Жергілікті жасалатын пластикалық оталарды үш түрге бөлуге болады:
1) тыртықты кесіп алып, тіндерді бір-біріне жақындату; 2) тіндерді тіліп арасын ашу (сабақшаны тігу немесе теріні еркін көшіру); 3) тіндерді қарсы алмастыру (әртүрлі пішіндегі қиықтармен жасалатын пластика).
Қарсы орын ауыстыру тең қабырғалы үшбұрышты қиықтарды жылжытып пластика жасауға негізделген. Орын ауыстырған кезде жара шеттерінің ұзындығы дәл келу керек. Егер қиықтардың пішіні әртүрлі болса орын ауыстыру кезінде жара түгел жабылмай қалады. Жергілікті пластика жасағанда сол жердегі тін созылады, қысқарады және орын ауыстырады. Мұндай нәрсе пластиканың кез келген түрінде болады. Тіндердің қысқарып, созылуы көп емес және ол эластикалық талшықтардың болуына байланысты. Сондықтан отадан бұрын ақаудың айналасындағы тіндердің артықтығы мен оның созылмалылығы ескерілуі керек. Лимберг пластикалық оталарды ойша қысқармайтын және созыл-майтын екі беттің орын ауыстыруы—деп қарау керек деген қағиданы айтып, оны математикалық тұрғыдан дәлелдеп берді. Үшбұрыш қарсы қиықтармен пластика жасау үшін үш тілік жасау керек: Бір ортаңғы және бұрыш тәрізді жанама екі тілік. Тіндердің физиологиялық тартылуы дұрыс болу үшін үш тіліктің де ұзындықтары бірдей болуы керек. Үшбұрыш қиықтарды орын ауыстырған кезде: 1) диагональдары орын ауыстырады; 2) бұрыштары ашылып — жабылады; 3) жараның шеттері орын ауыстырады.
75-сурет. Қарама-қарсы келген үшбұрышты қиық фигуралардың түзілуі (үлгі)
Ота жасалған тіндерде келесі өзгерістер болады: 1) Диагональдары ауысатын болғандықтан (қысқа диагональдың орнына ұзын диагональ келеді) ұзарту үшін ұзын диагональды неғұрлым қысқаратын бағытта тілу керек. Сол кезде ұзын диагональдың орын ауыстырып қысқаруынан қиықтың да көлемі кішірейеді. 2) Бұрыштары ашылып жабылғандықтан «жатқан» және «тұрған» конустар пайда болады. Бұрыштың көлемі үлкен болса құрылысының конус тәрізділігі айқындала түседі («тұрған» және «жатқан» конустар). Диагональдардың өзара айырмашылығы көп болса, тіндердің өсуі соғұрлым көп болады.
Фигуралар симметриялы және асимметриялы деп бөлінеді. Егер фигураның бұрыштары бірдей болса (симметриялы фигуралар) ортаңғы сызықтың екі шетіне қарай тін біркелкі ұзарады. Бұрыштар бірдей болмаса (асимметриялы фигуралар) тін үлкен бұрыштың ұшына қарай көп ұзарып, кіші бұрыштың негізіне қарай ені кішірейеді.
Қоректік аяқшасы бар қиықпен пластика жасау. Ақаудың айналасындағы тіндер жергілікті пластика әдісіне жарамсыз болса, айналасынан немесе алшақ аймақтардан қоректі өзегі бар қиықтар арқылы пластикалық оталар жасалады. Бұл пластиканың екінші әдісі. Біраяқшалы қайырылған, екіаяқшалы қайырылған, екіаяқшалы көпір тәрізді, қосқабатты артериялы, жасырын тамыр аяқшалары бар қиықтар деп бөлінеді. Қиық отадан кейін өліп қалмас үшін оның ұзындығының еніне қатынасы 3: 1 тең болуы керек. Оның өмір сүруіне дұрыс сыдырып іреудің маңызы зор. Және ол тым қатты тартылуы не бос қалмауы керек. Пластика жасаған кезде физиологиялық тартылу болуы тиіс. Егер бұл жағдай тудырылмаса қоректік тамырлары тарылып, қан келуі нашарлап өлеттенуі мүмкін.
В. Г. Вайнштейннің мәліметтері бойынша аяқшаны 16-21 күні кеседі. Аударылған қиықты іреп сыдырғаннан кейін 180°-қа артқа қайырып ақаудың ішкі жағына тігеді. Бұл әдіс ұрттың тесік ақауы кезінде оның ішкі бетін, мұрын мен таңдайдың ішкі бетін қалыптастыру үшін қолданады.
Екі қоректік аяқшасы бар қиықтарды көпір тәрізді қиықтар деп атайды. Бұған А. Г. Лапчинскийдің иекасты аймағынан алып төменгі ерінді пішуге арналған қиығы мен Лексердің жоғарғы және төменгі еріндерді жасауға арналған, төбе аймағынан екі параллель тілік жасап алынатын қиық мысал бола алады.
Қосқабатты қиықтар екі бірқабатты қиықтан тұрады. Олар өзінің жаралы беттерімен біріне-бірі тиіп тұрады. Клапп бойынша иықтағы қиық көлденең, ал көкіректе тік. Ал, А.Э.Рауэр бойынша тілік иықта тік, көкіректе көлденең бағытта жасалады.
Артериялы қиықтар дегеніміз қоректендіретін ірі тамыры бар бірқабатты қиық. Ерін, ұрт қатпары аймағынан қиық дайындалса бұрыштың артериясы, самай аймағынан дайындалса беткей самай артериясы, желке аймағынан дайындалса желке артериясы болуы керек. Бұл жағдайда артерия арқылы қиық қанмен жақсы қамтамасыз етіліп, қиықты сыдырып-іреу кезінде оның қатынасын 4: 1 етіп алуға болады. Артериялы қиықтың негізінде терілі аяқшасы болмай, тек тамырлары бар теріасты клетчаткасы болса да өміршең болады. Сондықтан бұл қиық өте жылжымалы болып келеді.
Дельтопекторальды қиынды. Көкіректің алдыңғы жоғарғы бөлігі мен иықтың беткей терісі көкірек артерияларының тері бұтақтарымен және жауырынды қоршап тұрған артқы артериядан тараған майда (5-8) қан тамырларымен қоректенеді. Дельта тәрізді аймақтың алдыңғы ішкі бөлігінде қосымша қан айналым көзі ретінде, бұлшықеттен жоғары қарай тік шығатын көптеген майда артериялар мен веналар бар. Ішкі көкірек артериясының бұтақтары төстің шеткі қырынан 5-35 мм ара қашықтықта бірнеше жерден шығуы мүмкін. Қан тамырларының өсті құрылысы тек бірінші, төртінші қабырға аралықтарында ғана байқалады. Бұл жерде артериялар веналармен қабат жүре, үлкен көкірек бұлшықетімен оның шандырын тесіп өтіп, 8-12 см-дей жерде теріасты майлы қабатында қабырға аралығының проекциясында жатады. Иық көкірек артериясынын, тері бұтағы үлкен көкірек бұлшықетінің астындағы негізгі өзегіне паралелль орналасуы, яғни дельта тәрізді сайдың жоғарғы қырынан төстің семсерше өсіндісіне қарай қиғаш бағытталған. Бұл бұтақ әлсіз және тұрақты болмағандықтан негізі иыққа қараған қиындының өсті құрылысы онша білінбейді. Қабырғалар бойымен тері- шандырлы қиындыны қалыптастырғанда өсті құрылыс тек көкірек артериясының теріасты веналарында айқын білінеді, сондықтан негізі төске қараған дельто-пекторальды қиынды өсті қиындыларды құру қағидаларына толығымен сай келеді. Бұл қиындылардың өміршеңдігі қоректену аяқшаның еніне емес, қан тамырларының бағытына байланысты.
76-сурет. Дельтопекторальды 77-сурет. Қиындыны ақау аймағына
қиындыны қиып алу көшіріп бекіту
Дельтопекторальды қиындының орташа мөлшері 20-25X9 см, қажет болса ұзындығын 30 см дейін ұзартуға болады.
Н. Schaupp пен G.Rosemann (1975) ұзын қиынды алу үшін ота алдын 7-10 күн бұрын теріні горизонтальды бағытта тіледі яғни қиындыны шынықтырады.
Қиындыны дайындау техникасы. Тері-шандыр таспасын үлкен көкірек бұлшықеті шандырын қоса иықтан ішке қарай бөледі. Қиындының қоректі тамырлары теріасты майлы қабатында шандырдың үстінде жатады. Қиындыны сылғанда қан тамырлары жаралануы мүмкін. Дельтопекторальды қиынды үш қабаттан тұрады тері, теріасты майлы қабат және шандырдан. Шандырды иық-көкірек сайында еттен ажырату кезінде қолдың теріасты венасын жаралап алудан сақтану керек. Иық-көкірек сайынның жоғарғы жағында иық-көкірек артериясының диаметрі 1,0 мм-дей келетін тері бұтағын бөліп алып байлап қияды. Көптеген мамандар тері-шандырлы қиындыны ажыратуын төстің сыртқы қырына 4-4,5 см қалғанда тоқтатқан жөн деп есептейді. Иықтағы жараны ажыратылған тері қиықтарымен немесе жараның екі жағындағы тіндерді іреп бір-біріне жақындатып жабады. Жара толық жабылған соң қиындының шет бөлігінің өмір сүру қабілетін анықтайды. Оны анықтау үшін тері капиллярларының реак-циясын саусақпен басып тексереміз. Егер саусақпен басқан жерде пайда болған ағарған дақ 3-5 сек өткен соң қалыпты түсіне келсе ол жақсы қан айналымының белгісі. Қиындының шеттерінен қан ағып тұруы да оның жақсы қоректенуінің белгісі. Күдікті жағдайда қиындының шеттері жеткілікті қан айналу белгілері пайда болғанша кесіліп алынады. Қиындыны аяқшаның шеттерін бір-біріне қайырып, шеттерін түйістіріп жібек жіппен немесе лавсанмен тігеді. Дельтопекторальды қиындыны беттің төменгі, ортаңғы бөліктерінің, мойынның алдыңғы, бүйір беттерінің, самай, маңдай және бастың шашты бөлігінің ақауларын жою үшін қолданады (76, 77-суреттер).