.
Берілген технология бойынша өндірістік функцияның бірқатар қасиеттері болады, олар өндіріс көлемі мен қолданылатын факторлардың саны арасындағы арақатынасты анықтайды. Өндірістің әр түрі үшін өндірістік функция да әр түрлі болып табылады, бірақ оларға тән ортақ жалпы қасиеттері бар. Сонымен, өндірістік функцияның негізгі қасиеттері мыналар болып табылады:
1. белгілі бір өнім көлемін шығару үшін қолданылатын факторларды бір бірімен алмастыруға және толықтыруға болады, бірақ алмастыру мен толықтырудың шегі болады;
2. өндірісте қолданатын белгілі бір факторлар тұрақты болса, онда басқа бір фактордың көлемін өзгерту арқылы өнім көлемін арттырудың шегін анықтауға болады;
3. әрбір өндірістік функция белгілі бір технологиялық өзара тәуелділікті сипаттайды, ал технологиядағы өзгерістер өндірістік функцияның да формасын өзгертеді;
4. өндірістік функция бір өнім көлемін алу үшін өндіріс факторларын қолданудың тиімді балама нұсқаларын сипаттайды;
5. өндірістік функция факторлардың әрбір берілген үйлесімінде өнімнің максималды көлемін шығаруды сипаттайды;
6. өндірістік функция өндіріс факторларының тек технологиялық жағынан тиімді үйлесімділіктерін ғана сипаттайды.
Өндірістік функцияны өндірістік кесте арқылы сипаттауға болады. Ал өндірістік кесте дегеніміз – факторлардың әрбір үйлесімінде жүзеге асырылуы мүмкін өндірілетін өнімнің барынша үлкен көлемін анықтау үшін өндірістік функцияны сипаттайтын өндірістік тор. Кестеде капитал мен еңбек шығындарының (сағатпен есептелген) альтернативті үйлесімділіктері мен олардың көмегімен өндірілетін өнім көлемі көрсетіледі (кесте 4.1). Кестенің шетінде сағатпен өлшенетін машина мен еңбек шығындары, ал оның ішінде сол шығындардың көмегімен өндіруге болатын өнім көлемі көрсетілген. Мысалы, бір айда қолданған 400 машина сағатының шығыны мен 100 еңбек сағатының шығынын қолдану 38 дана өнім береді. Осы нұсқаны А деп белгілеуге болады. 38 дана өнімді өндіру үшін 200 машина сағатының шығыны мен 200 еңбек сағатының шығынын қолдануға да болады. Оны енді Ә нұсқасы деп белгілеуге болады. 100 машина сағатының шығыны мен 300 еңбек сағатының шығыны да 38 дана өнім көлемін бере алады. Оны біз Б нұсқасы деп белгілейміз. Осы өндіріс кестесіне сәйкес, оның ішінен бірдей өнім көлемін беретін әртүрлі өндіріс факторларының үйлесімділіктерін табуға болады.
Кесте 4.1 Өндіріс факторларының үйлесімділіктері (өндіріс кестесі)
Бір айдағы еңбек сағаты (K) | Бір айдағы машина сағаты (L) | |||
Осы кестедегі мәліметтерді қолдана отырып, өндірістік функцияны график арқылы да көрсетуге болады. Яғни, өндірістік функцияның графиктік көрінісін изокванта қисығы сипаттайды (Сурет 4.1).
Изокванта (латын тілінен iso – тең және quant – көлем, яғни, тең көлемді өнімдер қисығы дегенді білдіреді) дегеніміз – бірдей көлемдегі өнім шығаруды қамтамасыз ететін ресурс шығындарының әртүрлі комбинацияларын көрсететін қисық. Бұл жерде тек екі факторлы өндірісті және өндірістік функцияны ғана қарастырамыз: Q = f (K, L). Төмендегі суретте 38 дана өнімнің изоквантасы берілген.
K
400 А
200 Ә
Б
100 Q = 38
0 100 200 300 L
Сурет 4.1 Изокванта (тең көлемді өнімдер қисығы)
Өндірістік кестедегі 64 дана өнімді беретін капитал мен еңбектің үйлесімін алатын болсақ, ол 38 дана өнімді көрсететін изоквантаның сыртында орналасады. Ал 30 дана өнім беретін екі фактор үйлесімінің изоквантасы 38 дана өнімді көрсететін изоквантаның төменгі жағында координаттардың басына жақындайды. Яғни, екі өлшемді графиктегі жазықтықтың ішін бір бірімен қатар орналасқан изокванталар қисығымен толтыруға болады. Оны изокванталар картасы деп атайды (Сурет 4.2). Яғни, изокванталар картасы дегеніміз – өндірісті жүзеге асырудың барлық қол жетімді нұсқаларын көрсететін мүмкін болатын изокванталардың жиынтығы.
K
Q = 64
Q = 38
Q = 30
L
Сурет 4.2 Изокванталар картасы
Изокванталар өндірістік функцияны сипаттаудың графикалық формасы бола отырып, сол өндірістік функция сияқты бірнеше қасиеттерге ие болады:
1. изокванта факторлардың әрбір жеке үйлесімі үшін өнім өндірудің максималды көлемін көрсетеді;
2. изокванталар теріс көлбеулі болады, себебі факторлар әртүрлі бағытта өзгеріп отырады: өнім көлемін өзгертпей (мысалы, 38 дана күйінде) бір фактордың (K) санын белгілі бір мөлшерге арттыру екінші бір фактордың (L) санын сол мөлшерге азайтуды талап етеді;
3. изокванталар қисығы жоғарыдан төменге қарай еңкіш болып келеді;
4. изокванталар координаттардың басынан алыстаған сайын олардың бойында жатқан ресурстар үйлесімдерінің беретін өнім көлемі көп болады;
5. изокванталар қисықтары бір бірімен қиылыспайды.
Технологиялық үрдіс кезінде факторларды өзара алмастырудың шекті нормасын (MRTS) изоквантаның көлбеуімен анықтайды. Алмастырудың технологиялық шекті нормасы (MRTS) – бұл өндіріс көлемін өзгертпей отырып, бір фактор (K) санының өзгеруінің екінші бір фактор (L) санының өзгеруіне деген қатынасы, яғни біздің мысалымызға сәйкес, капиталды еңбекпен алмастырудың технологиялық шекті нормасы өзгеріссіз өнім көлемі кезінде әрбір еңбек бірлігімен алмастыруға болатын капиталдың санын көрсетеді.
Төмендегі суретте 200 дана өнім көлемінің изоквантасы көрсетілген. Еңбек шығынымен алмастырылатын капиталдың шығыны біртіндеп төмендейді. Мысалы, А нүктесінен В нүктесіне ауысқанда 100 сағатқа тең еңбек шығыны 100 сағатқа тең капитал шығынын алмастырады. В нүктесінен С нүктесіне ауысқанда 100 сағатқа тең еңбек шығыны 60 сағатқа тең капитал шығынын алмастырады, ал келесі 100 сағатқа тең еңбек шығыны тек 40 сағатқа ғана тең капитал шығынын алмастырады (сурет 4.3).
K
A
∆K=100 B
∆K=60 C
∆K=40 D
Q = 200
L
Сурет 4.3 Алмастырудың технологиялық шекті нормасы
Сонымен, еңбектің шығыны 100 сағатқа өскен сайын, оны алмастыратын капитал шығынының азая беретінін байқауға болады. Бұл капиталды еңбекпен алмастырудың технологиялық шекті нормасының төмендейтіндігін көрсетеді:
MRTSKL = - ∆K / ∆L.
Ал еңбекті капиталмен алмастырудың технологиялық шекті нормасы капиталдың алмастыратын еңбек санымен анықталынады:
MRTSLK = - ∆L / ∆K.
Еңбекті капиталмен алмастырғанда өндіріс көлемін өзгертпей, еңбектің саны азайған сайын капиталдың санын көбейтуге тура келеді. Оны да 4.3 суретіндегі изокванта қисығының бойындағы D нүктесінен С нүктесіне, С нүктесінен В нүктесіне қарай қозғалу арқылы көруге болады.
Өндіріс факторларын алмастырудың технологиялық шекті нормасын талдағанда еңбек пен капитал бірін-бірі толық алмастыра алмайтынын есте сақтау қажет. Өндіріс факторлары бір-бірін толықтырады. Сондықтан, оларды алмастырудың технологиялық шекті нормасы төмендейді. Изоквантаның көлбеулігі тұрақты өндіріс көлемі шеңберінде факторларды алмастырудың шегі бар екенін және алмастыру барысында әр түрлі қиындықтардың кездесетінін көрсетеді.
Өндіріс факторларының өзара алмастырылу мүмкіндіктері өндірістік технологияның ерекшеліктерімен анықталады. Сәйкесінше, изокванталар да ресурстардың өзара алмастырылу дәрежесіне байланысты бірнеше түрлерге (формаларға) ие бола алады. Изокванталардың формаларын анықтау үшін мына жағдайларды қарастыруға болады.
Біріншіден, ресурстар абсолютті өзара алмастырылу қасиетіне ие бола алады. Бұл өнімнің белгілі бір көлемі кез келген екі ресурстың біреуін қолдану жолымен немесе олардың екеуінің өзара үйлесімдері арқылы қамтамасыз етіледі дегенді білдіреді. Бұл жағдайда изокванта түзу сызықты түрге ие болады (сурет 4.4 a), ал алмастырудың технологиялық шекті нормасы (MRTS) тұрақты шамада болады. Мысалы, мұнай мен газ энергия көзін алу үшін қажетті шикізат ретінде абсолютті өзара алмастырылатын ресурстар болып табылады. Сонымен, бұл жағдайда, түзу сызықты изокванталар дегеніміз – екі фактордың біреуі екіншісімен толық алмастырылатын қасиетке ие болатын жағдайда сипатталатын өндірістік функция және өндірістік технология қисықтарының бір түрі, өндіріс бұл жерде бір фактордың көмегімен де жүзеге асырыла алады. Тағы да бір мысал ретінде, сусындарды сатушы арқылы да және автомат арқылы да сатуға болатынын қарастыруға болады.
K K
а) ә)
Q3 Q3
Q2 Q2
Q1 Q1
L L
K K А
б) в)
Q3 В
С Q3
Q2 Q2
Q1 Q1
L L
Сурет 4.4 Изокванталардың түрлері: а) түзу сызықты изокванталар; ә) тік бұрышты (қатаң) изокванталар; б) жұмсақ еңкіш (сызықтық емес) изокванталар; в) сынған сызықты изокванталар
Екіншіден, ресурстар абсолютті өзара толықтырылу қасиетіне ие бола алады (факторлар өзара алмастырыла алмайды). Бұл берілген өнім түрін өндіру үшін қолданылатын екі ресурс бір ғана пропорцияға ие болады дегенді білдіреді. Яғни, берілген өндірістік функция ресурстардың жалғыз ғана мүмкін бола алатын үйлесімдігінің бар болуын қарастырады. Бұл жағдайда изокванта тік бұрышты формаға ие болады (сурет 4.4 ә), ал алмастырудың технологиялық шекті нормасы (MRTS) 0-ге тең болады. Аса жоғары изоквантаның түріне (мысалы, Q3-ке) өтудің міндетті шарты болып ресурстарды қолдану кезіндегі берілген дұрыс үйлесімділікті сақтап отыру табылады. Егер бір ресурстың санын өзгертпей екінші бір ресурстың санын көбейтсек, онда изоквантаның басқа түріне өтуге мүмкіндік болмайды. Өнім көлемін өзгертіп басқа изоквантаға өту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қажетті екі фактордың қалай өзгеру керектігін өндірістік технологиялық бағыт (пунктирлі сызық) сипаттайды, ал ол екі фактордың берілген қатаң бір ғана үйлесімділікпен қолданылуын қарастырады. Мұндай өндірістік функцияның мысалы ретінде, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер көрсететін фирманы келтіруге болады. Ол көше тазалау үшін 1 аула сыпырушыны 1 сыпырғышпен жабдықтай отырып жалдай алады. 20 аула сыпырушы мен 1 сыпырғыш үйлесімі экономикалық жағынан ақылға сыйымсыз және керісінше, 1 аула сыпырушы мен 20 дана сыпырғыштың үйлесімі де солай болар еді. Сондықтан да, бұл жағдайда аса жоғары изоквантаға өту үшін 1:1 үйлесімін өзгеріссіз қалдыру керек, яғни 2 аула сыпырушыға 2 дана сыпығыштан, 3 аула сыпырушыға 3 дана сыпырғыштан дегендей және т.с.с. Сонымен, бұл жағдайда, тік бұрышты (қатаң) изокванталар дегеніміз – өндіріс факторларының тұрақты және қатаң үйлесімділіктерін (пропорцияларын) сақтау арқылы берілген өнім көлемін өндірудің заңдылықтарын сипаттайтын өндірістік функция қисығының бір түрі.
Үшіншіден, ресурстар біртіндеп (шексіз түрде) өзара алмастырылу қасиетіне ие бола алады. Бұл жерде өндіріс үрдісін жүзеге асыру міндетті түрде екі факторды (мысалы, капитал мен еңбекті) қолданумен мүмкін болады. Бірақ, берілген өндірістік функцияға сәйкес олардың үйлесімділіктері әр түрлі болып табылады. Бұл жағдайдағы изоквантаның формасы жұмсақ еңкіш (сызықтық емес) болып келеді (сурет 4.4 б). Изоквантаның бұл түрі жиі кездесетіндіктен оны стандартты изокванталар деп те атайды. Алмастырудың технологиялық шекті нормасы факторлардың шекті өнімдерінің арақатынастарымен анықталады (MRTSLK = МPL / МPK) және изоквантаның бойымен қозғалу бойынша факторлар өзара алмастырылудың кемімелі дәрежелігімен сипатталады. Бірақ мұндай сипаттағы изокванталар өндірілетін өнім мен өндіріс факторлары біртекті (стандартты) және шексіз бөлінетін қасиетке ие болған жағдайда факторлардың өзара алмастырылуының үздіксіздігін сипаттай алады. Сонымен, жұмсақ еңкіш (сызықтық емес) изокванталар – берілген өнім көлемін өндіру үшін қолданылатын міндетті екі фактордың өзара алмастырылуының әр түрлі (біртіндеп немесе үздіксіз) үйлесімділіктерін орындаудың заңдылықтарын сипаттайтын өндірістік функция қисығының бір түрі.
Төртіншіден, ресурстар шектеулі түрде өзара алмастырылу қасиетіне ие бола алады. Бұл жағдайда, өндірісті жүзеге асырудың әдістері және үйлесімділіктері шектеулі мөлшерде (біздің мысалымызда, ол 4.4 в суретіндегі А, В, және С әдістері) болатындығын сипаттайтын өндірістік функцияның және өндірістік үрдістердің графикалық көрінісіндегі изокванталар – сынған сызықты изокванталар деп аталады. Яғни, тәжірибе жүзінде нақты өндірісте осындай изокванталар көптеп кездесетінін атап өткен жөн. Олар өндірістің әрбір жеке факторын қолданудың интенсивтілігі дәрежесімен ерекшеленеді. А әдісі үшін капитал факторын аса интенсивті түрде қолдану сипаты тән (өндірісте капиталды еңбекке қарағанда салыстырмалы түрде аса көбірек қолдану), ал С әдісі үшін керісінше, еңбекті капиталға қарағанда аса көбірек пайдалану сипаты тән. В өндірістік әдісінде капитал мен еңбек тең түрде интенсивті пайдаланылады. Факторларды үйлестірудің аралық нұсқалары (АВ немесе ВС арасындағы аралықтар) технологиялық жағынан жүзеге асырыла алмайды, өйткені пунктирлі сызықпен берілген технологиялық бағыттар А, В немесе С нұсқаларының жүзеге асырылуын ғана қалайды.
Енді, біз фирманың өндіріс туралы қысқа мерзімдегі шешімдерін қарастыратын болсақ, онда қысқа мерзімді кезеңде ең болмағанда бір өндіріс факторы тұрақты болады. Біз өз мысалымызда, капиталды (K) – тұрақты фактор, ал еңбекті (L) – айнымалы фактор деп болжаймыз. Бір фактор айнымалы (өзгермелі) болғанда төмендегідей ұғымдар пайдаланылады:
- еңбектің жалпы өнімі (TPL);
- еңбектің орташа өнімі (АPL): АPL = TPL / L;
- еңбектің шекті өнімі (МPL): МPL = ∆TPL / ∆L;
- егер, МPL > АPL, онда АPL өседі;
- егер, МPL < АPL, онда АPL кемиді;
- егер, МPL = АPL, онда АPL = max.
Қысқа мерзімдегі өндірісті 3 сатыға бөлуге болады:
1-саты – 0-ден L2-ге дейін, мұнда АPL = max;
2-саты – L2-ден L3-ке дейін, мұнда МPL = 0;
3-саты – L3-тен әріқарай, мұнда МPL-дің мәні теріс сан болады.
1 және 3-сатылар фирма үшін қалаусыз, себебі 1-сатыда – еңбекпен салыстырғанда капиталдың артықшылығы, ал 3-сатыда – капиталға қарағанда еңбектің артықшылығы орын алады.
Кемімелі қайтарымдылық заңы (өндіріс факторлары шекті өнімділігінің төмендеу заңы) – бұл басқа ресурстың саны тұрақты болып, ал белгілі бір ресурсты пайдаланудың санын көбейткенде бұл жағдай белгілі бір кезеңнен бастап айнымалы фактордың шекті өнімінің (МPL) азаюына әкеледі.
Бұл құбылыстың орын алуын төмендегідей суреттен байқауға болады (Сурет 4.5).
TP 3
2 TPL
L1 L2 L3 L
AP 1
MP
APL
3
MPL L
Сурет 4.4 Жалпы өнімнің, орташа және шекті
өнімнің өзара байланысы
Ұзақ мерзімді кезеңде фирманың қызметінде пайдаланылатын факторлардың барлығы өзгермелі болып табылады. Сондықтанда, фирманың ұзақ мерзімдегі стратегиясы екі тұрғыдан қарастырылады:
1. K және L бір мезгілде, бірақ әртүрлі бағытта өзгереді, бұл изокванта арқылы көрсетіледі. MTRS – шығарылатын өнім көлемі тұрақты болғанда (Q - const) еңбектің әрбір бірлігі ауыстыра алатын капитал шамасын анықтайды.
MTRS өндіріс факторларының (K және L) шекті өнімдеріне тәуелді. Еңбектің шекті өнімі неғұрлым көп болған сайын, оның капиталды ауыстыруға қажетті саны соғұрлым аз болады, яғни MTRS пен өндіріс факторларының шекті өнімдерінің арасында кері тәуелділік бар: ∆K / ∆L = МPL / МPK.
2. K және L бір мезгілде және бір бағытта өзгереді. Өндіріс факторларының көбеюі мен өнім шығару көлемдерінің арасындағы байланыс масштаб өсуінің тиімділігімен сипатталады.
Фирма ұзақ мерзімді кезеңде өз қызметіне қажетті өндіріс масштабының өсу тиімділігін таңдау және анықтау мәселесін шеше алады. Ал масштаб тиімділігі (өндіріс ауқымының өсуі) дегеніміз – өндіріс факторлары шығындарын арттыру мен өндіріс көлемінің өзгеруі арасындағы арақатынастың сипатын көрсететін өндірістік үрдістің маңызды қасиеті. Осы арақатынастың сипатына байланысты масштаб тиімділігінің мынадай үш түрін бөліп көрсетуге болады:
1) масштаб өсуінің (өндіріс ауқымының) оң тиімділігі – өнім шығару көлемі ресурстар шығынынан гөрі көбірек дәрежеде өскенде орын алады;
2) масштаб өсуінің (өндіріс ауқымының) тұрақты тиімділігі – өнім шығару көлемі ресурстар шығындарымен бірдей пропорцияда өседі;
3) масштаб өсуінің (өндіріс ауқымының) теріс тиімділігі – өнім шығару көлемі ресурстар шығынынан гөрі көбірек дәрежеде өскенде орын алады.
Масштаб тиімділігін (өндіріс ауқымын) график түрінде де көрсете аламыз. 4.6 a) суретінде өндіріс ауқымының оң тиімділігі берілген. Бір айда қолданылатын еңбек пен капитал шығындарының санын екі есеге өсіру (100-ден 200-ге) өнім көлемін екі еседен артық (20-дан 85-ке) өсіріп отыр. Өндіріс ауқымы өсуінің оң тиімділігіне қол жеткізу үшін мамандану және еңбек бөлінісінің нәтижелерін кең қолдану арқылы өндіріс факторларының өнімділігін өсіру қажет. Егер жұмысшылар бір нақты өнім өндіруге немесе өндірістік операцияларды орындауға маманданса, олардың еңбектерінің орташа өнімдері өседі және өндіріс шығындары қысқарады.
K
200
Q=80
150
Q=40
100
Q=20
0
100 150 200 L
Сурет 4.6 а) Масштаб өсуінің (өндіріс ауқымының) оң тиімділігі
Жұмысшылар мен менеджерлердің мамандануы тек ірі фирмалардың шеңберінде ғана жүзеге асады. Тек қана ірі фирмаларда күрделі өндіріс құралдары мен озық технология қолданылады. Осы себептер өндіріс ауқымы өсуінің оң әсерінің мысалы ретінде машина жасау өнеркәсібіндегі зауыттарды айтуға болады. Өндіріс ауқымының оң әсері шығыны төмен ірі фирмалардың пайда болу бағытын туғызады. Егер экономикалық жүйеде осындай бағыт пайда болса, онда мемлекет тарапынан реттеуді және бақылауды қажет етеді.
4.6 ә) суретінде өндіріс ауқымының тұрақты тиімділігі көрсетілген. Өндіріс факторларының шығындары екі есеге (500-ден 1000-ға) өскенде өнім көлемі екі есеге (300-ден 600-ге) бірдей пропорцияда өсетінін байқаймыз. Өндіріс ауқымы өсуінің тиімділігі тұрақты болғанда қолданылып отырған факторлардың өнімділігі өндірістің көлеміне байланысты болмайды.
K
1000
Q=600
500
Q=300
0
500 1000 L
Сурет 4.6 ә) Масштаб өсуінің (өндіріс ауқымының) тұрақты тиімділігі
Ал 4.6 б) суретінде өндіріс ауқымының теріс тиімділігі көрсетілген. Өндіріс факторлары шығындарының 100-ге өсуі, өнім көлемін тек 60-қа ғана өсіріп отыр. Өнім көлемін екі есеге (200-ге) өсіру үшін өндіріс факторларының шығындарын екі еседен артық (100-ден 280-ге) дәрежеге өсіруге тура келеді. Өндіріс ауқымы өскен сайын фирманың қызметін басқару үрдісі күрделене береді, фирма кәсіпорындарының арасындағы байланыстарды бағыттауда қиындықтар туындайды, әр түрлі ақпараттар дер кезінде төменгі басқару жүйелеріне жетпей қалуы мүмкін. Осындай себептердің әсерінен өндіріс ауқымы өсуінің теріс тиімділігі пайда болады.
K
280
Q=200
200
Q=160
100
Q=100
0
100 200 280 L
Сурет 4.6 б) Масштаб өсуінің (өндіріс ауқымының) теріс тиімділігі
Батыс экономистерінің айтуынша, қазіргі уақытта көптеген фирмалар өздерінің өндірістік қызметтерін жүзеге асыруда масштаб өсуінің (өндіріс ауқымының) тұрақты тиімділігін ұстап тұруды қалайды. Өйткені, экономиканың көптеген салаларында өндіріс ауқымының өспелі (оң) тиімділігінің болғаны аса маңызды болғанымен, ол уақыт өткеннен кейін кез келген жағдайға байланысты кемімелі (теріс) тиімділікке ауысуы мүмкін. Ал ол болса, аса ірі фирмалардың пайда болуына (бірақ, қажетті өндіріс технологиясы осындай фирмалардың пайда болуын ынталандырғанымен), оларды басқарудың және бақылаудың қиындығына байланысты орын алып отырады.
Өндіріс ауқымы өсуінен туындайтын әсерлерді анықтау үшін әр түрлі өндіріс салаларындағы кәсіпорындардың өндіріс үрдістерін статистикалық әдіспен зерттеу қажет. Статистикалық талдау өндіріс теориясының немесе өндіріс функциясының негізінде жүргізіледі. Көбінесе Кобба-Дуглас функциясы қолданылады:
Y = AKα Lβ,
мұндағы Y – өнім көлемі, K – капиталдың көлемі, L – еңбектің көлемі, A – функция коэффициенттері, α, β – дәреже көрсеткіштері. Дәреже көрсеткіштерінің әрқайсысы 1-ден кіші болады, себебі олардың қосындысы 1-ге тең болады. Егер, α + β > 1 болса, онда оң әсер, егер α + β < 1 болса, теріс әсер, ал α + β = 1 болса, өндіріс ауқымы өсуінің тұрақты әсері болғаны.
Орытынды
1. Өндіріс теориясының маңызды мақсаты болып өндірістің тиімді әдістерін ұйымдастырудың принциптерін қалыптастыру табылады, яғни ресурстардың берілген мөлшерінде өнім шығарудың максималды көлемін қамтамасыз ететін өндіріс факторларының тиімді үйлесімділіктерін және өндірістің ауқымын таңдау болып табылады.
2. Өндіріс – бұл ресурстарды адамдардың қажеттіліктерін тікелей және жанама қанағаттандыратын игіліктерге айналдыру үрдісі. Өндіріс факторлардың тұрақты үйлесімін көрсететін белгілі бір технология арқылы жүзеге асады. Технологияны жетілдіру өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
3. Жекелеген технология шеңберінде қолданылатын ресурстардың шамасы мен шығарылатын өнім көлемі арасында тұрақты функционалдық байланыс болады, оны өндірістік функция анықтайды, ал ол болса өндіріс факторларының әрбір жеке үйлесімінде шығарылатын өнімнің максималды көлемін сипаттайды.
4. Өндіріс үрдісін талдау кезінде өндіріс факторларының саны мен құрылымын өзгертудің мүмкіндіктеріне байланысты қысқа мерзімді (бұл мерзімде ең болмағанда бір ғана фактор тұрақты болып қалады) және ұзақ мерзімді (бұл мерзімде өндірістің барлық факторлары өзгермелі болып табылады) кезеңдерді бөліп көрсетуге болады.
5. Өзгермелі фактордың өнімділігінің өзгеру заңдылықтарын анықтау қысқа мерзімдегі өндірісті талдау арқылы жүзеге асырылады, сол үшін де қолданылатын фактор көлемінің және шығарылатын өнім көлемінің өзгеруі арасындағы байланысты байқауға болады.
6. Өзгермелі фактордың өнімділігінің өзгеруі өзгермелі фактордың жалпы, орташа және шекті өнімдерімен сипатталады.
7. Өзгермелі фактордың өнімділігін талдау кезінде ең болмағанда бір өндіріс факторының өзгеріссіз қалуы жағдайында өзгермелі факторды арттырудың әрқашанда шегі болады, осыдан бастап өзгермелі фактордың өнімділігі төмендей береді. Мұндай заңдылықты кемімелі өнімділік заңы деп атайды, ал оның қысқа мерзімде орын алуы өнім шығаруды арттыру мүмкіндігінің шектеулі екендігіне көз жеткізеді.
8. Өзгермелі фактор өнімділігінің төмендеуі салдарынан өндірісте қолданылатын факторлардың арасындағы пропорциялар бұзылады, онда бұл мәселені факторларды өзара алмастыру арқылы сандық арақатынасты оңтайландыруға байланысты шешуге болады.
9. Өндіріс факторларын өзара алмастыру мәселесі ұзақ мерзімді шеңберде талданады, яғни бұл кезеңде барлық факторлар өзгермелі болып табылады. Бұл жерде өндірістік мүмкіндіктер өнімнің бірдей көлемін шығаруды қамтамасыз ететін факторларды қолданудың барлық мүмкін комбинацияларын көрсететін қисықтың – изоквантаның көмегімен сипатталады. Изокванта - өндірістік функцияны көрсетудің графикалық формасы.
10. Изокванталар факторлардың өзара алмастырылуын көрсететін теріс көлбеуге ие болып келеді, ал изоквантаның бойындағы нақты нүктеде осы көлбеудің шамасы факторларды алмастырудың технологиялық шекті нормасын (MRTS) сипаттайды, Ал MRTS өнім шығарудың көлемін өзгертпей, бір фактордың санын екінші бір факторды бір бірлікке өзгерту үшін қаншаға өзгерту керектігін көрсетеді.
11. Факторларды технологиялық алмастырудың шекті нормасы осы факторлардың шекті өнімдерінің (өнімділіктерінің) кері қатынастарына тең, яғни ол өндіріс факторларының тиімді үйлесімділігін анықтау үшін қажетті ереже болып табылады.
12. Өндіріс факторларын өзара алмастырудың мүмкіндіктері технологияның ерекшеліктерімен анықталады, ол ерекшеліктер изокванталар формасында және алмастырудың технологиялық шекті нормасының мәндерінде көрініс табады. Осыған байланысты өндірістік функциялардың бірнеше түрін бөліп көрсетуге болады:
- абсолютті икемділікпен алмастырылатын функциялар, олар үшін MRTS тұрақты, ал изокванталар тік сызықты түрге ие болады;
- Кобба-Дуглас функциялары, олар үшін MRTS факторлардың шекті өнімдерінің кері қатынастарына тең, ал изокванталар жұмсақ еңкіш қисықты түрге ие болады;
- тұрақты икемділікпен алмастырылатын функциялар, олар үшін MRTS белгілі бір тұрақты коэффициентке тең, ал изокванталар көп бұрышты түрге ие болады;
- абсолютті икемсіздікпен алмастырылатын функциялар, олар үшін MRTS нөлге тең, ал изокванталар тік бұрышты түрге ие болады.
13. Шығарылатын өнім көлемін арттыру өндірістің барлық факторларының санын ұлғайту есебінен, яғни өндіріс ауқымын өсіру есебінен жүзеге асады.
14. Факторлардың өзара алмастырылу үйлесімділіктерін өзгертпей, факторлардың шығындарын арттырудың және өнім шығарудың көлемін арттырудың арасындағы тәуелділіктің сипатын масштаб тиімділігі деп атайды. Факторлардың санын салыстырмалы өзгерту мен өнім көлемін салыстырмалы өзгертудің арасындағы қатынасқа байланысты масштаб тиімділігінің мынадай түрлерін бөліп көрсетуге болады:
- масштабтың оң (өспелі) тиімділігі, бұл өнім көлемі факторлардың шығындарын арттырудан гөрі көбірек шамаға өскенде орындалады;
- масштабтың тұрақты тиімділігі, бұл өнім көлемінің де, факторлар шығындарының да бірдей шамаға өзгергенінде орындалады;
- масштабтың теріс (кемімелі) тиімділігі, бұл өнім көлемі факторлардың шығындарын арттырудан гөрі азырақ шамаға өскенде орындалады.
15. Фирма өз өндіріс көлемінің ауқымын масштабтың кемімелі тиімділігі басталғанша дейін арттыра беруі қызметін экономикалық жағынан тиімді, әрі ақылға сыйымды деп санауға болады.
16. Өндіріс ауқымының көлемін арттыруда маңызды рөлді техникалық прогресс ойнайды, оның еңбекқарқынды, капиталқарқынды және бейтарапты деген типтерін өндірісте қолдануға болады.