Ұйымдық – құқықтық жағынан салықтар – бұл мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде және мерзімде бюджетке төленетін қайтарусыз және өтеусіз сипаттағы міндетті ақшалай төлемдер. Салықтардың экономикалық мәні олардың өзінің функциялары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін мемлекет жұмылдыратын ұлттық табыстың бір бөлігі болып табылатындығында.
Салықтар қаржының бастапқы категориясы болып табылады. Салықтар мемлекетпен бірге пайда болады және мемлекеттің өмір сүріп, дамуының негізі болып табылады. Адамзат дамуының бүкіл тарихы бойына салық нысандары мен әдістері өзгерді, игерілді, мемлекеттің қажеттіліктері мен сұрау салуларына бейімделді. Салықтар тауар-ақша қатынастарының ахуалына әсер ете отырып, олардың дамыған жүйесінде айтарлықтай өрбіді. Мемлекет құрылымының өзгеруі, өркендеуі әрқашан салық жүйесінің қайта құрылуымен, жаңаруымен қабаттаса жүреді.
Салықтар барлық елдерде олардың қоғамдық - экономикалық құрылысы мен саяси іс - бағытына қарамастан ұлттық мемлекет кірістерінің негізгі көзі – ұлттық табысты қайта бөлудің басты қаржылық құралы, мемлекеттің кірістерін және бюджеттің кірістерін қалыптастырудың шешуші көзі болып табылады. Салықтарда мемлекеттің экономикалық мазмұны нақты түрде көрінеді, ал салықтардың әлеуметтік – экономикалық мәні, олардың түрлері мен рөлі қоғамның экономикалық құрылысымен, мемлекеттің табиғатымен және функцияларымен айқындалады. Белгілі философ Френсис Бэкон салықтарды төлеу - әрбір азаматтың қасиетті борышы деген еді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-ші бабында: «Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады», - деп жазылған.
Сонымен, салықтар - бұл, белгіленген мөлшерде және көрсетілген мерзімдерде мемлекеттің өзінің қызметтері мен міндеттерін жүзеге асыруының көзі болып табылатын ұлттық табыстың бір бөлігі.
Салықтың көрсетілген белгілерін қарастырайық.
1. Салық - бұл мемлекеттің бекітімі.
Тек мемлекет қана азаматтардың салық салу режимін енгізе алады, оларға ақшаның белгілі бір сомасын бергізуге міндеттейді. Қазақстан Республикасында салықтарды төлеу міндеті азаматтардың конституциялық міндеттері аясында белгіленген. Осы орайда мемлекет өзінің саяси билік субъектісінің өкілеттілігіне сүйене отырып әрекет етеді.
2. Салық әрқашан құқықтық нысанда болады.
Салықты қандай да бір заң, жарлық, декрет, т.б. шығармайынша алу мүмкін емес. Бұл құқықтық акт жазбаша түрде жасалып, тиісті қолдар қойылып, мөрленіп заңдық күшке енеді.
Салықтың құқықтық нысаны оны төлемдердің, алымдардың, жарналардың кез келген түрінен ерекшелейді.
3. Салық - бұл заңды белгіленген төлем.
Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтарды заңда белгіленген салықтарды төлеуге міндеттейді. Азаматтар заңсыз белгіленген салықты төлемейді.
4. Салық мәжбүрлеу сипатына ие.
Салықтың мәжбүрлеушілік кезі екі жағдайда көрсетіледі. Біріншіден,салық төлеушінің тілегі мен күшіне қарсы енгізіледі. Екіншіден, егер салық төлеуші өзінің салықтық міндетін өз еркімен орындамаса, одан ақшаны мемлекет күшпен немесе сот арқылы алады.
5. Салық- бұл материалдық төлем, яғни салықты төлеу әрқашанда салық
төлеушінің мүлігін мемлекет пайдасына алуды көздейді.
6. Салық тұрақты экономикалық қатынастар туғызады.
Салықтық міндеттердің тұрақтылығын салықты төлеумен байланысты ақшалық төлемдердің тұрақтылығымен қосуға болмайды, алайда мемлекет бюджетке ақша қарадатының біркелкі түсуін қамсыздандыратын салықты төлеудің осындай тәртібін белгілеуге тырысады.
7. Салық- салық салу объектісінің бар болуымен сипатталады.
Ақшаны себепсіз алу түріндегі салық жоқ- кез келген салық салу
объектісі болғанда ғана алынады. Салық ісінің тарихынан білетін салық салудың қызық объектілері аз емес. Мысалы, I Петр сақалға салық енгізген, ол сол кездегі үлкен сомалардың бірі – 50 рубльді құраған. Англияда сән – салтанатқа салық болған.
8. Салық төлемнің белгілі бір мөлшері тән.
Қазіргі кезеңдегі мемлекет салықты сала отырып, «қанша болса, соншаны тартып алу» қағидасымен әрекет ете алмайды. Салықты белгілейтін нормативтік актілерде үнемі салық мөлшері анықталады. Салықтың белгілі бір мөлшерінің бар болуы- салық төлеуші мемлекетке қанша қарыз екенін біледі деген салық төлеу міндетінің мазмұнын қалыптастырады.
9. Салық сомасы үнемі мемлекет кірісіне құйылады, осынысымен салық
мемлекеттік емес құрамдар аясында белгілене алатын алымдар мен төлемдердің кез келген түрінен өзгешеленеді.
10. Салықты төлеу салықтық төлем затына меншік нысанының өзгеруін
тартады. Салықтың осы белгісін тұжырымдай отырып айтарымыз, ертеде қалыптасқан дәстүрлі көзқарастарға сәйкес, салық- бұл меншік нысанының ауысуымен сипатталатын төлем. Мемлекеттік кәсіпорындар төлемдеріне келсек, онда олар осы кәсіпорындар кірісін қайта бөлу процесін көрсетеді, онда осы кіріс мемлекет меншігі болып табылады. Осылацша, салықтарды белгілеу мен алу процесінде мемлекет саяси субъекті ретінде танылады, ал мемлекеттік кәсіпорындар кірісінің бөлігін ала отырып, өз мүлігіне иелік ету өкілдігін жүзеге асыратын олардың меншік иесі рөлінде танылады.