Қанды жалпы тексеруде, гипохромды қан азайуды, ЭТЖ өзгергенін анықтайды. Егер лейкоцитоз болса, онда қабыну үрдісті байқауға болады.
Қандағы рак ұрық антигенін (РҰА) анықтау- ісіктің асқынған сатысында оң болатындықтан, оны аурудың алғашқы өсу кезеңдерінде жиі қолданбайды. Ал енді тоқ ішек рагы емнен кейін қайталанса (операциядан соң) онда бұл тәсіл- өте құнды, әсіресе оны маркерлерді (ТИ М2-РК) анықтаумен қоса, қосымша анықтаса өте тиімді.
Нәжістегі қанды анықтау тоқ ішек рагында құнды тәсіл. Бұл реакцияның мәні- нәжістің, егер онда қан болса, түсі өзгереді; гемоглобин және көміртегінің қос тотығы (Н202) бензидин тұрған жерде (Грегерсен әдісі) жасыл-көк түске, ал Гваяков тас майы (смола) қан тұрған жерде ол көк сия түске (Вебер әдісі) айналады. Бұл тәсіл халықты жаппай тексеру кезінде қолдануға болады, мұны гемокульт –тест дейді. Оның пайдасы, жасырын қан қалдықтары нәжісте болғанда өте тиімді.
Рентгенмен тексеру -тоқ ішектегі ракты анықтайтын ең негізгі әдіс. Тәжірибеде ирригоскопия жиі қолданады, ол екі орындау тәсілімен орындалады. Ол ұшін, ауыз арқылы – per os (пассажды әдіс), немесе тік ішек арқылы – per rectum (ретроградты ирригоскопия) барий тұзын енгізеді (№18- сурет).
Ирригоскопия жасар алдында тоқ ішектің жиекті бөлігін тазалау қажет, ол үшін ауру адам көкөністерді көп қолданбай, көбінде күріш ботқасын қабылдау керек, бұл әдісті қолданар алдында науқасқа кешінде (21 сағатта), таңертең екі сағат бұрын тазалау клизмасы (1,5-2,0 л), дене температурасындай жылылықта жасалынады. Науқас тексеруге келгенде жайма (сейсеп), не орамал ала келуі тиіс.
Ирригоскопия кезінде - ішекті екі рет көреді: алдымен ішектің ішкі көрінісі мен қуысының мөлшерін анықтау ұшін, оны барий тұзымен (1:4 қатнаста) толық толтырып болған соң қарайды, содан кейін оны босатып (әжетханаға барып), бос қуыстағы шырышты қабаттың өзгерістерін анықтайды. Ішек босағаннан кейінгі көріністі, алдыңғысымен салыстырады.
№18- сурет. Ирригоскопия
Рентгендік көрінісінде тоқ ішек рагының 3 белгілері болады:
1. толу кемістігі (тіннің + белгісі), оның пішіні (бейнесі) тіс тәрізді иректелген болып келеді,
2. ішек қуысының сақина тәріздес тарылуы және осы жерде ішек қабырғасының қатайуы және оның жоғарғы бөлігінің кеңейуі,
3. толу кемістігінің ортасында барий тұзы қалдығының қалуы.
Ирригограммадағы көріністерді айқындауға, өзгерістерді анық көру үшін, барий тұзы мен бірге, газ пайда болатын қоспа заттарды (лимон қышқылы + гидрокарбонат натрий), немесе ауа тік ішек арұылы енгізеді, сол кезде ішек қуысы газға толып, оны кернеп, кеңейтеді. Сол кезде, ішек қабырға бедері (рельефі) керіліп, беттеріндегі өзгерістері айқындалады.
Тәжірибеде, бұл әдіс «қоспалы көлеңкелеу» - деп аталынады; осы тәсілдің көмегімен, тіпті 0,5-1,0 см көлемдегі түймешіктерді де анықтауға болады.
Ректороманоскопия – арнайы тік және сигма тәрізді ішекті көретін аспап. Сол арқылы тік ішек және сигманы көзбен көруге болады. Бұл әдіске де алдын ала ішек қуысы тазалануы керек (емдәм және клизма). Көру кезінде, тік ішектен бастап сигмаға шейінгі ішек қуысының шырышты қабатындағы экзофитты, эндофитты ісікті көруге болады және көріп қана қоймай, одан биопсия алуға мүмкіншілік туады. Кейде ішек қуысы қысылғаны соншалықты оны қанша желмен үрлеп кеңейткенмен, аспап ұшын әрі қарай енгізуге болмайды, сондықтан мұндайда күш салмау керек.
Колоноскопия – арнайы аспап колоноскоп арқылы тоқ ішек қуысын көру (№19- сурет). Алдын ала ішек қуысын тазалау жоғарыда айтылғандай орындалады. Колоноскоп жұмсақ иілгіш келетін нәзік аспап, ол жоғары қарай ішек бойымен қозғалу үшін, алдымен арнайы тесігі арқылы ішекке жел үрлеу қажет, сол кезде ішек қуысы кеңейеді, сонда ғана аспапты емін-еркін енгізіп, оны әрі қарай жоғары жүргізуге болады. Біртіндеп аспапты енгізу кезінде, көзбен бақылай отырып, бүкіл тоқ ішек қуысын көріп, бақылауға мүмкіншілік туады да, онда экзофитты, эндофитты ісіктерді және түймешіктерді т.б. өсінділердің барлығын анықтап, өсінділерден ет кесіп алады (биопсия), сөйтіп алған затты цитологиялық, гистологиялық зерттеуге жібереді.
Ультрадыбыс арқылы зерттеудің нәтижесінде ісіктің 3-4- сатысын дәл анықтауға болады. Тоқ ішекті УДЗ-ман көру (сканирлеу) кезінде, ондағы (тік ішектен басқа) өзгерістерді толық тексеру мүмкіншілігі арта түседі..
Тоқ ішектің жиекті бөлім рагын ерте анықтау жүйесіне – скрининг тәсілі кіреді.
Оны орындау үшін:
1. анықтаушы сұрақтаманы алдын ала дайындау,
2. оны тарату,
3. оны толтыру,
4. содан соң оларды сараптау.
5. гемокульт-тесттін жұргізу,
6. тік ішекті саусақпен тексеру,
7. УДЗ
№19- сурет. Колонофиброскоп арқылы тоқ ішекті зерттеу
Жалпы скринингтың мақсаты – қауіп-қатерлі топтарды анықтау және адам нәжісіндегі жасырын қанды табу. Тексеруге 50 жастан асқандар жатады, олар 2 жылда бір рет осы зерттеуден өтеді. Ал қауіп-қатерлі топтардағы адамдар жыл сайын тексеріліп, міндетті түрде, үш жылда бір рет колоноскопиядан өтуі керек.
Скринингтегі ең негізгі әдісі – гемокульт-тест. Ол Вебер және Грегерсен тәсілдерімен жүргізіледі. Вебер әдісі өте қарапайым және әр үйде қолдануға болады, ол үшін фильтрлі қағазға нәжістің кішкене бір бөлігін салады да, арнайы конверт арқылы емханаға жіберіледі. Емханада сол фильтрлі қағазға, конверттің басқа жағында арнайы тесігі арқылы 2 тамшы реактивті (гваяк смоласы) тамызады. Егер нәжісте жасырын қан болса, онда фильтрлі қағаз 30 секундтан кейін көгілдір сия түске боялады. Осындай оң реакция болған адамды жан-жақты терең тексеру керек.
Қазіргі таңда нәжістегі жасырын қанды анықтау тәсілдеріне к риптогем және фекатест сияқты өте сезімтал әдістер жатады.
Криптогем әдісі – гемокульт-тестің жетілдірілген түрі, ол тек бөлектенген эритроциттен ажыраған гемоглобинді анықтайды. Көтеуде және тік ішек жарығында да, нәжісте қан болады, бұларда эритроцит бұзылмаған (гемоглобин ажырамаған) таза күйінде, кездеседі, сондықтан бұл реакция теріс болады.
Фекатест әдісінде гемоглобинді иммунологиялық жолмен анықтайды, гемокульт-тестке қарағанда бұл әдіс екі есе өте сезімтал келеді.
Жаңа тәсілдердің біріне – компьютер арқылы зерттеу жатады. Мұнда арнайы импульс беретін қондырғы (датчик) түймедақта орналасады. Түймедақты адам ауыз арқылы қабылдаған соң, оның жүрген жерін компьютер арқылы бақылап отырады. Бұл жаңа тәсіл әлі тәжірибеде кең қолданыста жоқ, бірақта келешекте ол бұдан әрі толығырақ зерттеліп, жетілдіріліп, тәжірибелік медицинада қолданылуы мүмкін.