Қоғамымыздағы ақпараттық нарық, қатаң бәсекелестік, бұқаралық ақпарат құралдарының оқырманын табу үшін күрес жолында журналистер өз өнімін тартымды етіп ұсынуға тырысады. Ол үшін басылым беттерінде оқырман назарын аударатын тілдік құралдар фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер қолданады. Қазақ тілінің фразеологиялық қоры – тілді жаңа, ерекше бейнелі көркемдік белгілерімен толықтырып отыратын таусылмас қазына жетістігі болғандықтан, ол тілдің қайталанбас ұлттық бояуларын айқындайды. Тұрақты тіркес, мақал-мәтелдер тіліміздің сөздік қор байлығын танытып қана қоймай, халықтың бүкіл тыныс-тіршілігін паш етері анық. Жалпы алғанда қазіргі баспасөз бетінің кез-келген салаларында тұрақты тіркес, мақал-мәтелдердің орын алуы көңілімізге қуаныш әкеледі.
Қазақ тіл білімі ғылымында аталмыш лингвистикалық құрылымға алғаш рет ғылыми негіз жасаған – академик І.Кеңесбаев.
Академик Р.Сыздық фразеологиялық тіркестерді «жеке сөз мағыналарының бір-бірімен түйісуінен туған жаңа мағыналық дүниеліктер» дейді.
Академик М.Серғалиев «сөз зергерлерінің ой-түйінін ықшамдап аңғарататын, жинақтылықтың үлгісін көрсететін көркемдік құрал» дейді.
Жалпы алғанда, қазақ тілі лексикасында айтушының ойын тыңдаушыға анағұрлым нақты әрі әсерлі жеткізетін көркемдеп суреттеу мүмкіндігі мол бұл стилистикалық қолданым ғалымдардың назарын көптеп аударып келгені анық.
Шағын жанрларда сонымен қатар түрлі типтегі фразеологизмдер де қолданылады. Мысалы, бір мәтінде кітаби және ауызекі сөйлеу фразеологиялары кездеседі (жаңа экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, тақырға отырғызып кету), бір элементтің грамматикалық формаларының өзгеруі біреудің қолымен қылмыс жасау (біреу арқылы қылмыс жасау), фразеологизмдерді өзгерту қоғамдық ұйымдардың мұрындық болуы (іске мұрындық болу).
Фразеологиялық тіркестердің экспрессиялығы әркелкі бола береді. Ғалымдар оларды терминдерге жақын келетін тұрақты сөз тіркестер деп атайды да, темір жол, қызыл бұрыш, сырттан оқу, жаңа жыл шыршасы т.б. сөздерді мысалға келтіреді.
Фразеологиялық орамдар жалпы барлық стильде қолданылады, бірақ әрқилы ыңғайда қызмет атақарады. Ғылым және ресми-іс стилінде жалпы әдеби, стильаралық тұрақты тіркестер атау күйінде (номинативті қызметте) жұмсалса, көркем әдебиетте, публицистикада, сөйлеу тілімізде ең алдымен фразеологизмдердің эксперссивті-стилистикалық жағынан аса зор мән беріледі.
Публицистикада фразеологиялық орамдарды қолданудың бірнеше жолы бар. Журналистер фразеологизмдерді сол күйінде алып қана қоймай, белгілі мақсатқа орай оларды өзгертіп қолданады. Фразеологизмдердің семантикасын, құрлысын және экспрессивті-стилистикалық қасиетін жақсартады. Жаңадан мағыналық реңк алып, бөлекше көркемдік қасиетке ие болады.
Алайда шағын мақала, аналитикалық есеп және хроникалық мақала жанрларында «стильдік сипаты, эмоционалды-экспрессивті бояуы тек сол фразеологизмдердің өз мән-мағынасында ғана беріліп, артық бояуы болмайтын, зат пен құбылысты тек атап қана көрсететін бейтарап фразеологизмдер» көптеп кездеседі. Мысалы: үлес қосу, істің ақыры, міндеттеме алу, өндіріс көлемін арттыру, алғыс айту т.б.
Газеттегі репортаж, сұхбат, хат жанрларының тілінде эмоциялық-экспрессивтік мәні жоғары фразеологизмдер қолданылады. Мысалы: жанды мысалдармен әңгімелеу, темір тұлпарды сыйға тарту т.б.
Зерттелініп отырған газеттердегі шағын жанрлар тіліндегі фразеологиялық тіркестердің де құрамдық және мағыналық өзгешеліктері бар. Шағын жанрлар да:
- Публицистикалық фразеология (жаңа бетті ашу, бет қатталып жатқанда, әлемдік деңгейде, мерзім ұзартылды, сұранысымызға орай).
- Публицистикалық терминологияға айналып кеткен тіркестер (үкіметтік дағдарыс, жоғары деңгейдегі кездесу, бас қосудың күн тәртібі, экономиканың мұқтаждары, экономикалық кеңістік құру, қосымша өңдеулер т.б.) көптеп қолданылады.
Ғалым Ә.Болғанбаев фразеологизмдерді «фразеологиялық тұтастық (әбден жымдасып кеткен: мұрнынан су кету т.б.), фразеологиялық бірлік (еркін тіркестер ауыс мағынада қолданылған: жатқан жыланның құйрығын басу) және фразеологиялық тізбек (құрамындағы сөздердің мағыналары жойылуға жақындаған: ақ саусақ, қара бет, теке сақал)» деп жіктейді. Ондай тіркестер шағын жанрларда да кездеседі.
Ақыры аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен Ж.Нұғыманов өз еркімен қызметінен кетіп тынды (ЖА., 20.02.1999). Сөйлемдегі «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» деген фразеологиялық тіркестің мағыналық ерекшелігі бар: ол Ж.Нұғымановтың бостығын, әрекетсіздігін білдіріп тұр.
Оңтүстік қазақстандық дәрігердің ең басты «бас ауруы» күн өткен сайын өршіп, қарыштап қанат жайған СПИД ауруын ауыздықтау болып отыр (ЖА., 11.02.1999).Үлкен Парламенттегі асығы алшы тұрғандар сияқты «кіші Парламенттегі» айрықша назарға іліккендер «болыс болдым мінекей...» деп әкімдіктің ауылына ат басын бұрды. Сайлау кезінде үйіп-төккен уәдесі орындалып бітпесе де, депутаттық мандатын мансапқа алмастырғандар баршылық (ЖА., 01.02.1999).
Мұндағы «ауруын ауыздықтау» - «ауруға тосқауыл жасау», «асығы алшы тұрғандар» - «әрдайым жолы бола беретін, тіреуіші бар», «ат басын бұрады» - «ауылға келіп тоқтады», «үйіп-төккен уәде» деген тіркес «көп сөзділік» деген мағынаны білдіреді. Академик Р.Сыздықтың «Фразеологизм дүниесі – тілдің байлығын да, образдылығын да танытатын ерекше элементтер» деген түйіні аса лайықты тұжырым екеніне көз жеткізілді.