Абай – халық мүддесін, ел арманын ойлайтын қамқоршы ғана емес, ол – талантты жастарды үлгілі өнерге баулитын, дарындылық үлкен өріске бастайтын ақылшы ұстаз. Эпопеяның үшінші томында Еңлік пен Кебектің моласы басындағы сөзінде Абай жазықсыз өлтірілген сол бір жас жандар алдында өзі қарыздар екенін, бұл – ақындық қарызы екенін ескертеді. Абай бұл қарызын өтей алмайды, бірақ Абай үшін Дәрмен өтейді. Бұл тұстан Абай өзінің артынан өзі секілді шәкірт дайындайтын, ақындыққа шыңдалған кемеңгер ұстаз болғанын көреміз. «Сендер ғана емес, менің өзім де жетпеген жер, жазбаған зар бар. Ол бүгінде, дәл бүгінгі қасында, қалың елің басында тұрған күй», − дейді Абай жас ақындарға. Иіс әжейдің баласы Исаны айтпай кету мүмкін емес. Өр мінезді, Әзімбайдың әмірін тыңдай бермейтін Иса кішкентайынан жоқшылықты көп көрген. Мал артында жүріп шыныққан ол қатты дүлей дауылда, Әзімбайдың малдарына ит-құстың тісі тиер шақта қорғап қалды. Сол түнде қатты үсіген, шаршаған Иса о дүниелік болады. Ерлікпен қаза тапқан жасты жырға қосқан Дәрменнің ісі – Абайдың еңбегінің сіңгені. Өз кемеріне толған ақын өзгелерді сауаттылыққа шақырып, өнер-білім қууға үйретеді. Ол Дәрмен, Кәкітай, Мағаш секілді өнерді жастарды баулыса, енді Рахым, Асан, Үсен тәрізді балаларды оқуға беріп, өнер өріне сілтейді.
Абай жолы» дәуірнамасындағы Құнанбайдың бейнесі
Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы 20 ғасырдағы қазақ және әлем әдебиетіндегі ерекше көркем құбылыс. Суреткер өзінің роман-эпопеясында қазақ халқының рухын, ұлттық болмыс-бітімін жан-жақты ашып көрсеткен. Қазақтың дана ұлы Абайдың мәңгілік тұлғасын сөз өнерінде өзгеше даралық таныммен сомдаған. ''Абай жолы'' эпопеясын суреткер шебер композицияға, сюжетке құра білді.
Романның сол сюжеттік желісі жазушыға қайталанбас сом характер жасауға мүмкіндік береді. Сондай кесек, ірі сомдалған тұлғалардың бірі – Құнанбай. Жазушы романда қажы бейнесін сан-алуан оқиға үстінде әр түрлі мінез-қылығымен көрсеткен, тұңғиық сыры терең, қалтарысы, бұрылысы, сұмдығы мен жауыздығы, қайраты мен қажыры, шешендік алғырлығы мен ақыл-айласы бойына тұтаса біткен жан бейнесінде өрнектелген. Оның сырт пішінінен ішін тану қиын. Қатпары көп ішкі жан дүниесінде бұғып жатқан сырлар сыртқа бірден теппейді, бергісін көрсетіп, әріде, тереңде, қалтарыста жатқанын ішінде бүгіп қалады.
Ол ескі өмірдің қаймағы шайқалмауын, заман тізгінін қолынан кетірмеді, әкімшілік-биліктен айрылмауды, елге Құнанбайлық әмірін жүргізуді көздейді және осы ниетінен қайтпайды. Өз қарауындағы елді құрығында ұстап, көнбегендерге Құнанбайлығын істейді, тізесін батырады. Мұның барлығын өз қолымен емес, басқалар арқылы істейді, өзі тасада қалады. Ол азуы кере қарыс Алшынбайды да ''Алшеке'' дей отырып, өз керегіне жаратады. Ол шариғатты да, ''құдайшылықты'' да дегені үшін құрбандыққа шалады. Құнанбай уысынан шығар пенде жоқ, өйткені онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі қолы ұзын, малды, сөзге жүйрік. Мінез бен іске де алғыр. Осылардың бәрі өз ортасын бойымен басып жығып беруге себеп болды. Демек, романда Құнанбай қулығына құрық жетпес, ақылы мен түлкілігі, айласы мен амалы астасып жатқан терең шыңырау болып бейнеленген. Жазушы оның сол әрекетін нақтылы оқиғалар арқылы шығарманың бүкіл бейнелі құрылымында образдар жүйесінде көрсеткен.
Құнанбай айла-амалы, өзгенің қолымен от көсейтіні ру басшыларын да осы қылмысқа ортақ етуінен анық танылады. Ол ''күнәһар'' Қодар мен Қамқаға қандай жаза қолдану керек, оны да өзі жеке дара шешпеген, ру басшыларының сарабына салған болады. Бірақ бұл жерде Құнанбайлығын жасады. Өлтірткен ол емес, солардың өздері: ''Адам өлтіріп отырсың, не бетіңмен үн шығарасың?'' дейді Бөкей Қаратайға. Құнанбай шариғатты өз кәдесіне жаратады. Мұндай ''ел қорлаған сұмдыққа, ел көрмеген жаза керек'' деп шариғат атымен үкімін шығарады.
Нанбай бейнесі
Құнанбай тұлғасының жасалу шеберлігі бүкіл дүние-жүзілік әдебиет тарихында сирек ұшырасады. Әдеттегі түсінікпен атасақ, Құнанбай - жағымсыз кейіпкер. Дұрысында да солай, кері кеткен кер заманның жанкешті жақтаушысы, рулық-феодалдық жүйенің бір тінін үзгісі, бір өрімін ыдыратқысы келмейтін шынжырлы шонжар - жаңаның жауы, күні өткен, тозығы жеткен көненің жамап-жасқаушысы... Автордың айтуында да Құнанбай тұлғасы идеялық жағынан алып қарағанда, сол дәуірде қазақ даласына енді-енді еніп келе жатқан жаңаның жолындағы кедергіні - ескіні көрсету нәтижесінде туған. Әдетте осындай ұнамсыз типтер бізде (тек бізде ғана емес) бірыңғай қара бояумен атастырыла, ылғи жамандық жағы қазбаланып, кейде тіпті іске алғысыз дөкір, дөрекі күйде көрсетілетін. Әрине, мұндай жағдайда да автордың идеялық мақсаты болатыны даусыз. Бірақ сол идеяның көркемдік шешімі даулы, жасанды және жалаңаш. Ал, Құнанбай ондай емес. Мейлінше шыншыл суреткер бұл образды мінездеу мен мүсіндеуге, жинақтау мен даралауға өзінің бай палитрасындағы бір (қара) емес, бірнеше (ақ, көк, сары...) бояуды қоса, қатар жұмсап, түрлі-түсті табиғи кескінде, алдымен адам ретінде барлық күнгей-көлеңкесімен жан-жақты, толық, тұтас тұлғаландырған. Автор ұнамсыз кейіпкер бойындағы ұнамды қасиеттерді күзеп не тонап әкетпейді, өзіне береді, өзінде қалдырады. Құнанбай - азулы ғана емес, ақылды: шоқпар мен сойылдың ғана емес, әріден толғайтын ойдың адамы. Көзі дара болғанмен көкірегі сара - көреген: ашуы мен қайратын қатар ұстайтын, қаталдығының арғы жағында қайсарлығы жатқан қасарма, сұғын қадағанды сілейтпей тынбайтын қазымыр, қырыс кісі. Арыстанның айбаты да, жолбарыстың жүрегі де бір өзінде; жыртқыштығы да сондай; бүргені құтылмайды, құтылса мынаның тырнағы сонымен бірге кетеді. Мұнысы да қайтпас қайсарлыққа саяды. Осыған енді амалы мен айласы қосылғанда Құнанбайдың қулығы мен сұмдығына, сұңғыла зымияндығына найза бойламай шығады. Мұнысы - ақылдан туған тәсіл. Құнанбай алыс-жұлысқа, арпалысқа ғана емес, сөзге де жүйрік, шешен, тілі өткір, тиген жерін тіліп түседі. Осылардың бәрі Құнанбайдың өз ортасынан биік, оқшау тұрған жоталы тұлға екенін көрсетеді және оның осындай өзгеше бөлек бітімін өз ортасы да әбден мойындап болған. Құнанбайдың көп қырлы қасиетін досы түгіл дұшпаны да жоққа шығара алмайды. Дәлел ретінде романның 1-кітабынан Абайға Байдалы айтып берген бір қызық жәйтті мысалға келтірелік. Байдалы Абайға: «Тап соның ішінде көп қойма жатыр, не керек», - деп Қаратайды мақтай отырып былай дейді: «Әне бір күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар - барлығымыз Қаумен үйінде түстеніп отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп, шалқып отырып, ақыр аяғы «Жә, өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт ойланып қалды. Байсал күншуақта жатқан тағыдай көзін бір ашып, бір жұмып, бүк түсіп сырт қарап жатқан. Жаңағы сөзге ол қатысқан жоқаласыты. «Мырза кім?» дегенге Қаратай жауап беріп, «Мырза - Құнанбай» - деді. Тағы біраздан соң ол жиын: «Шешен кім? - деді. Тағы Қаратай жауап беріп, «Шешен - Құнанбай» - деді. Екі бел асты. Аздан соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және жауап беріп: «Жақсы - Құнанбай» - деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып, саңқ етіп: «- Уай, Көкше, не оттап отырсың өзің?» - деп, Қаратайға қадала түсіп.- Мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше не көкіп алысып жүрміз онымен? - деді. Соған Қаратай іле жауап беріп: «Әй, тәйір-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ «не қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүрген жоқ па?» - деді.[7]
Құнанбайдың кім екенін бұдан дәл Һәм әділ айту қиын.
Құнанбай - тек өзі билеп отырған қазақ сахарасын ғана емес, осылардың бәрін бақылайтын, патша әкімдерін де мысын құртып, уысына алып алған жұмулы жұдырық. Мәселен, піскен бас Майырдың өзгеге илікпейтін қырсықтығы Құнанбайға келгенде бұлтыңдап кетеді. «Майыр, сенің атаңның аты Тобықты емес еді. Осы Қарқаралыға келіп бауыр тапқаннан аманбысың? Бөжейді айдату керек, қағазын дұрыста деп ем, сары аурудай создың да кеттің ғой. Соның жан күйері сен болып, бауыр тартып, бауырың езіліп жүр ме осы, немене?!»
Осылайша өзі билік жүргізген атыраптағы қазақты бұқтырып, орысты ықтырып, бәрін өз алдында құрдай жорғалатқан Құнанбайдың философиясы да, дипломатиясы да бір басына жетерлік. Құнанбай осындай кесек кейіпкер, қия жартастай мықты тұлға болмаса, онымен күреске түскен Абайдың да ірілігі көрінбеген болар еді. Абай осындай алынбас қамалды алған алып боп шығуы да жазушының ұнамсыз тип жасау тәсіліндегі нұсқалы шеберліктің нәтижесі. Құнанбай жалғыз емес. Оның маңында әр рудың басы, әр ауылдың ақсақал-қарасақалдары - Бөжей, Байдалы, Сүйіндіктер бар. Өз іргесіндегі Майбасар, Ызғүтты, Тәкежан, Жиреншелер бар. Оразбай, Шұбар, Әзімбайлар бар. Дәуірлік белестен алып қарағанда осылар - бір лагердің адамдары. Абайдың қарсыластары, Абай бастаған жаңаның ата дұшпандары. Сонымен қатар осылар өзара да ыри-тыри: бақастар, бәсекелестер, бақталастар. Қарақан бастың қамына келгенде булар бірін-бірі аямайды, біріге бере талап тастап, бөліне бере түтіп жеп жүргендері... Бұл - адам адамға дос емес, қасқыр болған Құнанбай заманының заңы. Майталман суреткер Құнанбай маңындағы бар адам және әр адам арқылы солар өмір сүрген заман кескінін де зергерлікпен бейнелеп көрсеткен. Байлар мен билер тепкісіндегі қазақ қоғамының «алтыбақан алауыздығын» патша отаршыларының қалай пайдаланғанын да ұтымды аңғартады. Бірінің тізгініне бірі жармасып, бірінің шалғайынан бірі тартып, бірінің аяғынан бірі шалып орға жығып, көрге тығып жатқан Құнанбайлар, әрине, өз заманымен бірге тарих сахнасынан кетеді. Бірақ ең қауіпті жері - «құнанбайшылдық» қалып қояды. Бұдан арылу үшін адамдарды ұзақ уақыт шомылдыру, тазалау, қағып-сілку, тіпті кейбір кеселді денеден сыдырып алып тастау керек, Құнанбай тұлғасын жасау арқылы автордың оқырманға берер сабағы осындай.