Судьяның істі сотта қарауға әзірлеуге бағытталған іс-әрекеттерінің тізімі ҚР АІЖК 170-ші бабында берілген. Осы баптың талаптарына сәйкес судья:
1) талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алады, одан жауапкердің тарапынан мүмкін болатын қарсылықтарды анықтайды, егер бұл қажет болса, қосымша дәлелдемелер беруді ұсынады, талап қоюшыға оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
2) қажет болған жағдайларда жауапкерді шақырып алады, одан істің мән-жайлары бойынша жауап алады, талап қоюға қандай қарсылықтар бар екенін және бұл қарсылықтардың қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкін екенін анықтайды; айрықша күрделі істер жөнінде жауапкерге іс бойынша жазбаша түсінік беруді ұсынады, жауапкерге оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) іске тең талап қоюшылардың, тең жауапкерлердің, дербес талаптарсыз үшінші тұлғалардың кіруі туралы мәселені шешеді, сондай-ақ тиісті емес жауапкерді ауыстыру туралы мәселені шешеді;
4) тараптарға дауды шешу үшін олардың аралық сотқа жүргіну құқықтарын және мұндай әрекеттің салдарларын түсіндіреді;
5) оның нәтижесіне мүдделі азаматтар мен ұйымдарға істі қараудың уақыты мен орны туралы хабарлайды;
6) куәларды сот отырысына шақыру туралы мәселені шешеді;
7) тараптардың өтініші бойынша және өз бастамасы бойынша сараптама тағайындайды, сондай-ақ іске маманды, аудармашыны қатысуға тарту туралы мәселені шешеді;
8) тараптардың өтініші бойынша ұйымдардан немесе азаматтардан дәлелдемелер талап етеді;
9) кейінгі қалдыруға болмайтын жағдайларда іске қатысатын адамдары хабарландыра отырып, жазбаша және заттай дәлелдемелерді тұрған (сақталып тұрған) жерінде тексеруді жүргізеді103;
10) сот тапсырмаларын жібереді;
11) талап қоюды қамтамасыз ету туралы мәселені шешеді;
12) талапкердің өтініші бойынша оның берген арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады;
13) өзге де қажетті іс жүргізу әрекеттерін жасайды.
ҚР АІЖК 170-ші бабының 13 тармақшасына сәйкес бұл аталған іс жүргізу әрекеттерінің тізімі түпкілікті емес. Іс жүргізу заңнамасында азаматтық істі әзірлеуші судьяға қосымша процессуалдық шаралар өз бетінше таңдау еркіндігі көзделген. Сотқа дейінгі дайындық жүргізу барысында бірнеше талап арыздарын біріктіріп және арыздағы талаптарды ажыратып қарау туралы мәселе туындауы мүмкін. Бұл сұрақ бойынша сотпен ұйғарымдар қабылдануы сот ҚР АІЖК 171-ші бабымен реттеледі.
Бірнеше талапкер бір жауапкерге қарсы, немесе бір талапкер бірнеше жауапкерге қарсы талаптар қойған жағдайда судья бұл талаптарды ажыратып (бөліп) қарау туралы ұйғарым шығара алады. Мұндай ұйғарым талаптардың ажыратып қаралуы неғұрлым дұрыс деп табылса104 бөлек процессуалдық құжат түрінде шығарылады.
Мысалы, екі талапкер бір жауапкерге талап қойды делік: алғашқы талап қоюшы (пәтердің иесі) пәтерде тұрып жатқан жауапкерге қарсы тұрғын жайды жалға алу шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы талап қойып отыр, ал екіншісі (жаңа шарт бойынша жалға алушы) – даулы тұрғын жайға тұрғызу (кіргізу) туралы талап қойды. Мұндай жағдайда әр талапты жеке іс ретінде ажыратып, бірінші кезекте алғашқы талап қоюшының талаптарын шешкен жөн.
Бір талап арыз (біріктірілген талаптарымен) тек бір ғана талапкердің атынан екі жауапкерге қарсы қойылуы мүмкін. Бір жауапкерден (бұрынғы жұбайынан) талапкер баланы тәрбиелеуге беруді талап етіп, ал екіншісінен (жауапкердің туысынан) баланың мүлкін, баланың құжаттарын және жеке заттарын беруді талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда сот бірінші кезекте бірінші жауапкерге қойылған талаптарды қарастырып шеше алады.
Судья мынадай жағдайларда бірнеше азаматтық істерді бір өндіріске біріктіре алады:
- осы соттың іс жүргізуінде дәл сол тараптар қатысатын біртектес талаптар бойынша қозғалған басқа азаматтық істер болса;
- бір талап қоюшының әртүрлі жауапкерге, немесе әр түрлі талап қоюшылардың бір жауапкерге қойған талабы бойынша бірнеше іс бар екендігі анықталса.
Көрсетілген жағдайларда, егер мұндай біріктіруді судья дұрыс деп тапса, азаматтық істер бірге қаралу үшін бір өндіріске біріктіріледі. Судьяның мұндай әрекетері іс жүргізу уақытын үнемдеу мақсатында жасалуы мүмкін, бірақ соттар тәжірибесінде мұндай жағдайлар жиі кездесе бермейді.
Бірнеше істерді (бірнеше талаптарды) біріктіру соттық шешімін табуы тиіс сұрақтардың күрделенуіне алып келеді. Онымен тек даулы сұрақтар тізімі ғана емес, сондай-ақ біріктірілген іс аясында судья қолдануы тиіс нормативтік қайнар көздердің де саны арта түседі.
Істі сотта қарауға тағайындау соттың жеке іс жүргізу әрекеті болып табылады. ҚР АІЖК 173 бабына сәйкес, судья іс дайын болды деген тұжырымға келіп, оны сот отырысында қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарып, тараптарға және басқа да процеске қатысушыларға істі қараудың орны мен уақыты туралы хабарлайды.
103Осы баптың 9 тармақшасының нормативтік редакциясы: «9)кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда іске қатысатын адамдары хабарландыра отырып, жазбаша және заттай дәлелдемелерді сол жерде тексеруді жүргізеді».
104Мысалы, талап екі бөліктен тұрады: 1) мүлікті біреудің заңсыз иелігінен қайтарып алу; 2) жауапкерден осы мүлікті заңсыз пайдаланғаны үшін қаржылық төлем талап ету. Бұндайда екінші талап бөліп шығарылып, алғашқы талаптың бірінші болып қаралуы мүмкін.