Өсімдіктер жабынының КСРО территориясын қамтитын ғылыми-ақпараттық шолу геоботаникалық картасы 1954 жылы жарияланды. Оның масштабы 1: 4 000 000 болды.
Одан кейінгі жоспарлар, яғни масштабы 1: 2 500 000 өсімдіктер картасын жасау әртүрлі себептермен орындалмай қалды (Катова, 2011).
Геоботаникалық шолу карталарын жасау саласында айтарлықтай нәтижелер жоғарғы оқу орындарына арнап жасаумен байланысты.
Жоғарғы оқу орындарына карталар жасау тарихында екі кезеңді атауға болады (Катова, 2011). Бірінші кезеңге 1955 жылғы КСРО-ның ғылыми-ақпараттық геоботаникалық картасы негізінде жоғарғы оқу орындарына арналған КСРО-ның геоботаникалық картасы жасалынды (масштабы сақталған).
1974 жылы КСРО-ның жоғарғы және арнайы орта білім беру Министрінің бұйрығына сәйкес жоғарғы оқу орындарына (ЖОО) арналған карталар сериясын жасау басталды. Бұл жолы ЖОО картографиялық қамтамасыз ету жұмыстарында табиғаттың картасын кең тематикалық спектрде жасау жоспарланды. Ол карталар территориялық (дүние жүзі картасы, континенттер және КСРО картасы) және тематикалық сериялар жасау қарастырылды. Өсімдіктер жабынының универсальды және арнайы жасалуға жоспарланған карталар саны оншақты болды.
Алғаш рет әртүрлі территорияларды қамтитын (дүние жүзі, материктер, КСРО, КСРО-ның еуропалық бөлігі) универсальды карталармен қатар КСРО территориясының арнайы карталары (орман, батпақ, табиғи мал азықтық т.б.) жасау жоспарланды.
Ең КСРО-ның Еуропалық бөлігінің және Кавказдың өсімдіктер жабыны картасы (масштабы 1: 2 000 000) жасалды. Ол карталар ЖОО арнап жасалды. Ол карталар КСРО-ның еуропалық бөлігінің және Кавказдың өсімдіктер жабыны картасы (масштабы 1: 25 000 000) (1972) негізінде жасалынды.
Универсальды геоботаникалық карталар сериясын жасауды орталық орын КСРО-ның өсімдіктер жабыны картасына (масштабы 1: 4 000 000) (1990 ж.) берілді.
Кейінірек гранттар аясында қаржыландырылатын жобалар есебінен тағы да екі карта жасалды:
1. «Ресейдің және шекаралас мемлекеттердің аймақтық және белдеулер типі өсімдіктер жабыны картасы» (1999),
2. «Ресей Федерациясы және шекаралас мемлекеттердің табиғи жайылымдары» картасы.
Ресейдің ұлттық атласына арнап Ресейдің өсімдіктер жабыны картасы жасалды (2007).
Борталев С.А. және т.б. (2009) дистанциялық барлап білу материалдары негізінде «Ресейдің өсімдіктер жабыны картасын» жасады. Бұл карта космостан түсірудің мүмкіншіліктерінің мол екендігін көрсетті.
«Қазақстан және Орта Азия өсімдіктері жабыны картасы» (1995) негізінде Е.М. Рачковская және т.б. (2003 ж.) «Қазақстан және Орта Азияның ботаникалық географиясы (шөл облыстары шекарасында) монографиясын жазды. Монографияда Қазақстан және Орта Азия шөлді және таулы территорияларының негізгі өсімдіктер қауымдарының ботаникалық географиясы, экологиясы және типологиясы туралы қазіргі заманғы мәліметтер жинақталып тұжырымдалған.
Өсімдіктер жабынының экологиялық қызметін бағалаудың табиғи ресурстарды қорғау тиімді пайдаланып өндірістік күштерді дамытудағы рөлі зор. Бұл проблеманы шешуде картаға түсіру тәжірибесі ғылымда жеткілікті.
Интегралды биогеографиялық карталар жасаудың, яғни биотикалық жабын заңдылықтарын көрсететін өсімдіктер және жануарлар әлемін бірге көрсететін карталар жасаудың маңызы зор.
Сандық картография жағдайында геоинформациялық картографияның мүмкіншіліктері жоғарыдағы проблемаларды шешуге мүмкіншілік береді.
7.6.2 Өсімдіктер жабынын зерттеудің дистанциялық тәсілі
КСРО-да өсімдіктер жабынын дистанциялық зерттеу тәсілі 1920 жылдардан бері дамып келеді. 1924 жылы КСРО-да аэрофотожұмыстардың бірінші өндірістік орталығы – Добролет ұйымдастырылды. Профессор Турский 1921 жылы ормандар қорын анықтауда аэросуретке түсіруді пайдалану туралы пікір айтты. А.Е. Новосельский (1922) ормандарды аэросуретке түсіруде алғашқы тәжірибе жасады. Білімнің бұл жаңа саласы қазіргі кезде кеңінен практика жүзінде қолданылуда. Германияда, Америка құрама штаттарында, Канадада ормандарды аэросуретке түсіру кеңінен пайдаланылуда.
1926 жылдары Ленинградтық облыстық орман шаруашылығы Ленинград облысы ормандарын аэросуретке түсіруді пайдаланып зерттеді.
1929 жылы Ленинградта аэротүсіру ғылыми зерттеу институты ашылды. 1932 жылы институт Наркомлестен аэротүсірудегі шифрды жай жазуға айналдырудың дешефирирование методикалық нұсқауын жазуға тапсырма алды. Әртүрлі экспедицияларды аэротүсіру материалдарын А.К. Пронин (1935) жинақтап қортындысында «Орман аэротүсірудегі шифрларды жай жазуға айналдыру нұсқауын» жариялады. Ол нұсқау 3000 дана болып баспадан шықты.
1944 жылдың 9 ақпанында Москвада КСРО ғылым академиясында аэротәсілдер лабораториясы ашылды (ЛАЭР). Қазір космоаэрогеологиялық тәсілдер Ғылыми зерттеу институты (НИИКАМ).
1970 жылдан бастап космос ақпараттарын орман шаруашылығында пайдалану кеңінен жүргізіле бастады (Попова, Бычкова, 2011). Әсіресе жердің жасанды спутниктерінің оптикалық диапазон аппараттары (Landsaf, SPOT) – орман шаруашылығын картаға түсіруде кеңінен қолданыла бастады. Ресейде 1990 жылдан бері орманның мониторингін жасау үшін спутник жабдықтары (СВЧ-диапазонда) белсенді пайдаланылуда. Әртүрлі поляризациялық шаралар ағаштардың биомассасын және үздіксіздігін анықтауда табысты пайдалануда. Биомассаны анықтауда ең тиімдісі - Кросс-поляризациялық шаралар жүйесі (Попова, Бычкова, 2011).
2005-2008 жылдары Ресейде ормандарды космостық мониторинг жасау жүйесі пайдалануға ендірілді.
Батпақтарды зерттеуде 1970 жылдан бастап Landsat – 5, Landsat – 7 спутниктері мәліметтері кеңінен пайдаланылуда.
Солтүстік Қазақстанда 1950 жылдары құрғақ далаларда және орманды далаларда топырақтарды және өсімдіктер жабынын зерттеуде ландшафтарды комплекстік зерттеуде аэротүсірулердегі шифрды жай жазуға айналдыру (дешифирование) дұрыс нәтижелер берді.
1954 жылы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді зерттеу үшін экспедиция ұйымдастырылды. Аэросуретке түсірілген материалдар Орта Азияның құрғақ және субқұрғақ аймақтары өсімдіктері жабынын зерттеуде пайдаланылды (Попова, Бычкова, 2011).
Б.В. Виноградов аэрофототүсірілгенде негізгі ландшафтардағы кілгін учаскелердегі материалдарды талдап, олардың белгілерін анықтап, қорытынды жасауға болатындығын ескертті.
Б.В. Виноградов (1959) КСРО-да әртүрлі географиялық аймақтарында және ландшафтарында орналасқан қорықтарды және стационарларды Аэрофотоға түсіруді ұсынды. Өйткені қорықтарда ландшафтар өздерінің табиғи күйінде сақталған және олар жан-жақты толық зерттелуде. Сондықтан оларды қайтадан Аэрофотоға түсіру арқылы ландшафтардағы табиғи өзгерістер туралы қорытынды жасауға болады деді.
Өсімдіктер әлеміне антропогендік факторлар әсері аймақтары мониторингісі аясында НИИКАМ-да 1970 жылдан бері аэро- және космотүсірулер материалдарына талдау жасау нәтижесінде өсімдіктер жабынына әртүрлі өндірістік мекемелердің, ауыл және орман шаруашылығы қызметтерінің, гидротехникалық құрылыстардың, қалалар салудың әсерлері зерттелуде.
Өсімдіктер мониторингін оптикалық диапазонның тар спектр аймағында пайдаланудың тағы бір бағыты ол - ауылшаруашылығын дәл дұрыс дамыту шаралары. Көрінетін диапазонда ұдайы, жүйелі спутник және авиация көмегімен суретке түсіру нәтижесінде егістердегі қолайсыз теріс өзгерістерді өз уақытында байқап тыңайтқыш себу, химиялық қорғау және т.б. жұмыстарды жүргізіп, өнімділікті белгілі дәрежеде сақтау.
Спутниктен алынған мәліметтер соңғы жылдары шөлдену проблемаларын зерттеуде кеңінен қолданылуда (Огарь, Гелдиев, 1999; Попова, Бычкова, 2011).
Тараудың қысқаша мазмұны
Ареал – өсімдіктер түрлері, туыстары және басқа да категориялары таралған аймақ. Егер біз өсімдіктің бір түрінің мекен жайын мысалы, Түркістан термопсисін алып, оларды нүкте түрінде картаға түсіріп, ең сыртқы нүктелерді сызықшамен қосу арқылы оның ареалын анықтауға болады, яғни сол сызықтың ішіндегі аудан өсімдіктің осы түрінің таралған аймағы немесе ареалы болып табылады. Бірақ мұндай нүктелі картаны тек сирек кездесетін өсімдік түрлеріне ғана пайдалануға болады. Кейбір мекен жайлар ареалдың сыртында орналасқан болуы да мүмкін, мұндай жағдайда ареалдың шет форностры деп атайды. Негізгі ареалдың алыста орналасқан олардың фрагменттері болуы мүмкін, олар энклавтар деп аталады. Кейде бүкіл ареал бірнеше бірдей бөлшектерге бөлінген болады. Мұндай тарихи себептерге байланысты пайда болған ареалдар дизъюнктивті ареалдар деп аталады.
Ареалдың көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір өсімдік түрлері барлық континенттерде кездеседі (космополиттер), басқалары кішкентай ғана территорияда кездеседі (эндемдер). Asteraceae, Poaceae және кейбір басқа тұқымдастар өкілдері жер шарында түгел тараған десе де болады.
Эндемдер: полиэндемдер және неоэндемдер деп ажыратылады. Полиэндемдер – өткен ғасырлардағы қалған таксондар өкілдері, неоэндемдер – оқшауланған ареалдарда пайда болған жас түрлер. Мысалы, Британия аралы Қырым, Байқал эндемдері.
Өсімдіктер жабыны флорасында түрлердің үш тобын ажыратуға болады: 1) эндемдер; 2) аэндемдер; 3) эиремдер.
Эндемдер - географиялық шағын аймаққа ғана таралған, басқа жерде кездеспейтін түрлер.
Аэндемдер – осы шағын аймақта пайда болған, бірақ қазіргі ареалы ол аймақ территориясынан сырт жерде пайда болған түрлер.
Эиремдер – бұл аймақ территориясынан сырт жерде пайда болған түрлер. Екі формацияның немесе екі аймақтың флораларының айырмашылығын немесе ұқсастығын ортақтық коэффициент арқылы көрсетуге болады:
К=а+в-с/а+в-с
Мұндағы а – бірінші аудандағы түрлердің саны,
в – екінші аудандағы түрлердің саны,
с – түрлердің жалпы саны
Жер шарында бір-бірінен флорасымен өзгешеленетін 6 флоралық аймақ бар:
1. Голарктикалық дүние
2. Палеарктикалық дүние
3. Неотропикалық дүние
4. Австралиялық дүние
5. Антарктикалық дүние
6. Кап дүниесі
Жер шарында фитоценоздар белгілі заңдылықпен таралады. Олардың біреулері негізінен экотоптың жағдайына сәйкес фитоценоздардың алмасу ерекшеліктеріне байланысты. Бұған әртүрлі комплекстік (латынның complexus – тұтасып кету, қабысу) құбылыстары жатады. Екіншілеріне ассоциациялардың, формациялардың және өсімдіктер жабыны типтерінің климат жағдайына байланысты таралып, горизонтальдық және вертикальдық аймақтарға бөлінуі жатады.
Косплекстік – бір ландшафтағы әртүрлі ассоциациялардың экотоп жағдайына байланысты алмасулары салдарынан өсімдіктер жабынының біркелкі емес формалары.
Нағыз комплекстерде фитоценоздардың алмасуы бір жүйемен, тұрақты болады. Ал егер фитоценоздардың алмасуы бір жүйеде тұрақты болмай, әртүрлі сипатта болып және фитоценоздардың мөлшері әрқалай болса,ол комплекстілік емес комбинация (латын. combino – қосамын, жалғаймын) деп аталады.
Өсімдіктер жабындарының аймақтылығы сол территорияның континентальды климат ерекшеліктерімен әрекеттестікте болады.
Аймақты жалпы географиялық заң ретінде И.И. Докучаев дәлелдеді, соның ішінде ол әрбір аймақтың климаты, топырағы, өсімдіктері және жануарлары әлемдері арасында заңды байланыстар бар екендігі туралы жазды.
ТМД елдерінде өсімдіктер жабындарының 4 аймағын жақсы ажыратуға болады: тундра, орман, дала және шөл. Әрбір аймақта жазықтықтағы тіршілік ететін орындарды (суды бөліп тұратын тегістіктерде) осы аймаққа тән өсімдіктер жабынының аймақтық типтері болады. Шөлдер аймағында бұта және бұташа типтері, дала аймағында бұта, шөптесін орман аймағында – орман және шалғындық (шөптесін), тундра аймағында қына, мүк және бұташа типтері тән.
Егер өсімдіктер жабындарының аймақтағы типтері жазықтықтағы тіршілік ету орындарында кездесетін болса, тіршілік етудің басқаша жағдайларында өсімдіктер жабындарының интерзональды (ағылшынның interzonal, латынның inter – аралық және гректің zone – зона) типтері дамиды. Интерзональды фитоценоздар өсімдіктер топтарына мысалы, суаттардағы, арна жанындағы жайылымдардағы, сортаң және қышқыл топырақтардағы өсімдіктер жатады.
Кейбір аймиақтардағы экстразональды (латынның extra – сырт және гректің zona – зона) өсімдіктер жабындары кездеседі. Мысалы, дала аймағындағы қарағай орманы.
Геоботаникалық картаға түсіру қазіргі кезде өсімдіктер жабынын зерттеуде және өсімдіктер қауымының географиясын білуде негізгі тәсілдердің бірі болып табылады.
Барлық геоботаникалық карталар толықтығына, дәлдігіне және масштабына қарай 4-ке бөлінеді:
1. Майда масштабты карталар, масштабы 1: 500 000
2. Орташа масштабты карталар, масштабы 1: 300 000-1: 100 000
3. Ірі масштабты карталар, масштабы 1: 50 000-1: 10 000
4. Толық дәл карталар және жоспарлар, масштабы 1: 5 000-1: 500
Барлық геоботаникалық карталар мақсатына және мағынасына қарай бірнеше кластарға бөлінеді, олардың ішіндегі ең маңыздылары:
1) Биоэкологиялық жіктеудің негізінде өсімдіктер жабынының ерекшеліктері туралы мәліметтер беретін карталар, олардың талабына сай аңыз жасалынады;
2) Генетикалық немесе география-генетикалық жіктеудің негізінде өсімдіктер жабынының ерекшеліктері туралы мәліметтер беретін карталар;
3) Өсімдіктер жабындарының кейбір жеке ерекшеліктері туралы мәліметтер беретін арнайы карталар, мысалы, мал азықтары, ормандар, дәрілік өсімдіктер жалпы пайдалы өсімдіктер қорлары туралы карталар.
Барлық ботаникалық карталар екі топқа бөлінеді: флоралық және өсімдіктер жабынының картасы. Өсімдіктер жабынының карталары өз кезегінде геоботаникалық аудандар және геоботаникалық немесе өсімдіктер қауымдарының карталары болып бөлінеді.
1974 жылы КСРО-ның жоғарғы және арнайы орта білім беру Министрінің бұйрығына сәйкес ЖОО-на арналған карталар сериясын жасау басталды. ЖОО картографиялық қамтамасыз ету жұмыстарында табиғаттың картасын кең тематикалық спектрде жасау жоспарланды. Өсімдіктер жабынының универсальды және арнайы жасалуға жоспарланған карталар саны оншақты болды. КСРО-ның Еуропалық бөлігінің және Кавказдың өсімдіктер жабыны картасы жасалды. Ол карталар ЖОО арнап жасалды.
Кейінірек тағы да екі карта жасалды:
1) «Ресейдің және шекаралас елдердің аймақтық және белдеулер типі өсімдіктер жабыны картасы» (1999),
2) «Ресей Федерациясы және шекаралас мемлекеттердің табиғи жайылымдары картасы».
Дистанциялық барлап білу материалдары негізінде Ресейдің өсімдіктер жабыны картасы жасалды (Борталев, 2009). Спутниктен алынған мәліметтер соңғы жылдары шөлдену проблемаларын зерттеуде кеңінен қолданылуда.
Пысықтау сұрақтары:
1. Өсімдіктер ареалы
2. Фитоценоздар флорасының географиялық элементтері
3. Флоралық дүниелер
4. Фитоценоздардың комплекстілігі
5. Өсімдіктер жабындарының аймақтары
6. Өсімдіктер жабындарын картаға түсіру
7. Майда масштабты шолу карталарының маңызы
8. Өсімдіктер жабынын зерттеудің дистанциялық тәсілі
8. ФИТОЦЕНОЗДАРДЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ ЖӘНЕ
ОРДИНАЦИЯСЫ
Ежелден адамдар өсімдіктер жабынының орман, шалғындықтағы сол сияқты әртүрлі формаларын ажыратты. Ормантанудың ғылыми негізі пайда болғанға дейін тайганың тұрғындары орманның әртүрлі типтерін мысалы, қарағайлы, шыршалы және олардың варианттарын ажырата білді. Шалғындықтарда өсімдіктеріне және өскен ортасының жағдайына қарай аңғар шалғындары /луга поемные/, орманды алқап шалғындары /луга лесные/, сай-сала шалғындары /луга суходольные/, сулы алқапты шалғындығы /луга пойменные/ деп бөле білді. Бұдан біз шаруашылықпен айналысқан халық үшін әртүрлі өсімдіктер жабындарын бір-бірінен көрнекті белгілерімен /құрамымен/ өсімдіктердің шаруашылықтағы маңызымен тіршілік орындарының ерекшелігімен тағы с.с. ажыратылатын негізгі типтерге біріктіру қажеттігін көреміз.
Осы қажеттілікпен, пайдаланылатын жерлерді типтерге бөлуде /өсімдіктер жабыны белгілеріне сүйене отырып/, өсімдіктер жабынын классификациялаудың түпкі негізгі мақсаты анықталынады. Халықтың, өсімдіктер жабындарының типтеріне қойған аттарын классификациялаудың түпкі негізгі мақсаты анықталынады.
Халықтың, өсімдіктер жабындарының типтеріне қойған аттарының және берген түсініктерінің біреулері көлемі және мазмұны жағынан өте кең /мысалы, орман/ екіншілері – тар көлемді және жеке /қылқан жапырақты орман немесе қара орман/, үшіншілері – одан да тар мағынада /қарағайлы орман, шыршалы орман/ болады.
Осылайша өсімдіктер жабынының халық классификациясы пайда болды. Бұл классификацияда тым жалпы ұғымдар /мысалы, орман, шалғындық және т.б./ оған бағынышты ұғымдарға бөлініп, яғни жоғарғы және одан төменгі рангтерден тұратын жүйеге келтіру бірліктерінің “иерархиясы” пайда болды.
Мұндай жүйеге келтірудің стихиялық процесі кезеңінде әртүрлі аудандарда және елдерде анықталған өсімдік жабындарының типтері әртүрлі атпен аталады. Бұл кезеңде өсімдіктер жабынына берілген бір ұғымның әртүрлі аудандарда мағынасы бірдей болмады. Бір жағдайда өсімдіктер жабынын бөлгенде жүйеге келтіру бірліктерінің жоғарғы рангын анықтаумен шектелсе, басқа жағдайда оларды оған бағынышты майда рангтарға бөлшектенеді. Өсімдіктер жабыны туралы ілімнің алға дамуына байланысты олардың классификациялық бірліктерін /флоралар жүйесіндегі түр, туыс, тұқымдас сияқты/ барлық жерге бірдей жүйеге келтіру қажет болды. Бірақ фитоценоздар типін бөліп және жүйеге келтіру - өте күрделі проблема. Бұл жұмыстың күрделілігі фитоценоздардың әртүрлі тіршілік формаларына жататын түрлерден құралатындығында. Сонымен қатар, фитоценоздар - өте динамикалы құбылыс. Кез-келген уақытта фитоценозда оның маусымдық флуктуациялық немесе сукцессиялық күйлері бейнеленеді. Қазіргі кезде адамдардың әртүрлі әсер етуінің нәтижесінде өсімдіктер жабындарында фитоценоздардың көптеген байырғы және туынды модификациялары кездеседі. Табиғаты әртүрлі фитоценоздарды бір типке жатқызатын, яғни конвергенция /әртүрлі текті организмдердің ұқсас белгілерінің болуы/ құбылыстарын жиі кездестіруге болады. Әрине мұндай жағдайларда фитоценоздардың конвергенциясы емес доминанттардың конвергенциясы деп түсінген дұрыс. Конвергенциямен қатар табиғатта дивергенцияны да /организмдердің ортақ белгілерінің, ұқсастық қасиеттерінің жойыла бастауы/ байқауға болады. Соның салдарынан өсімдіктердің өскен жерінің жағдайының өзгеруіне баланысты доминанттарымен ажыратылатын екі фитоценозға бөлініп кететіндігін көруге болады. Бұл нені көрсетеді? Бұл тек қана доминанттарды негізге алып фитоценоздар типтерін бөлу мақсатқа сәйкес келмейтіндігін көрсетеді.
Фитоценоздар типтерін бөлудің тағы бір қиыншылығы олардың көбісінің бір-біріне ұласып жататындығында. Осыған байланысты олардың арасындағы шекараларды тек шартты түрде ғана жүргізуге болады. Бұл жағдай геоботаникада бұрын басым болып келген бағыт – фитоценоздардың дискренттігімен /үзілмелілік/ қатар табиғатта өсімдіктер жабындары үздіксіз /котинуум/ деген ұғымның шығуына алып келді. Фитоценоздардың дискренттігін /үзілмелілігін/ мойындаған геоботаниктер бөлінген фитоценоздар типтерін жүйеге келтіру үшін организмдер систематикасындағыдай классификациялау тәсілін қолданады. Ал екінші бағытта, яғни фитоценоздардың үздіксіздігін /континуум/ мойындаған геоботаниктер оларды бір жүйеге келтіру үшін ординация тәсілін қолданады.
Өсімдіктер жабынының негізгі бөліктері ретінде фитоценоздар типтерін белгілеу үшін әртүрлі терминдер ұсынылады. Біздің елімізде ХІХ ғасырдың соңында және ХХ ғасырдың басында “формация” термині пайдаланылады. Ол кезде формация деп физиономиялық /сыртқы көрініс/ типтер аталды. Сол кезден бастап “формация” термині өсімдіктер жабынының систематикалық бірлігі ретінде ботаник-географтар арасында кең тарады. Ботанико-географиялық зерттеу жұмыстарында өсімдіктер жабындары, олардағы басым болатын өсімдік формаларына байланысты физиономиялық типтерге біріктіріледі. Бірақ өсімдіктің негізгі формаларын түсінуде бірауыздылық болмағандықтан /мысалы А. Гумбольдт/ 19 формасын ажыратса, Гризенбах 60, ал Кернер – 11 формасын бөлді /формация көлемін түсінуде де бірауыздылық болмады/. Бұл өсімдіктер жабындарын бөлшектеп бөлуге бір ғана физиономиялық принциптің жеткіліксіз екендігін көрсетті. 1960 жылы Брюсельде өткен 3-ші халықаралық ботаникалық конгресте өсімдіктер жабындарының негізгі өлшем бірлігі ретінде ассоциация қабылданды.
8.1 Өсімдіктер ассоциациясы туралы түсінік
Ассоциация /ағылшынша – association, латынша associatio - қосу, құрама/ - фитоценоздардың классификациясындағы негізгі синтаксон. Ассоциация терминін бірінші қолданған неміс ғалымы А. Гумбольдт 1805 ж. /Брюссель, 1910 ж./ конгресте ассоциацияға мынадай анықтама берді: “Ассоциация – тіршілік ететін орын жағдайлары біркелкі және сырт көрінісі /физиономиясы/ біркелкі белгілі бір флоралық құрамы бар өсімдіктер қауымы”. Сол уақыттан бері “ассоциация” термині көптеген елдерде өсімдіктер жабындарының негізгі өлшем бірлігі ретінде пайдаланылып келеді. Ассоциация өзінен кіші майда бөлшектерге бөлінеді /субассоциация, ассоциациялар варианттары/, сонымен бірге флоралық ортақтығына ірі синтаксондарға /одақтар, қатарлар, кластар тобы, дивизиондар/ біріктіріледі. КССР-да ұзақ уақыт бойы ассоциациялар доминанттардың ортақтығына байланысты бөлініп келеді. Содан кейін олар сыртқы /физиономиялық/ белгілеріне қарай топтастырылды. Мысалы, ассоциациялар тобы, ассоциациялар класы, формациялар, формациялар тобы, формациялар класы, өсімдіктер жабындарының типтері.
Өсімдіктер жабынын классификациялаудың Бүкілодақтық үшінші кеңесінде /Ленинград, 1971/ ассоциацияны анықтағанда, флоралық белгіге ерекше көңіл аудару керек деген қарар /революция/ қабылданды. Бұл жағдайда әрине, ассоциацияның атын қою үшін синтаксондар номенклатурасын білу керек. Синтаксондар номенклатурасы - бөлінген синтаксондарды атаудың ережесі. Классификация принциптеріне байланысты әртүрлі бағыттарда синтаксондар әр қалай аталады. Бұл проблеманы дұрыс шешуде Браун-Бланке мектебі үлкен табысқа жетті, олар бұл жұмыста идиосистематика тәжірибесін табыспен пайдаланды. Браун-Бланке және оны қостаушышылардың дамытып келе жатқан бағыты - фитоценоздар классификациясы флоралық сигматизм деп аталады. Бұл жағдайда әртүрлі рангтағы бірліктер өз аттарын таксондар /туыстар немесе түрлер/ бойынша алады. Таксондар өсіп, тіршілік ететін ортасының жағдайын немесе сырт көрінісін /физиономиясын/ бейнелейді. Синтаксондар атын құрастыру жөніндегі соңғы нұсқауды “фитосоциологиялық номенклатуралар кодексі” деген атпен Баркиан, Моравец және Роше /Миркин, 1983/ дайындап ұсынды. Ол нұсқау 1979 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Бұл кодекстің негізгі ережелері мыналар:






