Бұл топқа алколоид тұздарының және синтетикалық азотты негіз тұздары ерітінділері жатады. Олар шаншуға арналған ерітінділер ассортиментінде едәуір орын алады. Ерітінділер негіздің күшіне байланысты нейтралды немесе әлсіз қышқыл реакциялы болуы мүмкін. ВА тұзы В+ және А- иондарына толық диссоциацияланады. Су диссоциациясы нәтижесінде түзілген гидроксий иондары аз диссоциацияланатын негізге байланысады. Осыдан ерітіндіде Н+ бос иондары жиналып, рН мәні төмендейді. Бұл ерітінділерге бос қышқыл, яғни сутек иондарының артық мөлшерін қосу, гидролизді бәсендетіп, тепе-тендікті солға ығыстырады.
Әлсіз негіз бен күшті қышқылдан түзілген тұздарды хлорсутек қышқылының ерітіндісін қосу арқылы (0,1 моль/л) тұрақтандырады. Ерітіндіні тұрақтандыру үшін қажет қышқыл мөлшері препараттың қасиетіне байланысты анықталады.
Жиі шығын нормасы 1л тұрақтандыратын ерітіндіге 10мл қышқыл ерітіндісі құрайды, осыған байланысты хлорсутек қышқылының (0,001 моль/л) рН=3,0-4,0 болатын ерітіндісі түзіледі.
Бұл топқа стрихнин нитраты, дибазол, дикаин, апоморфин гидрохлоридтары, атропин сульфаты ерітінділері жатады. Ерітінділерді тұрақтандыру үшін 1л ерітіндіге хлорсутек қышқылының (0,1 моль/л) ерітіндісінен 10 мл, ал 1-5 % морфин гидрохлоридының ерітіндісіне 10-20 мл қосады. Совкаин ерітіндісіне 6 мл 0,1 моль/л хлорсутек қышқылын қосады. Лобелин гидрохлоридының 1 л ерітіндісіне 15 мл хлорсутек қышқылын қосады. 0,25; 0,5; 1; 2 % новокаин ерітінділерін сәйкес 3; 4; 9; 12 мл 0,1 моль/л ерітінділерімен тұрақтандырады.
Натрий хлоридінің изотондық ерітіндісіндегі новокаиннің 1-2 % тұрақты ерітіндісін алу үшін 1 л ерітіндіге 0,1 моль/л хлорсутек қышқылынан 5 мл қосу қажет.
Жұлын милы анестезияға арналған 5 % новокаин ерітіндісі асептикалық жағдайда тұрақтандырусыз, алдын-ала новокаинді кептіргіш шкафта стерильдеп, дайындалады.
2. Күшті негіз бен әлсіз қышқылдан түзілген тұздар ерітінділерін тұрақтандыру. Сулы ерітіндіде ВА тұзы іс-жүзінде В+ және А- иондарына диссоциацияланады. Су молекуласы Н+ және ОН иондарына диссоциацияланады.
ВОН - күшті негіз болғандықтан, В+ және ОН- иондарының әрекеттесуі су диссоциациясының тепе-тендігін бұзбайды. Н+ және А- иондарының әрекеттесуі аз диссоциацияланатын НА қышқылының түзілуіне әкеледі. Осыған байланысты ерітіндіде бос Н+ иондарының көбейіп және ОН- иондарының артық мөлшері жиылады да, ерітінділер рН - мәні жоғарылайды: ВА+НОН = В++ОН-+НА. Гидролиздік процестер қышқылды ортада күшейеді. Гидролизді бәсеңдету үшін әлсіз орта жасау қажет, ол үшін натрий гидроксидін (0,1 моль/л) немесе натрий гидрокарбонатын қосады. Бұл тұздарға мысал ретінде натрий нитриті, натрий тиосульфаты, кофеин-натрий бензоаты жатады.
Осы тұздардың ерітінділерін тұрақтандыру үшін, олардың 1 л-не: натрий нитритке - 2 мл 0,1 моль/л натрий гидроксидін; кофеин-натрий бензоатына - 4 мл 0,1 моль/л натрий гидроксидін; натрий тиосульфатына - 20 г натрий гидрокарбонатын қосады. Барбитур қышқылының натрий тұздары көмір қышқылының әсерінен суда ерімейтін қышқылды түрін бөле отырып, жеңіл гидролизденеді. Мысалы: гексенал ерітіндісін 0,05 - 0,25 % концентрацияда натрий гидрооксидін, тиопентал - натрий тұзды ерітіндісін 5-6 % концентрацияда натрий карбонатын қосып тұрақтандырады.
3. Әлсіз негіз бен әлсіз қышқылдан түзілген тұздар ерітінділерін тұрақтандыру. Нәтижесінде аз диссоциацияланатын әлсіз негіз және әлсіз қышқыл молекулалары түзіледі, сондықтан гидролиз жоғарыдағы жағдайларға қарағанда толығырақ жүріп, реакция нейтралды болады: ВА + НОН ВОН + НА. Мұндай тұздар гидролизін болдырмау тек БАЗ қосу арқылы мүмкін болады, өте сирек кездеседі. Шаншуға арналған ерітінділердегі дәрілік заттардың ыдырауы тотығу-тотықсыздану реакциялары есебінен де жүреді.
Жеңіл тотығатын заттар ерітінділерін тұрақтандыру. Жеңіл тотығатын заттарға аскорбин қышқылы, адреналин гидротартраты, этилморфин гидрохлориды, викасол, новокаинамид, фенотиазин туындылары, құрамында жеңіл қозғалғыш сутек атомдары бар карбонильді, фенолды, спиртті, амин топтары бар кейбір басқа препараттар жатады. Бұл препараттардың шаншуға арналған ерітінділерін су құрамындағы және ерітінді үстіндегі оттегі қатысында дайындау процесінде, әсіресе жылу стерилизациясы кезінде дәрілік заттар тотығады. Тотығу нәтижесінде ерітінділерде улы немесе физиологиялық активсіз өнімдер түзіледі. Тотығу механизмі тұралы түсініктер негізін А.Н. Бах және И.О. Энглердің асқын тотықты теориясы және академик Н.Н. Семеновтың тармақталған тізбекті реакциялар теориясы жатады. Тізбекті реакциялар теориясына сәйкес тотығу-бастапқы заттар молекулалары мен иницирлеуші факторлар-жарық және жылу энергиясының әсерінен түзелетін бос радикалдармен әрекеттесу арқылы жүреді. Бос радикал тотығу өзгерістері тізбегін бастайды. Ол оттегі мен әрекеттесіп, асқын тотықты радикал түзеді де, жеңіл тотығатын заттардың басқа молекулаларымен алғашқы аралық өнім-гидроасқын тотық және жаңа бос радикал түзеді. Гидроасқын тотық бос радикалдар түзе отырып, ыдырайды. Процесс тізбекті реакциялар түрінде жүреді. Жеңіл тотығатын заттардың ерітінділерін тұрақтандыру үшін антиоксиданттар қосылады. Антиоксиданттардың тұрақтандыру механизмі күрделі және олар антиоксиданттардың және дәрілік заттардың табиғатына, сонымен қатар ерітіндегі ауыр металлдардың микроқоспаларына да байланысты. Ең тиімді антиоксиданттар - гидроасқынтотықтарды бұзатын заттар. Олар тотығудың тізбекті процессін тоқтатпайды, тізбектің тармақталу жылдамдығын төмендете отырып, тотығу процессін тежейді. Оларға күкіртті қышқыл тұздары және күкірттің органикалық қосылыстары жатады. Қазіргі кезде құрамына төмен валентті күкірт кіретін бейорганикалық және органикалық көптеген антиоксиданттар бар: Na2SO3 - натрий сульфиті, Na2S2O3 - натрий метабисульфиті; NaHSO3 - қышқылды натрий сульфиті; NH2 - C - NH2 – тиомочевина. Бұл тура антиоксиданттар, тотығуға жоғары қабілетті, күшті тотықсыздандырғыштар.
Жеңіл тотығатын заттар және оларды тұрақтандыру:
1) Адреналин гидрохлориды, адреналин гидротартраты, норадреналин гидротартраты, 1 л ерітіндіге 1 г натрий метабисульфитін қосып тұрақтандырады.
2) 5 % аскорбин қышқылының ерітіндісіне 2 г сусыз натрий сульфитін немесе 1 г натрий метабисульфитін қосып тұрақтандырады. Аскорбин қышқылының ерітіндісі қышқылды орта (рН 2,6 - 2,8) болғандықтан және енгізген кезде ауыртатындықтан, нейтралдау үшін, 1 л-ге 23,85 г мөлшерде натрий гидрокарбонатын қосады.
3) Фенотиазин туындылары - аминазин, дипразин, имизин және пропазин, 1 л ерітіндісіне 1 г натрий сульфитін, 1 г натрий метабисульфитін, 2,0 г аскорбин қышқылын қосып тұрақтандырады.
4) Новокаинамид 1л ерітіндіге 5г натрий метабисульфитін қосып тұрақтандырады. Еритін стрептоцид ерітіндісінің 1л-не 2г натрий сульфитін қосады.
5) Кейбір жеңіл тотығатын заттарды тұрақтандыру үшін ронгалит қолданылады. Мысалы, парааминосалицилат, этазол-натрий 1 л ерітіндісіне 5 г роналит қосады.
6) Глюкоза ерітінділерін тұрақтандыру. Глюкозаның шаншуға арналған ерітінділері жиі қолданылады. Стерильдеу кезінде глюкоза ерітінділері, әсіресе сілтілі шыныда, тотығады және карамелизицияланады. Бұл кезде ерітінді сары түске боялады. Глюкоза ерітінділерін тұрақтандыру үшін оның полифункционалды қасиетін ескеру қажет. Сілтілі ортада глюкоза тұрақсыз, оттегі әсерінен оксиқышқылдар: гликоль, левулин, құмырсқа және басқа қышқылдар және оксиметилфурфурол түзіледі. Бұл процестерді болдырмау үшін глюкоза ерітінділерін МФ XІ басылымына сәйкес 1 л ерітіндіге 0,26 г натрий хлоридын және 0,1 н. хлорсутек қышқылынан рН мәні 3,0 - 4,0 болғанға дейін қосып тұрақтандырады.
7) Жоғары концентрациялы новокаин ерітінділерін тұрақтандыру.
Новокаиннің 5 және 10 % ерітінділерін тұрақтандыру үшін ерітінді 0,1 моль/л хлорсутек қышқылымен рН мәнін 3,8 - 4,5 дейін жеткізу жеткіліксіз, себебі стерильдеу кезінде новокаиннің интенсивті тотығу процессі жүреді. Сондықтан антиоксиданттар қолданылады. Мысалы, оториноларингологиялық іс-тәжірибеде қолданылатын 10 % новокаиннің ерітінділері келесі құрам бойынша дайындалады:
Новокаинді 50 г, 100 г
Натрий метабисульфит немесе калий метабисульфит 3 г
Лимон қышқылы 0,2 г
Хлорсутек қышқылы 0,1 моль/л ерітіндісі - 10 мл
Шаншуға арналған су 1 л-ге дейін
Ерітіндінің рН мәні 3,8 - 4,5
Ерітіндіні 120 + 20 С температурада 8-15 минут стерильденеді.
Жұлын-ми ішілік анестезияға арналған 5 % новокаин ерітіндісі асептикалық жағдайда тұрақтандырусыз дайындалады. Ол үшін новокаин ұнтағын 120 20 С температурада 2 сағат стерильдейді. Ерітіндінің рН мәні 5,0-5,3-ке тең. 5 % новокаин ерітіндісіне қышқыл қосқан кезде оның анестезирлеуші қасиеті төмендейді.
Сонымен, жеңіл тотығатын заттардың тұрақтылығы көп факторларға байланысты, ал оларды тұрақтандыру әр түрлі технологиялық тәсілдердің көмегімен жүргізіледі. Тотығудың тізбекті реакцияларын тоқтататын және оттегімен байланысатын антиоксиданттар енгізу, ауыр металл иондарын байланыстыратын комплексондар енгізу, оптималды рН шекараларын орнату, еріткіштегі және ерітінді үстіндегі оттегі мөлшерін төмендету, тотығу реакцияларын төмендететін жоғары молекулалы қосылыстар енгізу арқылы жүргізіледі.