Тілдегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория. Грамматикалық категория деген ұғым, бір жағынан, әрі грамматикалық мағынамен байланысты, әрі екінші жағынан, олардың жалпы жиынтығынан күрделі де жүйелі болып келеді.
Грамматикалық категория ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикалық мағына немесе грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категория болуы мумкин емес. Екіншіден, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен, сәйкестігімен, яғни олардың арасындағы диалектикалық сәйкестікпен, ондағы жүйелілікпен байланысты. Яғни кез келген грамматикалық мағына немесе қайсыбір грамматикалық форма грамматикалық категория құрай бермейді. Үшіншіден, грамматикалық категория сипатына жету үшін грамматикалық мағыналар жиынтығы, бір жағынан, өзара біртектес бірыңғай сипаттағы, екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы мәндегі мағыналар болу керек. Яғни, грамматикалық категория – өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы қасиетте бола алатын бірнеше (кем дегенде екі түрлі) тектес, мәндес грамматикалық мағынаның жиынтығы.
Сөйтіп, грамматикалық категория деген ұғымға грамматикалық мағыналар жиынтығының (жекелеген мағына емес) белгілі грамматикалық формалар жүйесі сияқты арнайы грамматикалық тәсілдер арқылы берілу жатады.
Сөйтіп, грамматикалық категория болудың алғы шарты мынандай:
1. Бірнеше, кемінде екі грамматикалық мағына болу керек;
2. Ол (кемі екі) мағыналар бір-бірімен тектес, ыңғайлас, мәндес болуы керек, әртектес мағыналар грамматикалық мағына құрай алмайды.
3. Ол грамматикалық мағыналар қаншама тектес, ыңғайлас болса да, мысалы, тәуелділік мағына, екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы болып, мысалы, сол тәуелдіктегі жақ сияқты, яғни 1-жақ 2-жаққа, я 3-жаққа қайшы, 2-жақ 1-жаққа, я 3-жаққа қайшы келуі.
4. Сөйтіп барып, әрі тектес, әрі ыңғайлас, әрі бір-біріне қарама-қайшы мағыналардың бірлігі, тұтастығы.
5. Сол тектес мағына да, қайшы мағына да бөлек-бөлек белгілі грамматикалық формалар арқылы берілуі және
6. Олардың белгілі парадигмалық жүйе құрауы арқылы мағыналық-тұлғалық сәйкестік бір жиынтық болу. Міне осындай шарттар мен талаптарға сәйкес келетін тілдік құбылыс қана грамматикалық категория болып таныла алады.
Грамматикалық категория грамматикалық мағынамен, грамматикалық формамен тығыз байланысты. Өйткені, біріншіден, мағына грамматикалық категорияның элементі ретінде өмір сүреді, соның кұрамына кіреді. Екіншіден, қандай да бір грамматикалық категория болсын, ол кемінде екі түрлі формада көрінуі мүмкін. Мысалы, бір ғана септіктің формасы өздігінен септік формасын кұрай алмайды. Септік категориясы болу үшін, тілде атау септіктен басқа ілік, барыс, жатыс, табыс т.б. септіктердің болуы шарт. Сонда ғана септік категориясы грамматикалық категория ретінде таныла алады. Жақ (1-жақ, 2-жақ, 3-жак) категориясы, шырай (жай, салыстырмалы, күшейтпелі шырай) категориясы туралы да осыны айту керек. Сөйтіп, грамматикалық категория біртектес грамматикалык категорияларды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығынан құралады. Мұндағы біртектес грамматикалык мағыналар дегеніміз не? Ол — "бір грамматикалық категорияның жалпы мағынасы (әрбасқа емес) біреу ғана", - деген сөз. Мысалы, шақ категориясы шақ, өткен шақ, келер шақ формаларында көрінгенімен, олардың жалпы мағынасы біреу ғана, яғни шақтық (мезгілдік, уакыттық) мағына. Біртектес шақтық мағыналар әр түрлі грамматикалық формалармен беріліп, жалпы грамматикалық шақ категориясын құрап тұр. Еңдеше, "осы шақ категориясы", "өткен шақ категориясы", "келер шақ категориясы" деп атау қате. Ондай категориялар жоқ, бір ғана "шақ категориясы" деген бар. "Өткен шақ", "осы шақ" дегендер - грамматикалық мағыналар. Олардың әрқайсысына тән өзіңдік формалары болады. Шақ категориясы бір шақтан емес, күллі шақтардың мағыналары мен формаларының жиынтығынан құралады. Бұған қарап, белгілі бір грамматикалық категорияға кіретін грамматикалық мағыналардың бір-бірінен айырмашылықтары жоқ екен деп қалуға болмайды. Олардың айырмашылықтары да, ұқсас (ортақ) жақтары да бар. Мысалы, жақ категориясына енетін 1- 2-жақ, 3-жақ дегендердің ұқсас жағы - жақтық мағынасы. Ал айырмашылықтары - 1-жақтың - "мен", 2-жақтың - "сен", 3-жақтың — «ол» дегендерді білдіретіндіктері.
Сөздің бір формасы бірден бірнеше грамматикалық категорияны білдіруі мүмкін. Мысалы: жазғыз деген сөздің формасында 3 түрлі грамматикалық категорияның элементтері бар. Олар: бүйрық рай, екінші жақ, өзгелік етіс. Бұған керісінше, бір грамматикалық категория әр түрлі формалармен беріле беруі мүмкін. Мысалы: студент+ке, студенті+не, студентім+е дегендердегі бір ғана барыс септігі әр түрлі формалармен (-ке, -не, -е) берілген. Бірақ бұлар әр басқа категориялар емес, бір ғана септік категориясы. Күшейтпелі шырай да бірде синтетикалық тәсіл арқылы (кып-қызыл), бірде аналитикалық тәсіл арқылы (өте қызыл) деп беріледі. Формаларына қарап оларды әр түрлі категория екен деп қалуға болмайды. Белгілі бір грамматикалық категорияның дүние жүзіндегі барлық тілде болуы шарт емес. Ол грамматикалық категория бір тілде болғанымен, екінші тілде болмауы мүмкін. Мысалы, орыс тілінде бір вид (совершенный вид, несовершенный вид) категориясы неміс, француз тілдерінде кездеспейді. Немесе казақ тіліндегі тәуелділік категориясы орыс тілінде (славян тілдерінде) жоқ. Грамматикалық род категориясы орыс, неміс, француз тілдерінде бар, бірақ ол ағылшын тілі мен түркі тілдерінде ұшыраспайды.