Қазақ ұлтының демократиялық интеллигенциясының жетекшілері, біріншіден, патшалық Ресейдің халықты қорлайтын отарлау саясатының мәнін әшкерлеуді және қазақтардың этнос ретінде сақталып қалуы үшін оның келешігіне қатер төндіріп отырған патша үкіметінің өлкені кеулеп бара жатқан жан—жақты экспансиясының тоқтатуды мақсат етті. Екіншіден, олар заң шығарушы және басқарушы үкімет органдарының алдына кадеттер ұсынған үлгі мен әр түрлі петициялар арқылы талап—тілектер қою демонстрациялар мен шерулер ұйымдастыру, мемлекеттік думаның сайлауына белсенді түрде араласып, парламентке халық өкілдерін өткізу үшін күресуді мұрат тұтты. Сондықтан да 1905–1907 жылдары қазақ интеллигенциясы кадеттер ұсынған Ресей қоғамын реформалау талаптарын жүзеге асыру жолында жүргізілген саяси науқандарға қатынасуда айтарлықтай белсенділік көрсетіп, нақтылы іс—әрекеттерге барды. Олар, атап айтқанда қазақ қауымын ең болмағанда уездер мен болыстар шеңберіндегі жүйесін қалыптастырудың отарлық сипатын өзгертуді талап етті. Қазақ интеллигенциясының қоғамдық—саяси қызметінің тағы бір бағыты Ресейден Қазақстанға орыс мұжықтарын көшіру ісін басқаратын аударушылардың қоныс аударушы мекемелерінің қызметін тоқтату үшін саяси күрес жүргізуге арналды. Үшіншіден, ұлттық—либералдық қазақ интеллигенциясы қоғамының саяси өміріне өзін өкімет пен дергілікті халық бұқарасын байланыстыратын күш ретінде көрсетуге ұмтылды[1, 38 б.]. Қазақстанның көпұлтты мемлекет ретінде тарихи дамуының негізгі ерекшелігі, оның жергілікті халқының түркі тілдес халықтардан құралуы еді. Мұсылмандар ынтымақтастығы идеясы мен олардың санасындағы ұлт—азаттық қозғалыстағы " дін бірлігі" түрік халықтарының бір туғандығы туралы, олардың тарихи тағдырының ортақтығы туралы ұғымдар тығыз байланысты болып табылады. ХХ ғасыр басында панисламизм және пантүркішілдік ұлт—азаттық қозғалыстардың идеясына айналып, тегі мен тағдыры бір түрік халықтарын жақындата түсті. ХХ ғасыр басында түрік халықтарының ұлт—азаттық күресіндегі негізгі бағытын таңдау бірігу негізіне — олардың исламға (исламшылдыққа) немесе олардың түрік қауымдастығына (түрікшілдікке) бет бұруымен тікелей байланысты болды. Пантүркішілдік, панисламизм Ресейде ХІХ ғ. 80—шы жылдарында татар интеллигенциясының мәдени—либералдық қозғалысы ретінде өмірге келді. Оның теориясының қалыптасуы мен таратылуы қырым—татар ағартушыларының қоғамдық және ғылыми қызметтерімен тығыз байланысты. Пантүркішілдіктен шыққан " жадидшілік" екі идеяның — ағартушылық пен діннің бірігуін білдіреді. Жадидшілдіктің негізін салған Исмаил Гаспаринский (1851–1914) 1883 жылы Ресейдегі мұсылмандар " тіл, идея, әрекет жағында да бірігу керек" деп атап көрсетті. Оның ізбасары Жүсіп Ақшора түркi тілінде сөйлейтін ұлттар бірігіп, бірлікке келген " ұлт одағы" болып құрылуы керек дегенді ортаға салды. 1917 жылы қазан төңкерісінен кейін түркiшiлдiктi жақтаушылар Ресейде қуғынға ұшырап, көпшілігі Түркияға кетті. Сөйтіп, бұл идея түрік зиялыларының қолына өтіп, жаңа Түркияны қайта гүлдендірудің рухани тірегіне айналды. Қазақстанға панисламизм мен пантүркішілдік идеясы ХІХ ғ. соңында келді. Бұл идеяның жақтастары дін басылар, буржуазия және интеллигенция өкілдері болды. Қазақстандағы жадидшілер жаңа әдісті мектептер ашып, онда жаратылыстану, тіл, әдебиет сияқты зайырлы пәндер басым жаңа оқу бағдарламалары бойынша оқытуды жүзеге асырды.
Сөйтіп, 1905–1907 жылдардағы революция кезінде қазақ қоғамында қазақ интеллигенция қатарында ұлт мәселесі жөніндегі идеялар пайда бола бастады. Бұл жылдары қазақ интеллигенциясы тарапынан Ресей жеріндегі саяси партияларды қазақ жеріне тарту жұмыстары жасалды. Мәселен, 1905 жылы Кадет партиясының бастауыш ұйымын құру жүргізілді, І—ІІІ бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайлары өтіп, " Мұсылман партиясы қоғамының" құрылуы басталды. І Дүние жүзілік соғыстың басталуы мен шығысты отарлауды жедел қарқынмен жүргізе бастауы 1913 жылы А. Байтұрсыновтың " Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды" деп жазғанымен дәл келіп, ұлттық мүддені көтеру мәселесі алға шықты. 1916 жылғы ұлт—азаттық революция, қазақ интеллигенциясының либералдық—демократиялық зиялылар тобы мен социал—демокртатяилық тобы болып бөлінуіне әкеліп, алғашқы ұйымдар мен қозғалыстардың басталуына тудырды.
Сонымен, ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында түрлі саяси ағымдар, көзқарастар өрістеді. Түркішілдік, исламшылдық, ұлттық—демократиялық, социал—демократиялық қозғалыстар қалыптасып, дамыды. Бұл ағымдардың саяси өзегін интеллигенция өкілдері, соның ішінде ұлттық интеллигенция өкілдері құрады. Интеллигенция өкілдерінің қоғамдық—саяси қызметінің негізгі түрлері: саяси баспасөзді дамыту, петициялық қозғалыстарды жетілдіру, бүкілқазақ съездерін шақыру, мұсылман съездеріне қатысу, думалық қызметтерге араласу, ең маңыздысы қазақ халқының мүддесін барлық жерде қорғау болды.