Қызылша қандаласы – Poeciloscytus cognatus Fieb. (Hemiptera отряды, Miridae тұқымдасы). Қант қызылшасын, жоңышқаны, майбұршақты, асбұршақты, күнбағысты, көкнарды және т.б. өсімдіктерді зақымдайды.Бунақденелілердің дене тұрқы 3-5 мм, сары-қоңыр түсті. Арқаның алдыңғы жағында екі қара дағы бар. Қанаты мөлдір, ал үстіңгі ортасында сына тәрізді қара дақ орналасқан. Дернәсілдері үлкен дараларына ұқсас, жасыл, қылшықтармен жабылған, сауытында екі қара дақ орналасқан.Мәдени өсімдіктердің және арамшөптердің (көкпек, қызылқұйрық, жусан, т.б.) сабағына, жапырақ кесіндісіне салынған жұмыртқалар қыстайды. Ұрықтың дамуы күзде басталады, ал қыс мезгілінде тоқтатылады да, келесі жылдың көктемінде қайтадан басталады. Ерте көктемде сәуір айының екінші жартысында – мамыр айының басында дернәсілдер туа бастайды. Қандаланың дернәсілі бір айдың төңірегінде дамиды, осы уақыттың ішінде бес жас өтеді де, ересек қандалаға айналады. Ересек жәндік 3 км-дей аралықты игере алады. Аймақтың жағдайларына байланысты зиянкес 3-4 ұрпақ беріп дами алады. Аналықтары маусым айының аяғында жұмыртқаны топ қылып, мәдени өсімдіктерге және арамшөптерге салады. Эмбрионалдық даму 10-16 күнге созылады. Қандала өсімдіктің шырынын сорып, жапырақтың солуын және түр өзгеруін тудырады. Өсу нүктесінде қоректенген қандала төмен қантты тамырдың көпбастылығына, ал күшті залалданған кезде мүшенің зақымданып жойылуына әкеліп соғуы мүмкін. Бұдан басқа, қызылша қандаласы вирустық аурулардың таратушысы болып табылады. Зиянкес 3-4 ұрпақ беріп дамиды.
Күресу шаралары. Арамшөптерді құрту, ауыспалы егісті қатаң сақтау, зиянкестерге қарсы инсектицидтерді қолдану керек.
Қызылша бітесі – Aphis fabae Scop. (Homoptera отряды, Aphididae тұқымдасы ). Қызылшаны, күнбағысты, асқабақты, бұршақ және алқа тұқымдастарын зақымдайды, сонымен қатар арамшөптермен (көкпек, ақ алабұта, қызылқұйрық және т.б.) қоректенуі мүмкін. Есейген дараның денесін балауыз қабаты жапқан. Дене тұрқы 1,5-3 мм, ал түсі жасыл реңді қара. Жамбасы мен сирағы ақ түсті. Қызылша өсірілетін аймақтардың барлығында таралған. Жұмыртқалары шәңкіштің бұтақшасының жоғарғы басында қыстайды. Ерте көктемде температура 8-9°С жеткенде негізгі өсімдіктерде дамитын аналық-орналастырушы туады. 2-4 ұрпақтан кейін бітелер мекенінде қанатты даралар пайда бола бастайды, кейін олар мәдени өсімдіктерге, сонымен қатар қызылшаға ұшып қонады. Бітемен залалданған жапырақтар пішінін өзгертеді, сондықтан қызылша тамыржемісінің салмағы мен қанттылығы төмендейді, ал тұқымдықта тұқымның шашылуы және оның сапасының төмендеуі байқалады. Сонымен қатар олар қауіпті вирустық аурулардың таратушысы болып табылады. Күзде бітелер негізгі азықтық өсімдігіне қайтып келеді және қос жынысты ұрпақ береді. Ұрықтанған аналықтар қыстауға жылтыраған қара жұмыртқалар салады. Бітелер тіршілік аралығында 14-ке жуық ұрпақ береді.
Күресу шаралары. Ауыспалы егістікті қатаң сақтау және минералды тыңайтқыштарды енгізу керек. Тұқымды отырғызғаннан кейін жаңбырлатып суару зиянкестердің санын төмендетуге мүмкіндік береді. Арамшөптерді жою және гүлдейтін өсімдіктерді себу энтомофагтарды тартуға жағдай туғызады. 3 жұп нағыз жапырақ кезеңінде 10 жерде 10 өсімдікті қарап, өсімдіктерде жәндіктер қоныстануы 20-30 % асып кетсе, инсектицидтерді «Тізім...» бойынша пайдаланған дұрыс.
Қызылша тамыр бітесі – Pemphigus fuscicornis Koch. (Homoptera отряды, Aphididae тұқымдасы ). Қызылшада және алабұта тұқымдасы арамшөптерінде қоректенеді. Есейген даралары сары түсті, нәзік балауыз қабатымен жабылған. Дене тұрқы 1,5-2,5 мм. Дернәсілдері сарылау – сұр түсті, ұзындығы 0,7-0,8 мм.20-70 см топырақ тереңдігінде қанатсыз аналықтары қыстайды. Көктем мезгілінде пайда болған дернәсілдер топырақ бетіне шығып, азықтық өсімдіктерге қоныстануы мүмкін. Олар ұсақ түптерге жабысады, дернәсілдер және дернәсілдердің терісінен түзілген металл ақшыл реңді қабат пайда болады, сол себептен зиянкестердің саны артқан кезде өсімдіктің жанындағы топырақ ақшылданып кетеді. Қызылша тамыр бітемен зақымдалынған өсімдік тамырлары құрып қалады, жапырақтар сарғайып кетеді, өсімдіктердің өнімі және қанттылығы төмендейді. Өсіп-өну кезеңінде 8-10 ұрпақ беріп дамиды.
Күресу шаралары. Ауыспалы егісті қатаң сақтау; арамшөптерді құрту; минералдық және органикалық тыңайтқыштарды енгізу; өнімді шығынға ұшыратпай дұрыс жинау; өсімдік қатарлары тегіс жабыла бастаған кезеңде тамыр жүйесін қарап, топырақ тереңдігі 5 см болатын 20 үлгі (әр үлгіде 5 өсімдік) қарайды. Тамыр бітесімен 20-30% өсімдіктер қоныстанса, инсектицидтерді «Тізім...» бойынша пайдаланған дұрыс.