Қазақстанның басқару ойлары тарихының тамырлары ғасырлар қойнауынан бастау алады. Жүздеген жылдар бойы басқару ойы біртіндеп жетілдірілді. Менеджментке деген қажеттілік адамның және оның біріккен қызметінің пайда болуына байланысты туды. Мемлекетті басқару жөнінде біздің еліміз дамуының әрқилы кезеңіндегі әртүрлі міндеттер өткенімізге үлкен әсер етті және бүгінгі күні де Қазақстанның басқару ойының қалыптасуы мен дамуына ықпалын тигізуде.
Х-ХІ ғасырларда басқару саласындағы алғашқы ойшылдардың бірі Әбу Насыр Әл-Фараби (870-950) болды. Ол жүлдыздар мен басқа табиғи құбылыстарға қарай отырып, мемлекеттің, қалалардың болашағы мен бағыныштылардың тағдырын болжаған әміршілердің көріпкелдігін ғылыми негізде дәлелдеді. Оның адамзат қоғамының шығуы, мемлекеттік құрылыс және басшыға талап қою туралы идеялары ерекше қызығушылық тудырады.
Тәуке хан (1680-1715) әмірлік құрған дәуірде неғұрлым прогрессивті мемлекет және рухани қайраткерлер Төле би (1663-1756), Қазыбек би (1667-1763) және Әйтеке би (1682-1766) болды. «Жеті жарғы» деп аталатын заң жинағында олар мемлекетті басқару жөніндегі өз пікірлерін мазмұндады, мұнда орта ғасырлық қазақ қоғамындағы негізгі қағидалар мен құқық нормалары бекітілген. «Жеті жарғы» - бұл әкімшілік, азаматтық және қылмыстық құқықтардың нормаларын мазмұндаған құжат, яғни қазақтардың заңдар мен әдет-ғұрып нормаларының алғашқы жазба жинағы болып табылады. Оған сәйкес мемлекеттегі жоғарғы билік ханның қолында шоғырланды. Басқару халық жиналысы - құрылтай арқылы сұлтандардың және ру басыларының қатысуымен жүзеге асырылды.
Мемлекеттік басқару саласындағы кезекті идеолог және қайта құрушы Әбілхайыр хан (1693-1748) болды. Ол жеке хандық құрып, Қазақстанның далалық аудандарының ауқымды аумағында қырық жыл бойы мемлекеттік билікті ұстап түрды. Алайда, Әбілхайыр хандығы орталықтанған мемлекет болған жоқ, ол бірнеше этноаумақтық және этносаяси топтарға, ұлыстарға бөлінді.
XVIII ғасырдың ортасында экономикалық саясат пен мемлекеттік басқару жүйесінің дамуында Қазақстанның аумақтық иеліктерін қалпына келтірген көрнекті мемлекеттік қайраткер Абылай хан (1711-1781) маңызды рөл атқарды. Өзінің онжылдық басқару кезеңінде ол мемлекетте біраз өзгерістерді жүзеге асырды.
ХІХ ғасырда Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткерлерінің арасында ғалым-ағартушы Шоқан Уәлиханов (1835-1865) маңызды орын алды. Ол орыс ағартушылары мен революцияшыл-демократтарының алдыңғы қатарлы идеяларын қабылдады. Сонымен қоса патшаның отаршылдық саясатын айыптап, олардың қоғамдық-мәдени артта қалуын орыс мәдениетінен сусындау жолында жеңу үшін күресті, қазақтардың отырықшылық пен егін шаруашылығына көшуін насихаттады. Уәлиханов ағарту ісі мен жеке реформалардың рөлін асыра бағалай отырып, басқару саласындағы үкімет шаралары көшпенді ауыл өмірінің қайта құрылуына ықпал етуі мүмкін деп жорамалдады. Уәлихановтың мемлекетті басқару жөнінде ұсынған демократиялық идеяларын қазақтың басқа ағартушы-демократтары Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) мен Абай Құнанбаев (1845-1904) әрі қарай дамытты.
XX ғасыр мемлекеттік басқару саласындағы қазақ зиялылары өкілдерінің Ә.Жангелдин, Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, М.Тынышпаев, М.Шоқаев, Л.Мирзоян, С.Меңдешев О.Исаев, Н.Нұрмақов, Ғ.Тоқжанов, О. Жандосов, Т.Жүргенов, Б.Майлин, І.Жансүгіров және т.б. секілді шоғырымен ерекшеленеді. Торғай облысында - Ә.Бөкейханов, Жетісуде - М.Тынышпаев, Түркістанда - М.Шоқаев уақытша үкіметтің комиссарлары болып тағайындалды.
Қазіргі заманғы менеджменттің қалыптасу тарихы мен дамуын ХХ ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап қарауға болады. Алғашқы қазақ инженер-менеджері, өндірісті ұйымдастырушы Қ.И.Сәтпаев (1889-1964) болды. Ол бірінші болып кеншілердің еңбек өнімділігі мен адамдардың еңбекке деген уәждеме мәселелерін, жұмысшылардың, кәсіподақтардың кәсіпорындармен және Балқаш пен Жезқазғанның тау-кен байыту комбинаттарындағы еңбек процестерімен байланысты сұрақтарын шешті. Оның басқару стиліне тән ең маңызды ерекшелік, ол зерттелінетін нақтылы материалдарды терең ғылыми жүйелеу мен жалпылау болатын. Бұл жерде нағыз білгірдің әдеттен тыс басқару ойы көрінеді.
Қазақстан экономикасын мемлекеттік басқарудың дамуына көрнекті ғалым, қоғамдық және мемлекеттік қайраткер Д.А.Қонаев (1912-1993) ерен үлес қосты. Ол қырық жылдан астам уақыт бойы республиканы басқарды, оның ішінде ширек ғасырдан астам елдің бірінші басшысы болды. Қонаев Қазақстан экономикасын басқарған кезеңде ол бұрынғы КСРО-ның ірі агроөнеркәсіптік аймақтарының біріне айналды. Мұнда елдегі түсті металлургияның негізгі базасы орналасты, ауқымды жылу-энергетикалық кешен әрекет етті, мұнай өндірудің үлкен әлеуеті болды.
XX ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстан экономикасындағы басқару жағдайы айтарлықтай өзгерді. Нарықтық жүйе басқарудың әкімшіл-әміршіл әдістерін ауыстырды. Осының нәтижесінде кәсіпорындар шаруашылық дербестік пен сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін алды. Қазақстанда мемлекеттік кадр саясатын жетілдіру курсы қолға алынды. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2004 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауында айтылғандай: «Мемлекет жаңа жұмыс орындарын ашып, адамның өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасайды, халық табысының өсуіне қамқорлық көрсетеді».
Қазіргі жағдайда біздің еліміздің тұрақты дамуының басымды бағыты Қазақстан Республикасының экономикасында қазіргі менеджментті қолдану жөнінде теориялық тұжырымдама жасақтау болып табылады. Менеджменттің қоғамдық мәнділігі XX ғасырдың 30-шы жылдары сезілді. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында менеджмент 1992 жылдан, яғни нарықтық экономикаға көшу сәтінен бастап оқытылады. Мемлекетте дүниежүзілік білім стандарттарына жауап беретін менеджмент саласы бойынша мамандар дайындау жөнінде жұмыс басталды. Қазіргі кезде білім беру мен кадрларды кәсіби дайындау мемлекеттің экономикалық стратегиясының құрамды элементтері болып табылады.
Қазақстанда менеджмент пәні бойынша алғашқы қазақша оқулық қазақстандық менеджмент мектебінің негізін қалаушылардың бірі профессор К.Ғ. Ахметовтың «Менеджмент негіздері» (1993) кітабы болып есептеледі. Біздің отандастарымыздың арасынан «Менеджмент негіздері» (1994), «Қазақстан экономикасын басқару негіздері» (2001) жұмыстарының авторы К.Б. Бердалиевті де атауға болады. Осы еңбектерінде ол қазақстандық кәсіпорындарды басқару ерекшеліктерін мазмұндады. Қазақстанда кадр менеджментінің мәселелерін алғаш рет зерттеген қарағандылық ғалым Р.С.Кареновтің одан басқа «Өндірістік менеджмент» (1996), «Инновациялық менеджмент» (1997) деген еңбектері бар. Ол «Кадрлық менеджмент» (2001) атты еңбегінде нарықтық экономика жағдайындағы кадрлармен жұмыс жүргізудің отандық тәжірибесін қорытты және біздің еліміздің кәсіпорындарында позитивті шетел тәжірибесін пайдалану жөнінде кейбір пікірлерін ұсынды. Қазақстандық кәсіпорындар тұрғысынан өндірістік менеджменттің теориялық аспектілері Ә.Ә. Әбдрешевтің «Кәсіпорынның өндірістік менеджменті» (2001) кітабында келтірілген. Онда стратегияны, жоспарлауды, еңбекті басқаруды дамытудың әдістемелік ұсыныстары көрсетілген. Нарықтық жағдайда қаржы менеджерінің рөлі айтарлықтай өскендіктен қаржы менеджментінің мәселелері де Қазақстан ғалымдарының еңбектерінен көрініс табуда.