Комплемент жүйесi организмнiң жұқпаларға қарсы қорғанысында өте маңызды. Комплемент жүйесiнiң классикалық жолының белсенуі адаптивті иммунитеттің гуморалдық эффекторлы звеносын жалғастырып, антиденелермен қапталған микроағзалардың лизисiн қамтамасыз етедi. Альтернативтiк және лектиндік жолдары бактериалды жұқпаларға қарсы қорғаныстың маңызды арнайы емес механизмi болып табылады. Комплементтiң белсену барысында пайда болған аралық өнiмдер бактерияны опсонизациялауды, иммунды жабысуды қамтамасыз етедi, фагоциттiң хемотаксисiн белсендiредi.
Комплемент компоненттерiнiң тапшылығымен шартталған бiрiнiшiлiк ИТЖ
Комплемент компоненттерiнiң тұқымқуалаушылық тапшылықтары, басқа бiрiншiлiк иммундық тапшылық жағдайларға қарағанда, сирек кездеседi. Олардың жиiлiгi барлық бiрiншiлiк ИТЖ санының 1% құрайды. Генетикалық ақаулар аутосомды-рецессивтiк жолмен тұқым қуалайды.
Адам популяциясында ең жиі кездесетін С2 компонентiнiң тапшылығы: адамзаттын шамамен 1% осы нәруыздың ақауы бойынша гетерозиготты болып табылады. Жапон халқының өкiлдерiнде С1q ақауы жиi анықталады: тұрғындардың 2% осы ақау гендердiң гетерозиготты тасымалдаушысы болып табылады.
С3 компоненттің жетіспеушілігі комплементтің белсенуінің 3 жолын да (классикалық, лектиндік және альтернативті) бұза алады. Бұл жағдай ауыр, көбінесе Streptococcus pneumonia, Neisseria meningitis және Hemophilus influenzae шақырған, пиогенді жұқпаларға ұшыратады.
Сонымен қатар, С5 нәруызының жанұялық түрiнiң дисфункциясы сипатталған. Бұл жағдайда С5 нәруызының мөлшерi қалыпты болғанмен оның туындысы – С5а ферментiнiң функционалдық жеткiлiксiздiгi қалыптасады. Негізі С5а күштi хемоаттрактант болып табылады, ал мұндай науқастарда С5а бұл қасиетке ие болмайды.
Фагоциттердiң хемотаксистiк тапшылығы жұқпалы аурулардың өршуiне әкеледi, науқастар iштiң өтуiне және ауыр бактериалды сепсиске жиi шалдығады. Науқастарға қалыпты С5 нәруызын енгiзу арқылы ақауды коррекциялауға болады.
С1, С4 және С2 компоненттерінің тұқымқұалаушылық ақауы комплементтің классикалық және лектиндік жолдарындағы бұзылыстарының себебі болады.
Комплемент компоненттер аталған тапшылығының жиi кездесетiн клиникалық симптомдары ауыр жұқпалармен бiрлескен иммундық кешендi аурулар болып табылады.Жұқпалы аурулардың жоғарлауы комплементтiң лизистiк мүмкіншілігінің және фагоцитарлы жүйенiң белсену қабілетінің төмендеуiмен негiзделген.
Классикалық жолдын алғашқы компоненттерінің (С1, С4, С2) ақаулықтары бар адамдарда жиі жүйелі қызыл жегі дамиды (бұл ақаулықтардың 75-90%). Қалыпты жағдайда классикалық жолмен белсену арқылы комплемент жасушалық ядромен антиденелер байланысу барысында пайда болған иммунды кешендерді ыдыратады. Классикалық жол ақауланса, оның үстіне фагоцитоз тапшылығы орын тапса, иммунды кешендер қан тамырларында, буындарда және бүйректе шоғырланады.
Альтернативтiк жолдың жетiспеушiлiгi, сонын ішінде пропердин жүйесінің B және D факторларының тапшылығы кезінде нейссерияларға қарсы қорғаныс әлсізденеді. С5 және С8 компоненттерiнiң ақауларына қайталамалы гонококкты жұқпалар және ауыр Neisseria жұқпалары тән. Салыстырмалы түрде жиілігі жоғары болатын ақаулықтар: С6 тапшылығы (кавказоидтерде 1/60 000), С7 тапшылығы (жапондықтарда 1/25 000) және С9 тапшылығы (жапондықтарда 1/ 1000).
Аутоиммундық бұзылыстар иммундық кешендердiң жинақталуымен негiзделуi мүмкiн, себебі комплемент жүйесi активациясының бұзылыстары нәтижесiнде олардың фагоцитозы жеткіліксіз.
Жақында лектинді жолдын белсенуінің тапшылығына алып келетін маннозабайланыстырушы лектиннің (МБЛ) тұқымқұалаушылық ақаулығы анықталды. Бұндай иммунды тапшылық та жұқпалы аурушылдыққа, әсіресе балалық шақта, себепкер бола алады. МБЛ ақаулы түрі адам популяциясының шамамен 4% кездеседі. Оның негізінде – аталған нәруыздың синтезін қадағалайтын тегінде болатын нүктелік мутация. Қалыпты жағдайда МБЛ туа біткен иммунитеттің ерігіш рецепторы болып келеді, ол макрофагтармен бөлінеін қабыну алды цитокиндердің әсерінен жұқпаға қарсы жауап барысында бауырда қалыптасады. МБЛ көптеген патогендерге (бактерияларға, саңырауқұлақтарға және кейбір қабықтық вирустарға) тән көмірсулық компоненттерді байланыстырады. Патогендерді байланыстырған сон МБЛ опсонин ретінде әсер етеді (патогендердің фагоцитозын белсендіру арқылы) және патогендерді лизисқа ұшырататын комплементтің лектиндік жолының белсенуін шақырады. МБЛ тапшы балаларда менингококкты менингиттің пайда болу қауіпі негізгі популяциядан 6 есе жоғары болады.
Комплемент жүйесiнiң инактиваторларының тапшылығымен шартталған бiрiншiлiк ИТЖ
· Тұқымқуалайтын ангионевроздық iсiну