Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Азаматтық іс жүргізу принциптері




 

Кез келген құқық саласында салалық бағыттағы барлық нормалар кешені дайындалатын және негізделетін базалық негіз қалаушы ережелер бар. Осы негіз қалаушы нормалар сала шеңберінде әрекет етеді.

Құқық принциптерінің мәні әлеуметтік-құқықтық шындық тұрғысынан объективті зерттелгенде ғана айқындалады. Құқық принципі дегеніміз – белгілі бір қоғам мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму заңдылықтарының ерекше құқықтық көрінісі10.

Құқық принциптері заң шығарушылар мен ғалымдардың субъективтік тұжырымдары емес, олар құқыққа тән органикалық қасиеттер. Ал ғылым оларды анықтайды, негіздейді, зерттейді және жүйеге түсіреді11. Құқық принциптері заңдарда бекітілгендіктен ғана құқықтық12 болып табылады.

Құқықтық әдебиеттерде құқық принципі ұғымына қатысты бірқатар анықтамалар қалыптасқан. Ол анықтамаларды шартты түрде үш топта қарастыруға болады.

Бірінші топ өкілдері құқық принциптерін негіз қалаушы идея, бастаулар, құқық мәнін білдіруші идея ретінде қарастырады.

Екінші топ өкілдері құқық принциптерін қоғам дамуының, әлеуметтік-экономикалық және саяси заңдылықтарын объективті түрде сипаттайтын арнайы заң ұғым есебінде қарастырады.

Үшінші топ өкілдері құқық принциптерін құқық мазмұнын сипаттайтын объективті қоғам заңдылықтарымен шартталатын негізгі ережелер деп түсіндіреді.

Азаматтық іс жүргізу құқығындағы негіз қалаушы ондай ережелердің бірі заңдылық принципі болып табылады, ол норма ҚР АІЖК 6-шы бабында бекітілген. Осы бапқа сәйкес істерді шешу барысында сот Қазақстан Республикасы Конституциясының, ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің талаптарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді нақты орындауға міндетті.

Соттардың адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдана алмауы, бұл принциптің басты белгісі болып табылады. Егер азаматтық істі қарастыру барысында сот қолданылуы тиіс заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, онда ол ҚР АІЖК 242 бабына сәйкес, іс бойынша өндірісті тоқтатып, осы актінің Конституцияға сәйкес еместігін анықтау үшін Конституциялық Кеңеске ұсыныспен жүгінуі тиіс13.

Қарастырылып отырған принцип заңның бұзылғаны үшін соттың және судьяның жауапкершілігі мәселелерімен тығыз байланысты. Дәл осы прнциппен істерді шешу барысында заңның бұзылуына жол берілмейтіндігін және заң бұзылған жағдайда заңсыз сот актілерінің күші жойылатындығы бекітілген, ал заңның бұзылуына кінәлі судья заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар сотқа мемлекеттік немесе өзге де органның нақты актісінің «қолданылу деңгейін» өз бетінше анықтау құқығы берілетіндігі де ерекше мәнге ие. Егер істі қарастыру барысында сот мемлекеттік немесе өзге де органның актісі заңға сәйкес емес деп таныса немесе оның шығарылуы барысында шамадан тыс өкілеттіктер қолданылғаны анықталса, онда сот жоғары заңи күшке ие өзге құқықтық актілерді қолдануға құқылы.

Мүдделі тұлғалар арасындағы қақтығысты жағдайлардың әртүрлілігі, азаматтық қатынастар саласындағы өмірлік коллизиялардың күрделілігі салдарынан құқық жүйесінде нақты қоғамдық қатынасты реттеуі тиіс норманың болмай қалу жағдайлары да туындауы мүмкін. Мұндай жағдайларда іс жүргізу құқығы соттардың осыған ұқсас қатынастарды реттеуші нормаларын қолдану мүмкіндіктерін қарастырады, ол ондай нормалар болмаған жағдайда сот дауды заңнаманың жалпы бастаулары мен мәніне сәйкес шеше алады.

Заңдылық принципі – барлық құқық салаларына тән, соның ішінде азаматтық іс жүргізу құқығының құрамдас және ерекше бөлігі болып табылатын принцип. Заңдылық – мемлекеттік басқару және билік органдарының, өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды тұлғалардың, азаматтар мен олардың ұйымдарының, заңдар және оларға негізделген нормативтік актілер талаптарын міндетті түрде (бұлжытпай) орындауы. Басқаша айтқанда заңдылық құқық субъектілерінің заң талаптарын міндетті түрде орындауы болып табылады.

Азаматтық істер бойынша сот әділдігін тек соттар ғана жүзеге асырады, бұл осы саланың негіз қалаушы ережелерінің бірі. Заң соттың биліктік өкілеттіктерін өзге біреулердің иеленуіне жол бермейді, ал жол берілген жағдайда ондай әрекеттер жасалғаны үшін заңмен жауапкершілік көзделген. Ешбір мемлекеттік емес құрылымдар (төтенше, шіркеу т.б.) сот органдарын құра алмайды, сот қызметтерін иеленіп алған ондай органдардың шешімдері заңи күшке ие емес және орындалуға жатпайды. Дәл осы ережелер өзінің қарауына жатпайтын іс бойынша шешім шығарған, яғни ол өз өкілеттігін асыра пайдаланып немесе өзге де Қазақстан Республикасы АІЖК сот ісін жүргізу принциптерін бұза отырып шығарған сот шешіміне де таралады. Кез келген шешімді қайта қарау іс жүргізу заңымен көзделген шекте, Кодекспен белгіленген тәртіпке сай тиісті соттармен жүзеге асырылады.

ҚР АІЖК 8-ші бабында адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау принципі белгіленген. Ол соттық қорғау құқығы жөніндегі конституциялық ережеге негізделген. Оған сәйкес, әрбір адам бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін заңда белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы. Мемлекеттік органдар14, заңды тұлғалар15 немесе азаматтар заңда көзделген жағдайларда өзге адамдардың немесе адамдардың белгісіз бір тобының құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы сотқа арыз беріп жүгінуге құқылы.

Сотқа жүгіну құқығы бостандығы белгілі бір шектеулерге ие, мысалы мүдделі тұлға өз құқығын жүзеге асырудан бас тартуы мүмкін. Егер несие берушіге өз кезінде алынған сома қайтарылмаса, ол қарыз сомасын өндіру туралы сотқа жүгіну немесе жүгінбеу туралы өз бетінше шешім қабылдауға құқылы. Сотқа жүгінбеудің себептері (уәждері) әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, несие беруші сотқа талап арызын бермей-ақ өзіне қарыздар тұлғамен қарызды өндіру мерзімі, тәртібі және өзге де шарттары бойынша өз бетінше келісім жасау жолын таңдауы мүмкін.

Басқа жағдайда сотта азаматтық іс қозғалған соң талап қоюшы өз талабынан бас тартуы мүмкін. Ол мұндай әрекетті жасауға құқылы және оның себептері де әр түрлі болуы мүмкін (сотта іс қозғалған соң қарыздың өтелуі, алынған қарызды кешіру т.б.). Алайда мұндай бас тарту құқығын жүзеге асыруға қатысты іс жүргізу заңнамасымен белгілі бір шектеулер белгіленген. Осылайша, егер ондай бас тарту кімнің болса да заңмен қорғалатын мүдделері мен құқықтарына нұқсан келтіріп, заңға қайшы келетін болса, сотқа жүгінуден бас тарту құқығы жарамсыз болады16. Мұндай бас тарту заңға қайшы келетіндіктен сотпен қабылданбауы тиіс.

Іс жүргізу заңы азаматтық істі талқылау барысында соттарға жүзеге асырылуы мүмкін кең көлемді өкілеттіктер берген. Дәлелдемелерді жинақтау мен қабылдауда, жекелеген іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыру барысында сот іске қатысушы тұлғалардың еркі мен тілегіне қарсы әрекет етуге мәжбүр болады. Алайда, мемлекеттік өкілетті орган болып табылатын сотқа қатысты да заңмен міндетті шектеулер белгіленген.

Азаматтық іс бойынша іс жүргізу кезінде соттың азаматтық процеске қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемсітетін шешімдер қабылдау мен іс-әрекеттерге баруына тыйым салынады.

Жеке адамның ар-намысы мен қадір қасиетін құрметтеу салалық принципі соттың өзімен сақталуы тиіс және ол іске қатысушылардың барлығынан осы қағиданың сақталуын талап етуі қажет. ҚР АІЖК 9-шы бабына сәйкес, азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен адамға келтірілген моральдық зиян заңда белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс. Заңмен белгіленген тәртіп ретінде мүдделі тұлғаның сотқа тиісті талап арыз беру арқылы сотқа жүгіну тәртібі танылады.

Кейбір санаттағы істерді қарастыру барысында тараптардың жеке өмірлеріне қол сұғу жағдайлары туындауы мүмкін, бұл ретте сот жеке өмірге қол сұғылмаушылық принципін қатаң сақтауы тиіс. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиялығын қорғау ҚР АІЖК 10-шы бабында көзделген. Азаматтардың жеке өмірі, жеке және отбасылық құпиясы заңның қорғауында. Азаматтық процесс барысында іс жүргізу ережелерін сақтамай бұл салаларға қол сұғылуына жол берілмейді.

Бұл принцип меншік қатынастарына да таралады. Меншікке қол сұғылмаушылық принципі (конституциялық ереже) ҚР АІЖК 11-ші бабында бекітілген, оның талаптарына сәйкес соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды. Сот ісін жүргізу барысында азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлкін пайдалануға тыйым салынуы, мүлкін (ақша салымын) алып қойылуы мүмкін, бірақ бұл әрекеттердің барлығы іс жүргізу шектерін қатаң сақтау негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

Азаматтық істерді қарау барысында судьялар мен соттарға сырттан ықпал болмауы судьялардың тәуелсіздігі принципін білдіреді. Судьялар тәуелсіздігінің кепілдігі Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгіленген, сондықтан сот төрелігін жүзеге асыруы барысында сот қызметі араласу заң бойынша жауаптылыққа әкеліп соғады. Соттардың сот төрелігін жүзеге асыруына ықпал етуге тыйым салу барлық адамдарға теңдей таралады. Бұл жерде қарастырылып отырған принциптен басқа биліктің бөлінуі принципі әрекет етеді, ол сот билігі жеке дара билік тармағы болып табылады. Бұл принцип заманауи құқықта танылған мемлекет қызметтерін бөлуге, яғни – заң шығаруға, мемлекеттік басқаруға және сот әділдігіне негізделген.

Барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі конституциялық принципі азаматтық іс жүргізу құқығында да соған ұқсас анықталған. Теңдік принципі негізінде ҚР АІЖК 13-ші бабына сәйкес, азаматтық істер бойынша сот төрелігі жүзеге асырылады. Іске қатысушы азаматтардың ешқайсысына артықшылық берілмейді және олардың ешқайсысы шыққан тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, сенімдері, тұрғылықты жері жөніндегі себептермен немесе өзге де кез келген мән-жайлар бойынша кемсітілмеуге тиіс. Дәл осындай ережелер заңды тұлғаларға да таралады, яғни заңды тұлғалардың ешқайсысына артықшылық берілмейді және олардың ешқайсысы да орналасқан жеріне, ұйымдық-құқықтық нысанына, бағыныстылығына, меншік нысанына және басқа да мән-жайлары себепті кемсітілмеуге тиіс.

Сот ісін жүргізу тіліне қатысты сұрақты шешу іс жүргізу заңнамасымен судьяның өкілеттігіне жатқызылған; өндіріс тілін таңдау сұрағын ол талапты (арызды) іс жүргізуге қабылдағанда шешеді. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап (арыз)17 берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Белгілі бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. ҚР АІЖК 14-ші бабының бірінші бөлігінде сотта іс жүргізу тілі анықталған. Азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады. Дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының соттарында нақты аумақта тарихи қалыптасқан жағдайлар мен түрлі ұлттардың мекен ету ерекшеліктерін ескеріп, сотта азаматтық істер көпшілігінде екі тілде (қазақ және орыс) жүргізіледі.

Сотпен таңдалған іс жүргізу тілін іске қатысушы кейбір тұлғалар білмеуі, немесе жеткілікті деңгейде білмеуі мүмкін. Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі. Азаматтық іс жүргізу кодексімен белгіленген тәртіп бойынша азаматтық іс жүргізуге қатысушы ондай адамдар аудармашының көмегін тегін пайдалана алады. Сонымен қатар Кодекс басқа тілде жазылған қажетті іс материалдарының сот ісін жүргізу тіліне тегін аударылып беру кепілдігін қамтамасыз етеді. Сот процесіне қатысушы адамдарға сотта сөйленген сөздің басқа тілде айтылған бөлігін сот ісін жүргізу тіліне тегін аударып беру қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар сот құжаттары іске қатысушы адамдарға олардың ана тіліне немесе олар білетін басқа тілге аударылып беріледі.

Тараптардың айтысуы іс жүргізу принципі ретінде ҚР АІЖК 15-ші бабында бекітілген. Тараптардың айтысуы дауласушы тараптардың өз іс жүргізу құқықтарын пайдалану және іс жүргізу міндеттерін орындау барысындағы тең құқықтылығын білдіреді. Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз айқындамасын таңдап алады, оны қорғау әдісі мен амалдарын дербес және соттан, басқа органдар мен адамдардан тәуелсіз түрде таңдап алады.

Істі қараушы сот объективтілікті және әділдікті сақтай отырып, істің мән-жайын толық және объективті зерттеуге тараптардың құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды, іске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, іс жүргізу әрекеттерін жасаудың немесе жасамаудың салдары туралы ескертеді және Кодексте көзделген жағдайларда олардың өз құқықтарын жүзеге асыруына жәрдемдеседі. Сот іс жүргізу шешімін зертеуге қатысу тараптардың әрқайсысына бірдей негізде қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.

Нақты сұрақ бойынша шешім қабылдау барысында судья істе бар дәлелдемелерді өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды. Дәлелдемені ішкі сенімі бойынша бағалау – азаматтық және өзге де істер бойынша сот ісін жүргізу принципі және ол өз мәні бойынша сала аралық принцип болып табылады. Осыған ұқсас ереже Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік заңнамасында да бар. Судьяның ішкі сенімі бойынша қалыптасатын тұжырымдары істе бар дәлелдемелерді әділ, жан-жақты және толық құқықтық бағалауға негізделеді.

Сот мәжілісінде зерттелмеген ешқандай дәлелдемеге сот басымдық бере алмайды және сот үшін ешқандай дәлелдеменің күні бұрын белгіленген күші болмайды.

Сотта жауап алынатын адамдар дәлелдемелік ақпараттың қайнар көзі болуы мүмкін. Алайда, азаматтық істі талқылау процесінде ешкім өзіне, жұбайына (зайыбына) және ауқымы заңмен айқындалған жақын туыстарына қарсы куәлік (айғақ) беруге міндетті емес. Дәл осындай кепілдемелер діни қызметшілерге де қатысты, яғни тәубаға келіп, өздеріне сенім білдірген адамға қарсы куәлік беруге міндетті емес. Кодекстің 17-ші бабында куә ретінде жауап беруден босату сияқты принципті ереже бекітілген.

Діни қызметшінің немесе тұлғаның өзіне және өзінің жақын туыстарына қарсы куәлік жауап беруден бас тартуының құқықтық салдары болмайды және бұл үшін олар қандай болсын жауапқа тартылмайды. Өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге шешім қабылдаған адам құқықтық (кеңесшілік) көмек алудың қажетті деңгейін өзі қамтамасыз етуі тиіс. Түрлі мамандандырылған соттарда қарастырылатын көптеген істердің ерекшелігі арнайы дайындықты, біліктілік пен тәжірибені қажет етеді. Іске қатысушы барлық адамдар ол талаптарға жауап бермеуі мүмкін. ҚР Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 18-ші бабына сәйкес, әр адамның азаматтық іс жүргізу барысында білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда жекелей көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетілуі мүмкін.

Барлық соттар мен барлық сот сатыларында сотта істі қарау ашық жүргізіледі. Бұл ереже ҚР АІЖК 19-шы бабында көзделіп, сотта істі қараудың жариялылығы принципін бекіткен.

Іс жүргізу заңында істің жабық сот отырысында қаралуы мүмкіндігіне қатысты ерекше жағдайлар көзделген. Осындай ереже мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтері бар істерді талқылау және олар бойынша шешімдерді хабарлау барысына да таралады. Санымен қатар,

- бала асырап алу құпиясы, жеке, отбасылық, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды,

- азаматтар өмірінің ашық айтпайтын сырлары туралы мәліметтерді

сақтауды қамтамасыз ету қажет екендігінен, не істі ашық қарауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайларды негізге алған іске қатысушы адамның өтінішін сот қанағаттандырған кезде осындай ереже таралады.

Азаматтардың жеке хат алысуы және жеке телеграф байланысы ашық сот отырысында арасында осы хат алысу мен телеграф байланысы болған адамдардың келісімімен ғана жария етілуі мүмкін. Егер сот ондай келісімді алмаған жағдайда бұл адамдардың жеке хат алысуы мен жеке телеграф байланысы жабық сот отырысында жария етіліп, зерттеледі. Аталған ережелер фото- және киноқұжаттарын, дыбыс және бейне жазбаларды, сондай-ақ техникалық құралдардың көмегімен алынған жеке сипаттағы мәліметтер бар хабарларды зерттеген кезде де қолданылады.

Сотта азаматтық істі қарау барысында сот сот отырысына қатысушы тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолданылуы тиіс. Сот отырысын өткізу барысында судья қарамағында сот приставтары болады, оларға сот залында тәртіпті сақтау және судья мен басқа да барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өкілеттігі берілген.

Сотта істі қарау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету принципі ҚР АІЖК 20-шы бабымен көзделген. Іс жүргізу заңының бұл принципті ережесін жүзеге асыру үшін төрағалық етуші тиісті өкімдер беріп, ал сот приставтары ол өкімдерді тиісті тәртіппен орындай алады. Осылайша ҚР АІЖК 20-шы бабына сәйкес судьялар мен сот отырысы залында отырған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төрағалық етуші істі қарау кезінде қатысқысы келетін адамдарға тексеру жүргізу, оның ішінде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке өздерін тексеру және олар алып келген заттарды тексеру туралы өкім бере алады. Сотқа қатысуға келген адамдар процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған төрағалық етушінің заңды өкімдерінің орындалуына кедергі келтіруіне жол берілмейді.

Сот актілерінің міндеттілігі принципі сот билігі институтының қоғамдық маңызы мен орнын анықтауда айқындаушы сипатқа ие болып табылады. ҚР АІЖК 21-ші бабында сот актілерінің (шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар, бұйрықтар) тізімі бекітілген, олар барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін бірдей міндетті және ҚР бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуы тиіс. Шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар мен бұйрықтар соттарда тиісті тәртіппен қабылданатын іс жүргізу актілер қатарына жатады. Сот актілерінің міндеттілігі олардың ерікті және мәжбүрлі тәртіппен орындалуын білдіреді. Сот актілері бойынша атқару құжаттары (атқару парақтары) жазылып, өкілетті тұлғалар – сот орындаушыларына беріледі. Сот актілерінің орындалу тәртібі атқару іс жүргізуі және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасымен реттеледі.

Сонымен қатар заңды өкімдер, талаптар, тапсырмалар және өзге де соттар мен судьялардың шақыру қағаздарының орындалуы міндетті, бірақ олар үшін заңнамалармен нақты айқындалған іс жүргізу формалары көзделмеген. Соттардың тәжірибелік қызметінде судьяның ықпал етуінсіз тараптардың өздігінен алуы мүмкін емес құжаттарды алдыру үшін тиісті инстанцияларға сұраныстар жолдауы кездеседі. Іс жүргізу тәжірибесіне сүйене отырып, мұндай сұраныстар еркін мазмұнда құрастырылады. Ондай құжат ретінде ұйғарымдарды жолдау тиімді, себебі, олар өз мазмұны бойынша сұраныс түрінде берілгенімен шынайы мәжбүрлі орындау күшімен қамтамасыз етіледі.

Сот актілері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да заңды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті және ҚР бүкіл аумағында орындалады; сот актісін орындамау заңмен көзделген жауаптылыққа әкеліп соғады (ҚР Қылмыстық кодексінің 262 бабы).

Сот актілеріне шағымдану бостандығы принципі ҚР АІЖК 22-ші бабымен көзделген. Ол іске қатысушы адамдардың іс жүргізу құқықтарын жүзеге асырумен тікелей байланысты. Сот талқылауы нәтижесінің ерекшелігі сонда, яғни кеәбір жағдайларда сотпен шығарылған шешімдер екі тараптың да көңілінен шықпауы мүмкін. Тіпті талап қоюшы мен жауапкерді қанағаттандырып, көңілінен шығатын нәтиже шығарылған шешімнің тек негіздеріне қатысты олардың біреуінің келіспеушілігін туындатуы мүмкін18.

Жауапкердің (жауапкерлердің) қойылған талапты мойындауы талапкерге өзінің оңды әрекет етіп отырғандығын одан әрі дәлелдеуін қажет етпейтін жағдайлары ерекше мән-жай болып табылады.

Шығарылған шешіммен келіспеген жағдайда мүдделі тұлғалардың Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен шешімді жоғары тұрған сотқа қайта қарау үшін шағымдану құқықтары бар.

Құқықтың кез келген саласының принципті ережелері негізгі мәнге ие, оларға өзге салалық нормалар мен институттар сәйкес келуі тиіс. ҚР АІЖК 23-ші бабы сот ісін жүргізу принциптерінің мәнін айқындайды, ол баптың талаптарына сәйкес, ол принциптерді бұзу оның сипаты мен маңыздылығына қарай, шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеліп соғады.

 

10Айтхожин К.К. о понятии «принцип Конституци Республики Казахстан» // Вестник Университета им. Д.А. Кунаева. – 2002. - №5. – С.16.

11Теория государства и права. Курс лекций/под ред. Н.И. Матузова и А.В. Малько. – М., 1997. – С.150.

12Мухитдинов Н.Б. Горное право. – Алматы, 1992. – С.17.

13Істі қайта бастау сотқа Конституциялық Кеңестің шешімі келіп түскен соң ұйғарым шығару жолымен жасалады.

14 Мысал: қорғаншы және қорғаушы орган ата-аналарының қарауынсыз қалған кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа арыз беру арқылы жүгіне алады.

15 Мысал: Заңды тұлға (балалар үйінің әкімшілігі) балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа арыз беру арқылы жүгіне алады.

16 Мысал: 1) баланың денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптан ата-аналар немесе оларды ауыстырушы тұлғалар бас тарта алмайды. Егер ондай бас тарту кінәлі тұлғаны келтірілген зиянды өтеу жауапкершілігінен заңсыз жолмен босатуға бағытталса, онда ата-аналар немесе оларды ауыстырушы тұлғалар баланың денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптан бас тартуына болмайды. Егер ондай бас тарту туралы арыз берілсе, оны сот қабылдамауы тиіс. Осы тұлғалар олардың кәмелетке толмаған балаларының құқықтарын қорғау бойынша өкілетті тұлғалардың сотқа жүгінулеріне кедергі келтіре алмайды.

2) талапта көпшілік мүдделері қамтылса, ал талап арызда аталған сома өтелмей қалса, мемлекеттің өкілетті органдары өздері қойған экологиялық зиянды өтеу туралы талабынан бас тарта алмайды.

17Азаматтық іс жүргізудің түріне қарай сотқа талап арыз (ҚР АІЖК 150 бабы), арыз (ҚР АІЖК 272, 178 баптары) немесе шағым (278 б. 8 тар., ҚР АІЖК 275 бабы) беріледі.

18Мысалы, некені бұзу талабы бойынша жауапкер ажырасуға қарсы емес, бірақ талапта көрсетілген негіздемелерге қарсы. Талап қоюшы (жауапкердің зайыбы), мысалы, арызда отбасының құлауына олардың мінездерінің үйлеспеуі, жауапкердің спирт ішімдіктері мен есірткі заттарын шамадан тыс қолдануын себеп ретінде көрсетуі мүмкін. Жауапкер бірінші негіздемемен келісіп, екінші және үшінші себептермен келіспеуі мүмкін.

 

3-тарау. ВЕДОМСТВОЛЫҚ БАҒЫНЫСТЫЛЫҚ ЖӘНЕ СОТТЫЛЫҚ





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 1776 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Два самых важных дня в твоей жизни: день, когда ты появился на свет, и день, когда понял, зачем. © Марк Твен
==> читать все изречения...

2216 - | 2044 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.