Көне гректердің айтқанындай, философия дүниеге таңғалудан басталады. Ал оның өзі өмірдегі күнбе-күн кездесетін айқын да түсінікті құбылыстардан туындамайтыны баршаға мәлім. Таңғалатын құбылыс сиқырлығы мен көпқырлылығы, әсемділігі мен орасан зор күш-қуаты, я болмаса ерекше нәзіктігімен көрініп, адамның жан дүниесінде ерекше із қалдырады.
Әрине, дүниеде таңғалатын нәрселер кеп. Оған біз жастық шағымызда тоймаймыз. Есейе келе, олардың көбі үйреншікті нәрселерге айналып кетеді де, көп адамдар, өкінішке қарай, сол ғажап қасиетінен - дүниеге таңғалудан - айырылып қалып, өз руханиятын жүдетеді.
Философиялық деңгейге көтерілсек, бұл дүниеде мәңгілік адам таңғалатын екі-ақ құбылыс бар. Оның бірі - әлем, барлык, өмір сүріп жатқан Дүние болса, екіншісі - өзіндік сана-сезімі, ішкі рухани өмірі бар адам болмақ. Біріншісі - құшаққа да, ой елегінің ауқымына да сыймайтын шексіз де мәңгілік Әлем, Дүние, Ғарыш болатын болса, екіншісі ғарыштағы құбылыстармен салыстырғанда атом сияқты, бірақ өзінің нәзік жан дүниесі бар адам. Біреуі - макрокосм, екіншісі - микрокосм. Адам - кіші әлем ретінде үлкен әлемге - Ғарышқа тең. Бүкіл ғарыштың барлық сиқыры мен талпынысы адамның табиғатында жиналған.
Міне, философия, негізінен алғанда, осы екі құбылысты бір-бірімен салыстырған кезде, адамның ғарыштағы орны мен рөлі жөнінде ойланған кезде пайда болады. Ал ол - саналы пенде -адамға тән нәрсе.
Сондықтан, көркемдеп айтсак, осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген белгісіз түрік бабамыз алдындағы жаткан дүниеге таңғалып, сол жөнінде алғаш рет ойланып, ондағы адамнын орны қандай екен деген сұракты өз алдына койған кезде. сол сәтте отандық философия бұлағынын көзі ашылды десек те болады. Өйткені әрбір халық өз тілінің негізінде өзіне тән дүниесезім мен дүниетанымын қалыптастырады. Олай болса, жер бетінде өз тілінің негізінде қанша халық өмір сүріп жатса, соншалықты дүниесезім, дүниетаным, философия болады.
Әрине, жер бетіндегі адамзатты қоршаған орта - бір, табиғатың барлық заңдылықтары да - бір, оларды зерттейтін ғылымдағы жетістіктер де барлық халықтарға ортақ. Айталық, неміс физикасы, американ биологиясы, орыс химиясы т.с.с. жоқ. Ал философияға келер болсақ, мұндағы жағдай басқаша. Өйткені ол толығынан ғьілым емес, ол - метафизика, оның қойған сұрақтарын бірде-бір жаратылыстану ғылым шеше алмайды, өйткені ол сұрақтар «физиканың ар жағында» жатыр. Сондықтан әр халық оларға өзінше жауап береді. Сол себепті біз «неміс», «орыс», «қазақ философиясы» т.с.с. деп аузымызды толтырып айта аламыз.
Екінші үлкен мәселе - қазақ философиясының дүниежүзілік философиядағы алатын орны қандай, жалпы алғанда, оның сол өз орны бар ма? Біздің философиялық ой-өрістің шеңберінде қалыптасқан қандай рухани құндылықтарды біз мақтан етіп, басқа халықтарға ұсына аламыз? Ал бұл сұрақтар бізді отандық философияның differencia specifica, яғни өзіне тән ерекшеліктерін іздеп табуға ұмтылдырады.
Қазақ халқының дүниесезімі мен дүниетанымының ерекшеліктері, әрине, ол өмір сүрген табиғаттың, соған бейімделіп қалыптасқан шаруашылық формалары, өмір салтының жүйелерімен тығыз байланысты болса керек. Оған уақытында Ш.Уәлиханов та көңіл аударған болатын. Расында да, қазақ елі Бразилия, я болмаса Франция емес.
Жоғарыда айтылған тұрғыдан бұл мәселеге көз жіберсек, онда біздің ата-бабаларымыз таңдап алып, өз Отанына айналдырған жерлер мал өсіруге лайықты, табиғаты қатал, суға тапшы, сонымен қатар өрісі кең, малдың соңында көшіп-қонуға мол мүмкіншілігі бар кеңістікте орналасқан болатын. Ал табиғаты жұмсақ, суы мол жерлерде (мысалы, Сыр-Дария, Шу өзендерінің т.с.с. бойларында) халық жерге тұрақтанып, егін егіп, қолөнерін дамытып, қалалар тұрғызды. Оған мысал ретінде «Жібек жолы» бойында орналасқан Орта ғасырдағы қалаларды айтуға болады (Отырар, Жүйнек, Мерке, Құлан, Талғар, Алматы т.с.с.).
Негізінен алғанда, Жаңа дәуірге - машиналық индустрия пайда болғанға дейін - қазақ жеріндегі ең тиімді шаруашылық формасы - көшпенді мал шаруашылығы болды. Сондықтан біздің арғы бабаларымыз мыңдаған жылдардың шеңберінде осы іспен айналысты. Ол, біріншіден, табиғатқа бас июді, оған табынуды талап етті, қазақ халқы басқа да Шығыс халықтары сияқты, ешқашанда табиғаттың патшасы болу, оны өз еркіне сай етіп қайта өзгерту максатын өз алдына қойған жок. Сондықтан ежелден қазақ халқының, қазіргі тілмен айтканда, экологиялық санасы биік деңгейде болған.
Екіншіден, біздің бабаларымыз тұрақты бір жерге байланбағандықтан ерікті болып, бас бостандығын қатты сыйлаған. Қазақ жерінде ешқашанда кұлдық болмаған.
Үшіншіден, негізінен алғанда, көшпенділік тендікті талап етеді, оған тән саяси формалар - соғыс демократиясы, әрі кеткенде, алғашкы феодалдық қатынастар, дамыған феодализм қазақ жерінде ешқашанда болған жоқ, ол көшпенділік шаруашылық формасының табиғатынан шығады.
Төртіншіден, көшпенді халықтың арасындағы әлеуметтік айырмашылықтар аз болғандықтан, теңдікке негізделген әділеттілік құндылығы. Сондықтан да бүгінгі таңда жүріп жатқан қайта әлеуметтік топталу - рестратификация - (аса байлармен қатар кедей, қайыршылардың пайда болуы) адамдардың жан-дүниесінде ауыр жарақаттар қалдыруда.
Бесіншіден, байлыққа жетуден гөрі, ар-намысты жоғары ұстау - бұл да халықтың қанына терең сіңген құндылық болып табылады. Онымен тығыз байланысты бар нәрсеге қанағат ету де -қазақка тән нәрсе.
Алтыншыдан, үжымдық мүддені жеке мүддеден жоғары ұстау - ол да көшпенділік өмір салтынан шығатын құндылық.
Жетіншіден, өне бойы көшіп-қону барысында әрқашанда неше түрлі қиындықтарды, қауіп-қатерлерді бастан кешуге тура келеді, ол ерлікті, батырлықты касиет етуді талап етті. Сондықтан беске келгенде жылқының жалында ойнап, 14-15-ке келгенде батырлықты армандап, біздің бабаларымыздың көбі 20-25-інде елін аман сақтау жолында өмірлерін қия білген. Ұлы Отан соғысында қазақ азаматтары осы ұлттық қасиетті бүкіл әлемге айқын көрсетті. Қазақ халқының дербестігін көтере алмай жүрген кейбір арам пиғылды саясаткерлер оны білуі кажет.
Сегізіншіден, көшпендінің өмірі қысқа, өне бойы қауіп-катерлерден, соктығыстардан тұрғаннан кейін, ол күнбе-күнгі өмірді бағалап, өмірден алудан гөрі болуды жаратқан. Әрбір күнді тойдуманға айналдыру, өзін шешен сөзбен, даналыкпен көрсете білу, неше түрлі сайыстарға қатысу, «бір сырлы, сегіз қырлы болу» - бабаларымызға тән нәрселер болған.
Тоғызыншыдан, дүниеге, басқа халықтарға деген ашықтық қиналғандарға риясыз қол ұшын беру -бұл да біздің халықтың керемет қасиеттерінің бірі.
Оныншыдан, көшпенділердің негізгі құндылыктарының бірі - ата-ананы, үлкендерді сыйлауы.
Әрине, халықтың мыңдаған жылдар шеңберінде бойына жинаған көп қадір-қасиеттерінің ішінен біз негізгілерін ғана көрсеттік. Енді келесі мәселеге - қазақ философиясының ерекшелік-теріне тоқталуға мүмкіншілік пайда болды.
Біріншіден, қазақ философиясында онтологиялық (болмыс) және гносеологиялық (дүниетаным) мәселелерден гөрі, адам мәселесіне көбірек көңіл бөлінеді.
Екіншіден, адам мәселесі, казіргі тілмен айтқанда, көбіне экзистенциалдық тұрғыдан қаралады және ол көшпенділік өмір салтын еске түсірсек, түсінікті де болар.
Үшіншіден, отандык философияда абстрактілі-теоретикалық жүйелер жасау өте сирек кездесетін құбылыс - философиялық ізденіс адамның нақтылы өмірдегі жүріс-тұрысын сараптауға, яғни практикалык мәселелерге көбірек көңіл бөлінеді.
Төртіншіден, адам болмысының этикалық жақтарына, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, ар-намыс, абырой, т.с.с. категорияларға терең талдаулар жасалады.
Бесіншіден, коғам өмірінің негізгі мәселесі ретінде әрқашанда әлеуметтік әділеттілікке көбірек назар аударылады.
Алтыншыдан, отандық философияны аксиологиялық философия десек те болғаны, өйткені онда құндылық әлеміне зор көңіл бөлінеді. Енді мәселені нақтылай түсіп, отандық философияның негізгі сатыларына қысқаша көз жіберейік.