1905 жылдан 1907 жылға дейінгі кезеңде бірінші орыс революциясы болып өтті. Оның жаңғырығы Қазақстанға да жетті. Патша үкіметінің 1905 жылғы 9 қаңтарда қарусыз шеруге шыққан жұмысшыларға оқ атып, қырып салғаны оның қанішер зұлымдық саясатын әшкерелеп берді. Бұл хабар халықтың кекке толы ашу-ызасын келтірді. Қазақтың белгілі ақыны әрі этнограф, тарихшы, шежірешісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы оқиғаға арнап «Қанды жексенбі» деген өлең жазды. Өлеңнің «Айқап» журналына жарияланғалы жатқанын сезіп қалған жергілікті отаршыл әкімшілік оны басып шығаруға тыйым салды. Автор қуғын-сүргін көрді. Ташкент, Қоқан жағында және Ішкі Орда аумағында бой тасалауға мәжбүр болды.
Верный, Перовск, Қазалы, Орал, Ақтөбе, Петропавл мен Семейде жұмысшылардың наразылық жиналыстары мен митингілері болып өтті. Ақмола облысы мен Далалық өлке орталығы Омбы қаласында да халық наразылық шеруіне шықты.
Қазақстанда жұмысшылардың өре көтерілуі мен ереуілдері темір жол бекеттерінде ерекше орын алды. Алайда олардың патша үкіметіне қарсы қарулы қақтығыстары бола қойған жоқ. Өйткені жұмысшы табының қатары әлі аз еді. Саяси жағынан пісіп жетілмеген, көтеріліске әзірленбеген болатын. Жұмысшы табы енді ғана қалыптасып келе жатқан-ды. Оның үстіне, шет аймақтың ұлттық ерекшелігі де тежеуші әсерін тигізбей тұра алмады. Патшалық самодержавие мұнда еуропалық ұлт өкілдерінің ат төбеліндей аз жұмысшылары мен жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақ жұмысшылары арасына от тастап, оларды бір-біріне қарсы қоюға тырысып бақты.
1905—1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы жеңіліске ұшырады. Бірақ ол қазақ халқының қоғамдық сана-сезімін арттыруға, өлкедегі демократиялық қозғалысты дамытуға орасан зор ықпал етті. Ресейдегі революциялық оқиғалардың әсерімен қазақ халқының көрнекті перзенттері саяси сахнаға көтерілді. Халықтың таңдаулы өкілдерінің Ресей Мемлекеттік Думасына қатысуы Қазақстан тарихында аса маңызды рөл атқарды. Қазақ халқының көшбасшыларына айналған зиялылар Ресей империясының өкілетті органының мінберінен ең маңызды проблемаларды, жерге қатысты мәселелерді принципті түрде батыл көтере білді.
9. иттифак аль-муслимин партиясы
1905 жылы желтоқсан айында Мемлекеттік Думаға сайлау туралы заң қабылданған соң бір айдан кейін, яғни 1906 жылы 15-23 қаңтар арасында Санкт-Петербургтің қонақ үйлері мен пәтерлерінде Бүкілресейлік мұсылмандардың рұқсат етілмеген екінші съезі өтті. Бұл съезге Сәлімгерей Жантөрин, Уәлитхан Танашев, Шаймерден Қосшығұлов сияқты қазақ зиялылары да қатысты. Съезд барысында 23 тармақтан құралатын жарғысы бар «Иттифақ әл-Муслимин» партиясы дүниеге келді.
Жарғы бойынша «Иттифақ әл-Муслиминнің» 16 қалада, соның ішінде Орынбор, Астрахан, Орал, Омбы, Қызылжар, Семей, Верный, Ташкент, Ашхабад қалаларында бөлімшелері құрылатын болды. Съезд делегаттары Мемлекеттік думаға сайлау кезенде «Иттифақ әл-Муслиминнің» Қазақ зиялысы, саяси қайраткер Сәлімгерей Жантөрин.
тактикалық тәсілдерін қарастырып, Ресей мұсылмандарын Конституциялық-демократиялық партиямен, яғни кадеттер партиясымен ынтымақтасуға шақырған қарар қабылдады.
Мұсылман қолдаушылары мол «Иттифақ әл-Муслимин» партиясының шарттарын қабылдауға кадеттер партиясы да мүдделі болды, соның арқасында 1906 жылы сәуір айында Бірінші мемлекеттік думаға екі партия блок құрып барды. Соның нәтижесінде Думада жеке мұсылман фракциясы құрылып, «Иттифақ әл-Муслимин» партиясы жетекшілерінің бірі, әзербайжан заңгері Әлимардан Топшыбашев төраға болып сайланды.