Тері — мал денесінің маңызды, әрі күрделі қызметін атқаратын ерекше органы. Ол ең алдымен мал организмін сыртқы қолайсыз жағдайлардан: зақымдаудан, ылғалдан, ыстық-суықтан, организмге енетін зиянды микробтардан және басқа да заттардан қорғайды. Жүннің өсуін қамтамасыз ететін орган ретінде терінің маңызы зор. Терінің жүн өсіру қабілеті әсіресе қойда айқын байқалады, сондықтан қой терісіне айрықша назар аудару қажет.
Ғылыми тұрғыдан қарағанда тері ткані үш қабаттан құралады: сыртқы қабат - эпидермис; ортаңғы қабат - терінің өзі, дерма; ішкі қабат — тері астындағы шелқабық (клетчатка).
Эпидермис - жануар терісінің ең үстіңгі қабаты, ол біріне-бірі тығыз байланысқан көп қабатты эпителиден тұрады. Бұл клеткалардың сыртқы жақта орналасқандары негізінен жайпақ, қатаң келеді. Осы жасушалар мен негізгі тері (дерма) ортасындағы төрі үрпілерінің аралықтарын толықтыратын жұмсақ сопақша жасушалар қабаты мальпигиев қабаты деп аталады.
Эпидермистің сыртқы бетіндегі жасушаларға қан тамырлары бармайды, ал олардың астындағы тері үрпілері қан және лимфа тамырларына бай келеді, сондықтан да жоғарғы қабаттың клеткалары тері үрпілерінің нәрлі шырынымен қоректенеді. Әсіресе мальпигиев қабатының клеткалары тері үрпілеріне тым жақын жатқандықтан солардан бөлініп шыққан нәрлі шырындарды жақсы пайдаланып, тез өсіп, көбөйеді де, эпидермистің өндіргіш бөлігіне айналады.
6 – сурет. Қылшық жүнді қойлар терісінің құрылымы (тігінен кесіндісі)
Э - эпидермис; Пқ - пилярлық қабат; Рқ - ретикулярлық қабат; ТБҮ - талшық буылдырығы және үрпі; ҚТ - қан тамырлары: ТБСЖ - тері бездерінің секреторлық жолы; ЕТ- ет талшықтары; МБ - май безі бөліктері; ЕФ - екінші фолликула; АТ - аралық талшық; БФ - бірінші фолликула; Т - түбіт; Қ - қыл.
Эпидермистің қалыңдығы малдың тұкымына, жынысына, жыл маусымына, азықтандыруға және басқа жағдайларға байланысты болып келеді, жүн неғұрлым қалың болса, эпидермис соғұрлым жұқа.
Қылшық жүнді қойдың эпидермисі биязы жүнді қойға қарағанда қалыңырақ келеді. Сол сияқты қошқар терісінің эпидермисі саулықтікіне қарағанда біршама қалың. Эпидермистің қалыңдығы бір тұқымдас қойлардың арасында да олардың физиологиялық күйіне байланысты әр түрлі болады. Мысалы, Н. А. Диомидованың (1961) мәліметіне қарағанда, эпидермистің қалыңдығы қаракөл саулығының буаздығына байланысты төмендегідей болған.
Буаздығы (ай есебімен)Тері эпидермисінің
қалыңдығы (мк)
2 27,0
3 34,6
4 27,8
Туғаннан кейін 21,1
Эпидермис терінің тұтас қабаты емес, онда толып жатқан саңылау тесіктер бар. Солар арқылы тері бетіне жүн талшығының сабағы және тері бездерінің өзегі шығып жатады.
Эпидермис бүлінсе, оның астыңғы қабаттары босаңси түседі және жүн талшықтары түбінің тері ұлпамен байланысы нашарлайды, яғни жүн жидіп, теңбіл жарғақ пайда болады.
Дерма — тері ұлпаның негізі. Эпидермистен айырмашылығы -дерма дәнекер ұлпа элементтерінен құралған. Құрылыс ерекшелігіне, атқаратын қызметіне қарай дерманы емізікті (пилярлы) және торлы, (ретикулярлы) болып екіге бөледі. Өздерінің орналасуына қарай бірінші қабат эпидермиске, екіншісі — шел қабығына жақын. Дерманы емізікті және торлы қабаттарға бөлу тек шартты ұғым, өйткені олардың арасында айқын шек жоқ. Дегенмен, бұл қабаттардың гистологиялық құрылымы мен қасиеттерінде бірқатар ерекшеліктер бар, осы ерекшеліктер тері ұлпасының технологиялық және тауарлық қасиеттерін анықтайды. Дерма негізінен шоғырланған коллаген талшықтарынан тұратын дәнекер ұлпа. Бұлардан басқа онда түрлі жасушалық құрылысты түзінділер (бездер, жүн талшығының түбі және т. б.) көп болады. Мұнда қан және лимфа жүйелерімен қатар нерв тамырлары да жетілген.
Эпидермис қабатымен ұштасқан жерде негізгі тері үрпілері деп аталатын шашақ тәріздес үстірт құрайды. Бұл үрпілер терінің нәзік және қанға бай бастапқы бөлігі болып есептеледі. Негізгі терінің қалыңдығы бір малдың өзінде бірқалыпты емес: қарнына қарағанда арқасында, терісі ішкісіне қарағанда аяқтарының сырт жағында қалыңдау келеді. Ал жас малдың терісі ересек малдікіне қарағанда жұқа келеді.
Тері астындағы шелқабық — мал денесі мен дерма арасын байланыстырып тұрады және дерма үшін ол өзінше бір "тірек" болып табылады, көбінесе коллаген талшықтарынан құралған бірақ нашар дамыған борпылдақ күйде орналасқан. Осы қабаттың жылпылдақ болып келуіне байланысты тері жылжымалы, қозғалғыш келеді. Тері астындағы қабатқа шел майы жиналуы мүмкін.
Қылшық жүнді қойдың терісі қалың, жұмсақ және бос келеді, сондықтан да онда жуан әрі ұзын жүн талшықтары өседі, ал биязы жүнді қойдың терісі жұқа әрі тығыз болып келгендіктен, қысқа және жіңішке жүн талшықтары өседі. Мысалы, Г.А. Ахметовтың мәліметтеріне қарағанда, Калинин қой тұқымының тобындағы қой терісінің қалыңдығы 3559,0 микрон, онда өсетін жүннің ұзындығы (созып, тартып өлшегенде) 25,86 см, жеке жүн талшығының жіңішкелігі 30,35 микрон, цигай қойы терісінің қалыңдығы 2875,5 микрон, жүнінің ұзындығы 16,57 см, жүн талшығының жіңішкелігі 30,86 микронға жетеді. Ал, биязы жүнді Ставрополь қойы терісінің қалыңдығы 2592, 1 микрон жүнінің ұзындығы 12,17 см, жүн талшығының жіңішкелігі 20,92 микрон.
Жүн талшықтарының пайда болуы және өсіп-жетілуі. Жас ағзадағы жүн талшықтарының фолликулалары енесінің құрсағында жатқан шағында пайда болады. Фолликулалар бірінші және екінші болып бөлінеді. Жүннің сапасы көбінесе осы фолликулалар құрылымының ерекшеліктеріне байланысты болады.
Қылшық жүнді қойдың фолликулларының құрылымында биязы жүнділерге қарағанда үлкен айырмашылық бар. Оларда алғашқы фолликулалар қып жүн талшықтарын тереді, ал соңғы фолликулалар түбіт талшықтарын құрауға бейімделген. Биязы жүнді қойдың бірінші және екінші фолликулаларының құрылымында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды. Қой жүнінің калың, тығыз болып келуі, осы жүн талшықтары пайда болатын фолликулалардың санына байланысты. Фолликулалардың саны әр түрлі тұқымда, тіпті бір тұқымның ішінде қойдың дербес ерекшеліктеріне байланысты әр қилы болып келеді, әрі тұқым қуалаушылық қасиетіне сәйкес ұрпақтан - ұрпаққа өзгерместен ауысып отырады. Мұның өзі қой жүнінің тығыздығын жоғарылата түсу мақсатында фолликулалары көп қошқарларды алдын ала сұрыптап, шаруашылықтар мен қожалықтардың тәжірибесінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.
Енесінің құрсағындағы төлдің жүн талшығының енді шығатын орнында, негізгі терінің мальпигиев қабатымен ұштасқан жерінде қоздырғыш (түршіктіргіш) нүкте пайда болады да, оған қанның ағуы көбейіп жылдамдайды, ал мұның өзі мальпигиев қабатына жақын жатқан жасушалардың неғұрлым жақсы қоректенуіне жағдай туғызады. Сондықтан да бұл жасушалар тез көбейеді де, кішкентай ғана бүршіктер пайда болады. Осы бүршік күн сайын ақырындап өсіп, астындағы тері үрпілерімен бірге тереңдеп, тері астындағы шел қабығына дейін жетеді. Осылай, терінің бүкіл қалыңдығы бойына, ортасы мальпигиев қабатының жасушаларымен толықтырылған ұзын түтік пайда болады. Тері үрпілерінің үстінде орналасқан мальпигиев қабатының жасушалары қоректік заттарды көп қабылдауының нәтижесінде тез өсіп, көбейе береді. Кейіннен пайда болған жасушалар бұрынғы жасушаларды ығыстырады, яғни жүн талшығы бірте-бірте жоғарылап өсіп, терінің эпидермиялық қабатын тесіп өтіп, оның сыртына шығады. Тері үрпілерінің үстіндегі клеткаларының қарқындап көбеюіне байланысты, оның өсуі сыртқа шыққанда да тоқтамайды. Алғашқы рет қырқуға дейін қозылардың жүн талшықтарының ұшы үшкір, ал қырқылғаннан кейін доғалдау болып келеді.
Бірінші, фолликулалар эмбрионның денесінде 50-70-ші күн аралығында пайда болады, осы уақыттан кейін жаңадан фолликулалар құралмайды. Ал, екінші фолликулалар іштегі төлдің эпидермисінде 70-110-шы күн аралығында байқалады. Буаз қойды осы кезде жақсы азықтандыру - фолликулалардың санын көбейтіп, жүннің молаюына тікелей әсерін тигізеді.
Қозы туғаннан кейін терісіндегі фолликулалардың саны өзгермейді, жүннің қалыңдығы фолликулалардың өсіп-жетілуіне байланысты алғашқы кезде сиректеу болып келеді. Әдетте, жаңадан туған биязы жүнді қозының терісіндегі барлық фолликулалардың 1/3-нен, ал қылшық жүнділерде 2/3-нен ғана жүн талшықтары шығады.
Жүн талшықтарының құралуы, шығуы қозы тіршілігінің алғашқы айында қарқынды өтеді. Жақсы азықтандырылып, бағылып-күтілген қозылардың фолликулалары өсіп-жетіле береді.