Ашъарилер Аллаһтың тек жеті сипатын ғана мойындайды. Олар: Құдірет, Ілім, Қалау, Мәңгі тірі, Естуші, Көруші, Сөйлеуші. Өйткені бұл сипаттарды жоққа шығарса немесе өзгертсе, мүлдем жоқ нәрсеге құлшылық жасаған болады. Ал қалған сипаттарды олар ақылдарына симағандықтан өзгертеді. Ал Аллаһтың есім-сипаттарына қатысты әһли суннә уәл жәмәъәның ақидасы қандай болу керектігін, біз жоғарыда анық дәлелдермен баян еткенбіз. Бұл адасқан топтар өздерін әһли Суннәдан деп дәурігеді де, Аллаһтың сипаттары туралы сахабалардың, имамдардың ақидасы бойынша айтылса: «Сендер Аллаһты адамға ұқсатып жатырсыңдар», - дейді. Себебі әһли Суннә: «Аллаһ Құранда Өзін қолы, нәпсі бар деп, көтеріліп, түседі деп, жақсы көреді және жек көреді деп сипаттады, біз де тура солай иман келтіреміз және Оны ешнәрсеге ұқсатпаймыз, жоққа шығармаймыз, «қалайша?» демейміз және өзгертпейміз» дейді. Ал бұл адасқан ағымдар «Аллаһтың қолы дегені - құдіреті, Аршыға көтерілді дегені – меңгерді дегені, Аллаһ жақсы көреді дегені – сыйлық береді, жек көреді дегені – жазалайды дегені деп тәпсірлейді, яғни ақылына сыйғанын қабылдайды, ал сыймағанын өзгертеді. Біздің көру, есту, білу қабілетіміз шектелген сияқты, ақылымыз да шектелген. Құран біздің ақылымызға жүгінбейді, керісінше біз Құранға жүгінеміз. Пайғамбарымыздан да, сахабалардан да, табиғиндарден де және төрт имамнан да Құранды осылайша олардай тәпсірлегендігі туралы бірде-бір риуаят келмеген. Жоғарыда Құранды тәпсір қылудың шарттарын айтып өткенбіз, Шын жүрекпен Аллаһтың разылығын, рахметін қалаған кісі Пайғамбарымыз және оның сахабалары жасамаған тәпсірді жасап, нәпсісіне ұнамағаны үшін, немесе ақылына симағаны үшін Құран аяттарының мағынасын өзгертіп, тәлкек етпейді.
Сұрақ: Таухид әл-әсмәи уәс-сифәтта қандай қағида бар?
Жауап:
Қағида – «Жаратылыстарға қатысты заңдарды Аллаһқа қатысты қолдануға тыйым салынған». Бұл қағида келесі аяттардан шығарылған:
«Аллаһқа ұқсайтын ешнәрсе жоқ. Ол Аллаһ әр нәрсені Естуші, толық Көруші». (әш-Шура; 11);
«Әрі Оған ешкім тең емес». (әл-Ихләс; 4).
Аллаһ Өзін Құранда «аспанда» екенін, «Аршыға көтерілгенін», қолы бар екенін айтып сипаттады. «Бұлай деп айтпаймыз, айтсақ Аллаһты адамға, жаратылысқа ұқсатып қоямыз», - деп айту - дұрыс емес. Себебі саған Аллаһты адамға ұқсатуға кім рұқсат берді? Не үшін ұқсатып жатырсың? Аллаһ Өзін қалай сипаттаса, Пайғамбарымыз Аллаһты қалай сипаттаса, тура солай иман келтір. Аллаһтың еш бір сипатын ұқсатпа, жоққа шығарма, «қалайша?» деп сұрама және өзгертпе, себебі сенің ақылың оған ешқашан жетпейді. Өйткені, бұлай жасау -бидъат.
Сұрақ: Қиястың үш түрін айтып бер және олардың қайсысын Аллаһқа қатысты қолдануға болады? Ал қайсысын қолдануға болмайды? Не үшін?
Жауап:
1) Қияс әт-тамсил, яғни бір нәрсенің түрі мен бейнесін тура сол тәрізді нәрсемен салыстыру. Мысалы, жаңа туылған бала 3-4 күннен кейін көзі көре бастағанда анасының түрінің суретін есінде сақтай бастайды. Сосын даусын естіп, оны да есінде сақтайды. Кейін анасының даусын естігенде, оның түрін көзіне елестетеді. Кейін әкесін, сосын аға-әпкелерін, содан кейін қоршаған ортасын еске сақтап, тани бастайды. Мысалы, ол өскеннен кейін «магнитафон» десең, ол көзіне итті елестетпейді ғой. Енді ол «Ол күні Раббыңның жүзінен басқаның барлығы жойылады» деген аятты оқығанда, қателесіп Аллаһтың жүзін елестете бастайды. Бұлай істеу - дұрыс емес. Өйткені, ол ешқашан Аллаһтың жүзін көрген емес, оны салыстыратын еш нәрсе жоқ және бізге оның қандай екенін ешкім айтқан жоқ. Адамдардың қателігі, Аллаһтың есім-сипаттары туралы оқып, естіген кезде, жаратылыстарға қатысты заңдарды Аллаһқа қатысты қолдана бастайды. Сондықтан, Аллаһтың есім-сипаттарын еш нәрсеге ұқсатпастан, жоққа шығармастан, «қалайша?» деместен және өзгертпестен иман келтіруге бұйырылдық.
2) Қияс әш-шумул (қисын арқылы), яғни мағынасы арқылы салыстыру. Мысалы, сол бала өсе келе «көруші десе демек көзі, қарашығы, кірпігі бар; естуші десе демек құлағы; сөйлейді десе демек тілі, аузы, тісі, өңеші бар» деген сияқты тұжырым жасайды. Бұл ой-тұжырымды да Аллаһқа қатысты қолдануға, жоғарыдағы шарттармен тыйым салынған.
3) Қияс би-әулә, яғни «тіпті», «артығырақ» деу арқылы салыстыру. Қиястың осы түрін ғана Аллаһқа қатысты қолдануға болады.
Дәлел: «Мысалдардың ұлығы Аллаһқа тән». (ән-Нәхл; 60);
Хадисте: «Пайғамбарымыз бір жорықтан келгенде, бір әйел кісі тұтқындардың арасынан баласын іздеп, әр баланы қарап, құшақтап жүргенін Пайғамбарымыз және сахабалар куә болып, көріп отырды. Кейін әлгі әйел өз баласын тауып, оны бауырына қысып жылады, сонда Пайғамбарымыз сахабаларынан: «Қалай ойлайсыңдар, осы әйел өз баласын отқа тастайды ма?» - деп сұрады. Сахабалар: «Аллаһқа серт, тастамайды», - деді. Сонда Пайғамбарымыз : «Аллаһ өз құлдарын отқа тастауды одан да артығырақ қаламайды», - деді». (Муслим 7154). Осы жерде Пайғамбар қияс би-әуләны қолданды.
Қияс тамсил мен қияс әш-шумулді Аллаһқа қатысты қолдануға тиым салынған:
Дәлел: «Аллаһқа ұқсайтын ешнәрсе жоқ. Ол Аллаһ - әр нәрсені Естуші, толық Көруші». (әш-Шура; 11);
«Әрі Оған ешкім тең емес». (әл-Ихлас; 4)
«Аллаһқа мысал бермеңдер. (Аллаһты еш нәрсеге теңемеңдер) Негізінде Аллаһ әр нәрсені біледі, сендер білмейсіңдер». (ән-Нәхл; 74)