Тамақтан улану
Тамақтан улану адамның бактерия, вирус, ұсақ жәндіктер немесе өсімдіктер (мысалы, планктон), саңырауқұлақтар, паразиттер немесе токсиндермен зарарланған тағамдарды тұтынғаннан болады. Алайда мұндай азықтың адам ағзасына түсуінен әрдайым ауру туындай бермейді. Кейбір адамдар оларға бекем болады, ал басқалары тез жұқтырып, қатты ауырады.
«Тамақтан улану» термині кейде гастроэнтриттің синонимі ретінде қабылданады, алайда бұл екеуі бір емес. Гастроэнтерит асқазан мен ішектің қабынуы. Бұл ауруға көптеген факторлар әсер етеді, соның ішінде тамақтан улану да.
Тамақтан уланудың белгілері
Жүрек айну, құсу, іш өту, ара-арасында іштің түйілуі мен ауруы ішек инфекциясының белгісі болып саналады. Кейде бұл белгілер бір екі күнде кетіп қалады және арнайы емді қажет етпейді. Егер ауру белгілері екі күннен кейін кетпесе, және ағзаның құрғағаны (ауыздың кебуі, бас айналу, қошқыл сары несеп немесе несептің азаюы) байқалса, дереу дәрігерге қаралған жөн.
Сақтандыру шаралары
- тамақ жасар алдында және шикі ет немесе тауықты ұстаған соң қолыңызды сабындап жуыңыз;
- көкөністер мен жемістерді мұқият жуыңыз;
- шикі етті турап болған соң, тақтай мен басқа да аспаптарды жуыңыз;
- тамақ жасар алдында мұздалған тауықты жақсылап ерітіңіз. Егер мүмкіндік болса, оны тоңазытқышта ерітіңіз, суық бактериялардың көбеюінің алдын алады;
- ет және балық өнімдерін жақсылап қуырыңыз;
- ет, тауық және балықты қуырмас бұрын бір ыдысқа салмаңыз;
- тағамдарды тарақан, маса және тышқандардан қорғау үшін бетін әрдайым жауып жүріңіз;
- буфет, асханаларда тамақтанғанда абай болыңыз;
- тамақ қалдығын тоңазытқышта сақтаңыз, ал пикникке апаратын тағамдарды арнайы ыдыстарға салыңыз;
- шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтаңыз.
Бактериялар 4,4-тен 60 градус Цельсий температурасында тез көбейеді. Тағамды осы температура аралығында сақтау ұсынылмайды, келесі кеңестерді ұстаныңыз:
- азық-түлікті тоңазытқышта сақтаңы;
- тағамды 60 градустан кем емес Цельсий температурасында дайындаңыз және ысытыңыз.
Ботулизм - (лат. botulus — колбаса) — жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аурудың ауыр түрі. Аурудың қоздырғышын 1896 ж. голландия ғалымы Э. ван Эрменгем ашқан. Ботулизм Clostrіdіum botulіnum таяқшасы бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген тамақтан жұғады. Б-нің қоздырғышы адамның, жануарлардың және балықтардың ішек жолдарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм адамдарға көкөністен, саңырауқұлақтан, еттен, балықтан технологиялық ереже сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда жұғады. Ауру белгісі 2 — 12 сағаттан кейін байқала бастайды, адамның басы ауырып, ұйқысы қашады, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, аузы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады. Сонымен қатар көздің қарашығы ұлғайып, зат қосарланып көрінеді, адамның жұтынуы қиындап, бірте-бірте даусынан айрылады (афония). Ботулизмнің алғашқы белгісі білінісімен науқасты ауруханаға жатқызу керек. Оған жедел түрде Ботулизмге қарсы арнаулы иммунды сарысу егіледі. Мұндай сарысуды науқаспен бірге болып, уланған консервімен тамақтанған басқа адамдарға да егу қажет. Бұл аурудан сақтану үшін азық-түліктерді өңдегенде, тасымалдағанда, сақтағанда, дайындағанда, соның ішінде үйде консервілегенде санитарлық-гигиеналық ережелерді мұқият орындау қажет.
Ботулизм ауруы-бұл тамақтан уланудың ауыр түрі, уақытында дәрігерге көрінбесе өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Көбіне үй жағдайында дайындалған қолдан жапқан саңырауқұлақ,баклажан, көкөніс салат,ет, балық консервілерін пайдаланғаннан болады. Белгілері – әлсіздік, іш ауруы, құсудың пайда болуы, көз алды торланып, бұлдырайды, бір нәрсе екеу болып көрінеді, ішкен асы тамақтан өтпей, шашалады, жұтыну қиындайды, даусы қарлығып, мұрын арқылы сөйлейді. Аурудың алдын алу мақсатында базар, сауда нысандарынан, белгіленбеген сауда орындарынан үй жағдайында дайындалған, қолдан жапқан консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс салат, ет, балық өнімдерін сатып алуға болмайды. Консервіленген салаттарды пайдаланған кезде сақтайтын, пайдаланатын уақыт мерзімін қараңыз, қақпағы күмпиген (бомбаж) салаттарды пайдалаңбаныз. Үй жағдайында ет, балық, саңырауқұлақ консервілемеген дұрыс. Жеміс-жидек, көкөніс консервіленген кезде оларды жақсылап жуып, тазасын, бүлінбегенін пайдаланыңыз.
Стафилококкты тағамнан улану
Стафилококктар. Стафилококкты тамақтан улану бөлме температурасында жақсы дамиды әрі адам ағзасына әртүрлі жағдайда енеді. Сүт өнімдері (сүт, сүзбе, ірімшік, балмұздақ, т.б.), нан өнімдері (торт, тәтті тоқаштар, т.б.), ет өнімдері (паштет, шұжық, тіл, ысталған шошқа еті) және жылы жерде сақталған басқа да азық-түліктер стафилококктар үшін тіршілік ететін қолайлы орта болып табылады. Мамандардың айтуынша, уланудың бұл түрі сиыр сүті безінің стафилококкты қабынуы салдарынан да болады. Сондай-ақ қолына іріңді жара, күбіртке шыққан науқастар немесе жұтқыншағы талаурап, баспа ауруымен ауыратын адамдар да тағамды залалдауы мүмкін. Сондықтан қолына түрлі инфекциялық, іріңді жара шыққан немесе баспа ауруымен ауыратын, азық-түлік өнімдерімен жұмыс жасайтын немесе тағам әзірлейтін адамдарды жұмыстан босату, ет өнімдерін міндетті түрде ветеринарлық тексеруден өткізу және барлық тағам түрлерін микроб, инфекциялардан қорғау керек. Сонымен қатар ет пен сүт өнімдерін жақсылап пісіру, жұмыртқаның сапасын мұқият тексеру, еріген балмұздақты қайтадан қатырып пайдаланбау, тәтті нандар мен крем қосылған торттарды тезірек сату керек.
Ботулинус. Ботулинус микробы жүйке жүйесіне зақым келтіріп, ботулизм ауруын тудыратын у түзеді. Ол, әсіресе, тұрып қалған балықтарда және дұрыс зарарсыздандырылмаған консервілерде тез көбейеді. Сонымен қатар дұрыс өңделмеген ет өнімдерін пайдаланғанда осыған ұқсас аурулар пайда болуы мүмкін.
Тамақтан уланудың белгілері: әлсіздік пайда болады, көздің көруі әлсірейді, бас ауырады, жүрек айниды, құсады, іші ауырады, дене қызуы көтеріледі, іш өтеді, кейде іш шаншып ауырады, тамыр соғысы жиілейді, жұтыну мен сөйлеу бұзылады, ауыр жағдайларда құрысу мен коллапсқа әкелуі мүмкін. Сондықтан тамақтан уланып қалған адамға 5-6 кесе жылы су (аздаған ас тұзын қосып араластырса да болады) ішкізіп, асқазанын шаю керек. Тілдің түбін саусақпен тітіркендіріп, лоқсытады. Мұны бірнеше рет қайталаса да болады. Асқазаны тазарғаннан кейін шай беру керек. Науқасты дәрігерге апаруды ұмытпаңыз. Дене салмағына қарай белсендіргіш көмір таблеткасын беруге болады.
Тамақтан уланудың алдын алу:
*тамақтан уланып қалсаңыз, дереу дәрігер шақыртыңыз немесе емханаға барыңыз;
*азық-түлікті көшеден алмаңыз;
*тазалық-індет талаптары сақталмаған жерден тамақ ішпеңіз;
*кез келген тағамның (банкі, қалбырларға жабылған, т.б.) сыртын оқып көріңіз, шығарылу және сақтау мерзіміне мән беріңіз;
*кез келген азық-түлікті қолданар алдында оның иісіне және түріне назар аударыңыз, күдік туғызған азық-түліктерді қолданбаңыз;
*азық-түліктерді тек тоңазытқышта белгілі температурда сақтаңыз;
* ас әзірлер және тамақ ішер алдында қолыңызды жақсылап сабындап жуыңыз;
*жеміс-жидек, көкөністерді жуып жеңіз;
*піскен тамақты ұзақ сақтамаңыз.
Есте сақтаңыз: Көктем және жаз айларында көшеде «жабайы сауда» көздері қыза түседі. Ұсақ-түйек заттар былай тұрсын, тәбетіңізді ашар түрлі тағамдар да жайнап тұрады. Алайда оның қалай және неден дайындалғаны белгісіз. Сондықтан көрсеқызарлық танытпаңыз.