1918 ж. жазында кеңес өкіметі тек Жетісу мен Сырдария облыстарының көпшілік бөлегінде, Торғай облысының түскей аудандары мен Бөкей Ордасының болмашы бір пұшпағында ғана сақталып қалады.
Антанта елдері үкіметтерінің мезгеуімен, Чехословак корпусы көмектесіп, Самарада – эсер-ақғвардияшыл үкіметі – Комуч – құрылтай жиналысының комитеті, Омбыда адмирал Колчак басқарған Сібірдің ақгвардияшыл уақытша үкіметі орнайды. 1918 ж. қантарында қуылған атаман Дутов, 1918 ж. 3 шілдесінде тағы да бүлік шығарып, Орынборды басып алады да, кеңестік Түркістанды Орталық Россиядан бөліп тастайды.
Азамат соғысы өршіп, етек алған, Қазақстан аудандарының көпшілігінде кеңес өкіметі құлатылған алмағайып жағдайда, Алаш Орда Орынбордағы Дутовпен одақтасып, Омбыдағы Сібір уақытша үкіметімен және Самарадағы Құрылтай жиналысының Комитетімен (Комуч) тіл табысып түсінісіп, Орал мен Сібір, Жетісу казактарымен байланысты күшейтіп, Кеңестерге қарсы тізе қосып күреспек болады. 1918 ж. маусымында Алаш Орда үкіметі бірқатар жарлық шығарады, бұл жарлықта сәйкес Алаш территориясында кеңес өкіметі шығарған күллі құжаттар, заң актілері түгелдей күшін жояды деп жарияланып, коммунистерді қуалау заңды деп табылды.
Алаш Орданың басшысы Ә.Бөкейханов Ә.Ермековпен, әскери бөлім меңгерушісі Қ.Тоқтамысовпен бірге 1918 ж. шілдесі мен тамызында Самар мен Омбыда Комуч пен Сібір уақытша үкіметтері әскери ведомстволары өкілдерімен кездесіп, Алаш Ордаға көмек беру оның қарулы күштерін құру жөнінде келіссөздержүргізді. Алаш Орда Батыс бөлімінің басшылары Х. Мен Ж. Досмухамедовтар Комуч арқылы Самарадан 600 винтовка мен пулемет алады және таяу уақытта 2000 адамнан қазақ отрядын ұйымдастыруға уәде береді, Торғай тобына 300 берданка мылтығы, 20 мың патрон, әскери киім-кешек бөлінді. Дутовтың көмегімен екі атты полк біреуі – Қостанайда, екінші – Ырғызда құрыла бастады.1918 ж. тамызында Семей қаласында құрамында 38 офицері мен 750 жауынгері бар Бірінші Алаш атты әскер полкі ұйымдастырылды. Ақгвардияшылардың көмегімен асығыс үйретілген алаш отряттары көп ұзамай Қызыл Армияға қарсы күрес жүргізуге қатысты.
Қазақстандағы қарулы тайталас Ресейдегі азамат соғысының құрамды бір бөлігі еді.Сол себепті де Қазақстан майдандарындағы күрес тартыстың дамуы мен барысына азамат соғысының басты майданындағы соғыс әрекеттерінің жүрісі ғана емес, Қазақстанның ақгвардияшылар жаулап алған территориясындағы партизан қозғалыстары мен көтерілістер Қазал Армияның Шығыс және Оңтүстік майдандарында шайқасып жатқан негізгі күштеріне елеулі көмек көрсетеді. Бұл әсіресе Орынбор мен Оралды босатып алудан және Колчак күштерін біржолата талқандаудан, ақгвардияшылдар мен олардың одақтастарын Қазақстанның солтүстігі мен солтүстік-шығысынан, Жетісудан дүркіретіп айдап шығудан айқын көрінді.
Азамат соғысы жағдайында Қызыл Армияны құру ісі де ойдағыдай жүзеге асырылды. Орыстармен бірге Қызыл Армия қатарына қазақ еңбекшілері де бара бастады. Бүкілресейлік Атқару Комитетінің 1918 ж.мамырдағы жарлығымен әскерге еркімен бару ісі жалпыға міндетті әскери борышты орындаумен алмастырылады. 1918 ж. жазында бірыңғай Қызыл Армияның құрамды бөлігі ретінде ұлттық әскери бөлімдер құрыла бастайды. Қызыл Армияның Қазақстан территориясындағы ұлттық бөлімдерін жасауға Сырдария, Жетісу облыстары, Бөкей Орадсы мен Торғай облысының кеңестік үйездері (торғай мен Ырғыз) табан тірер негіз болды.
1919 ж. Степан Разин атындағы бірінші Орынбор казак полкі ұйымдастырылады. 1919 ж. сәуірі мен шілдесі арасында Орал қаласын қорғауға қазақ эскадроны қатысады, ол кейін бірінші Кеңестік үлгілі қазақ полкі болып қайта құрылады.
Ақгвардияшыларға қарсы күреске Қазақстан еңбекшілерімен бірге Қызыл Армия қатарына өз еркімен кірген шетелдердің жұмысшы-шаруалары – венгрлер, немістер, чехтар, поляктар т.б. қатысты. Қазақстанның ақгвардияшылар басып алған жерлерінде партизан қозғалыстары мен халық көтерілістері кеңінен өріс алды.
Партизан қозғалысының аса ірі ошағы – Қостанай уйезі болды. Ол Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында кең қанат жаяды. Павлодар, Өскемен, Бұқтырма мен Зайсан уездерінде, әсіресе Зырян, Қатон Қарағай, Шыңғыстау, Шемонайха болыстарында партизандар қозғалысы елдің едәуір бөлігін қамтиды. Черкас қорғанысы, Тарбағатай мен Алтайдың «Тау қырандары» отрыттарының қозғалысы сияқты оқиғалар Қазақстандағы азамат соғысы тарихынан тиянақты орын алады. 22 және 25-ші Чапаев дивизияларының ерен ерлігі, Орал мен Орынборды каһармандықпен қорғау – тарихи атақ-даңққа бөленді.
1919 ж. жазында Шығыс майданындағы Колчак армиясының негізгі күшінің күйретілуі Батыс, Солтүстік, Солтүстік-Шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат етуге қажетті жағдай жасады. 1919 ж. аяғында Қазақстанның негізгі территориясы ақгвардияшылардан босатылды. 1920 ж.науырызында азамат соғысының Қазақстандағы ең соңғы майданы – Солтүстік Жетісу майданы жойылды.
Қазақстан жеріндегі ірі-ірі соғыс операциялары М.В.Фрунзе, М.Н.Тухачевский, В.И.Чапаев сияқты белгілі қолбасшылар, И.Белов, И.С.Кутяков, А.Иманов т.б. секілді талантты командирлер басшылығымен жүзеге асырылды.