Үшінші сыныпта оқу жылы басында сөз құрамы тақырыбынан екінші сыныпта оқылған түбір мен қосымша қайталанады. Оқушыларға сөздің түбірін танытуға ерекше көңіл бөлінеді, себебі олар жалғауы жасырын тұрған сөздерді және туынды сөздерді негізгі түбірден ажырата алмай шатастырады. Оқушыларға түбірді толық танытқанда туынды сөздердің мағыналары қанша түрленсе де, олардың бастапқы түбірі өзгермей, сол тұлғасын сақтап тұрғаны түсіндіріледі. Мысалы: үй-үйшік, үйден, үйші, үйлі, үйсіз.
Жаз-жазу, жазғыш, жазушы, жазғыз.
Біл-білім, білгіш, білу, білдір.
Сөйтіп, осындай түбірлес сөздердің мағына, тұлғасын салыстыра келіп, олардың бәрі ортақ бір түбірден тарап тұрғаны танытылады.
Одан әрі сөз құрамында түбір, жұрнақ, жалғау жеген бөлімдері болатыны еске түсіріледі. Жұрнақ және жалғау жалғанған сөздердің мағыналары салыстырылып, жұрнақ сөз мағынасын өзгертіп, жалғау сөз бен сөзді байланыстырып тұратыны ойдан сөз жасау, сөйлем құрау, сөз тұлғасын талдау тәсілдерімен бекітіледі.
Мәтіннен тіркесіп тұрған сөздер таптырылады. Сөзге тиісті жұрнақ не жалғау жалғатқанда, олардың жазылу емлесіне де оқушылардың зейіні аударылады. Түбірдің жуан, жіңішкелігіне немесе соңғы дыбысына қарай үндесіп, бір түрлі қосымшаның бірнеше формада келетіні ескертіледі. Берілген грамматикалық анықтама, түсініктер мысалдар келтіру жолымен бекітіледі.
Төртінші сыныпта сөз құрамынан өтілетін негізгі бағдарламалық тақырыптары: біріккен сөздер, қос сөздер және қысқарған сөздер.
Бағдарлама біріккен сөздердің жасалуы, оның жиірек кездесетін түрлері және біріккен сөздердің жазылуы жөнінде практикалық дағды бойынша білім беруді талап етеді. Ал, оқулықта «Екі түбірден құралған сөзді біріккен сөз» дейміз. Олар бірігіп жазылады,-деген анықтама айтылады да, «аққу, күнбағыс» сөздері мысалға беріледі. Бұл сөздердің тиісінше «ақ» және «қу», «күн» және «бағыс» деген екі-екі сөзден бірігіп жасалғанын айтып түсіндіріп, жазып көрсету арқылы үйретіледі. Бірақ әрбір екі сөзден бірігіп үшінші жаңа мағыналы сөз пайда болғанын таныту міндеті көзделмейді. Өйткені біздің орфографиямызда біріккен сөздер сөздің өзөіне тән айырым белгісі әлі егжей-тегжейлі дәлелденіп біте алмай келеді. Егер төртінші сынып оқушыларына «Екі түрлі мағыналы сөз бірігіп, үшінші бір жаңа мағыналы сөз пайда болады» деген ереже берілсе, онда тоғыз жасар бала кез келген екі сөз тіркесіп келген жағдайда оларды біріккен сөзге есеп етіп қосып жаза беріп, қате түсінікке ұрынады. Ал, ең бастапқы түсінік дұрыс, айқын болуы тиіс. Өйтпесе оқушының не қате, не жаңсақ ұққан түсінігін қайталап жөндеп алу өте қиынға түседі. Сол себепті жас балаларды жаңсақтыққа кезіктірмей, оларға біріккен сөзден дүдамалы жоқ, танымал мысал көрсету, жаздыру жолымен есте сақтау арқылы түсінік беріледі. Ол үшін бақылау әдісі қолданылып, мысалға келтірілген біріккен сөздің қандай-қандай сөздерден екені талданып көрсетіледі. Одан әрі мәтінмен біріккен сөздерді өздеріне таптыру тәсілі қолданылады. Немесе біріккен сөздер жасату тапсырмасы орындатылады.
Үшінші сыныпта берілетін білім көлемі, негізінде оқулыққа ендірілген сөздерді ғана меңгерту принципін ұстанады. Онда да сөздің ішкі мәніне теориялық жағынан үңілмей, тек сырт көрінісін танып, қалай жазылатынын есте сақтауды талап етеді. Сол талапқа орай 56 біріккен сөз ендірілген. Олардың елу сөзі адам, жер, су, жануар, өсімдік секілді деректі заттардың аттарын білдіретін – зат есімдер. Алты сөз әр, әлде, бір, еш сөздерінің есімдіктермен қосылып біріккен сөздердің пайда болуына арналған. Мұндай біріккен сөздерді түсіндіргенде мысалы, «әр» және «кім», «бір» және «неше» деген екі-екі сөз бірігіп, «әркім», «бірнеше» деген жаңа сөздер жасалған деп айтып, жазылу үлгісін көрсетіп қана қоймай сонымен бірге ондай сөздерді есте сақтау тапсырылады. Әйтпесе, олар қай-қай сөз таптарынан бірігіп тұрғандығын білімдік жағынан түсіндіруге оқушылардың дайындығы жоқ.
Біріккен сөздерді оқытқанда, ерекше көңіл бөлінетін мәселе – олардың жазылу емлесі. Біріккен сөздердің жазылу емлесі бойынша бұл сыныпта төмендегі төрт жағдай ескеріледі:
Балалар кітап оқығанда не сөйлегенде біріккен сөздерді сол өзгеріске түскен қалпында айтып дағдыланады. Сөйтіп балалар мәтінді жазылуынша теріс оқымай, дыбысталып айтылуын дұрыс келтіріп, мәнерлеп оқуға машықтанады.
Бағдарламада белгіленген біріккен сөздердің жазылу емлесі төмендегідей мәселелерді қамтиды: жалпы біріккен сөздердің қосылып, ал, кісі және жер-су атауларының бас әріппен жазылатыны, біріккен сөздер сыңарларының арасында екі дауысты дыбыс қатар келгенде екі түрлі жазылатыны (егер жер-су атаулары болса, екі дауысты дыбыс әріптерінің сақталып, ал, егер кісі аты болса, біреуінің түсірілетіні, яғни естілуі бойынша бір дауысты әріппен жазылатыны) меңгертіледі. Бұл ережелердің ішінде кісі аты және жер – су аттарының бас әріппен жазылатындығы ІҮ сынып оқушыларына тың мәселе емес. Балаларға бұл ереже бірінші сыныптан-ақ таныс. Сондықтан ол тек жаттығу жұмысы үстінде қайталау есебінде еске түсіріледі. Сонда ІҮ сынып үшін жаңа білім біріккен сөз туралы ұғымды, оның бірге жазылатынын, екі сөз аралығында көрші келген дауысты дыбыстардың сөйлеуде бір дыбыс арқылы айтылатынын, ал, бұларды жазғанда, жер-су атауларында бастапқы түбірлері сақталып, морфологиялық принциппен жазылатынын, кісі атының фонетикалық принцип бойынша бір дауыстымен жазылатындығын меңгерту ғана болып саналады.
Мұғалім мемлекеттік бағдарлама мен оқулық материалдарын жан-жақты зерттеп, олардың бір-біріне сәйкестігін және не олқы, не жетіспейтінін әбден анықтап алуы тиіс. Содан кейін үйретілетін білімнің мазмұнын жете түсіндіру үшін, сабақтың оқу материалын тілдік фактілермен (лайықты мысалдармен) байытып оқыту әдістері ойластырылады.
Біріккен сөз тақырыбынан ІҮ сыныпта берілетін білім мазмұны мен көлемі бағдарламада қалай белгіленгенін ілгеріде сөз еттік. Енді осы сыныптың қазақ тілі оқулығындағы біріккен сөздер мағыналарына қарай саралағанымызда төмендегідей мәлімет алынды. Оқулықта «Кейбір сөздер екі түбірден құралады. Екі түбірден жасалған сөз біріккен сөз деп аталады. Біріккен сөзді құрайтын түбірлер бірігіп жазылады: көкқұтан, итмұрын», - деген ереже берілген.(74-бет) Сонымен қатар біріккен сөздерді мәтіннен табу, оларды тауып астын сызу, біріккен сөздерді оқып, мағынасын түсіндіру, жазылуы мен айтылуындағы айырмашылықтарды түсіндіруге байланысты жаттығулар берілген.(76-77б.) Біріккен сөздер бойынша материалды меңгертуге байланысты оқулықта он төрт түрлі жаттығулар берілген.
Оқушыларға біріккен сөзбен аталатын өздері білетін аң, құс, шөп аттарын жазу, немесе таныс бірнеше сөз беріледі де, солардың жаңа мағына беретіндей етіп екі-екі сөзді біріктіру тапсырмасы орындатылады. Немесе оқушыларға бірнеше жеке сөздер беріліп, сол сөздердің әрқайсысына біріккен сөз құрайтын жаңа сөз қосып, белгілі бір тақырыпта шағын шығарма жазу тапсырылады. Көптеген жаттығу жұмыстарын орындау кезінде, сөз жоқ, бағдарлама белгілеген ережеге сәйкес әлденеше жаңа біріккен сөздер туындап, сабақ материалы кеңейе түседі.
«Қос сөздер» тақырыбын өткенде ІҮ сынып оқушылары қос сөздердің анықтамаларын меңгеріп, олардың жазылу емлесімен және үш түрлі жасалу жолымен: бір сөздің қайталануы, екі түрлі сөздің қосарлануы және күшейтпе буын арқылы жасалуымен танысады. Олардың дефис арқылы бөлек жазылатын емлесі үйретіледі. Қос сөздердің бір сөз сияқты бір түйдек екпінмен тұтас оқылатыны, айтылатыны байқату, бақылату, жаттықтыру әдістерімен меңгеріледі.
Мұғалімдер сабақ материалын өздері байытып, қос сөздерді қатыстырып көрнекі құралдар, карточкалар жасап пайдаланған тиімді. Бұл оқулық материалын байытып, оқушылардың танымын кеңейтеді. Бастауыш сынып бағдарлама сөздің тек формасын білдіруді ғана емес, мағыналық белгісін танытуды мақсат етеді. Осыған орай сабақта қос сөздердің семантикалық, лексикалық мәндерін ашып көрсетілуі керек. Мұның бәрі оқушылардың сөздік қорын байытады, тіл байлығын арттырады, логикалық ойлауы мен дүниетанымын жетілдіреді.
Жаңа бағдарлама бойынша қысқарған сөздер тақырыбы төртінші сыныпта оқытылады. Бағдарлама сөздің бірінші әріптерінен бірінші сөздің басқы буынынан келесі сөздердің бас әріптерінен, сөздердің басқы буындарынан жасалатын түрлерін тануды және олардың жазылу емлесін үйретуді талап етеді.
Қысқарған сөздерді өткенде, әдістемелік жағынан ескерілетін кейбір мәселелер мыналар.
Біріншіден, оқушыларға сөзді қысқартып қолданудың артықшылығын аңғарту керек. Ол үшін сөзді толық жазуға оны оқуға көп уақыт кететіні қысқарған сөзді жазудың, оқудың жеңілдігімен салыстырылады.
Екіншіден, қысқарған сөздердің бас әріптерден жасалатын түрлерін әріп аттарымен айтып, оқытып жаттықтыру арқылы практикалық дағды беріледі.
Үшіншіден, бас әріппен жазылатын және кіші әріптермен жазылатын сөздің бірінші әріптерінен қысқарған сөздердің емлесін түсіндіру үшін жаттығу жұмыстары орындатылады, мұндай сөздер оқушылардың сөздіктеріне жаздырылады әрі жаттатылады.
Төртіншіден, қысқарған сөздердің мағыналарын дұрыс ұқтыру үшін олардың толық түрін айтқызып, жазғызып білім бекіту жұмысы іске асырылады. Толық сөздерден қысқарған сөздер жасатып дағдыландырған дұрыс.
Негізгі әдебиеттер:31, 37, 41, 45
Тақырып 11. Тіл дамыту және байланыстырып сөйлеуге үйрету әдістемесі
Дәріс жоспары:
1.Тіл дамытудың мақсат-міндеттері.
2.Сөйлеу туралы ұғым және оны дамыту.
3.Сөздікпен жұмыс жасау әдістемесі.
4.Байланыстырып сөйлеу және оны дамыту міндеттері.
5. Байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстары.
6. Балалардың тіліне қойылатын талаптар.
Бастауыш мектептерде жүргізілетін тіл дамыту жұмысы негізінен мынадай мақсаттарды көздейді:
1) оқушылардың байқағыштық ойлау қабілеттері мен тілін, дүниетанымын дамыту, әр нәрсені салыстыра талдап, салыстыру негізінде өз беттерімен қорытынды шығара білуге үйрету;
2) оқушыларға қазақ әдеби тілі нормасына сай, өз сезімін, ойын дұрыс жазып бере алатындай дағдылар, біліктер қалыптастыру;
3) оқушыларды ана тілін сүюге, оның алтын қорын, тамаша сырлы, көркем де нәзік соз байлығын қолдана білуге және оны сезініп, құрметтей білуге тәрбиелеу;
4) қазақ тіл ғылыми табысы негізінде оқушылардың жазу тілін дамытуға септігі тиетін мазмұндама мен шығарма жұмыстарының оңай да тиімді түрлерін іріктеп алып ұсыну;
5) шығарма мен мазмұндама мәтіндері арқылы балаларды өз Отанына берілген шын патриот, бір-біріне достық, туысқандық рухта, бауыластық сезімге, қоғамымызға саналы да белсенді қызмет ете білуге тәрбиелеу.
Бұл жұмыстарға қойылатын методикалық талаптардың бастылары:
1) Берілген тақырыпты ашып көрсете білу, оқушы озінің жинаған материалын берілген тақырыптағы негізгі ойды көрсететіндей етіп іріктеуі қажет.
2) Жазылған жұмыстың мазмұнды болуы, балалардың жазған мазмұндамалары мен шығармалары орфографиялық, пунктауциялық жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да, ойдың реңін білдіруі, сөйлемдердің арасындағы байланыстардың дұрыстығы т.б. жақтарынан да бағалануға тиіс.
3) Оқушы материалды ешбір қайшылықсыз, белгілі бір ретпен, жүйелі түрде баяндауға тиіс, яғни алдын ала синтездеу жұмысы дұрыс ұйымдастырылып, саналы түрде өткізілуі қажет. Оқушы әуелі не жөнінде, одан кейін нені айтатынын толық синтездеп, жоспар жобасын жасап алады. Сөз, сөйлем қалдырып кетіп, ойдың күрт үзіліп, байланыссыз қалуынан сақ болған жөн.
4) Оқушылар айтайын деген ойын дәлме-дәл, анық білдіретіндей етіп, сөздерді, материалдың ішіндегі негізгілерін таңдап қолдануға тиіс (мысалы, III сынып оқушысы "Мәншүк" мәтіні бойынша мазмұндама жазғанда, "жаудың жаңбырша жаудырған оғы" деген тіркесті сол қалыпында беруге тырысып, "жаудың тамаша жаудырған оғы" деп жазған.) Мұндай қателерге жол бермеу үшін, сөз іріктеу, сөйлем құрастыру т.б. мәтінді анализдеу, синтездеу жұмысына дұрыс мән берген жон.
5) Басы артық сөз қолдану, қыстырма сөз қолдану, бір сөздің бірнеше рет қайталануы сияқты кемшіліктерге жол бермеу шарасы жасалуға тиіс (Мысалы, "қар ери бастасымен, қызғалдақтар шыға бастады", "Күн жауды, күн жауған соң, жер су болды", "Қарғаның қарны ашты. Сосын ол тамақ іздеді. Сосын қарқа келіп қонды").
6) Оқушы жазба жұмысында сөйлемдерді белгілі бір формада қарастыратын болсын, яғни бір сөйлем өткен шақта, екінші сөйлем келер шақта тұрмасын ("Мен тауға бардым. Күн ыстық болады").
7) Жергілікті ауызекі сөйлеуде қолданылатын сөздерді жазуда қолдануға дағдыланбау керек ("Там төбесін қар басып қалды"; "Жейдесі су болды", "Азанда бүлдірген теруге кетті").
8) Жазба жұмыстарын жетілдіре білу дағдыларын оқушылар міндетті түрде меңгерген болуға тиіс, яғни жазба жұмыстарының орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық қателерін оқушы мұқият қарап, тексеріп шығатын болсын. Мұнда тіпті кейбір қате құрастырылған сөйлемдерді жөндеуге де жол беріледі.
Оқушыларды байланыстырып сөйлеуге үйретуде ең маңызды орын алатын – сөздік жұмысы. Өйткені нақты заттар мен құбылыстар да, абстрактылық ұғымдар да сөз арқылы белгіленеді, сезім мен ниет те сөз арқылы білдіріледі. Сондықтан оқушыларға жаңа сөздер үйрету, үйренген сөздерінің мағынасын меңгерту, көркем шығармалардағы бейнелі сөз тіркестерімен таныстыру және оның барлығын баланың активті сөзіне айналдыру маңызды да күрделі, жауапты жұмыс болып табылады. Мұнда, яғни сөздік жүргізу барысында әсіресе синонимдер, антонимдер, көп мағыналы сөздер мен қанатты сөздерге көңіл аударылады. Бұл айтылғаннан I—Ш сынып оқушыларына «синонимін, антонимін тап, қанатты сөздер құра...» сияқты түрде, терминдерді колдана отырып тапсырма беріледі екен деген ұғым тумауға тиіс. Бұл терминдер мұғалімдер үшін ғана аталып отыр: ал оқушылар «мұны тағы қалай атауға болар еді? Осының орнына тағы кандай сөз қойып айта алар едік? Мұның қарама-қарсы мағынасын кандай сөз арқылы айтамыз?» т. б. тәсілдер арқылы бір мағынаны білдіру үшін бірнеше сөз іздейді немесе оның қарсы мағынасын білдіретін сөздерді табады. Мұнан былайғы терминдер жөнінде де осы пікір есте болғаны дұрыс.
Сөздік жүргізу барысында мағынасы жақын сөздерді бір топқа біріктіру, синонимдерді мағынасының күшею немесе кему барысына қарай реттеу, бір сөзге синоним табу; антоним сөздерді жұптап жазу (берілген сөздерден), антонимнің бір сыңарын табу, сөйлемді бірнеше түрге ауыстыру; берілген сөздер бойынша сөйлем, текст құрастыру, т. с. с. жұмыстар жүргізіледі.
Тілдің синтаксистік негізі сөз тіркесі мен сөйлем болып табылады. Сөз тіркесі аяқталған ойды білдірмейді, бірақ сол ойға қатысты ұғымды жасайды; сөз тіркесінде бағыныңқы сөз, басыңқы сөз болады: ашық аспан (қиысу), сабаққа барды (меңгеру), т. б. Сөз тіркесі де сөз сияқты заттарды, оның сын-сипатын және қимыл-қозғалыстарын білдіреді. Сөйлеу барысында алуан түрлі сөз тіркесі пайлаланылады. Сөйтіп, сөз тіркесі ойдың қалыптасу процесін көрсетеді. Ендеше, балаларды байланыстырып сөйлеуге үйрету барысында олардың сөз тіркесін де меңгеретіні сөзсіз. Бірақ мұнда да балаларға «сөз тіркесі», «бағыныңқы, басыңқы сөз», «қиысу,меңгеру», т. б терминдерді айтудың қажеті жок. Олар тек практикалық тұрғыда ғана үйретіледі, яғни сөйлемнің құрамындағы сөздерді мұғалім байланыстыру жолдарына қарай топтап алып, балалардың зейінін әр топтағы сөздерге аудара отырып, сол сөздермен түрлі жұмыстар ұйымдастырады. Бұл жұмыстар, балаларды сөйлемдегі сөздерді топтай білуге үйретудің өзі ой бөліктерімен жұмыс жасау болып табылады.
Оқушылар оқыған материалдарының мазмұнын дұрыс қабылдап ондағы негізгі ойды жақсы ұғыну үшін, оқу сабақтарында алуан түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқылатын материалдардың сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білімі мен дағдылану дәрежесіне байланысты іріктеледі. Окушылар мәтінді дұрыс қабылдау үшін негізінен мынадай жұмыстар жүрізіледі:
1. Мәтінді қабылдауға оқушыларды психологиядық дайындау.
2. Мәтінге байланысты сөздік жұмысын жүргізу.
3. Шығарманы оқу.
4. Оқыған шығарманың мазмұнын айту.
5. Шығарманың жоспарын жасау.
6. Мәтіннің мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстар.
Мәтінді қабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау.
Көркем шығарма жазушының сөзі арқылы қабылданады. Шығарманы окыған кезде оқушыда елес (адамдардың портреті, табиғат картинасы, ондағы окиғалар т.б) туады. Бұл оқушының сезімін де қозғайды. Балалар қояннан қорыққан қасқыр туралы оқығанда күледі. Бомба түсіп: "-Ей, тілсіз жануарлар. Мені де, сені де балапанынан айырған қара жүрек жауыздар..." деген сөздерді оқығанда, көздеріне жас келеді. Осы ішкі көрініс айқындала түсу үшін, оқушының санасында осы бейне анық жасалу үшін шығарманы оқымас бұрын оқушылармен алдын ала дайындық жұмысы жүргізіледі. Бұл көбіне әңгіме түрінде ұйымдастырылады. Дайындык әңгіме оқығалы тұрған шығармадағы оқиғаға ұқсас, балалардың өз өмірінде болған оқиғаларды еске түсіру сияқты тәсілдермен өткізіледі.
Мысалы, М.Әуезовтың атақты "Абай жолы" романынан кішкене балалардың түсінігіне сай келетіндей етіп, қыскартылып алынған Абайдың балалық шағын көрсететін үзінді оқулықта "Бүлдірген тере барғанда" тақырыбы арқылы беріледі. Осы мәтінді оқуға дайындау барысында мұғалім балаларға бүлдіргеннің қандай түрлерін білетіндерін айтқызып, оның қалай өсетіні, балалардың бүлдірген теріп көрген-көрмегендері жөнінде әңгіме өткізеді. Осылайша, алдын ала әңгіме жүргізілгеннен кейін, "Бүлдірген тере барғанда" шығармасының мамұнын білуге оқушылардың ынтасы артып, оны тереңірек ұғынуларына және әңгімеден молырақ әсер алуына жағдай жасалады.
Алдын ала жүргізілген әңгімеде мұғалімнің оқылатын мәтінде кездесетін жаңа сөздер мен қиын ұғымдарды түсіндіруді ұмытпағаны жөн. Әңгіменің ішіндегі түсініксіз сөздердің мән-мағынасын біліп алмайынша, оны оқығанда мазмұнын ұғу балаларға өте қиынға соғады. Ал оқулықтарда әрбір әңгімедегі осы түсініксіз болады-ау деген создердің барлығын теріп алып, мәтіндердің аяғына сөздік ретінде бере беруге болмайды.
Сонымен шығарманы оқуға дайындау жұмысы, біріншіден, балаларды оқылатын әңгіменің мазмұны мен ондағы кейіпкерлердің ісін саналы түсіне білуге дайындау, екіншіден, оқылатын әңгіменің мазмұнына қызықтыру, үшіншіден, ондағы түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру мақсатында жүргізіледі. Дайындық жұмысының да көздейтін түпкі мақсаты — балаларға шығарманы толық та саналы қабылдауға мүмкіндік туғызу. Дайындық жұмысында қандай әдіс-тәсілдер қолдануға болады:
а) Оқушылардың өздеріне әңгіме айтқызу. Кейбір шығармаларды оқуға дайындау барысында балаларға өздерінің басынан кешірген немесе естіп, көріп, оқып білген оқиғалары жөнінде әңгіме айтқызылады. Мұндай әңгіме балалардың ойы мен сезімін қозғауға жәрдем етеді. Мысалы, Ғ.Мұстафиннің "Қырман үстіндегі ту" әңгімесін оқуға дайындалуда егін жинау, астық тасу жұмыстарында балалардың болған-болмағандары анықталып, әңгімеге тартылады.
С.Мұқановтың "Сең үстінде" әңгімесін оқымас бұрын жазғытұрым өзендерде сең жүру оқиғасы туралы әңгімелеуге болады.
ә)Мұғалімнің әңгімесі. Кейбір жағдайларда, егер оқылатын материалды түсінуге қажетті деректерді балалар білмейтін болса, мұғалімнің өзі кіріспе әңгіме айтып береді. Мысалы, "Сырым батыр", "Тарас Шевченко" мәтіндерін оқымас бұрын бұл мәтіндердегі оқиға қай кезде болғанын Сырым батырдың немесе Тарас Шевченконың кімдер екенін айтып, түсінік беру керек.
Мұнда балалар мұғалімнің әңгімесін тындай отырып, шығарманы оқуға кұмартатындай, оқығанша асығатындай жағдайда болғанда ғана дайындық әңгіменің талапқа толық сай өткені деуге болады.
б) Ұжымдасқан түрде әңгіме айту. Біреу білмегенді біреу біледі. Жеке оқушыдан гөрі сыныптағы барлық оқушының білетіні көп болады. Сондықтан кейбір жағдайда оқылатын материалға кажетті мағлұмат ұжымды түрде айтылатын әңгіме ұйымдастыру арқылы анықталады. Мұнда балалар өз беттерімен біреулері екіншілерінің айтқанын түзетеді, толықтырады.