Мемлекет — Қазақстан Республикасы меншік құқығының субъектісі ретінде белгілі бір әрекеттерді өз бетімен жүзеге асыру құқығына ие. Заң бұл әрекеттерді жерге меншік иесінің құқықтары шегінде анықтайды. ҚР Жер кодексінің 21-бабына сәйкес, меншік иесінің өзіне тиесілі жер учаскесін иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқығы бар. Жер учаскесінің меншік иесі ҚР Жер кодексіне және ҚР өзге де заң актілерінде көзделген негіздерде, шарттар мен шектерде меншік иесі құқығын жүзеге асыра алады.
Жер иелену құқығы — жерді іс жүзінде иеленуді жүзеге асырудың заңмен қамтамасыз етілген мүмкіндігі.
Жер пайдалану құқығы — тұлғаның мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін ақылы және (немесе) ақысыз негізде шектеусіз мерзімге (тұрақты жер пайдалану) немесе белгілі бір мерзім ішінде (уақытша жер пайдалану) иелену және пайдалану құқығы.
Жерге билік ету құқығы — мемлекеттің Қазақстан Республикасы аумағындағы жердің заңдық тағдырын айқындаудағы заңмен қамтамасыз етілген құқығы, сондай-ақ жердің жеке меншік иесінің өз жер учаскесіне қатысты Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған мәмілелер жасауға құқығы (ҚР ЖК 12-бабының 28, 30, 31-тармақтары).
Аталған меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтары, жер учаскелеріне жеке меншік субъектілерінің және жер пайдаланушылардың құқықтары мемлекеттің құқықтарына қарағанда өзгеше. Олардың құқықтары Жер кодексімен және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерімен шектелуі мүмкін.
Мемлекет жердің меншік иесі ретінде барлық жер қорына, соның ішінде жеке меншікке берілген жер учаскелеріне қатысты айырықша билік ету құқығына ие. Яғни, мемлекет билік ету функциясын жер құқығының субъектілерінің шаруашылық жүргізу және меншік нысандарына қарамастан жүзеге асырады.
Жер пайдалану құқығы субъектілерінің билік ету құқығы да жер учаскелеріне жеке меншік субъектілерінің құқықтарына қарағанда басқаша. Мысалы, ҚР Жер кодексінің 39-бабының 4-тармағына сәйкес, мемлекеттік жер пайдаланушы үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесін басқа тұлғаға жалға берген жағдайда, үйдің (ғимараттың, құрылыстың) өзін тиісінше жалға бермей тұрып, осы жер учаскесін басқа тұлғаға жалға беруіне болмайды. Сонымен қатар, жер учаскесі қызметтік жер телімі тәртібімен берілетін жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік жер пайдаланушының өзіне тиесілі жер учаскесін уақытша ақысыз жер пайдалануға жол берілмейді.
Мемлекеттің жер қорына билік етуге қатысты жоғарыда аталған құқықтарын, яғни Қазақстан Республикасының барлық жеріне билік етуін шексіз деп тануға болмайды. Мемлекет өзі заң шығару тәртібінде жер туралы заңнамада және басқа да құқықтық актілерде көзделген шектерде және тәртіпте уәкілетті органдары үшін барлық мүмкін әрекеттерін қарастырады. Мысалы, ҚР Жер кодексінің 84-бабы жер учаскесін мемлекеттік қажеттіктер үшін алып қоюдың барлық негіздерін қарастырады.
ҚР Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленген негіздерден басқа реттерде ешкімді де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды (ҚР ЖК 29-бабының 2-тармағы).
Демек, егер мұндай әрекеттер заңдарда көзделмесе немесе құқықтық негізі болмаса, мемлекеттік басқару органдары ешкімді жер пайдалану құқығынан айыруға құқығы жоқ.
Мұндай ереженің нақты мысалы ретінде ҚР Жер кодексінің 26-бабының 5-тармағындағы нормаларды атауға болады. Оған сәйкес, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері жеке меншікте бола алатын жағдайда, оларды азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншігіне беруден бас тартуға жол берілмейді.
Мемлекеттің жердің меншік иесі ретіндегі міндеттері ҚР Конституциясымен; мемлекеттік басқару органдарының міндеттері Жер кодексімен, 2001 жылғы 23-қаңтардағы «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңымен1 және ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 23-қарашадағы №1776 «ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі туралы» арнайы қаулысымен реттеледі.
Мемлекеттің жерге меншік иесі ретіндегі құқықтарын Жер кодексінде және ҚР өзге заң актілерінде бекітілген құзыреттіліктеріне сәйкес мемлекеттік органдар жүзеге асырады (ҚР ЖК 13-19 баптары).
Уәкілетті мемлекеттік органдар мемлекетік биліктік функциясын келесі нысандарда жүзеге асырады:
1) жер учаскесін беру (табыстау, сату-сатып алу) (ҚР ЖК 27 -бабы);
2) жер учаскесін мемлекеттік қажеттіктер үшін алып қою, оның ішінде сатып алу жолымен алып қою (ҚР ЖК 84-бабы);
3) мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесін меншік иесінен және жер пайдаланушыдан алып қою (ҚР ЖК 92, 93-баптар);
4) төтенше жағдайлар кезінде жер учаскесін уақытша алып қою (ҚР ЖК 94-бабы);
5) радиоактивтік ластануға ұшыраған жерді меншік иесіне құны тең басқа жер учаскесін бере отырып алып қою (ҚР ЖК 81-бабының 4-тармағы);
тәркілеу (ҚР ЖК 95-бабы).