Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


ХирургиялыҚ стоматология жӘне жаҚ-бет аймаҒыныҢ хирургиясы. БасҚа медицина салаларымен байланысы. Даму жолдары




Оразалин Ж.Б.

Төлеуов Қ.Т.

ХИРУРГИЯЛЫҚ

СТОМАТОЛОГИЯ

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медицина академиясы мен университеттері студенттеріне арналған оқулық ретінде мақұлдаған

 

 

1 тарау

 

ХИРУРГИЯЛЫҚ СТОМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖАҚ-БЕТ АЙМАҒЫНЫҢ ХИРУРГИЯСЫ. БАСҚА МЕДИЦИНА САЛАЛАРЫМЕН БАЙЛАНЫСЫ. ДАМУ ЖОЛДАРЫ

Хирургиялық стоматология жалпы стоматология саласының тіс хирургиясы мен ауыз қуысы хирургиясының бірігу негізінен дамыса, ал жақ-бет хирургиясы жалпы хирургиядан бөлініп қосылды.

Бұл медицина саласының қосылуына бір жағынан жақ-бет аймағында орналасқан мүшелер мен тіндердің анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктерінің біртұтас болуы үлкен себебін тигізсе, екінші жағынан бұл маңда кездесетін дерттердің клиника-диагностикалық әдістерінің бірлестігімен қатар емдеу тәсілдерінің ерекшеліктері дәнекер болды.

Сонымен, қазіргі кезде хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы – жалпы хирургия мен стоматологиядан тұратын медицина ғылымының дербес саласы болып есептелініп, жақ-бет аймағында орналасқан хирургиялық дерттермен қатар, бейбіт және соғыс уақыттарындағы жарақаттарын, ақаулар мен деформацияларын зерттеп, олардың алдын-алу, асқынуларын, диагностикалық әдістерін, хирургиялық емдеу жолдарын одан әрі жақсарту мәселелерін қарастырады.

Хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы басқа стоматология салаларымен тығыз байланысты. Мысалы, көптеген стоматологиялық дерттерді терапевтік, ортопедиялық, ортодонтиялық және хирургия әдістерін қолдану арқылы диагноз қойып кешенді емдеу жүргізіледі.

Сонымен қатар хирургиялық стоматология және жақ-бет аймағының хирургиясы жалпы медицинаның емдеу, хирургия, оториноларинголония, офтальмология, неврология, рентгенология және радиология салаларымен тығыз байланысты. Бұл жағдайда қазіргі кездегі биология, физика, химия ғылымдарының және қалыпты, фонографиялық патологиялық анатомиялар, микробиология, фармакология т.б. медицинаның негізггі салаларының, жетістіктерінөзінің дамуына тірек етеді.

Бұл аймақта кезедесетін дерттер этиологиясы, патогенезі, патоморфологиясы, клиникасы және емдеу жолдарының ерекшеліктеріне байланысты келесі топтарға жіктеледі.

1 Тіс, жақ сүйектері, бет-мойын тіндері және ауыз қуысы мүшелерінің қабыну дерттері. Оларға одонтогенді қабыну процестері (жедел және созылмалы периодонтиттер, жақтың жедел периоститі, жақтардың жедел және созылмалы остеомиелиттері, абсцесстер, флегмоналар, лимфадениттер), тіс жару дерттері, одонтогенді гайморит, инфекциялық дерттер – арнайы (актинамикоз, туберкулез, мерез), арнайы емес (сыздауық, шиқан, тілме, сібір жарасы, жегі) слекей бездерінің қабынулары.

Бұл аталған дерттер жақ-бет аймағында өте жиі кездеседі.

2. Бейбітшілікте кездесетін ауыз қуысы мүшелерінің, беттің, бет қаңқасы сүйектерінің жарақаттары, сәулемен зақымдану, қызу және химиялық заттармен күюлер.

3. Бет-жақ аймағының оқпен жарақаттануы және оларға хирургиялық көмек ұйымдастыру.

4. Жақ-бет аймағында кездесетін ісіктер мен ісік тәріздес дерттер. Олардың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық жіктелуіне сай анықтау мен емдеу тәсілдері.

5. Жақ-бет аймағында іштен туа пайда болған және жүре пайда болған ақаулар мен деформациялар.

6. Пластикалық және эстетикалық хирургияның негіздері.

Хирургиялық стоматологияның даму жолы барлық медицина саласының өсу жолдарымен байланыса отырып әрбір кезеңнің әлеуметтік құрылысы, экономикалық деңгейі, ғылым мен мәдениеттің өркендеуімен сәйкес жүреді.

Тіс емдеу саласы ерте ғасырдан басталып, жалпы медицина саласынан тыс дамыды. Онымен өз бетімен үйренгендер, шаштаразшылар, тіпті жендеттер де айналысқан. Тек XVII ғасырдың бас кезінде Францияда тіс кеселдерін емдейтін дәрігерлерге арнаулы комиссиядан өткен соң жаңа атақ – дантист-хирург дәрежесі беріле бастады. Бұл атақ кейін Еуропа және Америка мемлекеттеріне де таралды. Осының нәтижесінде жалпы медицинамен стоматологияның қосылуына жол ашылып, стоматологияның теориясы мен практикасы дамыды. XVI ғасырда атақты Француз хирургі Амбруаз Паре алғаш рет тіс жұлу аспаптарын ойлап тауып, тіс жұлу операциясының көрсеткіштері мен қарсы көрсеткіштерін анықтады, кейбір операциялардың, соның ішінде реплантацияның жасалу жолын көрсетті.

Атақты француз хирургі және стоматолог Пьер Фархауд дүние жүзінде алғашқы болып «Хирург-дантист немесе тіс емдеу» деген еңбегін жазды.

1892 ж. Партч цистотомия және цистэктомия, ал 1896 жылы тіс түбірінің кесу операцияларын ұсынды. Бұл операциялар ауыз қуысы хирургиясы мен жақ-бет аймағы хирургиясының қосылуына дәнекер бола тұра, тіс хирургиясының соңғы сатысы болып есептелді.

Бірақ, ресейде тіс емдеу саласы өте баяу дамыды, XIX ғасырдың екінші жартысында сол кездегі белгілі (Н.В. Склифосовский, А.А. Лимберг, Н.Н. Знаменский) медицина қайраткерлерінің күшімен ресейде тіс емдеу мектебі ашылды, 1883 жылы алғашқы дантистер қоғамы ұйымдастырылды.

Бет хирургиясы медицина саласының ертеден дамыған тарауы. Бірнеше мың жылдар бұрын Индияның киелі кітабында бет аймағының қабыну процесстері баяндалған. Гиппократқа жақ сүйектерінің абсцестері және слекей тастары мәлім болған. Ол сүйек сынықтарын екі белдік арқылы бекіту тәсілін ұсынған. 1807 жылы профессор Буш өзінің хирургиялық нұсқауында тістердің қиын шығуының асқынуы, паротиттер мен эпулис дертерінің клиникасы мен емдеу тәсілдерін жазған.

1829 ж. Заболцкий-Десятковский жақ сүйектерінің остемиелиттері мен ісіктердің, жоғарғы еріннің екі жақты жырықтарының емдеу тәсілдерінің негізін жасады.

1820 жылы Москвалық профессор А.И. Поль жақ сүйегіне резекция жасады. Осы жылдары И.В. Буяльский жоғарғы жақ сүйегіне резекция жасады. Н.И. Пирогов уранопластика жөнінде лекциялар оқумен қатар, бас-бет топографиясы туралы еңбектер жазды. Ол оқтан пайда болған жараларды алғаш хирургиялық емдеу кезінде пластикалық операцияларды қолдануды ұсынды.

1865 жылы О.К. Шимановский «Адам денесінің сыртқы беткейлерінде жасалатын пластикалық операциялар» деген еңбегі осы уақытқа дейін жалпы хирургтарға негізгі нұсқау болып келе жатыр. Жоғарғы айтылғандарға қарағанда бет хирургиясының зерттелуі және операция тәсілдерімен тек жалпы хирургтар айналысып келген.

Хирургиялық стоматология және жақ-бет хирургиясы – кешенді емдеу қажет болатын тіс, ауыз қуысы мүшелерін, бет және мойын, бет қаңқасының сүйектерінің хирургиялық аурулары мен бұзылуын зерттейтін стоматологияның жеке клиникалық пәндерінің бірі. Мұндай емдеу әдістері арасында операциялық әдіс негізгі әдіс болып табылады, сондықтан Қазақстандағы хирургиялық стоматология мен жақтық-беттік хирургияның дамуы тек стоматологияның ғана емес, сонымен қатар мойын мен бетке операциялық әдісті пайдалануға баса назар аударатын жалпы хирургияның дамуы тарихымен тығыз байланысты.

2006 жылғы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына және стоматологиялық факультеттің төртінші курсына арналған хирургиялық стоматология пропедевтикасы бойынша типтік бағдарламаға сәйкес біз студенттерге отандық хирургиялық стоматологияның даму тарихы туралы түсінік беруіміз керек. Хирургиялық стоматологияның даму тарихы сұрақтары аралық бақылау және қорытынды аттестациялау тестілік тапсырмалары мен билеттеріне енгізілген, себебі бұл біздің мамандығымыздың мұрасы және өскелең ұрпақ өз мамандығының даму көздерін білуі тиіс. Осы арқылы біз оларға кәсіби тәрбиелеу элементтерін береміз. Осыған байланысты біздің кафедра хирургиялық стоматологияның даму тарихын төрт кезеңге бөліп қарастыруды ұсынады:

I кезең – Ресей құрамындағы (патшалық кезең) Қазақстандағы стоматологияның дамуы.

II кезең – КСРО құрамында Ұлы Отан соғысына дейінгі және оның барысындағы кезең.

III кезең – КСРО құрамында Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең.

IV кезең – егеменді Қазақстандағы хирургиялық стоматологияның дамуы.

Бірінші кезең – Ресей құрамындағы (патшалық кезең) Қазақстандағы стоматологияның дамуы.

Бүкіл әлемдегі хирургияның дамуы халықтық медицина және әуесқой дәрігерлердің тәжірибесімен тығыз байланысты, тісті жұлуға арналған құралдар Цельс пен Гален кезеңінде де белгілі болған, орта ғасырларда тісті шаштараз жұлатын болған. Беттегі жараларды емдеуге және ауруын басу үшін пайдаланған түрлі наркотикалық әсер беретін шөптерден жасалған дәрі-дәрмектер де белгілі болған. Қазақ халқының ұлттық медицинасы да негізінен тәжірибелік мазмұнда болды, оның барлық әдістері мен құралдары өмірлік тәжірибеден, көпғасырлық бақылаулардан, тұрмыс салтынан туындаған. XІX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басы зерттеушілері айтып өткендей, қазақтардың ұлттық медицинасында хирургияның даму деңгейі бойынша терапиядан әлдеқайда алда болған. Халық емшілері жара-жарақаттарды, сынықтар мен буынның шығуын, күйіктер мен үсіп кетуді, созылу мен жарылуды, ісіктерді, тағы басқаларын емдей білген. Халық арасында сынықшылар – сүйекті салатын емшілер ерекше құрметке ие болған.

Осы кезеңде Ресейде А.Соболевтің «Дентистика или зубное искусство о лечении зубных болезней с приложением детской гигиены» («Дентистика немесе балалар гигиенасы қоса берілген тіс дерттерін емдеу өнері») атты монографиясы жарыққа шығады. Онда алғаш рет тісті жұлу және жұлмау шарттары қалыптастырылған, операция әдестері, құралдар кешені көрсетілген болатын.

Қазақстанның қазіргі территориясына алғашқы тіс дәрігерлері мен дантистер 1896 жылы келген (Е.В.Бочкарева, М.Ш. Бурвассер). Олардың тәжірибелік қызметі жеке кәсіпкерлік мазмұнда болған. Олар тек халықтың ауқатты бөлігіне көмек көрсеткен, ең ірі 11 қалада қызмет атқарған. I9I3 жылға дейін Қазақстанда 31 дантист және тіс дәрігері қызмет атқарған, бұл кезде I дәрігерге I80 547 адам келетін еді (Ресейде - 32 490 адам). Тіс дәрігерлерінің жетіспеушілігіне байланысты тісдәрігерлік көмекті (тістерді экстракциялау) уездік және роталық фельдшерлерге де көрсетіп жүрген. Бірақ қазақтардың көпшілігі көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын сақтанғандықтан тіс дәрігерлері мен фельдшерлердің көмегін тіптен пайдаланбады деп те айтуға болады, олар көбіне тәуіптерде емделген.

Екінші кезең – КСРО құрамындағы Ұлы Отан соғысына дейінгі және оның барысындағы кезең.

Қазан революциясынан кейін РСФСР Ұлттық денсаулық сақтау комитетінің тісдәрігерлік секциясының жетекшілігімен (жетекшісі – П.Г.Дауге) тіс емдеу, одан кейін одонтология I932 жылы медицинаның толыққанды саласына – стомоталогияға айналған. Мемлекеттік тіс емдеу Орта Азия республикалары мен Қазақстанның ұлттық бөлінуіне дейін (I925 г.) Түркістан республикасының құрамына кіретін қазақ жерлеріне қарағанда РСФСР құрамына кіретін Қырғыз (Қазақ) АКСР-да жоғары дамыған болатын.

1926 жылдан 1936 жылға дейін Қазақстандағы тіс емдеу желісі және мамандар ақырын дами бастады. Тіс емдеу көмегі ауыл тұрғындарына да көрсетіле бастады. Мысалы, тіс емдеу амбулаториялары мен кабинеттеріне 1926 жылы 124 416 адам келген. Олардың 8,1% ауыл тұрғындарына тиісті.

1936 жылы қазақтардың айтарлықтай бөлігі көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстана берді, бұл оларға тіс емдеу көмегін көрсетуді ұйымдастыруға айтарлықтай әсер етті.

Тіс емдеу көмегі соғыстан кейінгі жылдары, Қазақстанның одақтық республикаға бөлінуінен кейін тезірек дами бастады. Бұған 1935 жылы Орал фельдшерлік мектебінде тіс емдеу бөлімінің ашылуы әсер етті. Тіс дәрігерлерінің саны 1941 жылға қарай 1913 жылмен салыстырғанда 4,9 есеге, ал 1935 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге артты. Қазақстанға РСФСР мен Украинадан алғашқы стоматолог дәрігерлер келе бастады. Ауыл тұрғындарына тіс емдеу көмегін көрсету сапасы да жақсара бастады. Осымен қатар тіс емдеу желісі мен мамандарының аумақтар бойынша таралуының әркелкі болуы байқалды. Тіс емдеу көмегін көрсету мамандарының, соның ішінде ауылдық жерлерде жетіспеушілігіне байланысты құралдары арасында тіс емдеу қысқыштары бар фельдшерлер мен фельдшер-акушерлер көмек көрсететін болған. 1940 жылға дейін бетке және жаққа операцияларды пластикалық операцияға қызығушылық танытып жүрген жалпы хирургтер жасаған. Беттік-жақтық хирургияға маманданып жүрген Ресейдің жалпы хирургтары Қазақстандағы бет-жақ хирургияның дамуына да әсер етті (Н.В. Алмазова, А.А. Лимберг, А.Э. Рауэр, Н.М. Михельсон Г.А. Васильев, Ф.М. Хитров, И.Г. Лукомский және т.б.), екінші жағынан – көптеген кеңестік тіс дәрігерлері жоғары медициналық білім ала бастады, білім мен тәжірибенің интеграциясы хирургиялық стоматология мен жақ-бет хирургияның дамуына ықпал етті (А.И. Евдокимов, Н.А. Астахов, А.А. Изачик, Н.А. Астахов, Е.М. Гофунг).

КСРО Ұлттық денсаулық сақтау комитетінің № 1117 (1938 ж.) бұйрығына сәйкес Қазақстанда 7 қалада 120 кереуетті стоматологиялық стационарлық желі құрастыру жоспарланды, олардың 55-і 1941 жылға дейін жүзеге асырылуы керек еді. Бірақ белгіленген уақытта олар жүзеге асырылмады.

Ұлы Отан соғысының басынан бастап бірден күш алған бұрын соңды болмаған әскери операциялар және оларға байланысты туындаған адам қазалары бет-жақ жарақаттары бар әскерлерді кезеңдік емдеуді жақсартудың ұйымдастырушылық шараларын жүргізуді талап етті. 1940 жылы майдандық стоматологтардың штаттан тыс, ал 1943 жылы – штаттық қызметтері енгізілді, одан кейін әскерлік стоматологтардың штаттан тыс қызметтері құрылып, медициналық көмек көрсету жеке роталарында, сонымен қатар майдан мен тылдың госпитальдарында бет-жақ бөлімдерінде стоматологтар штаттары құрылды. Бет-жақ жарақаттары бар науқастарға арнайы дәрігерлік көмек көрсетуді ұйымдастыруда Қызыл Әскердің бас стоматологы Д.А.Энтиннің қызметі орасан зор.

Тіс емдеу қызметін ұйымдастыру және сапасын көтеру жұмыстарының айтарлықтай жақсаруы Қазақстанда соғыс жылдарында да байқалды. 1940 жылмен салыстырғанда 1942 жылы тіс дәрігерлерінің саны 1,4 есе, стоматологтар саны 3,5 есе өсіп, сәйкесінше 334, I74 адамды құрады. 1942 жылдың жазында Қазақстанда Шымкент және Алматы қалаларында эвакуациялық госпитальдарында екі бет-жақ бөлімдері жасақталды.

Көбіне көп басты назар бет-жақ травмотология, қайта қалпына келтіру хирургиясы, жақ-бет ортопедия мәселелеріне аударылды, оларды Қазақстанда дамытушылар қатарында П.Т.Суслова мен Л.Ф. Фирсова-Шарапованы айтуға болады.

Қазақстандағы хирургиялық стоматологияның дамуының басталуы 1941 жылы Алматы медицина институтында стоматологиялық доценттік курсын ұйымдастырумен байланысты болды. Оны алдымен П.Т. Суслова, кейін Е.Ф. Чернов басқарған болатын.

КСРО-ның басқа аймақтарынан эвакуацияланған мамандардың келуіне қарамастан, мамандар жетіспеушілігі Қазақстанға КСРО Ұлттық денсаулық сақтау комитетінің санациялық қызметтің кеңейтілуін қарастырған № 654 (I943 ж.) бұйрығын орындауға мүмкіндік бермеді. Оған сонымен қатар республикадағы тіс емдеу мамандарын дайындаудың жеткіліксіздігі де әсер етті. Желінің тек облыстар ғана емес, сонымен қатар қалалар мен ауылдар арасында әркелкі таратылуы да ықпал етті. Жоғарыда аталғандардың барлығы отандық республикалық мамандарды дайындауда үлкен мәселе тудырды.

 

Үшінші кезең – КСРО құрамындағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең.

Экономиканың әлсіреуі, мамандарды дайындаудың дамымаған желісі, олардың реэвакуциялауға байланысты кері кетуі стоматологиялық қызмет штатының азаюына алып келді. Мысалы, Қазақстан Республикасындағы тіс дәрігерлерінің саны 1942 жылғы деңгейіне тек 1954 жылы ғана жетті, ал стоматологтар саны бойынша I958 жылы жетті. Бірақ бұған қарамастан жақ-бет аймағында дерті бар науқастарды стационарлық емдеу желісі дамытыла бастайды. Мысалы, 1947 жылы Семей қалалық хирургиялық ауруханасында алғашқы стоматологиялық кереуеттер бөлінген болатын (ұйымдастырушысы - Н.Е. Потакуркина). 1952 жылғы қазан айында алғашқы қалалық клиникалық аурухана базасында Алматы қаласында алғаш рет 20 кереуеттік бет-жақ бөлім ашылған болатын.

Аз ғана стоматологиялық бөлімдерде күрделі операциялар жүргізіле бастаған. Осы кезеңде стоматологиялық тақырыпта 3 кандидаттық диссертация қорғалған.

Ұлы Отан соғысы кезеңінде қайта қалыпқа келтіру емдеу туралы деректер «Опыт советской медицины в Великой Отечественной войне 1941-1945гг.» («1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысындағы кеңестік медицина тәжірибесі») (1951 ж.) атты көптомдық еңбектің 4 томында көрсетілген болатын. Бұл еңбекте бет пен жақтың оқ жарақатын, беттің, тілдің, сілекей бездерінің жұмсақ тұстарын емдеу тәжірибесі жинақталған, қайта қалпына келтіру хирургиясы мәселелері қарастырылған. Бұл еңбек барлық одақтық ресубликалардағы бет-жақ хирургиядағы және стоматологиялық көмекті ұйымдастырудағы әрі қарайғы зерттеулердің негізгі бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.

Біздің республикамызда хирургиялық стоматологияның дамуында Панна Тимофеевна Суслова үлкен рөл атқарды.

1941 жылы ол Алматы мемлекеттік медицина институты госпитальдік хирургия кафедрасы жанындағы емдеу және педиатриялық факультеттерінде бет-жақ хирургиясы доценттік курсының алғашқы ұстазы және ұйымдастырушысы болды. 1948 жылы доценттік курстың жетекшісіне айналды.

1959 жылы АММИ стоматологиялық факультеті ұйымдастырылды, Чернов Евгений Феофанович стоматология кафедрасының жетекшісіне айналды. Ол кезде тек бір ғана стоматология кафедрасы болды, онда барлық стоматология пәндері – терапевтік, хирургиялық және ортопедиялық стоматология оқытылды. Тәжірибелік дәрігерлер А.Н.Фокина, Л.А.Бузникова, Э.С.Бритова, Е.Н.Житковская, М.П. Осколкова, Р.С. Усманова, Э.Г. Котельников алғашқы ұстаздары болды. Жағдай өте қиын болды. Оқу процесін әдістемелік қамсыздандыру басынан құрыла бастады, мұғалімдерде қажетті педагогикалық тәжірибе болмады, бірақ ұжым іске құлшына кірісті. Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің 07.05.1962 жылғы №203 бұйрығы негізінде үш арнайы кафедра ұйымдастырылған болатын, Евгений Феофанович хирургиялық стоматология кафедрасының алғашқы жетекшісіне айналды. Ол АММИ стоматологиялық факультетінің алғашқы деканы, хирургиялық стоматология кафедрасының алғашқы жетекшісі, Қазақстанда стоматология бойынша докторлық диссертация қорғаған алғашқы ғалым болды, стоматология профессорына, Республикалық стоматологтардың ғылыми-медициналық қоғамының төрағасына, Денсаулық сақтау министрлігінің бас стоматологына айналды.

1960 жылы Қазақстанның 5 облыс орталығында 75 кереует ұйымдастырылса, 1978 жылға қарай - 495 кереует (соның ішінде 75 балаларға арналған кереует) ұйымдастырылды. 01.01.1978 жылға қарай 7 облыс орталығында 10-15-тен кереует болды, 11 қалада жеке бет-жақ бөлімдері қызмет атқарды.

Республика халқын тіс дәрігерлері және тіс техниктерімен қамтамасыз етуде және оларды дайындауда Қазақстанның медициналық училищелерінің 10 тіс емдеу және 9 тіс техникалық бөлімі үлкен рөл атқарды. I938 жыл мен I980 жыл аралығында олардан 4723 тіс дәрігері және 2434 тіс технигі оқып шықты. I96I жылдан бастап стоматологиялық мекемелердің жұмыс көрсеткіштерінің және мамандар санының өсуі байқалды. Стоматологиялық желіні дамытудағы негізгі бағыт жеке стоматологиялық емханаларды ұйымдастыру болып табылды, ауыл халқына стоматологиялық көмек көрсетуге баса назар аударылды.

Стоматолог-дәрігерлерді дайындау ісіндегі ерекше орын 1959 жылы құрылған Алматы мемлекеттік медициналық институтының стоматологиялық факультетіне беріледі. Ұйымдастырушылық кезеңнің көптеген кедергілерінен өтіп, 1964 жылы факультет алғашқы түлектерін ұшырды.

Өзінің қызметінің басынан бастап хирургиялық стоматология кафедрасы стоматология саласындағы жоғары білікті ғылыми мамандардың ошағы болды. Осында Д.Л.Корытный, Д.С.Сағатбаев, Т.К.Сүпиев, Л.Я.Зазулевская, К.З.Шалабаева, К.К.Құрақбаев; м.ғ.к., доценттер: Т.У.Батыров, Ш.Б.Камалов, Б.А.Үмбетьяров, Х.Л.Сағандықов, қазір арамызда жоқ З.К.Құрманғалиев және тағы басқалары өз шығармашылық кәсіби жолдарын бастаған болатын.

1972 жылдан бастап хирургиялық стоматология кафедрасының оқу-клиникалық базасы 12 қалалық клиникалық ауруханаларда болды. 1974 жылы бет-жақ бөлімдері жабдықталған 5 қалалық клиникалық аурухана салынды. 1бет-жақ бөлім хирургиялық стоматология кафедрасының негізгі базасына айналды.

Сол жылдары Қазақстанның көптеген ғалым стоматологтарының қалыптасуы КСРО-ның орталық ЖОО мен ғылыми орталықтарының қарауымен жүргізілді және Мәскеуде, Ленинградта мақсатты оқыту арқасында жүзеге асырылды.

1974-1980 жылдары кафедрада м.ғ.д., доцент Мария Павловна Осколкова жетекшілік етті. Тәжірибелі клиницист, тамаша хирург М.П.Осколкова республика үшін бет-жақ хирургтарды дайындауға, стоматологтардың ғылыми-медициналық қоғамын жетілдіруге үлкен үлес қосты, Жалпыодақтық стоматологтар ғылыми қоғамын басқару мүшесі болды.

Қазіргі таңда хирургиялық стоматология кафедрасын (1980 жылдан бастап) медицина ғылымдарының докторы, профессор Оразалин Жақсылық Бекбатырұлы басқарады.

Кандидаттық диссертацияны қорғағаннан кейін ол ассистент қызметіне тағайындалды, ал 1974 жылдан бастап – АММИ хирургиялық стоматология кафедрасының доценті болды. Ол ұстаздық қызметін Республикалық стоматологиялық поликлиниканың бас дәрігері және ҚазССР денсаулық сақтау министрлігінің бас стоматологы қызметімен сәтті тоғыстырып атқарып жүрді. Ұйымдастырушылық қабілеті зор Ж.Б.Оразалин сол жылдардың өзінде Қазақстанда стоматологиялық білім беру қызметінің дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның күш салуымен АММИ стоматологиялық поликлиникасы АММИ стоматологиялық кафедраларының оқыту базасы бола отырып, Республикалық мәртебеге ие болды. 1978 жылдан 1984 жылға дейін ол АММИ стоматологиялық факультеті деканы қызметін атқарды, ал 1989-1995 жылдары клиникалық жұмыс бойынша проректор қызметін, 1995-2001 жылдары аралығында оқыту ісі бойынша проректор қызметін атқарған.

Жақсылық Бекбатырұлы докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау бойынша арнайы Кеңесті ұйымдастыруға белсенді қатысты және оны 2007 жылы құрғаннан кейін оның төрағасына айналды. Кеңесті ұйымдастыру Қазақстандағы стоматологиялық ғылымды дамытудағы ең бір маңызды белес болды. Осы жылдар ішінде? докторлық және 80-нен астам кандидаттық диссертация қорғалған.

Төртінші кезең – егеменді Қазақстандағы хирургиялық стоматологияның дамуы (1991 – 2010 жылдар).

Қазақстан Республикасының халқына стационарлық стоматологиялық көмек 10-40 кереуетті 16 стационарда көрсетіледі. Бұл бөлімдерде стоматологиялық профильді 523 кереует қызмет етеді. Олармен қамтамасыз ету орташа есеппен 10.000 тұрғынға 0,37-тен келеді, бұл елде қалыптасқан экономикалық жағдайда, өкінішке орай, төмендеп келеді (1988 жылы бұл көрсеткіш 10.000 тұрғынға 0,42-ден келді).

Бет-жақ аймағындағы іріңдеу-ісу процестерінің мазмұны түрліше болып келеді. Бұлардың қатарына жақ маңындағы одонтогендік абсцестер мен флегмондар (26,2%), терең одонтогенді остеомиелит (14,4%), беттегі фурункулдар мен карбункулдар (18,6%), лимфадениттер (5,7%), аденофлегмоналар (5,1%), одонтогендік гайморит (4,5%), сілекей бездерінің ісу аурулары (3%), беттің іріңдеген жарақаттары, іріңдеген атеромалар, бет және жақ кисталары (12,0%), тағы басқа ісу-іріңдеу процестері (10,5%) жатады.

Бет-жақ аймағында жарақаты бар науқастар да ауыр категорияға жатады. Олардың үлес салмағы республика бойынша 10.000 тұрғынға 0,35-ден келеді. Бет жарақаты сипаты түрліше болады. Бұған беттің жұмсақ тканьдарының жарақаттары, төменгі жақтың, беттің орталық зонасының сынуы, бет сүйектерінің сынуы, бет сүйегі-жоғарғы жақтық-базальдық кешеннің сынуы, оқпен жарақаттану жатады.

Қазіргі таңда республиканың стоматологиялық мекемелерінде ұйымдастырудың, басқарудың және экономиканың жаңа әдістері жүзеге асырылуда. Мемлекеттік нарыққа балама түрлі формадағы стоматологиялық қызметтер нарықтары қатарына ақылы қызмет, жеке кабинеттер мен клиникалар, жұмыс орнын жалға алу, жеке мекемелерді жатқызуға болады.

Соңғы жылдары мамандықтың барлық бөлімдеріне стоматологиялық ауруларды емдеу мен алдын алудың жаңа технологиялары, жаңа әдістері енгізілуде, анестезияның жаңа әдістері, бір реттік пайдалануға арналған құралдар, дентальдық имплантация, диагностика мен емдеуге арналған эндоскопиялық техника, сәулелік терапия диагностикасы әдістері (үшөлшемдік рентгенография, компьютерлік томография), нанотехнологиялар, бағытталған регенерация қағидасы, түрлі сәулелердің мүмкіндіктерін тек терапияда ғана емес, сонымен қатар хирургияда да пайдалану орын алып отыр. Информатиканы пайдалану тиімділігі де артуда. “Проблемы Стоматологии (Cтомотология мәселері)”, “Казахстанский стоматологический журнал (Қазақстандық стомотологиялық журналы)” атты журналдар, “Стоматология Казахстана (Қазақстан Стомотологиясы)” және “Стоматологический вестник (Стомотологиялық хабаршысы)” атты газеттер жарыққа шығарыла бастады, Интернет жаһанды желісі арқылы ақпаратты әлемнің кез кеген нүктесінен алуға болады. Жыл сайын съездер, конгрестер, форумдар, көрмелер өткізіледі, бұл басқа елдердің стоматологтарымен тығыз әріптестік қарым қатынасты орнатуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы стоматологияның даму тарихы жалпы алғанда, бет-жақ хирургияның дамуымен, сонымен қатар стоматологиялық ассоциацияның дамуымен, яғни ортақ мақсатқа жету үшін стоматологиялық қызметтерді (хирургиялық, терапевтикалық, ортопедиялық стоматология, балалар стоматологиясы) ұйымдастыруды біріктірумен тығыз байланысты екенін айта кеткен жөн. Ал бұл біріктірудегі мақсат біреу-ақ, ол – стоматологиялық ғылымды дамыту және оны халыққа медициналық қызмет көрсету үшін денсаулық сақтау саласына енгізу. Сондықтан Қазақстандағы стоматологтар ассоциациясы немесе қоғамы еліміздегі стоматологиялық қызметтің пайда болуынан бастап қызмет атқарып келеді.

II тарау





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-11-23; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 812 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Люди избавились бы от половины своих неприятностей, если бы договорились о значении слов. © Рене Декарт
==> читать все изречения...

2447 - | 2243 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.01 с.