Алломарон - құрамында 100 мг аллопуринолы және 20 мг бензоброманы бар қоспа дәрмек. Ем 3-6 ай, одан да үзақ жүргізіледі.
Хирургиялық ем. Аса үлкен, беті тесілген тофустар алынады, буындар аса зақымданған артропластика жасалынады.
Ревматоидтық артрит (РА)
Ревматоидтық артрит — көбінесе шеттік (синовиялық) буындардың симметриялы эрозиялық-деструкциялық зақымдануына және буыннан тыс бұзылыстарға әкелетін дәнекер тіннің тоқтаусыз меңдейтін жүйелі ауруы.
Ревматоидтық артрит көптен белгілі ауру болғанымен оның клиникалық көрінісіне алғаш толық суреттеме берген Гарро (1863 ж.),
Этиологиясы. Ревматоидтық артриттің даму себептері белгісіз, дегенмен оның дамуында келесі факторларға мән берілуде.
1. Ген ерекшеліктері. Ревматоидтық артритке шалдыққандардың қандас туыстарында осы дерт 4 есе жиі кездеседі. Бұл HLA жүйесінің антигендік құрылымының ерекшелігінен болуы мүмкін, науқастардың HLA жүйесінде DR1, DR4, DRW4, DW14-aнтигендepi жиі анықталады.
2. Инфекциялық агенттер. Соңғы кезде иммундық жасушалардың (В-лимфоциттердің) зақымдануына алып келетін кейбір вирустарға — ретровирусқа, герпес, қызамық вирусына, цитомегаловирусқа, әсіресе Эпстайн-Барр вирусына және микоплазмаға, стрептококтарға көп мән беріледі. Эпстайн-Барр вирусының ревматоидтық артриттің дамуына қатысу мүмкіндігін дәлелдейтін мәліметтер анықталған:
а) ревматоидтық артритпен ауыратындардың 80%-да Эпстайн-Барр вирусына антиденелер титрінің биіктігі;
б) аталмыш вирустың ревматоидтық фактордың түзілуіне септігін
тигізу мүмкіндігі;
в) осы вирустың ревматоидтық артритпен ауыратын науқастардың
В-лимфоциттерінде жиі табылуы;
г) вирустың кейбір компоненттерінің DW4, DW14, DR молекула-
сындағы b- тізбектің бір бөлшегіне ұқсастығы.
Белгісіз бір ген кемістігі Эпстайн-Бар вирусының организмде ұзақ сақталуына септігін тигізеді-міс. Вирустың организмде ұзақ тіршілік етуінен Т-жасушалардың супрессорлық қасиеті төмендейді және В-лимфоциттерде иммуноглобулиндердің түзілуі бұзылады.
Клиникалық көрінісі. Клиникалық көрінісінен ревматоидтық артрит екіге бөліп қаралады. Біріншісі — буындық түрі, ревматоидтық артритпен ауырғандардың 80%-да кездесетін. Оның басты белгісі — буындардың қабынуы мен деформациясы. Екіншісі — буын-висцеральды түрі. Бұл түрінде буынмен бірге түрлі ағзалар зақымданады.
Көбіне ревматоидтық артрит баяу басталады. Бірақ, кейде оның бастамасы биік қызбадан, буындардың бірден қатаң сіресуінен, ісініп ауырсынуынан жіті басталады. Ревматоидтық артрит басталған шағында ең алдымен өзінің "сүйікті" буындарын зақымдайды: алақан-саусақ, проксимальді фалангааралық, кейіндеу - табан-бақай және тілерсек буындарын. Бұл ауруға буындардың симметриялы зақымдануы тән.
Жүре бара патологиялық процесс меңдеп, көптеген буындарға таралады. Бірақ ревматоидтық артрит тиіспейтін буындар да бар: омыртқа жотасының бел және кеуде бөлігінің, дистальді саусақаралық, V-ші проксимальді фалангааралық(шынашақтық). Бұл ерекшелік ревматоидтық артритті өзге артриттерден айыруға көмектеседі.
Ревматоидтық артриттің баяу өрістейтін түрі ең алдымен буындардың ұйқыдан оянған кезде сіресуінен басталады. Сіресудің қатаңдығы мен созылу уақыты қабыну процесінің деңгейіне тәуелді. Минимальді активтілікте - 30-60 минут, ауырлау жағдайда — түске, тіпті кешке дейін созылады.
Бастапқы шақта сіресу буынды біраз жазып бүккен соң, біртіндеп жойылады, бірақ жүре-бара күшейіп, адамның қимылын шектейді. Науқастар сіресуді әртүрлі суреттейді: "тар перчатка" (жұдырықты жұма алмау), "корсет" белгісі (дененің сіресуінен ұйқыдан кейін төсектен тұра алмау, т.б.) Сіресудің себебі — эндогендік гидрокортизон бөлінуінің циркадиандық ырғағының бұзылысы. Қалыптыда гидрокортизон бөлінуінің биік шыңы сағат 7-8 шамасында. Ревматоидтық артритте бұл кезең кештеу уақытқа ығысады. Жүре келе экссудация процессі күшейіп, сіресумен бірге буындардың ауырсынуы, ісінуі, терісінің қызаруы пайда болады. Ісінген ұсақ буындар ұршық тәрізденеді. Егерде буынның қуысына сұйықтық мол жиналса, онда флюктуация байқалады.
Ревматоидтық артритте буындардың ауырсынуы қабыну типті, яғни буындардың ауырсынуы түн ауа, таң ата күшейеді. Буын қабының