1. Сабақ жоспары:
1. Үнді философиясының пайда болуы мен кезеңдері.
2. Көне Үнді филсофиясының ерекшелігі, негізгі философиялық ұғымдары.
3. Көне қытай философиясының пайда болуы мен кезеңдері.
4. Қытай философиясының философиялық ұғымдары.
2. Сабақ мақсаты:
Үнді және қытай философиясының пайда болуы мен дүниетанымдық мәселелерімен және философиялық бағыттарымен таныстыру.
3. Лекция мәтіні:
1. Философияның пайда болғанына үш мың жылдай болды дейміз. Философия көне ғылым болғандықтан оның ұзақ тарихы бар. Біздің мақсатымыз – әлемдік философиялық ойдың қалыптасу кезеңдерін көрсету. Философия б.э.д. 1 мыңыншы жылдардың ортасында ежелгі өркениеттің үш ошағы болған – Үнді, Қытай және Грек елдерінде бір мезгілде пайда болған. Осы елдерде философияның пайда болына экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани алғы шарттар пісіп жетілді. Олар – қоладан темірге көшуге байланысты өндірістік күштердің өсуі, сауда-саттықтың дамуы, алғашқы мемлекеттердің пайда болуы, ғылымның, білімнің өркендеуі және т.б. Үнді философиясы адамзатты осы күнге дейін толғандырып келе жатқан мәселелерді көне заманның өзінде – ақ қоя білді. Үнді философиясының пайымдау объектісі – жеке адамның өмірі, оның ішкі дүниесі, басқа адамдармен қарым – қатынасы мәселелері болды. Сондай–ақ, Үнді философиясы мифологиялық оймен тығыз байланыста болып, ғылыми оймен байланысы мардымсыз болды.
Біздің жыл санауымыздан үш мыңдай жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Ежелгі Үнді қоғамы төрт варнаға бөлінді: брахмандар, кшатрийлер, вай-шьялар және шудралар. «Варна» сөзі «түс, қабық, бояу» дегенді білдіреді және әрбір варнаның өз түсі болды. Варна — тұйық жүйе, адамның варнадағы орны және әрбір варнаның қоғамдағы орны қатаң сақталынды. Мысалы, некелік қатынастар тек бір варнаның шеңберінде ғана жүзеге асырылуы тиіс, бір варнадан екінші варнаға өтуге болмайды және әрбір варнаның өкілдері кәсіптің белгілі бір түрімен ғана айналыса алады.
Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай ежелгі үнді қоғам варнаға (каста) бөлінді. Олар:
1) Брахмандар (абыздар) – үлесіне ой еңбегі бар адамдар енді.
2) Кшатриилер (әскербасылар) - әскери қызметтегі адамдар жатады.
3) Вайшьилер (ауқатты шаруалар) – егін шаруашылығы, қолөнер кәсібі, саудагерлік тиген адамдар.
4) Шудралар(құладар) – қара жұмысты істейтін адамдар болды.
Атап өтетін бір ерекшелік — варналарға қатаң бөліну қазіргі заманғы Үнді мемлекетінде осы күнге дейін қатаң сақталып отыр. Біздің ойымызша, қазіргі заманғы Үнді мемлекетінің дамуын тежеуші факторлардың бірі осы болуы да мүмкін.
Көне Үнді қоғамының осындай әлеуметтік жіктелуі, осы қоғамда өмір сүріп отырған адамдардың тұрмысының қиындығы оның философиясының негізгі тақырыбын да анықтады: ежелгі Үндінің философиялық пайымдау объектісі — жеке адамның өмірі, оның ішкі дүниесі, басқа адамдармен қарым-қатынасы мәселелері болды.
Көне Үнді философиясының басты ерекшеліктері:
1) ғылыми оймен байланысының аздығы;
2) жеке тұлғалық сипатының нашарлығы;
3) діни-мифологиялық оймен тығыз байланыстылығы;
4) философиялық ой ескерткіштерінің хронологиялық жағынан жүйесіздігі және белгісіздігі;
5) негізгі философиялық ұғымдардың мән-мағынасының күрделілігі және сантүрлілігі.
Философиялық ұғымдардың мән-мағынасы күрделі де, сан-түрлі сипатта болды. Үндістанға б.э.д. 2-ші мыңжылдықтың ортасында солтүстіктен арийлер тайпасы басып кіреді. Арийлердің қасиетті жазулары – Ведалар – қасиетті аян жолымен келген білімдер, көне әдеби ескерткіштер болып табылады. Веда сөзі білім деген мағананы білдіреді. Ведалардың құрамына қасиетті жазулар, құдайға құлшылық етуге бағытталған сөздер, философиялық трактаттар кірді. Философия туралы пікірлер көне дәуірде туындаған және әр сақта таралған. Философиялық әңгімелер тарихтың терең түбірінен нәр алады, әр заманда өз жалғасы мен түйінін тапты. Тылсым дүние мен өмірге деген жалпы әуесқойлық барысында философиялық әңгімелер жалпылама сипат алды және ұдайы жаңарып отырды. Философиялық толғаныстар қашанда болмасын мәңгі, өзекті және өтімді деген қағидалар қамтыды.
Осы кезде қоғамдық өмірге әлеуметтік қатынастарға сай келетін мифологиялық, философиялық көзқарастар қалыптасты. Олар негізінен ежелгі үнді мәдениеттің ескерткіші – ведаларда (веда-білім) жиынтықталған. Ежелгі Үнді философиясының бастауы — біздің дәуірімізге дейінгі II және I мыңжылдықтарда қалыптасқан Ведалар, олар тек Үнді елінің ғана емес, бүкіл адамзаттың көне әдеби ескерткіштері болып саналады. Кейінірек Көне үнді тілі санскритте жазылып алынған Ведалар Үнді қоғамының рухани мәдениетінің, философиялық ойларының қалыптасып-дамуында айқындаушы рөл атқарды. «Веда» сөзі «білім» дегенді білдіреді, бірақ бұл ерекше білім: гимндер, дұғалар, құрбандық шалу, садақа беру формулалары. Оларда дүние, адам, адамгершілік туралы алғашқы философиялық түсініктер бейнеленді. Ведалар 4 бөліктен түрады:
Ведалар төрт бөлімнен тұрады:
1.Самхит – құдайларға араналған гимндер жинағы.
2.Брахман – самхитті түсіндіретін әр түрлі мифологиялық әңгімелер.
3.Аранъякта (Орман кітабы) – брахманға тән ритуалдардың орнына, сол құдайларадың іштей сыйлап-құрметтеу, олар туралы ойлап-толғану сияқты көзқарас.
4.Упанишадта – дәстүрлі касталарды қарсы қоюдан гөрі, олардың арасындағы ең жоғары білім арқылы жоққа шығару болады деген идея уағыздалады. Алғашқы упанишадалар шамамен алғанда біздің дөуірімізге дейінгі VІІ-VІ ғасырларда қалыптасып, бұл дәстүр ХІІ-ХП ғасырларға дейін жалғасты. Uрапі-sаd («қасында отыру»), яғни ұстаздың аяғының жанында отырып, уағыз тыңдау, «жұмбақ білім» дегенді білдіреді. Упанишадалар — ұстаздың шәкіртпен диалог-әңгімесі, оның тақырыбы — болмыстың алғашқы бастауы, сол арқылы табиғат пен адамның бойындағы құбылыстар түсіндіріледі.
Упанишадтың басты тезисі – Брахман – бар әлемнің генетикалық, түпнегіздік бастамасы және олардың соңы. Жалпы, білімділік Упанишадта өте жоғары бағаланады. Мысалы, тікелей құрбандық шалғаннан гөрі, құрбандық шалу туралы білім өте құндырақ. Нағыз брахман - өмір қиыншылығынан, үмітінен, қызғаншақтықтан арылып, тыныштық тауып, алдамай ой кешіп, атманды түсініп, білген адам.
2. Ведалар негізінде қалыптасқан философиялық ілімдерге байланысты әр түрлі бағыттарға бөлінеді: жайнизм, буддизм, чарвака-локаяттар, санкхья және т.б.
Жайнизм. Жайнизм б.д.д. ІV ғ. діни ағым ретінде қалыптасады. Жайнизм идеясы, оның негізгі философиялық көзқарастары одан да бұрынғы ғасырларда қалыптаса бастаған. Жайнизмге деген сенім, деректерге қарағанда, 24 ұстаз (тиртханкара) арқылы таралады. Жайнизмнің негізін қалаушысы – Махавира Джина (джина- жеңімпаз). Жайнизмнің идеялық жүйесі «Сидханта» деген еңбекте (б.д.д. ІІІ) жинақталынған.
Жайнизм мына идеяларға сүйенді: Адамның жаны, рухы оның тәнінен, дене терісінен нәзік, биік, құдіретті. Оның басты мақсаты – қасірет деп түсінген, өмірден азат болу. Жанның бұрынғы өмірде жасаған келеңсіз қылықтарының теріс салдарын осы өмірде жеңуге болады. Ол үшін сансардан (жанның бір денеден екінші денеге көшіп жүруінен) құтылу қажет. Материалды қабаттан құтылған жан ғана мокшаға (жанды қасіреттен азат ету мүмкіндігіне) жетеді, өзін құтқарады, тіпті толық жалғандықтан босануға икемделінеді, нирваналық күйге енеді. Жайнизмде материя дегеніміз жұқа қабаттан тұратын карма немесе кармаға жабысқан тұрпайы нәрселер. Осы тұрғыдан алғанда, дүние мәңгі, өзгермейтін екі нәрседен – дживадан (жан, рухани бастама) және адживадан (тірі емес, жансыз, материалды бастама) тұрады. Әрбір жайнизм дживадағы, тіршілігі бар ортаға ұмтылады, өйткені ол – жетік, белсенді. Тұтас дүниеде джива карма арқылы (әділ жаза арқылы) адживамен (тіршілігі жоқ кеңістікпен) байланысады. Джива карма арқылы мәңгі, үздіксіз түрленеді, денелердің айналымын құрайды.
Жайнизмнің ұстаушының бірінші міндеті – карманың ағымын тоқтата алу, екіншісі – карманың қалдығын сарқу, одан арылу.
Жайнизмде мокша тіршілігі бар және тіршіліксіз әлемдердің арасын толығымен алшақтатса, карма оларды біріктіреді. Карманың өзі көп түрлі. Оның бірі – денеміздің табиғатын, бізді дүниеге әкелген отбасын айқындаса, екіншісі өмірдің ұзақтығын, үшіншісі – тіршілік пен тіршілігі жоқтардың біріктірудің негізі болып есептелетін құштарлыққа, ләззаттануға қатынасты анықтайды.
Сансардан азат болу үшін «үш қазынаны» сақтау керек. Ол дұрыс қылық, шынайы білім, дұрыс сенім. Дұрыс сенім - тиртханкалар деп аталатын 24 әулиенің іс-әрекетіне сену болса, дұрыс қылық – тазалықты, шындықты, сабырлықты т.б. сақтау. Ал шынайы білім – жанның сезім мүшелері мен ақыл-ойға сүйенбей алған білімі. Мұндай танып-білу процесінде жан қарастырып отырған заттармен тікелей байланысады.
Жайнизм пікірінше, әлем бірінің үстіне бірі орналасқан көп қабаттан тұрады. Төменгі екі қабатында - әзәзіл (перілер), ортаншы қабатта жер, келесі қабатта – құдайлар, ал ең жоғарғы қабатта – құдайларға ұқсас жындар орналасқан. Жайнизм пікірінше, құдай жоқ, оның бар екендігі туралы келтіріп жүрген дәлелдердің бәрі негізсіз қате, сондықтан құдайға емес, 24 тиртханкарға (әулилер) және жындарға сену керек.
Жайнизм кейіннен, дигамбар және шветамбр деген екі сектаға бөлініп кетті. Жайнизмге Үндістанда қазірдің өзінде көптеген адамдар сенеді.
Буддизм. «Будда» термині «жарқырау», «сергу», «жадырау» деген мағынаны білдіреді. Буддизм — көне Үнді философиясының басты ағымы, буддизм діні негізінде дүниеге келген. Буддизмнің негізін қалаушы б.д.д. VІ ғ. шакья (сакья) тайпасынан шыққан князьдің баласы Сидхартха Гаутаманың (б.д.д. 563-483ж.ж.) есімімен тығыз байланысты. Ол Гималайдың бауырындағы Капилавасту мемлекетінде өмір сүрген. Жас шағында бақытты, төрт құбыласы тең болып өмір сүрген Гаутама өмірдің кәрілік, ауру, өлім секілді жағымсыз құбылыс-тарымен кездескен соң адамды азап-қасіретке толы мұндай өмірден құтқару керек деп шешті.
Азапты өмірден құтылудың екі жолы бар: сыртқы дүниені озгерту ар-кылы адамдардың бәріне ортақ утопия құру және өзіндік «Менді» өзгеріске, яғни, ішкі болмыстың қасіретіне ұшырамайтын «ішкі утопияны» құру- Будда екінші, экзистенциалдық жолды тандап, тақуалық өмір кешуге. адамзаттың рухани ұстазына айналуға бел байлайды. Әкесінің үйінен кетіп, Урувилланың маңындағы Бодхи ағашының астындағы оңаша жерге орналасқан Сидхартха ханзада жеті күннен соң қасіретті өмірден тазару жолдарын тауып, нұрланады. Азап шегу мен қасіретке толы өмірден құтылудың жолын ол төрт ақиқат арқылы белгілейді:
1) өмір — тынымсыз күрес, азап, бейнет;
2) азап, бейнет нәпсіден, құмарлық-құштарлықтан
(өмір сүруге құмарлық, рахатқа құмарлық, өлуге құмарлық) туады;
3) азаптың себебі бар. Оны танып-білуге болады;
4) азап пен бейнеттен құтылу жолы сегіз қағидадан тұрады. Буддизм өмірге құмарлықты жеңу оңай емес деп түсіндіреді. Ол үшін дұрыс жол тандап алу қажет, ал оған дұрыс көре білу, дұрыс ой, дұрыс сөз, дұрыс іс-әрекет, дұрыс өмір салты, дұрыс куш-жігер, дұрыс назар, дұрыс көңіл бөлу секілді адамгершілік принциптерден тұратын сегіздік жол кіреді. Осы қасиеттерді сақтай отырып өмір сүру арқылы нирванага, тыныштыққа жетуге болады.
Үнді философиясының басқа бағыттары сияқты буддизм де өлі материяның, органикалық дүниенің және жанды дүние элементтерінің арасында себептілік бар екендігін мойындайды және соңғы себептілікті ерекше бөліп көрсетеді (карма теориясы). Буддистер карманы адамның өмірін ең басты бақылаушы деп есептемегенімен. адамдарды карманың бар екендігін ұмытпауға шақырады, сол арқылы ізгілікке жетелейді. Адамгершіліктік ластану ағынның барлық элементтерін кірлетеді, сондықтан оны бірте-бірте жойып, мүлдем тазару жолымен нирванаға жетуге болады. Нирвана — адамдардың көпшілігі үстіртін түсініп жүргендей жәй ғана рахатқа бөлену емес, зұлымдық пен нәпсіні тыю жолымен жансыз, сезімсіз абсолютке айналу, сананы өшіру. бір сөзбен айтқанда, абсолюттік тыныш күйге жету.
Буддалық ілім бойынша, өмір – қобалжу, азап, өмірге келу мен қарттық, ауру мен өлім, сүйгеннен арылу мен сүйметінмен бірге тұру, орындалмаған арман және қанағаттанбаған тілек – мұның бәрі де азаптың көрінісі, әрі жалғасы. Адам қанша әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен құтыла алмайды.
Тойымсыз құштарлықты тоқтату үшін артық тілектен тартыну керек, жер бетіндегі әуреліктен арылу дұрыс. Азаптан арылудың осындай жолын тапқан нирванаға жетпек.
Будда кейіннен нағыз шындыққа жетудің және нирванаға жақындаудың сегіз сатылы жолын атап өтеді:
1. Шынайы сенім. Дүние қайғы-қасіретке толы, оны тоқтату үшін ой мен бойдағы құмарлықты басу керек деген Будда сөзіне сену;
2. Тура, әділ шешімге ұмтылу. Өз құмарлығың мен қызбалықты шектейтін қысқа жолды біржолата айқындау;
3. Шыншыл сөз. Айтпақ сөзіңді мұқият қадағала, ол зұлымдыққа итермейтін, қайта дұрыс, рақымды болсын;
4. Дұрыс істер. Теріс ниетті, қас қимыл-әрекеттен сақтану, игі іске икемді болу;
5. Дұрыс өмір. Тіріге зиян келтірмейтін, құрметтеуге, тұрарлық өмір сүру;
6. Дұрыс ой. Ойыңның бағытын саралай отырып, одан күдікті, күмәнді нәрсені қудалап, жағымдыны жалғастыру;
7. Ақ ниеттер. Зұлымдықты ойыңа алма;
8. Тура, дұрыс пайымдау. Ойыңды үнемі және төзімділікпен жаттықтыру, шындыққа жетпек талпынысты өзіңе шоғырландыру, оны тереңдету қабілетін шыңдау.
Дұрыс жинақтала білудің өзі төрт сатыдан тұрады:
1. Ойды төрт ақиқатты түсініп, пайымдауға бағытау.
2. Осы төрт ақиқатқа сену. Ол біздің жанымыздың тыныштықты және қуанышта болуына мүмкіндік береді.
3. Қуаныш – қайғыдан, өз денеңді сезінуден арылу.
4. Толық сабырлылық және толғаусыздық жағдайға жету.
Соңғы сатыны Будда «нирвана» деп атайды (адамның тірі кезінде жанды сансардан толығымен азат ету). Нирвана жағдайына өткен адам архат (қадірлі, құрметті, сыйлы адам) деп аталады. Нирвана – ең жоғарғы ләззат. Кейіннен, нирвана ұғымы адамның бойынана бүкіл әлемдік көрініске ауысады. Әлемдегі нирвана мәңгі, оны ешкім дүниеге әкелмейді және пайда болуының себебі жоқ. Әлемдік нирвананы сезім мүшелері арқылы қабылдау мүмкін емес, оны тек қана дұрыс жолмен жүрген, ақыл-ойы таза, күнделікті қызықтан алшақ адам танып біле алады.
Сонымен, Буддизмге сүйенушілер Үндістанның өзінен гөрі одан тыс мемлекеттерде көп кездеседі
3. Қытай – көне тарихтың, мәдениеттің, философияның елі мен жері. Мамандар Қытай өркениетінің басталуын ся дәуіріне, яғни б.д.д. ІІІ-ІІ мың жылдық уақытқа жатқызады. Ал оның күйреуін Хань империясының күйреуімен (б.д.д. 220ж) ұштастырады.
Б.д.д ХVІІІ-ХІІ ғ.ғ. Шан-Инь мемлекетінде қола мәдениеті дамыды, қалалар қалыптасты, шаруашылықтың құлдық қоғамдық түрі жетілді. Қала мен өндіріс төңірегінде қауымдастықтың шоғыр-лануы негізінде екі жағдайда – шаруашылық пен әскери себептеріне орай дамыды.
Ежелгі Қытай мемлекеті – шын мәніндегі Шығыстық деспотия болды. Мемлекет басшысы - әрі монарх, әрі абыз және жалғыз ғана жер иесі болды. Әр түрлі рангтегі аристократия мемлекеттік қызметте болды. Олардан кейін әлеуметтік сатыда - ру басылары, от басылары тұрды. Ал құлдар болса, олар жануар сияқты, әлеуметтік сатыдан тыс қалды. Құлдардың еңбегін, әсіресе мал шаруашылығында, егінде, құрылыста, тұрмыс қажетіне пайдаланды.
Шын мәнінде, заң болған жоқ, сондықтан әлеуметтік сатыда жоғары тұрғандардың өктемдігінен ешкім тыс қала алмады. Шань-Инь қоғамының саяси билігі ван топтары арқылы жүргізілді. Ван шаруашылық мәселесіне де, әскери, діни билікте де ең жоғары басшы болды. Ванның билігі шандықтар дәріптеп, оны тәңірге теңеген. «Шан-ди» деген титулға ие болған ван өзін «Мен –адамдардың арасындағы ерекше жаратылыспын, «жалғызбын» деп жариялады. Байлар мен шонжарлар арасында біртіндеп эгоорталық сипат пен пиғыл тамыр жайды. Шан – жер кіндігінің Ұлы қаласы, Қытай – жердің Ұлы орталығы деген уағыздар таратылды.
Халық арасындағы қарым-қатынас күрделі, шым-шытырақ ритуалға негізделді. Бұл ритуал аспан қозғалысының тұрақтылығына, жердегі құбылыстардың реттілігіне және халықтың әдет-ғұрыптарына негізделді.
Ритуалдар тірілердің өлгендерге, олардың рухына, табиғат құбылыстарына, жерге және аспанға деген қарым-қатынас негізінде қалыптасқан діни көзқараспен тығыз байланыста болды.
Сонымен саяси-экономикалық жаңа жағдайлармен тайпа, цзундық әлеуметтік ұйымдасу тәртібінің арасында алшақтық біліне бастады. Дәстүр көнеге, өндіріс жаңа ережеге тартты. Мемлекет ұсақ отбасы мен топтардың жойылып кетпеуін реттеуге тырысты.
Осы тұрғыдан философтар елді дұрыс басқару бағдарламасын және адамның мінез-құлқын дұрыстайтын талапты талқылағанда миф мәселесіне оралады. Ойшылдар мифті персонаждарын адамның мінез-құлқы мен қимыл-әрекеттері арқылы сипаттайды.
Миф біртіндеп тарихтың ғана емес, философиялық идея мен ілімнің де құрамдас бөліміне айналды. Оны ерте Қытай діни бастауы мен философиясының қайнар көзінен пайымдаймыз. Қытайлардың сол кездегі дүниетанымдық ой-пікірлері «Бес кітап» деп аталатын кітаптарда шоғырланып, өздерін білімді санайтын әр адамның көзқарастарын қалыптастыруда зор рөл атқарды.
Ежелгі Қытайда ғылымның да кейбір салалары пайда бола бастады. Мысалы: математика, астрономия, медицина. Осы ғылымдар саласындағы жетістіктер негізінде Ай мен Күннің тұтылу мезгілін анықтауға, астрономиялық құбылыстар мен жердегі құбылыстардың байланысын анықтап, күнтізбе, уақыт есептеу, және т.б. тәсілін ойлап табуға мүмкіндік туды. Бұл жағдай философиялық ілімдердің деңгейіне әсер етпей қойған жоқ.
Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдың аяғында пайда болған Ежелгі Қытай философиясы негізгі алты философиялық бағыттағы мектептерге бөлінді. Олар: конфуцийшылдық, моизм, заң мектебі (легистер), даоизм, тұрпайы философия (натурфилософия) және Атаулар мектебі.
Қытай идеологиясы мен саясатында екі бағыт айқындала бастады: консерваторлық (керітартпа) және прогресшілдік, бірі – мистикалық, екіншісі – атеистік бағыттар. Алғашқы материалистердің пікірінше, әрбір бес түрлі бастапқы әлементтерден (металл, ағаш, от, су, жер) тұратын болса, керісінше идеалистердің пікірінше, табиғаттың жаратылуы, дамуы «даоға» байланысты деп атады.
4. Қытай дүниетанымының ерекшелігі сол, ол өзін-өзі реттейтін, бастауы ішкі динамикалық тәртіппен байланысты дүниеге, әлемге негізделеді. Ертедегі Қытай философиясында конфуцийлік бағыт басты рөл атқарды.
Конфуцийшылдық. Бұл философиялық ағымның пайда болуы мен қалыптасуы осы ағымның негізін қалаушы Кун-фу-цзы, оның ізбасарлары Мән-цзы және Сюн-цзының есімдерімен тығыз байланысты.
Кун-фу-цзы (б.д.д.551-479ж.ж.) кедейленген ақсүйек әскербасының отбасында өмірге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол, тек 15 жасында ғана білімге құштарлық танытады, ал 50 жасында өз мектебін қалыптастырады. Оның көптеген ізбасарлары болады. Олар ұстазының және өздерінің ой-пікірлері, қағидалары мен тұжырымдарын жинақтап «Әңгімелер мен пікірлер» («Лун юи») деген конфуцийшылдық ілімнің негізгі шығармасын дүниеге келтірді. Қытайлардың көптеген ұрпақтары бұл кітапты үлгі тұтып, басшылыққа алған. Кун-фу-цзы бұдан басқа бірнеше кітаптары болды: «Өлеңдер кітабы», «Көктем мен күз», жылнамасы, «Сұхбат және пікір айту» т.б.
Кун-фу-цзы аспанды өзіндік болмысы бар дүние ретінде, ең жоғарғы, құдіретті күш ретінде қарастырады. Аспан, ол үшін, әділеттілік аясы, аспан өз еркін әр адамға білдіреді, өз үкімін барлық аспан астындағы елдерге, мемлекеттер мен қоғамға таратады. Содан аспан ұғымы конфуция философиясында діни, саяси және этикалық қызметте атқарады.
Кун-фу-цзы өз ілімінің өзегі етіп материалдық денелердің заңдылықтарын, бабалар рухын зерттеуден гөрі адам арасындағы қарым-қатынас, тәрбие мәселелерін қабылдайды. Осыған орай, мынадай ұғымдарға көп көңіл бөледі. Олар: «тең орта», «адамгершілік» және «өзара сүйіспеншілік». Осы үш ұғым бірігіп «дао» («дұрыс жол») құрайды. Әр адам осы даоның жолымен өмір сүруі қажет.
«Тең орта» - адамдардың сабырсыздық пен сақтықтың арасындағы іс-әрекеті. Ал адамгершіліктің негізі «жэнь» - «ата-анасын құрметтеп және үлкен ағаларын сыйлау». Ал «өзара сүйіспеншілік» арқылы қарым-қатынас конфуцийшілдік әдептілік ілімінің негізгі өзекті ұғымы.
Конфуция идеясы, ілімі, діни идеологиясы екі мың жылдан артық уақытта қытайлықтардың сана-сезімін қалыптастырды, олардың мінез-құлқына, психологиясына, сеніміне шешуші ықпал етті, өмір салтын жалғастырды. Осы бас бағыт пен үлкен әрекет барысында ұлттық тұтас менталитет қалыптасты. Ол дегеніміз:
- әлеуметтік қатаң тәртіпті қажет дегенде ұсақ-шағын нәрсеге бейімдей білу;
- еңбекқорлық пен білімге деген ынта-ықыласты суытпау;
- қызмет бабында өсу үшін жарыстан тайынбай, өзін-өзі жетілдіруге әрдайым ұмтылу;
- отбасы-әлеуметтік байланыстардың мызғымастығын сақтау.
Мұның бәрі ұлттық мінездегі конфуциялық ерекшеліктер.
Мән-цзы — (б.д.д. 372—289 жж.) — Кун-фу-цзының ілімін әрі қарай жалғастыра отырып, аспан (көк) — объективтік қажеттілік, тағдыр ретінде жақсылықты қорғайды дей отырып, аспанның еркі — адамдардың жігер еркі арқылы көрінеді деген пікір айтады. Осыдан келіп, ол: "Адамның табиғаты тек жақсылықтан жаратылған". Олай болса, ван (билеуші) халықты өз баласындай сүйсе, халық оны әкесінен жақсы көруі керек, — деген тұжырым жасайды.
Сюнь-цзы (б.д.д. 313-белгісіз) Аспан мен жерді барлық денелердің шығу тегі ретінде мойындаса да, тағдырды аспанның жігереркі ретінде мойындамайды. Оның пікірінше, аспанды қастерлеп, ол туралы ойланып отырғаннан гөрі, керекті заттарды көбейтіп, аспанның өзін бағындырған дұрыс.
Әлем өзінің табиғи зандылықтарымен өмір сүреді, оны зерттеп, сырын ұқса, өз қажетіңе жаратуға болады. Олай болса, бақытты немесе бақытсыз, бай немесе қайыршы болу адамдардың өзіне байланысты. Жалпы адамдар табиғатынан зұлым, қызғаншақ, дүниеқоңыз болып туады. Тәрбие арқылы адамдарды адамгершілікке баулып, оның табиғатын өзгертуге болады. Ал адамдар өз тарапынан өзін өзі жетілдіруге құлшынуы тиіс.
Конфуцийшылдық б.д.д. I ғ. мемлекеттік ілімге, ал IX ғасырдан бастап Қытайдағы негізгі діни көзқарасқа айналды.
Легистер (заңгерлер). Легизм (лат. т.–заң деген мағ. береді) – фацзя мектебінің заң туралы ілімі, ерте қытайдағы саяси-этикалық ілім, адамды, қоғамды және мемлекетті басқару туралы көзқарастар. Легизмнің көрнекті өкілдері – Цзы-чан (б.д.д. VІ ғ.), Гуань-Чжун (б.д.д. 645ж.қайтыс болған), Шан Ян (б.д.д. 390-338), Хан Фэй Цзы (280-233), Ли Куй т.б.
Легистер конфуцийшылдардың мемлекетті әдептілікке негізделген заңдар арқылы басқару керек деген пікірлеріне қарсы болып, керісінше, мемлекетті тек қана билеушінің өзі шығарып, өзі бекіткен заңға сүйеніп басқаруға болады, себебі «мейірімділік пен адамгершілік - қылмысқа апаратын бірден-бір жол, ал шын қайырымдылық өзінің бастамасын жазалаудан алады деп уағыздады.
Легистер байырғы рулық қатнастарды, оның тірегі – ақсүйектік тұқым қуалаушылықты сынады. Олар елді басқарудың рулық дәстүрі мен рәсімдерін қабылдамады. Конфуцияның этикалық талаптарын «ойын сөзге» жатқызды.
Сөйтіп, легистер арожданның орнына заң алдындағы қорқыныш негізгі қағида етіп ұсынады. Бұл қағиданы жүзеге асыру үшін төмендегі ережелерді сақтау керек:
1) мақтаудан гөрі жазалау тәсілін көбірек қолдану;
2) аямай жазалау арқылы халық арасында үрей тудыру;
3) ұсақ қылмыс жасағандарды аямай жазалау арқасында үлкен қылмысқа жол бермеу;
4) адамдар арасында бір-біріне сенімсіздік тудыру.
Осы қағидаларды бұлжытпай орындағанда ғана ел арасында тәртіпсіздік болмайды, халық билеушінің айтқанын екі етпей орындайды және керек болса, өлімге де барады.
Мемлекеттің негізгі мақсаттары: ұсақ патшалықтарды біріктіріп, аспан аясындағы мемлекет құру және оған басқа халықтарды бағындыру. Осы тұрғыдан өнерге, білімге деген құштарлық тежелуі қажет. Мемлекеттің экономикалық негізі – қолөнер, сауда емес, егін шаруашылығы болуы керек.
Жоғарғы өкіметтің бас міндеті – егін шаруашылығын жетілдіру, базардағы тауарлардың нарқын реттеу, армияны күшейту. Оның ұраны: «Халықтың дәулеті – егін шаруашылығында». Билеушінің үкіметін күшейту үшін табиғи байлыққа мемлекеттің үстемдігін орнату және табысты мемлекеттің қазынасына өткізу шарт.
Сонымен конфуция ілімі шынайы мораль мен көне дәстүрге арқа сүйенсе, легистер әкімшілік тәртіпті бәрінен де жоғары қойды. Конфуция өткенге құрметпен қараса, легистер күшпен келетін билікке тәжім етті.
Даоизм. (б.д.д. VІ-Vғ.ғ.) Бұл ілімнің негізін қалаушы б.д.д. VІ ғ. өмір сүрген Лао-Цзы деп есептелді. Оның негізгі еңбегі - «Дао және дэ туралы кітап» (Дао дэ цзин). Даоизм философиясының негізгі мәселесі – ұлы Дао (ұлы жол) туралы, жалпылама Заң және Абсолют туралы ілім. Даоны ешкім жасаған жоқ, бірақ бәрі де содан тараған. Дао барлық жерде, әрқашан, әр уақытта, шексіз өз үстемдігін жүргізеді. Оны сезім арқылы көруге, естуге болмайды. Дао табиғаттың, қоғамның, адам мінезі мен ойының табиғи, бірақ көрінбейтін заңы. Оның бастамасы да, аяғы да жоқ. Ол уақыт пен кеңістіктен тәуелсіз, солай бола тұра, жарық дүниедегі барлық нәрсенің негізі мен бастамасы, аты және түрі. Дао сансыз заттарды жасаса да, әрекетсіз күйін сақтайды; бос қуыс сияқты, бірақ мәңгі, таусылмайды, оларды әруақытта реттейді.
Даоизмдегі қарама-қарсы пікірлерге толы, көмескіленген ілімдердің бірі – екі түрлі дао туралы ілім. Даоның бірінші түрінің аты жоқ. Себебі, ол – денесіз, екі ұшты, кішкентай, көрінбейді, жалғыз. Ол - мәңгі, еш уақытта өзгермейді, еш нәрсе оны өзіне бағындыра алмайды, ал өзі басқа заттардың дамып, жетілуіне көмектесе алады, бұл жағынан шектелуді білмейді.
Ал «аты бар дао» ұсақ бөлшектерден (ци) тұрады. Ол бөлшектерде заттардың кескіні бар, сондықтан да олар «барлық заттардың анасы». «Аты бар даоның» негізгі қасиеттері: шексіз, таусылмайды, құдіретті, әрекетшіл. Бұл екі түрлі «дао» бір-бірімен іштей тығыз байланысты, екіншісі біріншісінен туындайды, ал кейбір жағдайларда олар бір-біріне ауыса береді, осының арқасында әлемде түрлі ғажайыптар болып тұрады.
Сонымен «дао» түпнегіз ретінде заттарды дүниеге келтірсе, олардың әрі қарай өмір сүруі «дэге» байланысты. Себебі «дэ» олардың өмір сүру заңы, олардың өмір сүру заңы, оларды қоректендіруші. олай болса, «дао» және «дэсіз» еш нәрсе дүниеге келіп, өмір сүрулері мүмкін емес.
Әлемдегі денелер аспан (ян-еркек) мен жер (инь- әйел) бастамалары және заттардың өмір сүру заңы арқасында гармониялықта бірлікте болады.
Ян –еркек бастамасы, күн нұрындай жарық, ашық мекем және күшті. Ян жалпы жағымды нәрсенің бастамасы.
Инь - әйел бастамасы, аймен байланысты, сондықтан көлеңкелі, күңгірт те, әлсіз.
Екі бастама өзара байланыста болған, сол үйлесімділіктің нәтижесінен күллі мәнді нәрселер туындайды.
Сонымен, даоизм конфуцийшылдарға, легистерге де қарсы болды. Кейін келе даоизм дінге айналып, өзінің алғашқы кездегі көптеген идеяларынан айырылып қалды.
Оқытудың техникалық құралдары: интерактивті тақта, проекторсызба – кестелер, бейнефильмдер, плакаттар.
Оқытудың әдістері мен түрлері: баяндау, сұрақ – жауап, түсіндіру, кіріспе лекция
Деңгейлік тапсырмалар:
1–деңгейлік сұрақ. Үнді философияның мәні неде?
1–деңгейлік сұрақ. Жайнизмнің кітабы туралы не білесіз?
2. –деңгейлік сұрақ. Буддизмдегі әлем түсінігің мәні?
2. –деңгейлік сұрақ. Нирванаға жетудің жолдарын атаңыз?
3.–деңгейлік сұрақ. Қытай философиясының ерекшелігі?
3.–деңгейлік сұрақ. Кун-фу-цзының еңбектері мен Дао ұғымының мәні?
ОБСӨЖ тапсырмалары: Көне Үнді философиясының философиялық дүниетанымдық мәселелері
СӨЖ тапсырмалары: Ежелгі Қытай философиясының мектептерінің философиялық көзқарастарының қалыптасуы
Әдебиеттер:
1. Кішібеков Д. Сыдықов Ұ. Философия. - Алматы: Қарасай, 2008.- 360 б.
2. Ғабитов Т. Философия. – Алматы, «Заң әдебиеті баспасы», 2010.
3. Марков Б.В.Философия. М., 2016
4. Аташ Б.М. Философия. – Алматы, 2013.
5. Рычков, А. К. Философия: учебник для студентов высших учебных заведений / А. К. Рычков, Б. Л. Яшин. - М.: ВЛАДОС, 2009.
6. Ильенков, Э. Философия и культура / Э.Ильенков. - М.: Политиздат, 2010. – 381 с.
7. Сыбанбаев Қ. Философия. – Алматы, «Экономика және құқық академия» баспасы, Алматы, 2012.
8. Алтаев Ж. Философия және мәдениеттану: оқу құралы. – Алматы: Эверо, 2014.
9. Алексеев П.В. История философии: – учеб. – М.: ТК Велби, Изд-во Проспект, 2010
10. Молдабеков Ж. Қасабек А. Шығыс философиясы: - Алматы: Қазақ ун-тi, 2001. - 307 б.
WEB сайттар тізімі:
1.www.nigma.ru
2.www. philosophy.ru
3.www.arcto.ru