XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. басында Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Еділ мен Жайық өзендерінің сағасындағы жерлерге көшіп барды да 1801 жылы Ішкі немесе Бөкей (өздерінің бірінші ханы Бөкейдің есімімен) Ордасының негізін қалады. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы әскери бекіністі шептердің іш жағында орналасқандықтан «Ішкі» деп аталды. Ішкі Орда қазақтарының рулық-тайпалық құрамына адай, байбақты, беріш, жаппас, есентемір, ноғай, жетіру, масқар, серкеш, тана қызылқұрт, кете, таз, төлеңгіт, ру – тайпалары енді. Патша үкіметі қазақтардың Жайық сыртына көшуіне рұқсат бере отырып, қайта қоныстандыру мәселесін ұйымдастыруды орыс тағына жан -тәнімен берілген, шекаралық патша шенеуніктерінің нұсқауларын екі етпей орындайтын сенімді адамға тапсыруды мақұл көрді. Таңдау Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанға түсті. Патша шенеуніктерінің сипаттауынша Бөкей «жоғары мәртебелі таққа шын берілген» адам болған. Көші-қон жұмыстарын ұйымдастыру барысында Бөкей өз мүдделерін ұмытқан жоқ. Кіші жүз тағына отыру мүмкіндігі мен беделі жетіспей жүрген ол орыс билеушісінің сенімін пайдаланып, Жайықтың оң жағалауында өз хандығының негізін қалауды ниет етті.1812 жылдың басында патша үкіметі Бөкейді «Ішкі қырғыз-қайсақ ордасының ханы» етіп ресми түрде бекітті.1815 жылғы 12 мамырда орданың негізін қалаушы Бөкей дүниеден өтті. Ол көзі тірісінде-ақ хан атағын мұра ету құқығын өз ұрпақтарына ғана бекітіп берген еді. Өлер алдындағы өсиетінде хандық билігін сол кезде 14 жастағы баласы Жәңгірге қалдыратынын айтқан болатын. Жас Жәңгір кәмелетке толғанша орданы Шығай биледі. Жәңгір хан өкімет билігін қолға алған соң отаршыл әкімшіліктің өзіне жүктеген міндеттеріне сай қазақтардың өмірі мен тұрмысының және дәстүрлі ел басқару жүйесінің кейбір бағыттарына батыл түрде өзгерту енгізе бастады. Жәңгір көшпелі халықты отырықшыландыру мақсатымен олардың егін егуіне жан-жақты қолдау көрсетті. Орыс хуторлары мен деревняларының үлгісі бойынша тұрақты қоныстар салуға көңіл бөлді. Жәңгір хан өз ордасынан бастап ауылдарда мектептер, училищелер мен мешіттер ашты. Ол патша өкіметі мен жергілікті қазақ ақсүйектерінің мүдделерін ұштастыру саясатын жүргізді. 1827 жылы Нарын құмы Жасқұс шатқалындағы қонысты орда орталығы етіп жариялады. Ол әлеуметтік-экономикалық бағытта Ішкі Ордада феодалдық тәртіп орнатты. XIX ғ. 30 ж. ортасында Ішкі Орданың тұрғындары хан мен оның айналасындағылар патша әкімшілігінің аяусыз қанаушылығына ұшырады.
Қазақ халқының азаттық күресінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің маңызы зор.Ішкі Ордада көтерілістің алғашқы толқыны 1827–1829 жылдары болып өтті. Қазақ ауылдары Оралдың арғы жағына қайта орала бастады. Өткір жер дауы, салықтық езгі, әлеуметтік қысым, отаршылдық қанау 1836 жылы көтеріліске әкелді. Көтерілісті белгілі батыр Исатай Тайманұлы мен ақын Махамбет Өтемісұлы басқарды.1836 жылдың ақпанында Ішкі Орда қазақтарының Жәңгір ханға қарсы ашық күресі басталды. Оған сылтау болған Исатайдың хан ордасына шақырылуы еді. Ол барудан бас тартты және өзінің ауылдарын қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен лагерін жинады.Хан мен оның айналасындағылар жала жабуға көшті. Барымта кезінде біреулер бақташы шалды өлтірген болатын. Қарауылқожа жүргізген тергеу ісі Исатайдың және оның жақтастарының өлімге қатыстылығын дәлелдеуге тырысады. 1836–1837 жылдары 15 қарашада таң алдында Тастөбе елді мекенінде көтерілісшілер мен жазалаушылардың арасында кескілескен соғыс болды. Шайқаста көтерілісшілер жеңіліп, орасан көп малдары қырылды, ондаған адам қаза тапты. Бірақ аздаған қосынмен Жайықтың сол жағасына өтіп Исатай мен Махамбет құтылып кетеді.Енді көтеріліс Жайықтың сол жағасында жалғасады. 1838 жылғы 12 шілдеде Кіші жүз жеріндегі Қиыл өзенінің бойында көтерілісшілердің жазалаушылармен кезекті шайқасы өтіп, осы ұрыста Исатай мерт болады.Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің негізгі қозғаушы күші көшпелі рулар болды. Қозғалыстың стихиялығы, нақты бағдарламасының болмауы, ұйымшылдықтың жетіспеуі жеңіліске әкелді.Махамбет Өтемісұлы халық көтерілісінде маңызды рөл атқарды. Ол жалынды жырлары арқылы халықты патша үкіметі мен отаршылық билікті жақтаған хандарға қарсы күреске шақырды