Дәріс мазмұны:
- Еліктеуіш сөздердің жалпы сипаты.
- Шылау, оның түрлері
- Одағай туралы түсінік.
Негізгі әдебиеттер:
1. Шақаман Ы. Қазіргі қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың қолданыстағы мағыналары. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1997.
Қосымша әдебиеттер:
1. Исанова А. Септеулік және демеулік шылаулардың синоним болуы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2006, 97-102-б.б.
2. Исанова А. Жалғаулық шылаулардың синоним болуы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 10, 2005, 39-44-б.б.
3. Нұғманқызы Қ. Еліктеуіш етістіктердің адамның қимыл-әрекетіне қатыстылығы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2001, 20-22-б.б.
4. Шақаманова Ы. Демеулік шылаулардың белгілері мен ерекшеліктері // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2000, 61-63-б.б.
Еліктеуіш сөздер – сөз табы ретінде кейінірек танылған сөз табы. Еліктеуіш сөздерді дербес сөз табы деп дәлелдеген – ғалым А.Ысқақов.
1950 жылдарға дейін еліктеуіш сөздер одағайға жатқызылып келген болатын. 1948 жылы А.Ысқақов «Еліктеу сөздер туралы» деген мақаласында еліктеуіш сөздерді жеке сөз табы деп дәлелдеп, оны одағайдан шығаруды ұсынды. 1950 жылдардан бастап, А.Ысқақов еліктеуіш сөздерді оқулықтарға дербес сөз табы деп кіргізді. Қазір еліктеуіш сөздер барлық оқулықтарда беріліп жүр, өйткені еліктеуіш сөздер – дербес сөз табы деп ғылымда танылған сөздер. 1954 жылы еліктеуіш сөздер алғаш ғылыми грамматика кірді.
Қазақ тілінде басқа сөз таптарының сөздерінен мағынасы жағынан да, дыбыстық құрамы жағынан да ерекшеленетін сөз табы – еліктеуіш сөздер.
Еліктеуіш сөздер деп өмірдегі заттардың бір-біріне соқьығысуынан шыққан, әр түрлі дыбыстарға еліктеуден немесе заттардың түрлі әрекеттерінің әр қилы көріністерінен пайда болатын сөздер аталады. Тілімізде семантикалық ерекшелігі жағынан да, фонетика-морфологиялық құрылымы жағынан да өзге сөз таптарынан оқшауланып тұратын, соған сәйкес, өз алдына дербес сөз табы ретінде қаралатын бір алуан сөздер еліктеуіш сөздер (мимема) деп аталады. Мысалы: гүрс, дүрс, сарт, тырс, сырт, кірт, тық-тық, сарт-сұрт, тарс-тұрс, дүрс сияқты еліктеу сөздер заттардың бір-біріне соқтығысуынан шыққан әр түрлі дыбыстарды білдіреді. Ал, арс-арс, маңқ-маңқ, күңк-күңк, шіңк, ыңқ, саңқ, шаңқ-шаңқ, ырс-ырс, қарқ-қарқ, қырш-қырш, бырт-бырт, шіңк-шіңк дегендер адам, жан-жануарлар шығаратын дыбыстарға еліктеуден пайда болған сөздер. Сондай-ақ, жалт-жұлт, қалт-құлт, жалп-жалп, тарбаң-тарбаң, қисаң-қисаң, қиралаң-қиралаң, көлбең-көлбең деген еліктеу сөздері өмірдегі заттардың, құбылыстардың, адамдардың сыртқы көзге көрінетін әр түрлі бейнелерін суреттеп білдірген. Бұдан еліктеуіш сөздердің мағынасы басқа ешбір сөз табына ұқсамайтыны анықталды. Бұл - елікте іш сөздерді тануда қызмет еткен мағыналық ұстаным.
Еліктеуіш сөздер – белгілі дыбыстық құрамнан тұратын, буын, дыбыс саны белгілі сөздер. Атап айтқанда, еліктеуіш сөздер екі, үш, төрт дыбыстан не бітеу бір буыннан тұратын сөздер: гу, ду, гүр, тыр, дір, тарс, сарт, қаңқ, саңқ, көлбең, жалбаң, т.б.
Еліктеу сөздердің бір тобы семантикалық мағыналары жағынан табиғатта ұшырасатын әр алуан дыбыстармен байланысты болса, екінші тобының семантикалық мағыналары сол табиғаттағы әрқилы табиғи көріністердің бейнелерімен байланысты. Осы себептен бұл сөздер іштей екі салаға бөлінеді. Бір тобы еліктеуіш сөздер деп, екінші саласы бейнелеуіш сөздер деп аталады.
Еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу-соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есту қабілеті арқылы белгілі-белгілі түсініктер ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз. Мысалы, Мылтық тарс етті. Қарға қарқ етті. Еліктеуіш сөздердің қайталанған түрінің екінші сыңарындағы ашық дауысты дыбыс қысаң дауысты еріндік дыбысқа айналып өзгерсе, ол сөздің тұлғасында туған осы өзгеріске байланысты мағынасында да сәл өзгеріс туады. Мысалы, тарс-тарс – тарс-тұрс; сарт-сарт – сарт-сұрт. Басқа сөздер сияқты мағына жағынан бір-біріне жақын, синонимдес, екі түрлі еліктеуіш сөз қосарлана береді. Мысалы, сатыр-күтір, салдыр-күлдір, бұрқ-сарқ. Еліктеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты дыбыстың не ашық, не қысаң болуы да сол сөздің мағынасына әсер етеді. Мысалы, есік сарт етіп жабылды және есік сырт етіп жабылды деген сөйлемдерде құрылыс жағынан ешқандай айырма жоқ бола тұрса да, мағына жағынан бір-бірінен сәл де болса, ерекшеленіп тұр. Еліктеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты дыбыстардың я жуан, я жіңішке болуы да сөздің мағынасына әсер етеді. Мысалы: шыңқ-шыңқ – шіңк-шіңк. Сонымен, еліктеуіш сөздер дегеніміз -өзіне тән лексика-семантикалық мағынасы, морфологиялық тұлға-тұрпаты бар, дара түрлеріне де, қосарланған түрлеріне де көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары тікелей жалғанбайтын, сөйлемде әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болатын және бастапқы түбірлерінен жұрнақтар арқылы туынд есімдер және етістіктер жасалатын сөздер.
Еліктеуіш сөздер есіту қабілеті арқылы пайда болатын түсініктердің аттарын білдірсе, бейнелеуіш сөздер табиғатта кездесетін белгілі-белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді. Мысалы, Ырғалып қарға қарқ етті, Ірімшік аузынан салп етті.
Бейнелеуіш сөздер іс-әрекеттің тек сыртқы бейне-көрінісін ғана емес, әрі шапшаң болатынын да білдіреді. Бұл сөздерге де белгілі-белгілі көріністің, қимылдың бейнесі негіз болады. Мысалы, бірдеме елең етті, от жалт етті, жапалақ жалп етті.
Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де қосарланып қолданылады да, солар арқылы бейнеленетін құбылыстардың бірнеше рет қайталанғанын білдіреді. Мысалы, елең-елең, жалп-жалп, жалт-жалт, жылт-жылт.
Еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстың ашық я қысаң болуы немесе жуан я жіңішке болуы сол сөздердің мағыналарына әсер етеді. Мысалы, от жалт етті немесе от жылт етті.
Еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың ашық болуы қозғалыс пен әрекеттердің ебедейсіздігін, дөкірлігін, оңтайсыздығын, епсіздігін білдірсе, дауысты дыбыстардың қысаң болуы әрекет-қозғалыстың мардымсыздығын, өнімсіздігін білдіреді. Мысалы, арбаң-арбаң – ербең-ербең, тарбаң-тарбаң – тырбың-тырбың.
Еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздердің де бастапқы дара түбіріне де, қосарланған түрлеріне де сөз байланыстыратын жалғаулар тікелей қосылмайды. Демек, еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздер де ешбір өзгеріссіз тікелей етістіктермен тіркесіп, я дара мүше (жалт қарады) болады, я күрделі мүшенің құрамына енеді (жалт етті). Бұлар да еліктеуіш сөздер сияқты дербес мүше болса, әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болып қызмет атқарады.
Сонымен, бейнелеуіш сөздер деп табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет-қимылдарын көру қабілеті арқылы қабылданған бейне-көріністердің атауларын, яғни атаулары ретінде қызмет ететін сөздерді айтамыз.
Еліктеуіш сөздер сыртқы морфологиялық құрылысына қарай жалаң да, күрделі де болады. Жалаң еліктеу сөздер негізгі және туынды болып екі салаға бөлінеді. Негізгі еліктеу сөздер деп айналадағы табиғат құбылыстарын құлақпен есту арқылы қабылданған дыбыстардан және көзбен көру арқылы қабылданған елес-көріністердің бейнелерінен пайда болған түсініктердің атаулары, демек, сол дыбыстар мен бейнелердің атаулары есебінде қызмет ететін түбір сөздерді айтамыз. Мысалы, бұлт, былқ, дүрс, дүңк, күрс, күмп, елп, жалт, жарқ, қалт, т.б. Туынды еліктеу сөздер деп негізгі еліктеу сөздерден де және басқа атауыш сөздерден де тиісті жұрнақтар арқылы жасалған еліктеу сөздерді айтамыз. Мысалы, алшаң, арбаң, арсалаң, ағараң, балпаң, дікең. Туынды еліктеуіш сөздер жасайтын жұрнақтар:
1. –ң, -ың, -ің, -аң, -ең: арсаң, жалтаң, жарбаң, кілтің, мырсың, ағараң, жайнаң, жыртың, қызараң, сылаң.
2. –лаң, -лең, -алаң, -елең: бұралаң, иірелең, созалаң, шұбалаң, оралаң.
Күрделі еліктеу сөздер деп жалаң еліктеу сөздердің я негізгі, я туынды формаларының не қайталануы, не қосарлануы арқылы жасалған түрлерін айтамыз. Мысалы, гүр-гүр, жарқ-жұрқ, арбаң-арбаң, қиқаң-қиқаң.
Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметін сөз еткенде, екі түрлі мәселе баяндалуға тиісті: оның бірі – еліктеу сөздердің өздерінен басқа қандай сөздермен тіркесетіні, екіншісі – еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше болып қызмет атқаратыны. Ал бұл екі мәселе жайында айтылатын қағидалар мынадай:
1. Еліктеуіш сөздің жалаң түрі мен күрделі түрінің қай-қайсысы болса да өздеріне тән атау формада тұрғанда бірен-сарандаған жағдайда ғана болмаса, тек етістіктермен тікелей тіркеседі. Мысалы, Жанып жатқан от майлы көбік тамғанда пыс етіп, борс етіп сөне қалып, қайтадан тез лап етіп жанды.
2. Еліктеу сөздер толық мағыналы дербес етістіктердің бәрімен де бірдей тіркесе бермейді, олардың ішінен тек өздерінің мағыналарына орайласатындарымен ғана еркін тіркеседі. Мысалы, Абай селк етіп жалт қарады. Машина кілт бұрылды.
3. Еліктеу сөздер етістіктерден өзге сөздермен некен-саяқтап қана тіркеседі де, сын есім, үстеу, шылау сияқты сөз таптарымен тіпті тіркеспейді. Мысалы, Күңгірт сөйлеген шаңда-шұң дауыс шықты. Қым-қиғаш қиқу, сарт-сұрт төбелес болды да қалды.
4. Еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше қызметін атқаруы олардың өздерінен басқа қандай сөздерге тіркесуімен байланысты.
5. Еліктеу сөздер субстантивтеніп, есім формаларында жұмсалуы мүмкін.
Шылаулар – сөз бен сөздің немесе сөйлем мен сөйлемнің араларын байланыстыру, құрастыру үшән қолданылатын, өздері тіркескен сөздерінің ұғымдарына әр қилы реңктер үстеп, оларға ортақтасып, тұлға жағынан тиянақталған, лексика-грамматикалық мағынасы бар сөздер. Шылауларда аз да болса, лексикалық мағынаның нышанасы болады, ал шылаулардың бойындағы қалыптасқан негізгі қасиеті – грамматикалық мағыналар. Өйткені шылаулардың грамматикалық мағыналары лексикалық мағыналарына қарағанда әлдеқайда басым болады. Сол мағыналары олардың өзі үшін ғана емес, өзіне тән формалары арқылы өзіндік грамматикалық мағыналарын толық қамти алмайтын атаушы сөздерге жәрдемші дәнекер есебінде жұмсалады. Сондықтан да шылаулар жеке-дара қолданылмай, тиісті сөз тіркестерінің белгілі бір компоненті ретінде атаушы сөздердің жетегінде қолданылады.
Тіліміздегі шылаулардың бәрінің атқаратын қызметтері бірдей емес. Олардың бірқатары сөз бен сөздің арасындағы грамматикалық байланыстарды айқындау үшін қызмет етсе, бірсыпыра шылаулар сөз тіркестері мен сөйлемдердің арасындағы байланысты айқындау үшін дәнекер болады. Міне осындай грамматикалық сипаттарына қарай, шылаулар ішінара үш жікке бөлінеді: олар – септеуліктер, жалғаулықтар және демеуліктер.
І. Жалғаулықтар өзара тең бірыңғай сөздердің, сөз тіркестерінің және сөйлемдердің арасындағы әр қилы қатынастарды білдіреді. Жалғайлықтар ең кемі өзара тең екі сөзге не екі сөз тіркесіне бірдей қатысты болады. Мысалы: Қыс пенен жаз, күн менен түн, тақ пенен жұп, жақсылық пен жамандық – болды сегіз (Абай).
Жалғаулықтар салалас құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдерді де өзара байланыстырып, олардың арақатынастарын білдірудің қызметін атқарады. Мысалы: Әліп әлісіреп көзін біраз жұмып жатты да, қайтадан ашты (С.Ерубаев).
Жалғаулықтардың ма,ыналары мен функцияларын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Өйткені олардың сөйлемде қолданылуына байланысты мағыналары әрбір жалғаулықтың функциялық қызметіне орай және соған сәйкес сараланып отырады. Сондықтан жалғаулықтарды өзара жәктегенде, түпкі тірек етіліп олардың функциялық қызметі негізге алынады. Жеке сөздер мен сөйлемдерді байланыстыру қызметі жағынан, олар: а) салаластырғыш жалғаулықтар және ә) сабақстастырғыш жалғаулықтар деп екі топқа бөлінеді.
а) Салаластырғыш жалғаулықтар бірыңғай жеке сөздер мен сөз тіркестерін және бірыңғай сөйлемдерді байланыстырады да, солардың өзара байланысу жолдары мен қатынастарын көрсетеді. Олар іштей ыңғайластық және талғаулықты болып екі салаға бөлінеді.
1. Ыңғайластық жалғаулықтар өзара ыңғайласып құралатын, тең дәрежедегі сөздер мен сөз тіркестерін жалғастырады да, солардың ыңғайласқан қатынасын білдіреді. Жалғаулықтардың бұл тобына мен (бен, пен), және, тағы, әрі, да (де, та, те), әм шылаулары жатады.
2. Талғаулықты жалғаулықтар сөйлемде зат есім, сын есім, етістік және басқа атаушы сөздер арқылы жасалып, салаласа жалғасқан мүшелердің бірінен соң бірін я талғап, я таңдап, я кезектестіріп, я біріне-бірін қарама-қарсы қойып айту үшін қолданылады. Жалғаулықтардың бұл тобына әлде, біресе, я, бірде, яки, не, немесе, болмаса, не болмаса, күй, мейлі шылаулары жатады.
ә) Сабақтастырғыш жалғаулықтар тек құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдерді бір-бірімен жалағасытырып байланыстырып, солардың арақатынасын анықтап көрсету үшін жұмсалады. Ондай қатынастар байланыстыра түскен сөйлемдердің мағыналары қарсылықты, себептік, салдарлық, шартты, айқындағыш, ұштастырғыш болып бөлінеді.
1. Қарсылықты жалғаулықтар негізінде бұрында айтылған ойға соңғы сөйлемдегі ойдың мағына жағынан қарама-қарсы екенін аңғартуға дәнекер болады. Бұл жалғаулықтардың қатарына бірақ, алайда, әйтсе де, әйткенмен, сүйтсе де, сонда да, дегенмен, әйтпесе, әйткенде, әйтпегенде сияқты қарсылық мәнді жалғаулықтар жатады.
2. Себептік жалғаулықтар салалас құрамалас сөйлемдердің құрамындағы соңғы жай сөйлем бұрынғы (алдыңғы) сөйлемдегі айтылатын ойдың себебін білдіру үшін арнаулы дәнекер есебінде қызмет етеді. Ондай себептік жалғаулықтардың қатарына себебі, өйткені шылаулары жатады.
3. Салдарлық жалғаулықтар салалас құрмалас сөйлемдердің арақатынасын білдіру үшін, яғни басыңқы сөйлемде айтылатын іс-әрекеттің, амалдың нәтижесі я салдары екенін білдіретін дәнекер ретінде жұмсалады. Жалғаулықтардың бұл түріне сондықтан, сол себепті шылаулары жатады.
4. Шарттық жалғаулықтар сабақтас құрмалас сөйлемдердің арақатынасын білдіру үшін, яғни басыңқы және бағыныңқы сөйлемдердің бір-бірімен жалғасуларына дәнекер есебінде қолданылады. Жалғаулықтардың бұл түріне егер, егер де, алда-жалда шылаулары жатады.
5. Айқындағыш жалғаулықтарға яғни, демек шылаулары жатады. Олар я жеке сөздерді, я сөз тіркестерін, я жеке сөйлемдерді бір-бірімен жалғасырады да, алдыңғы сөз арқылы, я сөз тіркесі не сөйлем арқылы айтылатын ойды кейінгі сөз, я сөз тіркесі, я сөйлем арқылы не баяндауға, не айқындауға, не анықтауға, не тәптіштеп қадағалай түсуге дәнекер сөздер есебінде қызмет етеді. Сол себепті бұлар айқындағыш жалғаулықтар деп аталады.
6. Ұштастырығыш жалғаулықтарға ал, ендеше, ал ендеше, олай болса шылаулары жатады.Мұндай жалғаулықтар мағына жағынан біріне-бірі орай қолданылатын екі жай сөйлемді ұштастырып байланыстыру үшін жұмсалады да, бірінші сөйлемнен кейін іле екінші сөйлемде айтылатын ойды бастау үшін дәнекер ретіде қызмет етеді.
ІІ. Септеуліктер деп объекті мен объектінің не предикаттың арасындағы түрлі грамматикалық қатынастарды білдіру үшін қолданылып, белгілі бір септік жалғауын меңгеріп тұратын көмекші сөздерді айтамыз.
Септеуліктер өздері тіркесетін есімдерге, субстантивтенген өзге де атаушы сөздерге себептік, бағыттық, мақсаттық, көмектік, мезгілдік, қайталау, талғау, үдету, ұқсату сияқты әр қилы грамматикалық мағыналарды жамап тыңғылықандырып отырады.
- Атау септікті меңгеретін септеуліктер – үшін, сайын, сияқты, туралы, арқылы, бойы, бойымен, шамалы, шақты, қаралы, ғұрлы (ғұрлым).
- Барыс септікті меңгеретін септеуліктер – шейін (дейін), қарай, таман, салым, тарта, жуық, таяу.
- Шығыс септікті меңгеретін септеуліктер – гөрі, бері, кейін, соң, бұрын, бетер.
- Көмектес септікті меңгеретін септеуліктер – қатар, бірге.
ІІІ. Демеуліктер деп өздері тіркесетін сөздерге әр қилы қосымша реңктер (мағыналар) жамайтын сөздерді айтамыз. Лексика-грамматикалық мағыналары жағынан демеулік шылаулар сұраулық, шектік, нақтылық, күшейткіш, болжалдық, болымсыздық, қомсыну демеуліктері болып бөлінеді.
1. Сұраулық демеуліктер. Сұраулық мәнде қолданылатын демеуліктердің қатарына ма (ме, ба, бе, па, пе, ше) шылау сөздері жатады. Бұл демеуліктер контексте қолданылу жүйесіне қарай, әр қилы грамматикалық формадағы әр түрлі сөздермен тіркесе береді.
2. Күшейткіш демеуліктер. Күшейту мәнін беру үшін қолданылатын демеуліктердің қатарына –ау, -ай, -ақ, да (де, та, те) шылаулары жатады. Олар сөйлемде берілетін ойға, не ондағы жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасына қосымша күшейткіш мән (рең) жамау үшін жұмсалады.
3. Нақтылық демеуліктер. Бұл демеуліктер жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналарын, сөйлемде айтылатын ойды нақтыландыра, тұжырымдай түсу үшін қолданылады. Оларға қой (ғой), -ды (-ді, -ты, -ті) демеуліктері жатады.
4. Шектік демеуліктер белгілі бір нәрсеге, іс-әрекетке, амалға, сын-сипатқа, мезгілге т.б. шек қоя тұжырымдап айту үшін қолданылады. Ондай демеуліктердің қатарына қана (ғана), -ай шылаулары жатады.
5. Болжалдық демеуліктерге –мыс (-міс), -ау шылаулары жатады.
6. Болымсыздық демеуліктеріне түгіл, тұрсын, тұрмақ шылаулары жатады.
7. Қомсыну демеулігіне екеш шылауы ғана жатады.
Одағай сөздер мағына жағынан да заттың (субстанцияның) өзі туралы да, сыны, саны, қимылы туралы да, қимылдың жай-күйі туралы да ұғым бермейді. Олай болса, одағалар мағына жағынан зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу сияқтанған негізгі сөз таптарына тән сөздердің бір де б іреуіне ұқсамайды.осындай ерекшеліктерімен байланысты, одағай сөздер сөйлемде не тұрлаулы, не тұрлаусыз мүшелердің қызметтерін атқармайды, сөйлемдегі басқа сөздермен тікелей синтаксистік қарым-қатынасқа түспейді.
Одағайлар өз алдына ерекшеліктері бар сөздер. Ал ол ерекшеліктері мыналар:
Біріншіден, одағай сөздердің мағыналары адамның әр түрлі сезімімен байланысты шығатындыбыстық ишараттарды білдіреді.
Екіншіден, адамның көңіл-күйі құбылмалы болатындықтан, одағай сөздердің көпшілігінің мағыналары да құбылмалы, айыспалы, демек көп мағыналы болып келеді. Одағай сөздердің дәл мағынасы сөйлемде айтылатын ойдың жалпы сарынына байланысты болады. Өйткені одағайлар сөйлемде айтылатын оймен жарыса қабаттаса айтылатын сезімді білдіреді.
Үшіншіден, одағай сөздер сөйлемнің басқа мүшелерімен грамматикалық жағынан байланыспайды, олай болса, өзі жарыса айтылған өйлемнің мүшесі болмайды. Одағайлар - өздері жарыса, қабаттаса айтылатын сөйлемнен дауыс ырғағы арқылы оқшауланып, бөлініп тұратын сөздер.
Одағайлар негізгі және туынды болып екіге бөлінеді.
Негізгі одағайларға: ау, па, ей, әй, е, уа, уау, уай, я, пай, ә, о, оһо, ой, ие, аһа, беу дегендер жатады. Бұл одағайлар қайталанып та қолданылады.
Туынды одағайларға: мәссаған, бәрекелді, әттегенай, жаракімалла, масқарай, о тоба, астапыралла, япырмай, ойпырмай, о дариға... сияқтанғандар жатады. Бұлар әуел бастағы мағыналары сөздердден я сөз тіркестерінен бірігіп одағай сөздерге айналған. Мысалы: мәссаған деген одағайдың бастапқы төркіні – мә, саған: бәрекелді дегеннің төркіні – барақа аллаһу (алла саған бақыт берсін); әттегенай деген одағай әйт деген-ай дегеннен шыққан. Бірақ бұл сөздер өздерінің ьастапқы ақиқаттық мағыналарынан тіпті алыстап көңіл-күйлерін білдіретін одағайларға айналып кеткен.
Сол тәрізді е, тәйір; тәйір-ай; уа, дүние; әттең; шіркін-ай; я сәт; аттан; алақай деген сияқты ескі ұғымдарды білдіретін сөздер көбінесе одағай ретінде әуелі ауызекі тілде қолданылыпы, біртіндеп әдеби тілге де еніп кетіп жүр.
Одағайлардың дәл мағынасы нақтылы сөйлеу жағдайларымен байланысты контексте айқындалады, өйткені бір одағай сөздің өзі қолданылу ерекшелігіне қарай әр сөйлемде әр түрлі мағына береді. Демек, бір одағайдың өзі бірде таңырқау, бірде сүйсіну, бірде налу, бірде аяу, бірде ызалану, бірде ұнату, бірде ұнатпау т.б. сияқты жай-күйлерді білдіріп ауысып отырады. Бұл одағайларды шартты түрде бір топқа жатқызып, көңіл-күй одағайлары деп атауға болады.
Бұлардан басқа тілімізде адамға арнай айтылатын: кәне, міне, әні, мә, жә, әйда, әй, тек, тәйт сияқты одағайлар да бар. Бұлардың мағыналары жоғарыдағы одағайлардан гөрі басқашалау. Демек олардың кейбіреулері көрсету я нұсқау, кейбіреулері ұсыну, кейбіреулері тыю мағыналарын білдіреді; бұларды ишарат одағайлары деген дұрыс.
Одағайлар ойды көріктендіріп, ырғақпен айтылатын сөйлем емес, бірақ сөйлемге балама ретінде қолданылатын сөздер. Бірақ олар іштей мүшеленбейтін, синтаксистік жағынан басқа грамматикалық категориялардан оқшау тұратын, әлеуметік қызметі мен мәні әбден түсінікті болып қалыптасқан сөздер. Осы ерекшеліктеріне қарай, одағайлар адамның көңіл-күйлерімен байланысты алуан түрлі сезімдерді білдіретін лепті, сұраулы сөйлемдер ретінде қолданылады.
Одағайлар екі түрлі жағдайда ғана сөйлем мүшесі бола алады.
1. Одағайлар кейбір көмекші етістіктермен тіркесіп күрделі мүшенің құрамына кіреді. Мұндайда көмекші етістік одағайды басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түсіретін дәнекер болып қызмет атқарады.
2. Одағай сөздер субстантивтеніп, түрлі қосымшалар қабылдап, сөйлемнің қалыпты мүшесі болады.