Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Діни экзистенциализм мен антропология




Орыс философиясының антропологиялық бағыты, яғни адам мәселесіне басымырақ карау — оның негізгі ерекшеліктеріне жатады. XIX ғ. ортасынан бастап адамның өмір суруі, оның бостандығы мен құндылығы, тұлғаның нәзіктігі, болмыстың неше төрлі үрейлерге толылығы т.с.с. экзистенциалдық сұрақтар орыс философиясының негізгі мәселелеріне айналады. Осы бағыттағы ұлы философтар қатарына Лев Исаакович Шестовты (Шварцман) (1866-1938 жж.) жатқызуға болады. Н.А.Бердяевтін айтуына карағанда, Л.Шестовтың философиясын экзистенциализм бағытына жатқызуға болады, «оның философиясының қайнар көзі ретінде адамның қайғы-қасіреті, үрейі мен зардабы, үмітсіздік сезімі болды». Ол рационализм, сциентизм бағытын алғашқылардың бірі болып қатты сынға алады. Оның ойынша, өмірдегі әсемдік, өнегелілік, сенім рационалдық, логикалык танымға жеткізбейді. Ғылыми зерттеу - заттар мен құбылыстардың жалпы жақтарын тұжырымдайды, адамға келгенде оның қайталанбас, ерекше болмысын еске алмайды. Сонымен адам өмірінің мақсат-мұраты, мән-мағынасы, қайғысы мен қуанышы, махаббаты т.с.с. сыртта қалады. Олай болса, ғьлым мен философия ымыраға келмейді. Философияның негізгі мәселесі - адам, оның өмірінің мән-мағынасы.

Л.Шестовтың ойынша, ғылым мен философия ақиқаты да екі түрлі. Ғылыми ақиқат дүниедегі қажеттілікті зерттеуден шығып, барлык адамдарға бірдей болып келеді. Ал философиялық ақиқатқа келер болсақ, оған әрбір адам өзінше өзінің болмысында жетуі керек. Адамзаттың негізгі мақсаты - табиғаттың кажеттілігін жеңіп, адамға бостандық, алғашқы еріктікті кайтадан әперу.

Еріктік мәселесіне келгенде, Л.Шестов оны Библияның аңызына негіздеп қарайды. Алғашында дүние мен адамды Құдай өзіне ұқсатып, оларды құдіретті, ерікті, жетілген кылып, жоқтан жаратқан болатын. Бірақ Құдай адамға ескерту жасады: Эдем бакшасындағы өсіп тұрған таным ағашының жемісін жесең — өлесің!! Жыланның сөзіне еріп, өзін Құдаймен теңегісі келген адам тыйым салынған жемістің дәмін татып, «білімді» пендеге айналды. Біліммен бірге күнә өмірге келіп, зұлымдыққа жол ашты. Білім шындыкты қажеттілікке айналдырып, еріктікті жойды. Мұндай жағдайдағы адамның алдындағы мақсат - жойылған еріктікті қайтару, дүниені зұлымдықтан құтқару. Ол үшін моральдық нормалар, неше түрлі ережелерді орындау қажет емес, өйткені олардың бәрі де ғасырлар шеңберінде ақыл-ойдың таразысынан өтіп, қажеттікке айналды. Олай болса, адам моральдық нормалардың талаптарына қарсы шығып, өзін ерікті сезіну үшін ойына не келсе, соны жасауы керек, өйткені оны жаратқан Құдайдың өзі. Адам әрқашанда ішкі тебіреністе, алаңдауда болып, өзінің еріктігін Құдайдан іздеп, онымен қайта кездесу жолында табуы керек. Ол үшін тек қана сенім керек деп қорытады Л.Шестов. Тек қана сенім ештеңемен шектелмеген бостандықты береді. Адам таным ағашынан бас тартып, өмір ағашына қайта оралуы қажет.

Орыстың діни философиясына қомақты үлес қосқан Николай Александрович Бердяев (1874-1948 жж.) болды. Негізгі еңбектері: «Еріктік философиясы. Шығармашылық мағынасы», «Тарих мағынасы», «Өзіндік тану» т.с.с.

Оның ойынша, философия -- рухты зерттейтін ілім, яғни адамның өмір сүруіне, сол арқылы болмыстың мән-мағынасын ашуға бағытталған пән. Ғылым сыртқы дүниені зерттесе, филосо фия адамның ішкі рухани өміріне үңіледі. Сондықтан философия объективті емес, ол - әрқашанда субъективті.

Н.А.Бердяевтің ойынша, экзистенциалдық философия адамның өмір сүру диалектикасынан, сол арқылы жалпы дуниенің өзін таниды. «Таным дегеніміз субъектінің болмысты бейнелеуінде емес. Таным әрқашанда шығармашылық жолмен жүріп, мән-мағынаға жетуге тырысады. Адамның құпиясын танып-білу -болмыстың құпиясын танып-білумен тең».

Адам абсолюттік болмыстың алдында тұрып, оны танып-білгісі келеді. Бұл мақсатқа жеткізетін екі-ақ жол бар. Ол өзін дүниенің бір бөлігі ретінде сезініп, оған терең шомылуы мүмкін. Бірақ ол жол нәтиже бермейді, өйткені бөлшек біртұтастыққа жете алмайды.

Екінші жол - өзіңнің дүниеге деген маңыздылығыңды сезініп, өз болмысыңды бүкіл дүниенің өзегі ретінде қарасаң, онда өз тереңдігіңе үңілу, оны танып-білу - бүкіл болмысты танып-білумен тең болады. Мұндай көзқарас көне замандағы гректердің «макрокосм» мен «микрокосм» идеяларына кетеді. Адам «кіші ғарыш» ретінде «үлкен ғарышқа» сай келеді. Сондықтан сыртқы болмысты тану үшін өзіңнің ішкі болмысыңды білуің қажет.

Н.А.Бердяевтің философиясының негізгі категориясы - еркіндік. Оның ешқандай өлшемі, шегі, түбі жоқ, оны ештеңемен теңеуге болмайды. Оның оқшаулығын түсіну - оның болмысқа дейін өмір сүргенін мойындаумен тең. Бұл арада Н.А.Бердяев Орта ғасырда өмір сүрген Я.Беменің: «Құдайдың өзі түбі жоқ түңғиықтан пайда болды» - деген пікірін қолдап, сол алғашқы «түбі жоқты» ерікпен теңейді. Сол алғашқы тұңғиықтан шыққан Құдай дүниені жаратады.

Осы арада Н.А.Бердяевтің философиясыньщ ғажап қызықты жағын көреміз. Ол - алғашқы Еріктік пен Жаратушы-Құдайдың арасындағы дуализм, қайшылық. Құдай дүниедегі зұлымдыкка жауапты емес, өйткені оның өзінің негізі жоқ, Ол өзі шыққан түбі жок еріктікке ештеңе жасай алмайды. Керісінше, Құдайдың өзінің болмысына, содан кейін оның дүниені жаратуына жол ашқан сол алғашқы Еріктік емес пе? Олай болса, адамның өзі, бір жағынан, Құдайдың жаратқан пендесі болса, екінші жағынан, түбі жок еріктіктің нәрестесі. Сондықтан еріктік бүкіл адамның іс-әрекетін баурайды. Еріктік дегеніміз - еш нәрсеге тәуелсіз таза сана, күш-қуат.

Белгілі бір «метафизикалық ессіз кезеңде» еріктік өзін Құдайға қарсы койып, онымен күресе бастады. Ол барлық жаратылған дүниеге, адамның өзіне де тарады. Сондықтан дүние мен адам зұлымдыққа белшесінен батты, ал Құдай болса, оған еш нәрсе жасай алмайды, өйткені Ол еріктікті жаратқан жоқ. Міне, осы сәтте дүниеге Христос келіп, бүкіл дүние мен адамдардың күнәларын өз мойнына алып, тұңғиыққа тереңдеп, оны өз сәулесімен жарқыратады. Сонымен Н.А.Бердяев Құдайдың ессіз еріктікті жеңетініне сенгенмен, бірақ, оған үзілді-кесілді кепіл беруден бас тартады.

Н.А.Бердяевтің философиясындағы негізгі болмыстық категория - ол адамның өзі, өйткені ол дүниенің ортасында, оның тағдыры дүниенің тағдырын анықтайды. Адам мен Дүние Құдай-дың өмірін байытады, өйткені адам - рухани пенде, ол ізгілік пен әсемдікті сүйеді. Екінші жағынан, ол - ең жоғарғы материалдық құрылым, бүкіл дүниенің барлық элементтері оның бойында бар, сондықтан Ғарыш оның шығармашылық іс-әрекетін қабылдайды.

Сонымен адам — қайшылықты пенде, ол «табиғаттық дүниедегі үзіліс», оны түсіну үшін одан да жоғары - Құдайға деген оның қарым-қатынасын білу қажет. Оның ойынша, осы уақытқа дейін адам өзін Құдайға тәуелді пенде ретінде түсініп келді. Ал тәуелділік бар жерде шынайы махаббат жоқ. Сондықтан Құдай мен адамның арақатынасы нағыз еріктікке негізделген, махаббаттың құпиясы, міне, осында. Адам Құдайды қажет етсе, Құдай да адамды қажет етеді, өйткені оның өзінің негізі жоқ (безосновность), ол адамсыз өзінің жалғыздығын сезінеді... Сонымен біз адамның Құдайлығын, Құдайдың адамдығын көрсетуіміз керек. Тарихи Христостың өзі алғашқы рет осыны паш етті.

Құдай -- рух, сонымен қатар адам да - рух. Олай болса, екеуінің шығармашылық жолда кездесуі ғана объективацияланған дүниеден адамды құтқарады (объективация - Бердяевтің философиясындағы ұғым, идеяның, жалпы сананың мазмұнының, адамдардың қарым-қатынастарының заттануын, адамнан жаттануын көрсетеді).

Енді Н.А.Бердяевтің тарих философиясына келер болсақ, онда «уақыт» категориясы үлкен орын алады. Егер дүниедегінің бәрі шектелген, олай болса, соңы бар болатын болса, тек шығармашылық арқылы ғана оның ар жағына өтіп кетуге болады. Шығармашылық мәңгілікке әкеледі, бірак ол шексіз уақыт емес, уақытты аттап өтетін жаңа сапа. Осы себепті тарихтағы шексіз жоғары өрлеуді (прогресті) қабылдауға болмайды. Тарихтағы соңғы «жұмақта» өмір сүретін буындар өткен шексіз санды адамдардың өмірін сол мақсатқа жетудің құралына айналдырады. Мұндай жағдайда адамзат тарихының мән-мағынасы жойылатыны хақ. Өткен дәуірді, онын мәдениетін толыққанды қабылдамай, дұрыс болашақты да орнату мүмкін емес. Шіркін, осындай Н.А.Бердяевтің терең тарих жөніндегі ойларын саясаткерлер жете білсе ғой!!! Сонда реформа барысындағы қателіктер де аз болар еді.

Жалпы алғанда, Н.А.Бердяевтің тарихи көзқарасын өміршеңді деп атауға болады: адамзат рухани жаңарудың негізінде қайта өрлеуге мүмкіндік алады. Болашақ қоғам екі принципке негізделеді; - аристократиялық - түлғаның толыққанды шығармашылық дамуын көрсетеді, ал демократиялық - әділеттілік пен достыққа шақырады.

Тарих философиясындағы Н.А.Бердяевтің талдап, өзінің шешімін берген екі категориясын көрсетпей болмайды - олар мәдениет пен цивилизация.

Мәдениет - қоғамның рухани дамуының шыңы, дін, философия, өнер құндылықтары, терең де нәзік ойлар, шығармашылық туындылары. Уақыт өткен сайын шығармашылықтың орнына күнбе-күнгі қажеттіліктерден шығатын карапайым өмірді көтеруге бағытталған істер келіп, «өзімшіл цивилизация» мәдениетті тұрпайылата бастайды.

Цивилизация дегеніміз - өмірдің әлеуметтік, материалдық жағының дамуы, экономикалык мүдделердің басымдығы, пайдақорлыққа тырысу, құралдың мақсатты жеңуі. Цивилизация өз табиғатына сәйкес техникаға жақын, ол жеке адамның шығар-машылығын ұжымдық еңбекке ауыстырады. Цивилизация машиналардың өмірге енуімен бірге келеді. Адам техниканы пайдаланып, табиғатты өз еркіне көндіруге тырысады, соның нәтижесінде адамның толыққанды органикалық табиғатқа сәйкес өмірі жойылып, оның орнына мамандандырылған, біржақты адам пайда болады. Цивилизация техниканың үстемдігіне әкеліп, рухты тоқыратады.

Капиталистік, я болмаса социалистік цивилизация болмасын, ол - өз табиғатына сәйкес әрқашанда «буржуазиялық». Ол дегеніміз рухтың тоқырауы, материалдық байлыққа, өмірден ләззат алуға тырысу.

Дегенмен цивилизация мәдениетті толығынан құрта алмайды, ол ұсақталынғанмен аяғына шейін цивилизацияның пайдақорлығына қарсы түрады. Жалпы алғанда, Н.А.Бердяев адамзат тарихының төрт логикалық сатысын көрсетеді, олар - тағылық, мәдениет, цивилизация және «діни кайта өрлеу». Социалистік өзгерістер Ресейді цивилизация шеңберіне кіргізіп, мәдениетті тоқыратты. Мәдениетті қайта жаңартуда дін шешуші қызмет атқаруы керек.

Орыс философиясындағы діни антропология бағытының өкілдері ретінде С.Н.Булгаков, С.Л.Франк және Н.ОЛосскийді атап мөтуге болады.

С.Н.Булаковтың айтуына қарағанда, адам Құдайсыз өмір сүре алмайды, егер ішкі дүниеңде Құдай болмаса, онда көңіл құлазиды. Құдайға қарсы күрес, бір дінді тарату қажетті түрде екінші дінді тудырады (мысалы, Кеңес заманында марксизм жаңа ағарған дінге айналған болатын. - С.М.) Алайда адамға Құдай сырттан келмейді, оны ол өз ішінен табуы керек.

С.Н. Булгаковтың ойынша, шығармашылық дегеніміз — ол «антроподицея» (адамды ақтау). Оның негізгі себебі - дүние уақыттың шеңберінде өмір сүруде, олай болса, ол әлі соңына жеткен жоқ. Дәл қазір жаратылу жалғасып жатыр. Ал адам болса, ол Құдаймен бірге осы дүниені жарату ісіне, оны әрі қарай жетілдіруге атсалысуда. Адам — Құдайға ұқсаған, Мәңгіліктің ұлы, Құдайдың рухын жалғастырушы. Ол - микротеос, оның ішінде бүкіл дүниенің күш-қуаты бар, ол — болмыстың ең жоғары ортасы.

С.Л.Франк адамды өзін-өзі анықтайтын және өзгерте алатын пенде ретінде қарайды. Өзіндік сана аркылы адам заттардан ғана емес, сонымен қатар өзінен де алшақтап, өз-өзіне басқа адамның көзімен қараған сияқты дәрежеге келеді. Нәтижесінде екі ахуалтанушы мен танылатын, бағалайтын мен бағаланатын, сот пен сотталатын - пайда болады. Міне, адам өзіндік санасы арқылы өзінің денелік эмпириялық табиғатынан бөлініп, өз-өзін бағалайтын, сынайтын дәрежеге көтеріледі.

Адам - әрқашанда өзінің күнделікті болмысына қанағаттанбай, оны аттап өтіп, басқа өмірге, өнегелікке қарай ұмтылатын пенде.

Н.О.Лосский тұлғаларды шынайы және потенциалды деп екіге бөледі. Тұлға өзінің дамуында құдайдың бейнесіне ұқсаудан бастап, соңында тіпті Құдайдың өзіне тартуға тырысады. Ал соңғы -ол тұлғаның негізгі мақсаты, ол үшін адам неше түрлі қиындықтар мен зардаптардан өтуі керек.

Руханияттық адамның негізгі касиеті. Рухани адамның ішкі өнегелілігі қандай да болмасын сыртқы жағдайлардың қысымына қарсы тұра алады.

Қорыта келе, біз орыс философиясының адам мәселесіне қомақты үлес косқанын байқаймыз. Олардың айткан көп идеялары қазіргі өтпелі дәуірдегі калыптасқан көп ахуалдарды талдауға өз көмегін береді. Сіз де ол жөнінде ойланып көріңіз.

Арыш философиясы

Ғарыш философиясы деген кезде, біз екі нәрсені айтуымызға болады. Біріншіден, ол - дүниенің біртұтастығы және соның шеңберіндегі адамзаттың, яғни рухтың алатын орны; екіншіден, адамзат мәңгі осы жер бетінде қала ма, я болмаса басқа ғарыштағы объектілерді игеріп, өзінің ықпалын бүкіл ғарышқа тарата ала ма?

Бірінші сұраққа кайсыбір ұлттық философия жауап беруге тырысады, ал екінші сұрақты қойып, соған жауап беруге тырысқан, негізінен алғанда, орыс философиясы болды. Сондықтан бұл ағымды орыс философиясының ерекшеліктерінің біреуіне жатқызуға болар еді деп ойлаймыз. Ал енді оның өзінің де себебі бар шығар.

Біздің ойымызша, Алтын Орда мемлекетінің қысымынан кейінгі Ресей қоғамының Шығысқа қарай садақтан атқан оқтай серпілуі (бірнеше ғасырдың шеңберінде Еділ өзенінің ар жағынан сонау қиыр Шығысқа дейін жетуі), өлшемсіз кең-байтақ жерде мемлекеттігін құруы,ұлттық ой-өрісті де кеңейтіп, оған ғарыштық өлшем берсе керек. Мүмкін, басқа себептер де болған болар.

Еуропа ой-өрісінде ғарыш жөнінде христиандық антропоцентрлік көзқарас ғасырлар бойы өмір сүрді. Оның негізгі қағидасы: адам - жаратылған дүниенің ең биік шыңы, жер болса - ғарыштың ортасы.

Коперник мұндай көзқарасқа төңкеріс жасайды: ғарыштың ортасы - жер емес, күн. Ғарышта тек жерде ғана өмір бар. Дж.Бруноның шексіз ғарыш пен өмір жөніндегі ойлары кең тараған жоқ. Жаңа дәуірдегі ғылымда ғарыш механикалық-физикалык объект, сансыз атомдардың өрісі деген пікір қалыптасты.

Енді, міне, орыс философиясында 18 ғ. бастап, антропокосмизм идеялары пайда болып дамиды. Яғни адамның жер бетіндегі орны емес, оның ғарыштағы рөлі зерттеле бастайды.

Орыс философиясындағы бұл мәселеге қатысты негізгі идеялар:

а) ғарыштағы адамзаттың өлместігі (К.Э.Циолковский);

в) биосфераның ноосфераға өтуі (В.И.Вернадский);

с) табиғатты зерттеп, өткен ұрпақтарды тірілту (Н.Ф.Федоров);

д) күн мен биосфераның ажырамас байланысы (А.Л. Чижевский);

е) сананың ғарыштық дамуы (Н.К.Рерих); т.с.с.

К.Э.Циолковский оқырмандарға орыс космонавтикасының әкесі ретінде кеңінен таныс. Сондықтан біз оның ғылыми-техникалык идеяларын қарастырмай, тікелей оның философиялық көзкарастарына көшеміз. Оның ойынша, адам - ғарыш өмірінің бір бөлігі, сондықтан адамзат цивилизациясы Ғарыштағы өзгерістермен тығыз байланысты. Әрине, мәңгілік Ғарышқа қарағанда, жер бетіндегі адамзат әлі өте жас. Дегенмен болмыста пайда болып, белгілі бір уақыт келгенде жер бетіндегі байлықты сарқып, адамзат заңды түрде бұл өмірден кетуі мүмкін. Бірақ, сонымен қатар, егер ғылымның дамуының негізінде адам Ғарышпен байланысқа түсіп, зат пен күш-қуаттың жаңа түрлерін игерсе, ол тоқталмайтын өрлеуге ие болып, өлместік дәрежесіне көтеріледі, - деген батыл пікір айтады.

К.Э.Циолковский адамзаттың жерлік және космостық өмір сүруін бір-бірінен айырады. Жер бетіндегі өмір сүру - адамзаттың «сәбилік шағы», сондықтан ол кемеліне келмеген, зардабы мен қиянаты мол. Адамзаттың ғарыштық болмысы келген уақытта өмірдің теріс жақтарының бәрі жойылып, қуаныш пен жетілгендік, шығармашылық - өмірдің негізгі жақтарына айналады. Оның ойынша, ғарышқа шығу - көп уақытты талап етіп, сатыларға бөлінеді:

а) адамзат қажеттіліктерін өтеу жолында жер бетін толығынан қайта өзгерту;

в) жер айналасындағы кеңістікті игеру;

с) басқа планеталарды, содан кейін алыс Ғарышты игеру;

д) адамның өз биологиялық табиғатын өзгертіп, ашық Ғарышта өмір сүре алатын дәрежеге келуі.

Сонымен егер Н.Коперник өз уақытында жердің Ғарыштағы ерекше орны жөніндегі көзқарасқа соққы берген болса, XX ғ. К.Э.Циолковский адамзатты жер тартуынан шығарып, ғарышқа жол ашты деп көркемдеп айтуға болар еді.

В.И.Вернадскийдің негізгі ойлары жер бетіндегі өмір мен адамзатқа арналды. Нәтижесінде, ол биосфера мен ноосфера жөнінде терең де тамаша ойларын адамзатқа ұсынды. Бүгінгі қалыптасқан биосфера жөніндегі «Үлкен жүйе» теориясы, тіршіліктің ғарышпен заттық және энергиялык алмасуға түсуі т.с.с. идеялар В.И.Вернадскийдің шығармашылық еңбектерінде үлкен орын алды. Жер бетіндегі тіршілікті ол жердің ерекше қалыптасқан геологиялық қабаты ретінде қарайды. Тіршілік биогеохимиялық зат пен энергияның айналысын тудырып, жер бетін толығынан өзгертеді. Осы тұрғыдан қарағанда, адамзат тіршілік әлемінің ерекше ең

жоғарғы бөлігі. Ол ерекше бір - басқа энергия формаларына ұқсамайтын- күш-қуатты тудырады. Оның аты ақыл-ой, зерде. Адамзат акыл-ойы мен еңбегінің арқасында жаңа геологиялық күшке айналып, биосфера жаңа ахуалға - ноосфера (акыл-ой аркылы ретке келтірілген жер беті) сатысына көтеріледі. Сонымен В.И.Вернадскийдің ойынша, адамзат зердесі - ғарыштық құбылыс.

Н.Ф. Федоров адамзат зердесін ғарыш эволюциясының заңды нәтижесі ретінде қарайды. Әрі қарай Ғарышты адамзат саналы түрде өзгертеді. «Ғарыш хаос емес, нағыз Ғарышқа айналуы үшін зердені талап етеді». Болашақта ғылымньщ орасан зор дамуының негізінде адамзат өлместік дәрежесіне көтеріліп, сонымен қатар жер бетінде бұрын-соңды өмір сүрген барлық ұрпақтарды қайтадан тірілтеді, - деген ойда болды.

А.Л. Чижевский жер бетіндегі тіршілікті тудырған - жердің өзі емес, күн деген пікірге келіп, күннің жердегі биосфераға тигізетін ықпалын егжей-тегжейлі зерттейді. Табиғаттағы геофизикалық аномалиялар, жер бетіндегі оқтын-оқтын болатын эпидемиялар, қуаңшылық т.с.с. құбылыстар Күндегі болып жаткан процестермен тығыз байланысты екенін дәлелдеп, А.Л.Чижевский бүгінгі ғылымдағы астрогеология, ғарыштық медицина, гелиобиология бағыттарының негізін қалады.

Адамзат ғарыштың әрі қарай дамуындағы саналы күш болғаннан кейін, халықтар бір-бірімен жакындасып, бірігіп, мемлекеттер арасындағы жасанды кедергілерді алып тастауы керек деген идея көп ойшылдардың еңбектерінде кездеседі.

«Адамзатты біріктіретін негізгі күш – мәдениет, ғарыштык этика» деген пікірді орыс ғалымы, суреткері, діни философы Н.К. Рерих айтқан болатын. Оның ойынша, бүкіл ғарышта, кеңістік пен уақытта, адамның жан дүниесінде екі ғарыштық күш - Ізгілік пен Зұльшдық бір-бірімен күресте. Олар болмыстық жағынан келгенде тең емес. Дүние Ақиқат, Ізгілік пен Әсемдік жолында өзгертіледі. Тек Жарық сәулесі ғана ғарыштағы қараңғы тұңғиық Хаосты тәртіпке келтіре алады.

Н.К. Рерих адамның ізгілігі, жасампаз белсенділігі Ғарыштың дамуындағы негізгі күш екенін паш етеді. Нәтижесінде, адам Жаратушы-Құдайға ұқсайды. Тек оның ерекшелігі — ол айнала қоршаған ортаны өзгертіп кана коймай, сонымен бірге өзін де жетілдіре алады. Надандықтан кейін цивилизация келеді, содан кейін ғылымның дамуының негізінде адамдардың білімі өсіп, нэзіктене келе, биік мәдениеттің есігін ашады, - деп қорытады Н.К.Рерих.

Н.К.Рерихтың ойынша, адамдардың арасындағы барлық ұлттық, нәсілдік, діни, әлеуметтік т.с.с. айырмашылықтар болмауы керек. Адамдардың арасындағы айырмашылық тек қана оның мәдени дамуының негізінде каралуы керек. Адам - Ғарыштың бір бөлігі, олай болса, ол – мәңгілік, барлығымен байланысты, бәріне де тәуелді, сонымен қатар бәрі де оған тәуелді.

Адамның жасампаздық-шығармашылық істері әсемдіктің ңегізінде жүреді. Әсемдік - рухтың мәдениеті, дүниенің зерделі тәртібі. Әсемдік дегеніміз - Ғарыштьщ өзі. Жалпы алғанда, ойшылдың эстетикалық, гуманистік-өнегелік идеялары осы уақытқа шейін өзінің өзектілігімен танылады.

Өз бетінше дайындыққа арналған сұрақтар:

1. Ресей тарихы мен рухани өміріне деген славянофилдердің көзқарасы қандай болды?

2. Батысшыл бағыт ұстаған ойшылдар көзқарастарының ерекшелігі.

3. В.С.Соловьевтің философиясының негізгі ұғымы.

4. В.С.Соловьевтің танымдағы көрсеткен үш тәжірибе түрі.

5. В.С.Соловьевтің моральдық философиясындағы «ар-ұждан», «ұлт», «пір тұту» категорияларының бір-бірінен айырмашылығы.

 

6. Л.И.Шестовтың экзистенциалдық философиясы.

7. А.Н.Бердяевтің философиялық көзқарастары.

8. А.Н.Бердяевтің философиясындағы еріктік мәселесі.

9. Орыс философиясындағы діни антропологиялық ойлар (С.Н.Булгаков, С.Л.Франк, Н.О.Лосский).

10. Ғарыш философиясы (К.Э.Циолковский, Н.Ф.Федоров, А.Л.Чижевский).

11.В.И.Вернадскийдің «ноосфера» ұғымының ерекшелігі.

12.Н.К. Рерихтің мистикалық философиясы.

Рефераттар тақырыптары:

1. Ресей философиясындағы славянофилдер мен батысшылардың бір-бірімен күресі.

2. В.С.Соловьевтің философиялық көзқарастары.

3. Н.А.Бердяевтің философиясы.

4. В.И.Вернадскийдің ноосфера идеясы.

5. Ғарыш философиясы және оның негізгі өкілдері.

 

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-12-05; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 875 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Если вы думаете, что на что-то способны, вы правы; если думаете, что у вас ничего не получится - вы тоже правы. © Генри Форд
==> читать все изречения...

2213 - | 2157 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.