Лекции.Орг


Поиск:




Екі жүз қырық сегіз күн




Айырылып асыл жарымнан

Сексенімде қалдым тұл.

Табынып тірлік заңына,

Тағдырыма болдым құл.

31.03.2002.

Сағыныш

Сен кеткелі қасымнан,

Екі жүз елу күн болды.

Бақыт тайып, басымнан,

Күн дегенім түн болды.

Жарық күнде жабырқап,

Жалғыз жүру — мұң болды.

Жан-жағыма жалтақтап,

Жетімдігім шын болды.

Қатарласып жүргенде,

Өміріміз бай еді.

Қосыла кеп күлгенде

Көңіл қандай жай еді.

Сен қасымда болғанда,

Төрт түлігім сай еді.

Шабытым күнде шарықтап,

Талабым тұлпар-тай еді.

Жан жарыңды тіріде

Ең бақытты етіпсің.

Бала деген мәңгілік

Байлық тастап кетіпсің.

Сол балалар жиылып,

Мені бағып-қағады.

Жақсы пейіл, мейірден

Кеудеме гүл тағады.

Сенен айырылып қалғанда

Дүниенің білдім жалғанын.

Басыңа мазар орнату —

Ендігі менің арманым!

Бүгінгі Құдай доллар ғой,

Соны жинап жатырмын.

Президентке де хат жаздым:

Ойласаң өзім — батырмын!

Министрдің де ақырын,

Құлағын ептеп «бұрадым».

Баяғы қалған қос томды

Шығарып бер деп сұрадым.

Президент берсе биылғы

Стипендияны аламын.

Осының бәрін жинақтап,

Мазарыңа саламын.

Тыным таппай күн сайын,

Жорғалайды қаламым.

Жатсам-тұрсам Өзіңді

Ылғи еске аламын.

Кабинетте суретің,

Күлімсіреп қарайды.

Көзім түссе — қуанам,

Таң атқандай арайлы!

Кітаптар тұр шкафта

Өз қолыңмен жинаған.

Менің туған күніме

Тарту етіп сыйлаған!

Әр папканың сыртында

Сенің маржан жазуың,

Тиянақтап көрсеткен:

Атын, затын, ай-күнін.

Каталогың бір ғажап,

Өз қолыңмен жасаған.

Мың автограф, мың фото —

Неткен еңбек, Жасаған!!!

Соның бәрін тізуге

Қалай жеткен шыдамың!

Соның бәрін тәптіштеп,

Қашан жазып шығамын?!

250 күн болды,

Мен өзіңнен қалғалы.

Сені ойлаумен әр күннің

Ауырлайды салмағы.

Өзің еккен жеміспен

Жайнап тұр ғой жан-жағым.

Шексіз байлық сыйлаған

Айналайын, ардағым!

02.04.2002.

Екі жүз елу күн

Бүгін Сенің тағы да

Гардеробыңды қарадым.

Өзің ілген қолыңмен,

Киімдерді санадым.

Әр киім киген кезіңді

Елестеттім көзіме.

Бәрін сипап шетінен

Қанағат алдым өзіме.

Өткен күннің елесі,

Қуат берді бойыма.

Тарихының кейбір сапардың

Түсірді менің ойыма:

Мынау киген қамзолың

Туған жерге барғанда.

Абай елі ұзатып7,

Аттандырып салғанда.

Алтыбақан, ақ сүйек,

Түнде жастар ойнады.

Бізді тағы тербетіп,

Еркімізге қоймады.

Ел қайтадан таңертең

Ақ боз үйге жиылды.

Той жалғасып жаңадан,

Қайта қымыз құйылды.

Ең соңында ортаға

Шәкең8 шықты елпілдеп.

Бата берді біздерге,

Ақсақалы желкілдеп.

Біз шығарда ақ үйден,

«Жар-жар» кетті төгіліп.

Жан-жүйені босатты,

Қыз-бозбала егіліп.

Біз аттандық Абайдан,

Жүрегіміз елжіреп.

Сол сапарың еліңе,

Болды-ау Сенің соңғы рет.

Жете алам ба енді мен,

Сенің туған жеріңе.

Шыға алам ба қайтадан,

Жүрек адыр беліне.

Көре алам ба ондағы

Туыстардың ажарын?

Жарар еді бір көрсем

Қарахан9 ата мазарын!

04.04.2002.

Сол сапарда жолшыбай,

Семейге де соқтық біз.

Оқу оқып, жүгіріп,

Жастық шақта қалған із.

Он бірінші мектептің

Ауласына бас сұқтық..

Интернатты көруге

Ынталанып, асықтық.

Алты жыл тұрып осында

Әке үйіндей боп кеткен.

Қанатың қатып, есейіп

Ұяң ғой Сенің ер жеткен.

...Сол аулада кездесіп,

Алғаш рет таныстық.

Бас изестік ізетпен,

Ақырын қол алыстық.

Буынымды босатты

Аузыңнан шыққан әрбір сөз.

Жаудырай маған қараған

Тұтқынға алды екі көз.

Жымидың да ақырын,

Интернатқа жөнелдің.

Жүзің, сөзің қуантып,

Мен рахатқа кенелдім.

Азат боп кіріп аулаға,

Тұтқын боп қайттым сол жолы.

Айналды ішім қуысқа

МАХАББАТ деген от толы!

Тоғыз жыл жүрдім талпынып,

Іштегі отты лаулатып.

Төрт жылы кетті соғыста,

Жауды мен, жау — мені атып.

Жағаласып фашистпен,

Күрестім күнде күдікпен.

Мен — ар жақ, сен бер жақта,

Қол созып тұрдық үмітпен.

Алып тұрдым үздіксіз,

Хатыңды жазған Мәскеуден.

Қуантып кетуші ем,

Хат келгенде Өзіңнен.

Суретің омырау қалтада,

Қалқан боп жүрді жүрекке.

Соғыс бітіп, қосылып,

Жеттік-ау, әрең тілекке!

Ертісті сонда сан рет

Есімізге алып ек.

Көрсек - ау деп жағасын,

Сағынышпен налып ек!...

Сол Ертіске екеуміз,

Сәлем бердік иіліп.

Көп қарадың көпірге

Қоштасқандай қиылып.

Шыңғыстауға бет қойып,

Мен шашымды тарадым.

Қайта-қайта бұрылып,

Сен Семейге қарадың.

Туған ел берген қамзолың,

Жарасып еді бойыңа.

Шкафтан оны көргенде,

Осылар түсті ойыма.

08.04.2002.

Мың тоғыз жүз отыз сегіздің

Үшінші қыркүйегінде,

Көрің дің Сен ең алғаш

Көзімнің көкжиегінде.

Көзімді есік етіп

Ішіме кіріп кеттің.

Кірдің де, жүрегімді

Мәңгілік мекен еттің.

Екі мың бірінші жылдың

Жиырма жетінші шілдесінде,

Мен Сенен көз жазып қалдым,

Алатау іргесінде.

Тоғыз жылдай ғашық етіп,

Елу жыл жар боп өттің.

Өзіндей періштемен

Мен мәңгі мұратқа жеттім.

Суретің самсап тұр үйде

Тек Өзің көрінбейсің.

Санама басып берген

Тәңірдің мөрін дейсің!

Жатсам, тұрсам, күндіз, түн.

Ойымнан бір кетпейсің.

Өзіңнің тірі күніндей,

Көзіме елестейсің.

Сағындым тәтті үніңді,

Жібектей жұмсақ сөзіңді.

Елжіреп маған қарайтын

Мейірбан қос көзіңді.

Сағындым білек қолыңды,

Мойныңды барлық Өзіңді.

Жер басып жүрген Сен жоқта

Не деген жаным төзімді?!

10.04.2002.

Сырласу

Қыз Жібек пен Төлеген,

Қозы Көрпеш Баяндар,

Еңлік Кебек және бар,

Нендей қызық көрді олар?

Махаббаттың оларға

Уы ғана бұйырды.

Жастай солып, ерте өшіп,

Қыршынынан қиылды.

Кештік махаббат теңізін,

Елу төрт жыл екеуміз.

Жан, жүрегіміз жарасқан,

Неткен бақытты едік біз?

Осыны ойлап, Халима,

Шүкіршілік етемін.

Тоқталайын азырақ,

Жылай беріп не етемін?

Бес бала әкеп өмірге,

Жаныңды, жаным, қинадың.

Бейнетін кешіп тұрмыстың.

Білдірмей бақыт сыйладың.

Сол күні таңертең

Көңіліміз тоқ еді.

Аурухана деген ой

Кәперімізде жоқ еді.

Еркелеп қана ақырын:

— Құшақтап мені жат, дедің.

— Дәметіп жатсаң үздігіп

Ләззатыңды тат! — дедің.

Өмірі сенде жоқ еді.

Тән тәбетпен жақындау.

Әдетім менің еді ғой —

Орынсыз жерде тақымдау.

Қыңқылыма қисынсыз,

Қабақ шытпай көнуші ең,

Түн ұйқыңды төрт рет,

Бір мен үшін бөлуші ең.

Сездің бе әлде тірліктің,

Таусылар тәтті рақатын?

Есімде қалсын дедің бе,

Ақырғы берген ләззатын.

Сенен келер рахаттан

Өзгені көзге ілмедім.

Ең соңғы сиың екенін,

Сорлы басым білмедім.

Әзіл де айтып жібердік,

Қуаныш, көңіл жадырап.

Алты сағаттан кейін

Артында қалдым аңырап.

Жедел жәрдем келді де,

Ауруханаға әкетті.

Жабылып барлық дәрігерлер,

Өнерін салып, көп күтті.

Төсек тартпай, тік жүріп,

Сен ұзақ жыл ауырдың.

Ақыры, жаным, мерт болдың,

Кеселінен бауырдың.

Он үшін күн бойы тапжылмай,

Сен реанимацияда жаттың.

Күн сайын барып Өзіңе,

Мен үмітімді маздаттым.

Аңдыған ажал қоймады,

Мен Сенімен қоштастым.

Тұтқынға түскен солдаттай,

Қоршады мені қайғы, мұң.

Екі жүз елу тоғыз күн

Сенсіз жалғыз жатырмын.

Бай едім шексіз Сен барда,

Енді сорлы, пақырмын.

11.04.2002.

Екі жүз алпыс күн

Екі жүз алпыс күн бүгін,

Мен қайғылы болғалы.

Халима, Сені ойлаумен,

Ішіме шер толғалы.

Түнде оянып сан рет,

Орныңды талай сипадым.

Жастығыңды құшақтап:

«Жаным - ау!» — деп жыладым.

Соңғы сыйлық — ләззатың,

Ойымнан мәңгі кетпейді.

Қайтемін, өткен өмірді

Қуған мен көңіл жетпейді.

Өзіңнен басқа ойым жоқ,

Қапасқа көңілім қамалды.

Таңертең келіп медбике

Саусағымнан қан алды.

Сен сипаған етім мен

Бетімнен ешкім сүйген жоқ.

Медбикеден басқа ешбір

Әйелдің қолы тиген жоқ

Тәнің менен жаныңды

Ойлауменен кетермін.

Өз дүниеңді ешкімге

Ұстатпастан өтермін!

12.04.2002.





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-25; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 477 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Студент всегда отчаянный романтик! Хоть может сдать на двойку романтизм. © Эдуард А. Асадов
==> читать все изречения...

1004 - | 831 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.01 с.