1865 жылы үкімет Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлау үшін Далалық комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі істер министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді. Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарға алынбады. Ш. Уалиханов Қазақстанда халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген әкімшілік билік жүйесін енгізуді ұсынды. «Сот реформасы жөніндегі жазбаларында» ол қазақ халқы үшін әлеуметтік-экономикалық жаңашылдықтарды аса маңызды деп есептеді.1867 жылы наурызда Қазақ жерін, Орта Азия өлкесін әкімшілік басқару реформасының жобасын түпкілікті құрастыру үшін әскери министр Д. А. Милютин бастаған ерекше комитет құрылды. Нәтижесінде II Александр патша 1867 жылы 11 шілдеде «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша Ережені», 1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Дала облыстарын басқару туралы уақытша Ережені» бекітті.1867–1868 жылдары реформаның негізгі мақсаты «Қазақ даласының XIX ғасырдағы Ресейдің басқа да бөліктерімен толық қосылуына қол жеткізу, Ресейдің қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру, жергілікті ақсүйектерді биліктен шеттету, рулық бастамаларды әлсірету» болды. Реформаның негізінде Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір, әрбір генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді. Қазақстанның бүкіл аумағында 6 облыс құрылды, олардың екеуі – Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан, Ақмола және Семей облыстары Батыс Сібір, ал Орынбор мен Торғай облыстары Орынбор генерал– губернаторлықтарының құрамына кірді. Әрбір облыс белгілі бір шамадағы уездерден тұрды.Әкімшілік басқарма әскери сипатта болды. Облыстардың басында барлық әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарында шоғырландырған әскери губернаторлар тұрды.1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару» бойынша және 1867 жылғы Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару жөніндегі «Уақытша Ереже» бойынша болыстық басқарманың қолына полициялық және нұсқау таратушылық биліктер берілді. Ол «тыныштық пен тәртіпті» сақтауды, салық төлеуді және халықтың барлық міндеткерліктерін өтеуін бақылады. Оның міндетіне билер сотының шешімін орындату кірді. Ауыл старшындары өзінің құзырында болыстық басқармалардың міндеттерін орындады.Ескі экономикалық және идеологиялық жағынан тұтас, туыстыққа негізделе біріккен әкімшілік-рулық ұжымдардың орнына «Уақытша Ережені» енгізудің нәтижесінде жасанды бірліктер пайда болды. Осының бәрі қоғамдық билік жүйесінің дәстүрлі базасына әсер етті. Сондықтан тоқырауға ұшырады, оның маңызы, беделі және қажеттілігі төмендеді.
1886–1891 жж. әкімшілік реформалар.1886 жылдың 2-маусымындағы Түркістан өлкесін басқару туралы ереже. III Александр патшаның Түркістан өлкесін басқару туралы 1886 жылғы 2 маусымда қол қойған Жарлығы кең-байтақ өлкені басқарудың бүкіл құрылымына реформа жасауды бастап берді. Жаңа ережеге сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығына үш облыс: Сырдария, Ферғана, Самарқанд кіргізілді. Кейініректе, 1897 жылы, Жетісу облысы да жаңа генерал-губернаторлықтың құрамына берілді. Облыстардың билігі әскери губернаторларға берілді. Халық саны 800 230 адам, жер көлемі 353 430 шаршы шақырым болатын, көршілес Жетісу облысы 6 уезден: Верный, Қапал, Лепсі, Пішпек, Пржевальский және Жаркент уездерінен тұрды.1886 жылғы Ереженің негізгі өзегі бүкіл жер қорын мемлекеттің меншігіне беру болды, ол қазақтардың экономикалық әл-ауқатының негізгі нысаны – мал шаруашылығына орасан нұқсан келтірді. Жерді мемлекеттік меншік деп жариялап, жергілікті халықты жерін беймерзім жалға берушілер деп қараған үкімет, соңғыларына «мал жаюға, топырақ және тас, балшық жинауға» құқық бере отырып (253-бап), номадтардан құнарлы алаптардың алып қойылуын тездетті, ол XX ғасырдың басында столыпиндік аграрлық реформалардың жүргізілуімен аяқталды. 1886 жылғы Ереженің отаршылдық бағыты салық жүйесінен де өз көрінісін тапты. Ол 1867 жылғы Уақытша ереженің баптарын қайталады; әр түрлі міндеткерліктердің көлемін көбейтті. Мысалы, шаңырақ алымы 4 сомға дейін көбейтілді. Сот құрылымындағы өзгерістер Ережеде көрсетілген жаңалықтардың іске асырылуын заң тәртібімен қамтамасыз етуге тиіс болды және ол рыноктық қатынастарға тартылған әлеуметтік жіктердің мүдделерін қорғауды көздеді. Негізгі үш сот инстанциясы – бітістіруші судья, облыстық сот және үкіметтік Сенат отаршылдық тәртіптер енді ғана орныға бастаған жағдайларда қоғамның тіршілігін құқықтық жағынан қамтамасыз етуді реттеген бұрынғы заң ережелерін жоққа шығарды
54)XIX ғ. бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениет пен ғылым. Материалдық мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі мал шаруашылығымен, егіншілікпен, үй кәсіпшілігімен және қолөнермен байланысты еңбек құралдары болып табылады. XIX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады. Ең көп таралған қару түрі үш метрлік «сойыл», одан соң «шоқпар» болды. XIX ғасырдың орта шеніне дейін аң аулау кезінде садақ қолданылды.Көшпелі қазақтардың негізгі тұрғын үйлері көші-қонға ыңғайлы киіз үйлер болатын. Қазақтың киіз үйлері олардың үлкендігімен, яғни тігілген киіз үйде қанат деп аталатын кереге санымен анықталатын. Қанаттар саны 4 қанаттан 12 қанатқа дейін және одан да көп болатын. Сыртқы түрі бойынша күмбез тәрізді және шошақ болып келетін. Қысқы қыстаулар орналасқан өзендердің аңғарлар мен тау шатқалдарына қазақтардың киіз үйлері тұрақты үлгімен салынатын. Бұлар жер бетіне киіз үй сияқты етіп тастан (шошала), қамыстан (доғара) тұрғызылған құрылыс түрінде, тік бұрышты жеркепе және жертөле, жер бетіне тік бұрышты етіп салынған шым үй және саз балшықтан домбаздалған соқпа там болды. Дәстүрлі ағаш жәшіктер – кебежелердің, көрпе-төсек жинауға арналған жүкаяқтардың және ескіден келе жатқан төс-ағаштардың орнына, қазақтардың тұрмысында әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын, көлемі әр түрлі сандықтар пайда болды.
Ұлттық киім. Қазақтардың ұлттық киімінде өздеріне тән этнографиялық белгілер сақталып қалды. Киім-кешек үшін малдың жүні мен терісі негізгі материалдар болды. Киімнің едәуір бөлігі мақта-мата, жібек және басқа маталардан тігілді. Ұлттық киімнің пішіні мен түріне өзгерістер енді. Еркектер бітеу пішілген кеудесінде тік өңір-қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Сонымен бірге жаздыгүні олар ешкі терісінен иленген күдері шалбар киіп жүрді; шалбардың балақтарына төменгі жағынан тілік тасталып, ол кестемен сәнделетін.
Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпен» де дайындады. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлілерінің қатарына аң және үй жануарларының терілерінен тігілетін ішік жатады. Өте кең таралған және бәрінің қолы жететін қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. Барлық жастағы еркектердің қыста киетін аяқ киімі ішінде киіз байпағы бар, аласа да жалпақ өкшелі, ұзын қонышты саптама етік болды. Ересек еркектердің бәрі шашын тықырлап алдырған, басына тақия, тебетей киетін. Қазақстанның бүкіл аумағында қазақтардың ең көп таралған қыстық бас киімі «тымақ» болды.
Әйелдердің көйлегі иығына тігіс түспейтін етіп пішіліп, жалпақ қайырма жағалы, жеңдері ұзын етіп тігілген. Кеуде тұсындағы өңір қақпағына кесте төгілген. Қыздардың немесе жас келіншектердің көйлектері пішімі жөнінен де, матасы жағынан да жасы үлкен әйелдердің көйлектерінен өзгеше болған. Ол етегі бүрмеленіп, түймеленетін қатырма жағалы етіп тігілді. Жеңі жең ұшына қарай тарыла берді. Әйелдердің былғарыдан жасалатын жалпақ кемер белдіктері күміспен күптеліп, алтынмен апталып, қымбат бағалы тастармен және түсті шынылармен мол әсем әшекейленіп отырды. Барлық жастағы әйелдердің аяқ киімі мәсі және кебіс болатын. Әйелдің жасына және оның отбасындағы жағдайына қарай олардың бас киімдері де ерекшеленіп отырды. Жаз кезінде қыздар түрлі-түсті мақпалдан, жібек пен барқыттан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тебетей киіп жүрген, ол зеркестемен әсем нақышталатын еді. Бай нақышты үкілі тебетей — «қасаба» деп аталды. Күйеуге шыққан әйелдің бас киімі – кимешек ақ мақта-матадан дайындалған.
Қазақ әдебиеті. XIX ғасырда орыс ғалымдары мен қазақ зиялыларының жекелеген өкілдері ақындар, суырыпсалма жыршылар, жыраулар туралы мәліметтер жинап, тіпті олар шығарған әндер мен жырлардың мәтіндерін жазып ала бастады. Ақындар мен жыршылардың кейбіреулері өз туындыларын жазып отырды. Соның арқасында олардың өлеңдерінің түпнұсқа мәтіні сақталып қалған. XIX ғасырдың ортасынан бастап жекелеген ақындардың өлеңдері мен жырлары жариялана бастады. Бұл жекелей поэзиялық шығармашылықтың айқын көрініс тапқан және дами бастаған дәуірі болды.
XIX ғасырдың басында өмір сүрген Шал, Көтеш, Жанкісі жыраулар өз толғауларында әлеуметтік теңсіздікті, хандардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығын әшкерелеген.
Кедей ортадан шыққан Көтеш ақын (1745–1818) өмір бойы жоқшылық тауқыметін тартты. Оның шығармашылығының басты сарыны – кедейдің азапты өмірін көрсету, әділетсіздікті әшкерелеу.
Шал ақынның (1748–1819) шығармашылығы болған оқиғаға ақындық шабытпен сол сәтте үн қосуымен сипатталады. Олар қазақ халқының тарихындағы жекелеген оқиғалармен байланысты. Онда арнау өлеңдер мен мысқыл өлеңдері көп. Шал шығармашылығының негізгі тақырыбы – адам өмірі оның мәні, мораль, этика, дін мәселелері.
Музыка өнері. Қазақ халқының тұрмысы мен қоғамдық өмірі және еңбек әрекетімен біте қайнасқан рухани мәдениетінің етене саласы музыка болды. Дәстүрлі орныдаушылық – жеке ән салу мен аспапты жеке тарту кең тараған, әнді қосылып айту сирегірек; шығармалардың негізгі түрлері — ән мен күй. Жиырмадан аса әр түрлі музыкалық аспаптар болған, олардың бір сарынды ғана дыбыс шығаратын кейбіреулері – шертер, жетіген, саз сырнай, кепшік, шаңқобыз, даңғыра, асатаяқ және басқалары музыка өнерінің кәсіби талаптарына сай келмей, біртіндеп құри берген. Ал дыбыстық сапаларын жетілдіруге келетін басқалары музыкалық аспаптар тобын құрады. Олар: домбыра – ағаштан жасалған, шертіп ойналатын екі ішекті аспап, шанағы сопақша, кейде жазық формалы болып келеді; қобыз немесе қылқобыз – тостақ тәрізді толық ағаш шанақты және мойыны ішіне қарай иілген ыспалы қос ішекті аспап; сыбызғы – ағаштан, іші қуыс қамыс-қурайдан немесе металл түтіктен жасалған, 4–6 саусақ басар ойыңы бар ұзынша үрмелі аспап; дауылпаз – сырты тері жарғақпен қапталған ағаштан немесе металдан жасалған кішкене қазан түріндегі соқпа аспап.
XIX ғасырдың бірінші жартысындағы музыка өнері өткен замандар туындыларының таңдаулы үлгілерін сақтау және олармен сабақтас халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты жаңа шығармалар жасау негізінде дамыды. XIX ғасырдың музыкалық мәдениетінде 1836–1837 жылдардағы феодализм мен отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов пен оның ең жақын серігі, ақын әрі жыршы Махамбет Өтемісов бастаған көтеріліс елеулі із қалдырды.
Шығармашылық жолын сол жылдары бастаған болашақ халық композиторы Құрманғазы Сағырбаев (1806–1879) өзінің алғашқы шығармаларының бірі — «Кішкентай» күйін Исатай Тайманов көтерілісіне арнады. Көтеріліске қатысқан ол бұл күйінде халықтың отаршылдық бұғауынан азат болуға деген тегеурінді талпынысын көрсетті. Одан халық қайғысының, жеңіліс күйінішінің үні естіледі. «Кішкентай» күйінің музыкасы өзінің тебірентетін тегеурінді бейнелілігімен, композициясының айқындығымен, көркемдік техникасының күрделілігімен тамаша таланттың өсіп келе жатқанын көрсетті. Ол халықтың қалың ортасында өсті және қажырлы еңбегімен кейіннен халықтың кәсіби музыкалық мәдениетінің классикалық шыңына көтерілді.