Адамның қоғамдағы орны көптеген әлеуметтік белгілерімен сипатталады. Оған ұлты, тұратын жері, қоғамдық өндіріске қатысуы, қоғамдық еңбек бөлінісіндегі орны, кәсібі, білімі, табыс мөлшері, саяси билікті іске асыруға қатынасы және т.б. жатады.
Осындай бір немесе бернеше әлеуметтік белгілерімен бірлескен адамдар жиынтығын әлеуметтік топ дейді. Мысалы, жұмысшы, шаруа, зиялылар, орыстар, немістер, студенттер, зейнеткерлер, ауыл адамдары, қала адамдары, ой еңбегімен шұғылданатындар және т.б.
Адам саяси процесте белгілі бір әлеуметтік топтың өкілі немесе мүшесі ретінде қатысады. Олар жалпы қоғамдық өмірдің, оның ішінде саяси процестің басты субъектісі болып табылады. Сондықтан қандай да болмасын саяси іс-қимылдың сыртында біреулердің топтық мүддесі тұрады.
Қоғам үнемі даму үстінде, соған байланысты кейбір әлеуметтік топтар құрып, жаңа топтар пайда болады.
Олардың барлығы саяси үрдіске не белсенді не енжар араласуы мүмкін. Әрине, мұның бәрі сол топтардың, қауымның мүдделеріне, талаптарына және мұқтаждықтарына байланысты.
Әлеуметтік топ ұғымы мүдделерінің, құндылықтары мен жүріс-тұрыс нормаларының ортақтығы мен айырмашылықтарына орай ел халқының жіктелуін бейнелейді. Әлеуметтік топ - бірігу дәрежесі әрқилы бірлестіктердің құрамын белгілейтін өте кең ұғым. Қазіргі қоғамдық ғылымдарда әлеуметтік топтар ретінде таптар, сословиелер, таптар және сословиелер ішіндегі бөлімшелер, этникалық, кәсіптік, жыныстық, жас ерекшеліктік, қоныстық, тұтынушылық, діни, біліми және басқа да топтар қарастырылады. Бұл жағдайда топтау, біріктіру белгілері қатаң емес, олар жеткілікті түрде дербес. Барлығы топтардың қандай мақсатпен жіктелетініне, қоғамдық өмірдің қандай ғылыми және саяси проблемаларының зерттелетіндігіне, әлеуметтік субъект кім бола алатынына, саяси практиканың қандай әлеуметтік және саяси мәселелерді алға шығаратындығына байланысты.
Әлеуметтік топтар теориясында топтардың үлкен, орташа және кіші болып бөлінуі методологиялық мәнге ие.
Үлкен әлеуметтік топтарға ел халқын қамтитын бірлестіктер кіреді, яғни олар: сословиелер, таптар, әлеуметтік жіктер, жыныстық, жас ерекшеліктік, этникалық, діни және т.б. топтар. Үлкен топтар елеулі саяси ықпалға ие болғандықтан әртүрлі әлеуметтік қозғалыстардың базалық негізі болуы мүмкін.
Орташа топтар өндірістік, территориялық бірлестіктер арқылы жасалынады, олардың арасында әртүрлі мүдделер мен саяси бәсекелестіктің болуы мүмкін.
Кіші топтарға ең бірінші мүдделерінің ортақтығы негізінде пайда болатын тұрақты немесе уақытша ассоциациялар жатады. Отбасы, кіші өндірістік бірлестіктер, қоғамдық өмірдің әртүрлі ұйымдары кіші топтардың түрлері. Кіші топтар үшін адамдардың тікелей байланыстары тән, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды тұлғааралық, моральдық-психологиялық байланыс формалары реттейді.
Аталмыш барлық топтық бірлестіктер қандай дәрежеде болмасын қоғамның саяси өміріне қатысып, саясаттың субъектісі бола алады.
Осылардың арасынан үлкен әлеуметтік топтардың, әсіресе таптардың қызметі үлкен саяси ықпалға ие.
Таптар мен тап күресінің теориясы – адамзаттың саяси ойының қалыптасу мен даму процесінде ерекше рөл атқаратын іргелі саяси ілім.
Сословиелік-таптық бөліну - өркениет дамуының сипатты негізі. Таптар мен таптық күрестің рационалды түрде дәлелденген теориясын марксизм жасады. К.Маркс пен Ф.Энгельс бірігіп жазған «Коммунистік партияның манифесті» (1848) атты еңбекте қоғамдық өмірдің таптық табиғатына ретроспективті сараптама берілген, пролетариаттың тап күресінің стратегиясы мен тактикасы мәселелері қарастырылған, пролетариаттың саяси күш ретіндегі дүниежүзілік-тарихи рөлі идеологиялық тұрғыда дәйектелінген.
Таптар мен тап күресінің маркстік-лениндік теориясында таптардың әлеуметтік-экономикалық негізіне ерекше назар аударылады. Марксизм-ленинизмде қолданылған таптар анықтамасын В.И.Ленин «Ұлы бастама» атты мақаласында берген болатын: «Таптар деп қоғамдық өндірістің тарихи белгілі бір жүйесіндегі алатын орындары бойынша, өндіріс құралдарына қатынасы бойынша, еңбекті қоғамдық ұйымдастырудағы рөлі, яғни қоғамдық байлықтан өз үлесін алу тәсілі мен мөлшері бойынша ажыратылатын адамдардың үлкен тобы аталады. Таптар - бұл қоғамдық шаруашылықтың белгілі бір формасында алатын орнына байланысты біреулерінің басқалардың еңбегін өзіне иемденіп кете алатын адамдардың үлкен тобы».
Бұл көзқарас бойынша, құл иеленушілік, крепостниктік, жалдамалы еңбек тәрізді әлеуметтік-экономикалық дамудың әрбір сатысында екі негізгі тап болады, олардың өзара қатынастары қоғамдық өмірдің өзегі мен қоғамның саяси проблемаларының негізін құрайды. Бірақ мұндай түсініктің қоғамдық дамудың саяси бояуын тарылтып әрі жұтаңдатып жіберетіндігі сөзсіз. Шынтуайтына келгенде, қоғамның нағыз саяси өмірі – қоғамның екі негізгі табының саяси қарсыласуына қарағанда анағұрлым күрделі және әрқилы.
Таптық бөлінудің әлеуметтік-экономикалық негізін бөліп көрсету, осы белгіге баса көңіл аудару аталмыш ұғымның іргелі идеологиялық жүктемені атқаратындығын көрсетеді. Ол меншік қатынастарын ревоюциялық қайта өзгертуге бағытталынған, мұндай өзгерістердің жан-жақты қоғамдық прогресстің кілті болып табылатындығына ерекше көңіл аударады. Бірақ социалистік лагерь елдерінің тарихи тәжірибесі көрсеткендей, меншік қатынастарының түпкілікті күрт өзгеруі, олардың мемлекеттенуі тиімді экономикалық дамудың тетігін бұзып, қоғамдық прогресті тежейді. Экономиканың фундаментальдық негізі - өз кезегінде жеке және ортақ мүдделерді тоғыстырудың тиімді тәсілі болып саналатын нарықтық қатынастар жүйесі болып табылады.
Сонымен қорыта айтар болсақ, қоғамды қайта құрудың радикалды идеологиясы ретіндегі таптар мен тап күресінің маркстік-лениндік теориясы – қазіргі экономикалық және саяси шынайылықтарға лайықты жауап бере алмайды.
Батыстық әлеуметтік және саяси ойларда таптар мен тап күресінің теориясын сыни бағалау негізінде қазіргі заманға сай идеяларды іздестіру жүзеге асуда. Бұл тұрғыда М.Вебердің көзқарастары айтарлықтай мәнге ие.
М.Вебердің теориялық көзқарастарында қоғамның әлеуметтік жіктелуінің қатаң экономикалық анықтамасы жоқ. Ол таптық бөлінуді анықтауда қоғамның экономикалық жіктелуінің бастапқылығын, фундаментальдылығын мойындай отырып, қоғамның экономикалық қана емес, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктеріне де сүйенеді.
Батыстық қоғамдық ойдың әлеуметтік жіктелу проблемасына көзқарасы әлеуметтік стратификация теориясымен байланысты. Әлеуметтік стратификация негіздері М.Вебердің, П.Сорокиннің, Т.Парсонстың, В.Паретоның және басқа да авторлардың еңбектерінде көрініс тапқан. Қазіргі батыстық қоғамдық және саяси ойларда бұл теория – маңызды ғылыми және қолданбалы функцияларды атқаратын кең тараған теория.
Әлеуметтік стратификация теориясында әлеуметтік «страта» мен әлеуметтік «тұтастық» орталық ұғымдар болып есептелінеді. Жер беті қабаттарын білдіретін геологиялық «страта» термині мұнда қоғамның әлеуметтік жіктелуін белгілеу үшін, ғылыми зерттеу мақсатында халықтың әлеуметтік маңызды топтарын бөліп көрсету үшін пайдаланылады.
Бүгінгі таңда демократиялық мәдениет, адамдар өмірінің демократиялық салты, демократиялық институттар қажетті қоғамдық қайта құрылулардың тетігіне айналды. Нәтижесінде дамыған елдерде әлеуметтік әділеттілік нұсқалары айқын көріне бастады.
Стратификациялық айырмашылықтар әлеуметтік антагонизмның дамуына алып келмейді, себебі қазіргі қоғам – тұтас, страттар арасындағы шек тұлға үшін жеңіл алынады. Егер ол қажетті энергияны жұмсай отырып, іскерлік танытса, стратификациялық сатымен жоғары өрлеп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алатын ең тиімді позицияларды иелене алады, немесе көлденеңінен жылжып, өз талантын көрсетуге мүмкіндіктер беретін стратаға өте алады.
Нәтижесінде қоғамдық организмде шиеленістер болмайды, революциялық акциялар өзінің әлеуметтік негізін жоғалтады. Марксистердің көзқарасы бойынша, қоғамдық өмірдің барлық сферасына еніп, экономикалық, идеологиялық және саяси түрдегі үш негізгі формада жүзеге асқан тап күресі қоғамда сақталғанымен, өзінің әлеуметтік мазмұны мен бағытын өзгертті.
Этникалық бірлестіктердің көпшілігі өздерінің этникалық, тарихи отандары бар диаспоралар. Диаспоралар әрқилы дәрежеде мемлекетаралық қатынастардың саяси процесіне тартылады. Сондықтан, полиэтникалық мемлекеттерде этникалық, діни, тілдік ерекшеліктеріне қарамастан адам құқығы мен азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететін принциптердің қатаң сақталынуы тиіс.
Ұлттар – бұл өзін-өзі сақтау мен дамуға қабілетті тарихи тұрғыда құрылған тұрақты бірлестіктер. Ұлттық мемлекет – осы әлеуметтік-саяси тенденцияны қамтамасыз ететін саяси форма. Сондықтан ұлттар өздерінің ұлттық мүдделерін қорғайтын осы саяси форманы жасауға ұмтылады.
Көпұлтты мемлекеттерде барлық ұлттар мен ұлыстардың мүдделерін сақтау шешім қиын проблема, себебі оларда көбінесе елеулі экономикалық, этно- және әлеуметтік-мәдени, саяси ықпалға ие үстем ұлт болады. Бұл үстем ұлт қасақана не еріксіз түрде басқа ұлттардың дамуын тежейтіндіктен, мемлекет ішінде ұлттық-территориялық автономия құруды, ал егер мемлекет құрамында ұлттық-территориялық автономиялар болса, олардың дербестігін қамтамасыз етуді немесе ұлттық-мемлекеттік тәуелсіздікті үзілді-кесілді талап ететін және саяси тұрғыда жүзеге асуы мүмкін орталықтан қашатын тенденциялар пайда болады. Сондықтан, көпұлтты мемлекеттерде мемлекеттің территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған сепаратизм пайда болады.
Осы ретте үстем ұлттың саясаты құрамындағы басқа ұлыстар мен ұлттардың дербестігін, тыныштығын, этномәдени төл ерекшеліктерін қамтамасыз етуге және көпұлтты мемлекеттің тұтастығын сақтауға міндетті.
Этностар арасындағы проблемалар қазіргі кезде өте күрделі проблема болып отыр. Бұл проблемалардың өздерінің мемлекетаралық және мемлекетішілік аспектілері бар. Олардың негізінде ұзақ уақыттар бойы басқа мемлекеттер мен елдерді қатыстыра отырып бірде бәсеңдейтін, бірде өршитін қақтығыстар өтіп жататын саяси шиеленістер ошағы пайда болады.
Біздің еліміз Қазақстан Республикасы – көпұлтты мемлекет емес, жүзден аса этникалық бірлестік өкілдері тұратын полиэтникалық мемлекет. Осы реттегі Қазақстанның саяси ерекшелігінің өзі сонда, қазақтар үстем этнос болып табылмайды және әзірше басқа этникалық топтар өкілдерін ассимиляциялау мүмкіндіктеріне ие бола қойған жоқ. Сондықтан елде шынайы полиэтнизм қалыптасқан. Қазақтармен қатар Қазақстанда елеулі этно- және әлеуметтік-мәдени ықпалға ие өте үлкен орыс диаспорасы да өмір сүреді, ол ел ішінде де, сондай-ақ Ресеймен өзара қарым-қатынаста да күшті саяси фактор болып табылады.
Сонымен, саясатта адамдардың үлкен бұқарасы әрекет етеді екен. Бұл бұқаралар, белгілі бір дәрежеде бір-бірлеріне қарсы тұрады. Сондықтан саяси мәдениеттің ең маңызды проблемасы – осы «қарсы тұруларды» өркениеттік шеңберге көшіру болып табылады.
Бұл мақсаттарға жету үшін бұқаралар ұйымдасып, саяси процеске саналы түрде қатысуы, яғни төл идеологиясы болуы, өз мүдделерінің мағынасы мен мәнін билік органдарына қатынастағы талаптар жүйесінде, заң шығарушылық қызметте, саяси қызмет стратегиясы мен тактикасында, бір сөзбен айтқанда саясат сферасында көрсете алуы қажет.