Кәсіпорынның (ұйымның) экономикалық саясатты әзірлеуі оның әлеуетті мүмкіндіктер мен тиісті ресурстармен қамтамасыз етілуін бағалау негізінде, жақын арадағы және болашақ даму стратегиясы мен қызметінің мақсатын анықтауды тұжырымдайды.
Кәсіпорынның мақсаты оның даму концепциясы мен іскерлік белсенділігінің негізгі бағыттарын анықтайды. Стратегия кәсіпорынның ғылыми-техникалық әлуеті мен өндірістік-тұрмыстық мүмкіндіктерін ескере отырып, шаралардың негізділігін және көзделген мақсатқа жету жоспарының әзірленуін қарастырады.
Мақсаттар – кәсіпорынның қызметі мен басқару процесі бағытталған жеке сипаттамаларының нақты жағдайы. Кәсіпорынды басқару жүйесінде мақсаттар келесідегідей маңызды қызметтерді атқарады.
- кәсіпорынның философиясын және оның қызметі мен даму концепциясын қамтып көрсетеді, ал қызмет түрлері жалпы және басқарушылық құрылымының негізі болып табылғандықтан, нәтижесінде мақсаттар кәсіпорынның сипаты мен ерекшелігін анықтайды;
- кәсіпорынның және жеке қызметкердің ағымдағы әрекетіндегі тұрлаусыздығын азайтып, оның сыртқы ортаға бейімделуін, көздеген нәтижеге жету үшін бағытталуға, бір жағынан өз әрекетін шектеуге, өзіндік қылықтар мен тәртібін реттеуге, шапшаң қимылдау мүмкіндігіне, көздеген нәтижеге минималды аз шығынмен жетуді қарастырады;
- мәселелерді бөліп шығару, шешімдерді қабылдау, жүзеге асырылатын қызмет нәтижелерін бақылау мен болжау, сонымен бірге айрықша танылған қызметкерлерді материалды және моральды көтермелеу критерийлерінің негізін құрайды.
- мақсаттардың нақты не жалғандығына қарамастан тәуелсіз, өзінің айналасына тек ынтагерлерді жинақтайды, оларға еркін өз мойнына оңай емес міндеттерді алуға және оны жүзеге асыру үшін барлық мүмкін күш-жігерді жұмсауды қажет етеді. (мысалы: алғашқы бес жылдық жаңа құрылыс, тың жерлерді игеру, БАМ-ды салу).
- ресми түрде жарияланған мақсаттар қоғам алдында ұйымның қажеттілігі мен заңды түрде өмір сүруін ақтау ретінде қызмет етеді, әсіресе кәсіпорынның қызметі жағымсыз әрекеттерді туғызса, мысалы, қоршаған ортаны ластау.
Мақсаттың жоғарыда келтірілген және басқа да қызметтердің ойдағыдай жүзеге асырылуы кәсіпорын мақсаты талаптарының белгілі жиынтығына байланысты:
Біріншіден, мақсаттар нақты болуы қажет, мүмкіндігінше тек сапалы ғана емес, сонымен қатар сандық көрсеткіштерде де. Мұндай жағдайда олар адамдармен оңай қабылданады, оңай келісіледі және арасындағы қайшылықтар оңай жойылады, яғни жоспарды құрудың жақсы негізі болып табылады.
Екіншіден, мақсаттар нақты жүзеге асырылатындай болуы қажет, әйтпесе парасатты тұлғалар оларды жүзеге асыруға уақытты шығындамауы мүмкін. Әрине, ешкім де алдына орындалмайтын мақсаттарды қоймайды, бірақ та көпшілік адамдар өзінің мүмкіндіктерін субъективті түрде бағалайды және де ол адамдардың білім деңгейіне, тәжірибесіне, психологиялық мінезіне, жігерлігіне байланысты. Көптің ішінен нақты жүзеге асырылатынын таңдап алу маңызды. Бұл мақсаттың белгілі бір әрекет жасауда нақты бағдар мен ынталандырушы фактор түрінде болуын қамтамасыз етеді.
Үшіншіден, мақсаттардың кәсіпорын қызмет шарттарының қарқынды өзгерісіне байланысты түрлендіру мен өзгертулерге икемді болуы. Кері жағдайда, ол кейін шығуы қиын болатын тұйыққа тірелуі мүмкін.
Төртіншіден, мақсаттар әдетте адамдардың бірлескен қызметі негізінде қол жеткізілетіндіктен, олар жеке мақсат түрінде танылуы қажет. Оның шарттары жариялылық, түсініктілік, кәсіпорын мүшелерінің көпшілігіне жақындығы болып табылады. Бұл еңбектің тиімділігін арттыруға, мақсаттарды нақты жүзеге асыруға көмектеседі.
Бесіншіден, мақсаттар тексерілетіндей болуы қажет. Бұл жұмыскерлерді ынталандыру мен мақсатқа жетудің дәрежесін бағалау қажеттілігімен байланысты.
Алтыншыдан, мақсаттардың уақыт пен кеңістік бойынша бір-бірімен үйлесімді болуы, яғни жұмыскерлерді бір-біріне қайшы келетін әрекеттерге бағдарлауға болмайды.
Аталған талаптардың сақталуы кәсіпорын мақсатын жүйелі түрде сипаттайтын оның классификациясын береді.
Маңыздылық дәрежесіне байланысты, мақсаттар стратегиялық және тактикалық болып бөлінеді. Стратегиялық мақсаттар ұйымның тұлғасы мен оның өмірін сапалы түрде өзгертетін келешекке арналған мәселелерді шешуге бағытталады, мысалы: өз қызмет ету саласында бірінші орынға жету, халықаралық нарықтарға шығу, өндірістік базаны түпкілікті жаңарту, ал тактикалық – стратегиялық мақсат қатынасына байланысты болады. Ол нәтижеге жетудің жеке кезеңдерін бейнелейді, мысалы, күрделі жұмысты жүргізу.
Уақыт мерзіміне байланысты мақсаттардың мынадай түрлерін бөліп шығаруға болады:
- ұзақ мерзімді (5 жылдан жоғары)
- орта мерзімді (1-5 жыл)
- қысқа мерзімді (1 жылға дейін)
Ұзақ мерзімді мақсатқа қарағанда қысқа мерзімді мақсат әрекеттердің егжей-тегжейлігі және нақтылығымен тән. Қысқа мерзімді мақсаттар ұзақ мерзімді мақсатқа жетудің жолы болып табылады.
Мазмұны бойынша мақсаттар технологиялық, экономикалық, өндірістік, әкімшілік, маркетингтік, ғылыми-техникалық, әлеуметтік түрлерге бөлінеді.
Технологиялық мақсаттарға мал шаруашылығы мен егіншілік жүйесін жетілдіру, компьютерлендіру, жаңа өндірістік ғимараттардың құрылысын жатқызуға болады.
Экономикалық мақсаттарға ұйымның қаржы орнықтылығын нығайту, пайдалылықты өсіру, акционерлік капиталдың нарықтық құнын нығайтулар жатады.
Өндірістік мақсаттарға тауар мен қызметтің белгілі көлемін өндіру, олардың сапасын арттыру, өндірістің тиімділігін арттыру, өзіндік құнын азайту т.б.
Әкімшілік мақсаттарға ұйымды басқарудың жоғарғы сапалы деңгейіне жету, қызметкерлер арасында өзара сенімділік пен дұрыс тәртіпті орнату жатады.
Маркетингтік мақсаттарға өткізу нарығын жаулап алу, жаңа тұтынушыларды тарту, тауарлар мен қызметтердің өмірлік циклін ұзарту, бағадағы жетекшілікке жетулер жатады.
Ғылыми-техникалық мақсаттар өндіріске жаңа және жетілдірілген өнім үлгілерін жасау мен енгізу, оларды халықаралық стандарт талаптарына дейін жеткізу т.б.
Әлеуметтік мақсаттар жұмыскерлердің еңбек етуіне, өмір сүруіне және демалысына қолайлы жағдайлар жасау, олардың білімділік және біліктілік деңгейін көтеруге бағытталады. Мысалы, ауыр және қол еңбекті жою, әлеуметтік серіктестік қатынасты орнату, адамдарды жоғары сапалы медициналық жабдықпен қамтамасыз ету т.б.
Бейнелеу формасы бойынша мақсаттар сандық және сапалық көрсеткіштер болып ажыратылады. Бірінші жағдайда, өнімнің теңге, дана түріндегі өндірісі, ал екіншісінде - ұйымда қолайлы моральды-психологиялық климатты орнату қарастырылады.
Мақсаттар жатқызылатын деңгейі бойынша, жалпы және ерекше (спецификалық) болып бөлінеді. Жалпы мақсаттар кәсіпорын қызметінің кешенді бағыттары мен оның дамуының концепциясын бейнелейді. Жалпы мақсаттар құрамына ең алдымен негізгі мақсат немесе миссия деп аталатын және оның мазмұнын ашатын, нақтылайтын 4-6 жалпы ұйымдастырушылық мақсаттардан тұрады. Бүгінде миссияны қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру тұрғысында қарастырады.
Миссия – қоғамға, қоршаған ортаға кәсіпорынның философиясы, имидж жөнінде көрініс береді. Сонымен бірге, ол кәсіпорында белгілі ішкі ұйымдық климаттың орнығуына, нақты мақсаттарды тұжырымдау үшін негізін құруға, стратегияның орындалуын қамтамасыз етеді.
Жалпы мақсаттар қаржылық орнықтылығына жету, қажетті пайдалылық деңгейін қамтамасыз ету, нарық сегменттерін жаулап алуға бағытталуы мүмкін.
Қазіргі жағдайда жалпы мақсаттар ұйымның жоғарғы басшылығы, бөлім басшылары, басқару мәселелеріне байланысты кеңес берушілер, еңбек ұжымдарының өкілдері және кәсіподақтық ұйымдардың бірлескен сұхбаттасуы негізінде қалыптасады.
Айрықша мақсаттар әрбір бөлімшелерде өңделеді және кәсіпорынның жалпы мақсаттарды жүзеге асыруда негізгі бағыттарын анықтайды. Қалыпты жағдайда олар орта және қысқа мерзімді кезеңді қамтиды және міндетті сандық көрсеткіштермен көрінеді. Айрықша мақсаттардың екі типі бар:
- операциялық;
- оперативті.
Біріншісі – қызметкерлер алдына, ал екіншісі бөлімшелер алдына қойылады.
Кәсіпорынның сипатына байланысты мақсаттарды белгілеу үрдісі орталықтанған және орталықтандырылмаған түрде де жүруі мүмкін. Бірінші жағдайда ұйым шегінде барлық мақсаттардың ортақ бағдарлануын қамтамасыз етеді, бірақ бұл төменгі буындағы басқару деңгейіне күштеп тану түрінде болады. Сондықтан, оны жүзеге асыруда орындаушылардың арасында қайшылықтар пайда болуы мүмкін. Екінші жағдайда, жоғарыда көрсетілген мәселелерді қарастырмайды, бірақ мақсаттарды үйлестіру және бір арнаға бағыттау қиындықтары туады.
Ішкі және сыртқы ортадағы тұрақты өзгерістер мақсаттарды өзгерту немесе қайта қарау қажеттігін туғызады. Көбінесе бір мақсаттың екі мақсатқа көшу тактикасы қолданылады. Мысалы, әуелі ұзақ мерзімді мақсат әзірленеді, осының негізінде қысқа мерзімді мақсат анықталады. Өзгертулер енгізгеннен кейін қысқа мерзімді мақсатқа жету жаңа ұзақ мерзімді мақсатты әзірлеуді қажет етеді, ал оның негізінде – келесі қысқа мерзімді мақсат дайындалады. Нәтижесінде кәсіпорында мақсаттардың белгілі жүйесі мен оны тұрақты жаңартудың механизмі қалыптасады. Бұл жүйе шегінде мақсаттар бір-бірімен белгілі қатынаста болады.
Біріншіден, бір мақсаттың негізінде екінші мақсат туады, «мақсат шежіресі» қалыптасады, яғни оның миссияға сәйкес келетін «діңгегінен» жалпыұйымдық мақсатты бейнелейтін бірнеше «ірі бұтақтар», олар өз кезегінде айрықша мақсатқа сай келетін «майда бұтақтарға» таралады. Мұндай «мақсат шежіресі» кронасының таралуы шексіз жүреді. (6.1 сурет)
Жалпыұйымдық Арнайы
мақсат мақсат
Миссия
Жалпыұйымдық Арнайы
мақсат мақсат
Жалпыұйымдық Арнайы
мақсат мақсат
Сурет 6.1 Мақсат шежіресі (кескіні)
Екіншіден, мақсаттар бір-бірімен иерархиялық матасу қатынастарында болуы мүмкін, яғни жоғарғы деңгейдің мақсатын қамту көлеміне және уақытқа байланысты төменгі деңгеймен салыстырғанда маңызды болады. Мақсатты жүзеге асыруда бұл жүйелілік әсерін тигізбейді.
Мақсаттарды мына негіздер бойынша да саралауға болады: кәсіпорын миссиясын жүзеге асыруға салым (аманат) түрінде, ресурстардың шектеулігі жағдайында белгіленген мерзімде мақсатқа жету мүмкіндігі, оны жүзеге асыруда алынатын пайда көлемі, жол-жөнекей шешілетін мәселелердің саны немесе керісінше қолайсыз жағдайлардың пайда болуы түрінде.