Жауап:
1. Өздерін мұсылман деп санайтын көптеген адамдар Аллаһпен қатар өлген әулие-әруақтардан тілеп, оларды Аллаһқа серік қосады. Мұндай адамдар өлілерді ұл-қыз беруге, ауруларға шипа беруге, жолды ашып, бақытты қылуға, қайғыдан құтқаруға құдіретті деп ойлайды. Олардың өлілерден сұрап жатқан нәрселеріне тек Аллаһ ғана лайықты және құдіретті. Ал бұл нәрселерді Аллаһтан басқадан сұрау - оларды Аллаһқа теңеу болады. Аллаһ Құранда:
«(Мухаммад) оларға: «Аллаһтан өзге көктерде де, жерде де тозаңның салмағындай түкке ие бола алмайтын, екеуінде де бір ортақтығы жоқ», -деген. (әс-Сәбә; 22);
«Саған ғана құлшылық қыламыз әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз». (әл-Фәтиха; 5)
«Шын мәнінде мешіттер (құлшылық жасалуға қатысты барлық нәрселер) Аллаһқа ғана тән. Ендеше Аллаһпен бірге ешкімге дұға қылмаңдар». (әл-Жин; 18)
2. Кейбіреулер оларды Аллаһтың көмекшілері дейді. Енді біреулері «Дұрыс, мен сенімен келісемін, ол әулиелер мен әруақтар Аллаһ тәрізді құдіретті емес және олар Аллаһтың серігі емес. Бірақ олар жаратпаса да, аз болса да көмек бере алады ғой», - деп, оларды Аллаһқа көмекші етеді. Ал, Аллаһ Тағала Құранда:
«Сондай-ақ, Аллаһқа олардың ешбіреуі көмекші де емес», -деген. (әс-Сәбә; 22)
Және Кәһф сүресінің 51-аятында: «Мен Жер мен көктерді және олардың өздерін жаратқанда, оларды керек қылмадым. Сондай-ақ, аздырушыларды көмекші еткен емеспін», -деген.
3. Сондай-ақ, кейбір адамдар белгілі бір бақилық болған адамдарды Аллаһтың әулиелері дейді, яғни бұл адамдар: «Жарайды, біз барып, дұға тілеп жүрген қабір иелері - Аллаһқа ортақ емес және көмекші де емес. Бірақ, олар - дүниеден тақуа болып өткен Аллаһтың әулиелері ғой», - дейді. Ал біз оған: «Уа, бейшара, Аллаһ кімді өзіне әулие қылғанын сен қайдан білесің? Әлде саған Аллаһтан уахи түседі ме? Пайғамбарымыздан кейін ешкімге уахи түспейді. Кімде-кім: «Бір кісіге Аллаһ аян беріп жатыр», - десе, діннен шығады.
Екіншіден, Аллаһқа иман келтірген және тақуалық жасаған мүмін кісінің барлығы әулие бола алады. Бұған дәлел: «Біліңдер! Расында Аллаһтың әулиелеріне (достары) ақыретте қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Олар - иман келтіргендер әрі тақуа болғандар». (Юнус 62-63). Ал енді әрбір тақуа және мүміннің әулие болуы – одан тілек тілеп, оны Аллаһпен ортадағы дәнекер етуге болады деген сөз емес.
4. Кейбір адамдар әулиелерді Аллаһтың алдында өздеріне шапағатшы етеді. «Әулие болса, саған не көмек береді?» - десең, «Қиямет күні маған шапағатшы болады», - дейді. Аллаһ бұл сөздерден Пәк, Ол шапағатшыларды Өзі ғана тағайындайды және оның рұқсатынсыз Оның құзырында ешкім сөйлей алмайды. Тіпті шапағатшы болуы Қасиетті мәтіндерден белгілі болған ардақты Пайғамбарымыздан (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсы) дұға тілеуге тыйым салынған болса, онда өзге Аллаһтың алдындағы жағдайы беймәлім болған басқалар туралы не айтуға болады. Аллаһ Тағала Юнус сүресінің 23-ші аятында:
Аллаһтың қасында рұқсат берілген біреуден басқаның шапағаты пайда бермейді. Ақыр жүректерінен шошыну кеткен кезде, өзара: «Раббың не айтты?» - десе, «Хақты айтты», - деседі. Ол Аллаһ - аса Жоғары, тым Ұлы»деп, күдіктің бұл есігін де жапқан.
Аллаһ Тағала Юнус сүресінің 18-ші аятында: «Олар Аллаһтан өзге өздеріне зиян не пайда бермейтін нәрселерге құлшылық жасап: «Олар - Аллаһтың қасындағы шапағатшыларымыз», - дейді. (Мухаммад) «Сендер Аллаһқа көктер мен жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме?» - де. Аллаһ олардың қосқан ортақтарынан (серіктерінен) Пәк, Жоғары», -деген. Ал Ниса сүресінің 48-ші аятында Аллаһ ширкті кешірмейтінін айтқанын біз жоғарыда ескерткенбіз.