Жауап:
Аллаһтың бар екеніне шариғаттан да, ақыл жақтан да дәлелдер жетіп асады, ал ең ұлы дәлел - Оның Өзінің сөзі - Құран.
«Немесе олар еш нәрсесіз (өзінен-өзі) жаратылды ма? Не жаратушы - өздері ме?». (әт- Тур; 35)
Аллаһтың осы сұрағына әрбір саналы, ақыл-есі бүтін, ұяты бар адам не деп жауап береді?
«Көктерді де, Жерді де, әрі олардың арасындағы нәрселерді де ойыншық жасап жаратпадық. Екеуін ақиқат бойынша жараттық. Бірақ олардың көбі білмейді». (әд-Духан; 38-39)
«Көк пен жерді әрі екі арасындағыларды босқа жаратпадық. Ол қарсы келгендердің ойы». (әс-Сад; 27)
Аллаһтың бар екенін Құран мен хадистен кейін ақылмен тануға болады. Әбу Ханифәның атеистпен (дінсіз) болған тартысында, ол кісі әдейілеп белгіленген уақыттан кешігіп келеді. Сонда әлгі атеист одан не үшін кешіккендігін сұрағанда Әбу Ханифа: «Өзеннен өтейін деп жатқанымда, бір балта келіп өзінен-өзі ағаштарды шапты, кейін ол ағаштар өзінен-өзі қайық болып қағылды, сосын ол қайыққа өзінен-өзі тауар жүктеліп, жүзіп кетті», - деді. Сол уақытта атеист ашуланып: «Не сандырақтап тұрсың?» - дегенде, Әбу Ханифа: «Субханаллаһ, мен бір қайық өзінен-өзі пайда болды дегенге сенбейсің, сонда мына бүкіл әлем өзінен-өзі пайда болды дегенге қалай сеніп жүрсің?» - дейді. Әлгі атеист сөз таппай ұтылады. Ол атеисте әділдік, ұят бар екен, ал қазіргі атеистер, надандығымен, ұятсыздығымен қатар – бос сөйлейтін бәдік те.
Сондай-ақ, имам Әхмәдтан «Аллаһтың бар екендігін немен дәлелдейсіз?» деп сұрағанда, ол жұмыртқаны, ал имам Шәфиъи ағашты мысал келтірді.
Сұрақ: Таухид ар-рубубиядағы қағидалар қандай?
Жауап:
1-қағида: Әрбір іс-әрекеттің істеушісі бар. Қандай бір іс болмасын, оның міндетті түрде істеушісі болады. Мысалы бір кісі: «Мына жерде өзінен-өзі 100 кг алма пайда болды», - десе, оны жынды болған шығар дейміз. Ал енді бүкіл әлемдер, аспандар мен жер, жанды және жансыз заттар өз-өзінен пайда болды деп сандырақтап жүрген атеистер туралы не айтуға болады?
2-қағида: Кез-келген іс оны істеушінің күш-құдіретін көрсетеді. Мысалы, алманың 1 килограмы 100 тенгеден десек, сол 100 кг алманы алып келген кісінің 10000 теңгесі бар екендігін, оның көлігі бар екендігін, ересек кісі екендігін білеміз.
3-қағида: Күш-құдіреті жетпейтін істі біреуге таңу дұрыс емес (немесе орынсыз).
Бұл қағидаларға дәлел: «Немесе олар еш нәрсесіз (өзінен-өзі) жаратылды ма? Не жаратушы - өздері ме?». (әт-Тур; 35);
«Көктер мен жерді жаратқан, сендер үшін көктен жаңбыр жаудырып, онымен сендер бір ағашын да өсіре алмайтын әдемі бақшаларды өсірген кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? Жоқ, олар - шектен шыққан ел». (ән-Нәмл; 60)
«Ал енді еккендеріңді көрдіңдер ме? Оны сендер өсіресіңдер ме? Не біз өсіреміз бе?» (әл-Уақиға; 63-64);
«Немесе жерді тұратын орын жасап, араларынан өзендер ағызып, оған асқар таулар жасаған және екі теңіздің арасына жік жасаған кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? Жоқ, олардың көбі білмейді. Немесе қиналғандар Өзіне жалбарынғанда қабыл етіп, қиыншылықты айықтыратын және сендерді жер жүзіне орынбасар қылатын кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? Өте аз түсінесіңдер. Немесе құрлықтың, теңіздің қараңғылықтарында жолға салатын кім? Рахметтің (жаңбыр) алдынан қуаныш самалын естіретін кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? Аллаһ олардың қосқан ортақтарынан тым жоғары. Немесе жаратылысты бастайтын, сосын оны қайта тірілтетін кім? Және көк пен жерден ризық беретін кім? Аллаһпен бірге басқа тәңір бар ма? (Мухаммад): «Егер шыншыл болсаңдар, дәлелдеріңді келтіріңдер!» - де». (ән-Нәмл; 61-64)
Сұрақ: Таухид әр-рубубия қандай негіздерден тұрады?
Жауап: Ол екі негізден тұрады.
1. Жарату.
Дәлел: «(Перғауын): «Әй Муса! Раббыларың кім?»- деді. (Муса): Раббымыз, әр нәрсеге бір бейне беріп, сонан соң оны тура жолға салған», - деді». (әт-Таха; 49-50);
«Мен Жер мен көктерді жаратқанда және олардың өздерін жаратқанда, оларды керек қылмадым. Сондай-ақ, ешқашан аздырушыларды көмекші еткен емеспін». (әл-Кәһф; 51)
2. Басқару.
Дәлел: « (Мұхаммад) Ұлы Раббыңның атын дәріпте. Ол сондай Аллаһ, шамалап, оңғарған». (әл-Әғлә; 1-3);
«Күдіксіз Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен Жерді алты күнде жаратқан. Содан кейін Аршыға көтерілген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және Күн мен Айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру Оған тән. Өте жоғары Аллаһ - бүкіл әлемдердің Раббысы». (әл-Әғраф; 54);
«Аллаһ әр нәрсеге кепіл». (әз-Зүмәр; 62)