Басқарушылық шешімдерді жіктеудің теориялық және тәжірибелік маңызы зор. Басқарушылық шешімдердің табиғаты алуан түрлі. Сол себепті оларды бір жүйеге келтіру үшін оларды түрлі белгілер бойынша жіктейді.
1. Функционалдық бағытталуына қарай: жоспарлаушы, ұйымдастырушы, жандандырушы, үйлестiрушi, бақылаушы, ақпараттық.
2. Ұйымның болашағына ықпал ету дәрежесi бойынша:
- стратегиялық – ұйым дамуының негiзгi жолдарын анықтайды және әдетте басқарудың жоғарғы деңгейiнде қабылданады;
- тактикалық – даму жолы бойынша қозғалудың нақтылы тәсiлдерiн анықтайды және төменгi деңгейлерде қабылданады.
3. Шешiмнiң дербестiк дәрежесi бойынша:
- бастамалы – ұйым басшылығы жағдайдың ықпалымен қабылдайды;
- ұйғарылған – жоғарыдан келiп түскен нұсқауды нақтылайды.
4. Ауқымы бойынша:
- ғаламдық – тұтастай ұйымға қатысты;
- жергiлiктi – ұйымның бiр бөлiгiне, қызметiнiң бiр қырына қатысты.
5. Iске асыру кезеңiнiң ұзақтығына байланысты:
- ұзақ мерзiмдi – 5 жылдан астам, әдетте болжамдық сипатта болады, өйткенi әрдайым дәл есептеуге болмайтын болашаққа қатысты; олар барынша тәуекелдi әрi болжамдар ақталмаса, қағаз күйiнде қалып қоюы мүмкiн;
- орта мерзiмдi – 1 жылдан 5 жылға дейiн, оларға сәйкес нақты шаралар жүзеге асырылатын, орындаушылар үшiн мiндеттi жоспарлар мен бағдарламаларда көрiнiс табады;
- қысқа мерзiмдi – 1 жылға дейiн, жедел өкiмдерде бейнеленедi.
6. Уақыт аясына байланысты:
- перспективалық – салдары ұзақ уақыт бойы сезiледi;
- ағымдық – бүгiнгi күннiң мұқтаждықтарына бағдарланған.
7. Регламенттелу дәрежесi бойынша:
- контурлiк – орындаушыларға кең еркiндiк бередi;
- құрылымдандырылған – болмашы сұрақтарда бастамаға жол бередi;
- алгоритмделген – бастама болуы мүмкiн емес.
8. Шешiм ықпалының бағытталуы бойынша:
- сыртқы – ұйымды қоршаған ортаға қатысты;
- iшкi – ұйымның ішіндегі қызметіне қатысты.
9. Орындау мiндеттiлiгiнiң дәрежесi бойынша:
- директивтiк – әдетте басқарудың жоғарғы органдарымен тұрақты жағдайларда ұйымның барынша маңызды мәселелерiне қатысты қабылданады және мiндеттi түрде орындауды талап етедi;
- ұсыныстық – кеңестiк органдармен дайындалады, оларды орындау ықыласты, бiрақ мiндеттi емес, өйткенi оларға қатысты шешiм қабылданғандар оны қабылдағандарға бағынышты емес;
- бағдарлаушы – осы шешiмдердi қабылдағандарға тәуелсiз субъектiлер үшiн арналған.
10. Күрделiлiк дәрежесi бойынша: қарапайым және күрделi.
11. Шығару әдiстерi бойынша: шаблондық және шығармашылық.
12. Нысаны бойынша: құқықтық және құқықтық емес.
13. Әзiрлеушiлер санына байланысты:
- жеке-дара – ешкiммен келіспей әрі талқыламай басшының өзi шығарады;
- ұжымдық – қабылдау тәсiлдерiне байланысты олар былайша бөлiнедi:
- консультативтiк – түпкiлiктi шешiм қабылдайтын тұлға айналасындағылармен ақылдасады және олардың ұсыныстарын ескере отырып, жеке-дара шешiм қабылдайды;
- бiрлескен – оларды дайындау барысында қалыптасқан келiсiм негiзiнде барлық қатысушылардың өзара келiсiмi нәтижесiнде қабылданады;
- парламенттiк – оны қабылдауға қатысушылардың көпшiлiк дауысына негiзделедi.
14. Қамту көлемi бойынша:
- жалпы – барлықтары үшiн бiрдей сұрақтарға қатысты және ұйым қызметiне тұрақтылық элементiн енгiзедi;
- арнайы – тек бiр субъектiге тән мәселелердiң тар аясына қатысты.
15. Объектiге ықпал ету тәсiлi бойынша:
- тура – тiкелей объектiге ықпал етедi;
- жанама – соның ықпалымен объектiнiң өзi мiнез-құлқын қажеттi бағытқа өзгертетiндей жағдай жасауға ықпал етедi.
16. Мазмұны бойынша:
- техникалық – ұйым қызметiнiң объективтi факторлары жөнiнде;
- экономикалық – түптеп келгенде ұйымның кететiн шығындарымен және солармен себептелген нәтижелермен байланысты;
- әлеуметтiк – қызметкерлерге қатысты қабылданады және ақы төлеу, жеңiлдiк, кепiлдiк мәселелерiн қозғайды.
17. Алдын ала болжануы тұрғысынан:
- бағдарламаланған – белгілі бірізділікпен жасалған іс-әрекеттерді жүзеге асыру нәтижесі болып табылады. Баламалар саны шектеулі әрі таңдау берілген бағытта жасалады. Бағдарламалауды тиімді ұйымдық шешім қабылдаудағы маңызды көмекші құрал деп есептеуге болады. Шешім қандай болуы керек екендігін анықтап, басшылық қателесу мүмкіндігін азайтады.
- бағдарламаланбаған – бұған дейін кездеспеген жағдайларда қолданылады. Нақты қажетті бірізділікті қадамдарды жасау мүмкін болмағандықтан, басшы шешім қабылдау процесін әзірлеуі тиіс. Мұнда басшының таңдау баламалары көп.
Шешім қабылдау процесінің 3 сипаты бар:
1) интуициялық шешім - ол тек дұрыс деп сезіну негізінде жасалған таңдау. Шешім қабылдаушы тұлға әрбір балама бойынша артықшылықтар мен кемшіліктерді саналы түрде салыстырумен шұғылданбайды, тек сезім негізінде шешім қабылдайды.
2) пайымдауларға негізделген шешім - білімге немесе жинақталған тәжірибеге негізделген таңдау. Қазіргі жағдайдағы таңдаудың баламалы нұсқаларының нәтижелерін болжау үшін тұлға осыған ұқсас жағдайларда бұған дейін не болғандығы жайлы білімдерін пайдаланады.
3) ұтымды шешім - бұрынғы тәжірибеге тәуелсіз, объективті талдау процесіне негізделеді.