Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Оқу пәнінің саясаты




«Философия » пәні – міндетті пән. Оқу жүктемесінің көлемі -3 кредит, оның ішінде дәріс-30 сағат, семинар сабақтары- 15 сағат, СӨЖ-90 сағат.

Студент аудиториялық сабақтарға міндетті түрде қатысуы, сабақтарда белсенді болуы, СӨЖ тапсырмаларын дер кезінде тапсыруы(белгіленген уақыт аралығында тапсырылмаса баға төмендейді), бақылаудың барлық түріне қатысуы қажет(курсты оқу барысында ағымдық бақылау, СӨЖ тапсырмаларын бақылау, 2 рет тест түрінде аралық бақылау, соңында тест түрінде қорытынды бақылау болады).

 

 

Кафедраның әдістемелік секциясының отырысында қарастырылған, 2011 жылғы «_15__» __қыркүйек______ № _2____ хаттамасы.

 

 

Кафедра меңгерушісі бекіткен _____________________ Данысбекова Қ.Б.

 

 

Дәріс 1. Философия мәдениет феномені ретінде -2 сағат

Мақсаты: Философияның мәдениет феномені ретінде ерекшелігін, мәселелер шеңберін, оныңжеке адам және қоғам өміріндегі ролін, қызметтерін ашып көрсету.

Негізгі ұғымдар: дүниеге көзқарас, мифология, дін, философия, онтология, гносеология, антропология, антропоморфизм,аксиология, этика, эстетика, методология, рационалдық, категория

1.Дүниеге көзқарас ұғымы, құрылымы, түрлері.

2.Философияның пәні, құрылымы.

3.Философия қызметтері.

 

Дүниеге көзқарас дегеніміз тұтас дүние туралы және ондағы адамның орны туралы жалпы түсініктер жүйесі.Дүниеге көзқарасқа кіретін басты екі жүйе: “дүние” және “адам”.Осы екеуінің қатынасын көрсететін мынадай аспектілері бар: генетикалық, танымдық, құндылықтық, рухани-практикалық. Дүниеге көзқарастың деңгейлері: күнделікті қарапайым және теориялық. Дүниеге көзқарас ұғымының орнына дүниетаным сөзі де қолданылады.

Дүниетанымның негізгі тарихи типтері: мифология, дін және философия.Мифология /грек.миф - аңыз, логос –ілім/ -қоғам дамуының алғашқы сатыларына тән дүниетаным түрі. Миф өзіне адамзаттың рухани мәдениетінің ең алғашқы түрлерінің бәрін жинақтады, оған алғашқы білім, діни наным-сенім, саяси көзқарас, өнердің алғашқы түрлері бәрі кіреді. Бұлардың бәрі кейін өз беттерімен дербес дами бастады.Сондықтан мифті ғалымдар қоғамдық сананың синкретикалық түрі деп есептейді (synkretіsmos – грек сөзі, -қосылған, араласқан, бөлінбеген деген мағына береді). Екінші ерекшелігі – мифтегі адам мен табиғаттың бірлігі, жағалай қоршаған ортаны антропоморфизациялау, адамның өзіндік мәндік қасиеттерін бүкіл табиғатқа таратуы, табиғаттың құбылыстары мен заттарын олардың адам сияқты жаны, ойы, сезімі, іңкәрі бар деп түсінуі. Үшіншіден – мифте әлі ғылыми ұғымдар жоқ, онда қоршаған орта, әлеуметтік қатынастар көркем сөз арқылы бейнеленеді.

Уақыт өте келе мифологияның шеңберінен дін бөлініп шықты, - сонымен дүниеге көзқарастың жаңа түрі қоғамға келді. Дін де, мифологияға ұқсас синкретикалық табиғатымен, сонымен қатар Дүниені фантастикалық бейнелеуімен ерекшеленеді.Сонымен қатар бұл құбылыстардың негізгі айырмашылықтары – мифте шынайы өмір мен қиял бір-бірімен араласып жатса, дінде “бұл Дүние“ мен “о Дүние“ бір-бірінен анағұрлым алшақ жатыр. Өйткені, егер бұл Дүниедегінің бәрі де өтпелі, кемшілікті, өз-өзіне жеткіліксіз болатын болса, о Дүние – мәңгі, әсем, бақытты, жетілген т.с.с. Дінде ең құдіретті жасампаз - Құдай – табиғаттан жоғары және бөлек тұр. Оны ғылыми жолмен танып-білу мүмкін емес, ол адамға аян арқылы беріледі де адамның жан-дүниесінде терең сенім сезімін туғызады. Сенім дегеніміз – белгілі бір қоғамдағы уағыздалатын пікірлерге, нәрселерге берілу, олардың шындығын тексеру, я болмаса дәлелдеуді қажет етпеу. Осы тұрғыдан алғанда сенімді екіге бөлуге болады. Олардың бірі - ғылыми сенімдік. Оған қазіргі адамдардың ғылым мен техниканың жетістіктеріне, олардың болашақта адамзат өмірін түбегейлі өзгертетіне сену. Оны философияда сциентизм ия болмаса технократизм дейді. (scіentіa - латын сөзі, -білім, ғылым, techne- грек сөзі, -өнер, жасай білу, шеберлік, cratos - грек сөзі, -билік).Сенімнің екінші түріне адамзаттың күнделікті тәжірибесінен, я болмаса ғылыми деректерден шықпайтын, тіпті оған қайшы келетін қиялдарға нандыру және соларды адамның өз - өзіне нандыруы жатады. Міне, осы соңғы сенімдік түрі қайсыбір діннің негізін құрайды. Діни сенімнің қайнар көзі – адамның дүниені сезімдік-құндылық тұрғыдан игеруінде, ал Дүниеге деген ақыл-ой, парасат арқылы келген көзқарастарға дін қарсы келеді. Ғасырлар бойы жиналып келе жатқан ғылыми деректер жағалай ортадағы білім мен ақыл-ойдың негізіндегі жасалған күрделі өзгерістер діннің өрісін тарытып, оның ғылымға жақын түрлерін тудырады. Негізінен біз оларды пантеизм және деизм дейміз (pan- грек сөзі, -бәрі, theos - құдай, deus - латын сөзі, -құдай). Пантеизм дегеніміз Құдайды табиғаттың ішінде еріту, табиғаттың өзін Құдай ретінде түсіну. Мұндай Құдайға деген көзқарастың шеңберінде “табиғатты жарату² мәселесі босқа жай қалып қояды. Деизмді алатын болсақ, онда құдай мойындалғанмен, оның рөлі тек Дүниені өзінің құдіретті күші арқылы жаратумен танылады. Жаратылған Дүние әрі-қарай өзіне тән ішкі заңдылықтары арқылы өмір сүре береді, оның болашақ дамуына Құдай кіріспейді.Діннің дүниеге келуінен бастап оның негізгі қағидаларына күмәнданған атеистік көзқарастар да туды. (atheos - құдайсыз, құдайға қарсы, грек сөзі). Бүгінгі заманда Дүниеге деген атеистік көзқарас ұстаған адамдардың саны да аз емес.Құдайдың құдіретті күшіне сенушілік ертелі-кеш соған табынуға әкеліп соғады. Дінге табынушылықтың негізінде әр-түрлі діни мекемелер мен ұйымдар пайда болады (шіркеу, мешіт, синагога т.б.).

Діннің пайда болып даму жолында біршама себептер бар.Біріншіден, дін мифологиялық санаға қарағанда адамның абстрактылық ойлау қабілетінің анағұрлым биік дәрежеде дамуын талап етеді (о дүние, мәңгілік, шексіздік, әсемдік, ізгілік т.б. ұғымдардың пайда болуы).Екіншіден, адамның реалдық Дүниедегі, әсіресе, қоғам өміріндегі себептік-салдарлық, қажеттік және кездейсоқтық т.с.с. байланыстар мен қатынастарды сезініп, соларды түсінуге деген өшпес іңкәрі. Бірақ, олардың мәнін дұрыс түсіне алмағаннан кейін, адамдар табиғаттағы заңдылықтарды неше-түрлі құдіретті күштерге теңеп, соларға табыну арқылы оларды адамға керек бағытта өзгертуге ықпал жасауға болатынына сенді.Үшіншіден, адамның әлеуметтік өмірдегі зардап шегуі, езілуі, зорлық-зомбылықтың жақсылық пен ізгілікке қарағанда басымдылығы оның көкейінде бұл Дүниедегі өзінің өміріне қанағаттанбай, әрдайым шынайы құндылықтарды армандап, оның әлемін о Дүниемен теңеуге әкеліп соқты.Төртіншіден, адамның өз өмірінің уақытшылығы, әрдайым оның өлместікке деген қиялын оятып, оның мәңгілік, кемеліне келген бақытты Дүние болуы керек,- деген ойын туғызды.Басқа қоғамдағы сан-алуан құбылыстар сияқты дінде тарихи өзгерістерге түсіп өзінің әртүрлі бағыттарын тудырды. Бүгінгі таңда жер бетінде үш негізгі Дүниежүзілік діндер бар. Христиан дініндегі негізгі идея – эсхатология (eschatos - соңғы, -грек сөзі, logos- ілім) тарихтың, Дүниенің соңында Мессияның (құтқарушы) екінші келуі, тірі және өлген адамдарды таразыға салып, біреулерін тозаққа, екіншілерін мәңгі жұмаққа тартуы. Христиан дінінің негізгі қағидасы – сүйіспеншілік және оны уағыздауда осы дін өте биік жай адамның мүмкіншілігінің шеңберінен шығып кететін дәрежеге дейін көтеріледі (өздеріңнің жауларыңды да сүйіңдер!).Ислам діні де осы Дүниені жаратқан бір Құдайды – Алланы, оның құдіретті күшін мойындайды(қатаң монотеизм). Бұл діннің негізгі ерекшелігі - Құрандағы жазылған қағидалар адам өмірінің барлық жағын үйлесімді түрде ретке келтіріп отыруға тиіс. Сондықтан Ислам діні қоғамның мемлекеттік істеріне, саясатқа белсенді ықпал жасауға тырысады.

Философия дүниетаным түрі болғандықтан оған дүниеге көзқарастың мәселелері кіреді. Оның діннен, мифологиядан айырмашылығы ғылыммен терең байланысты екендігі. Өз тұжырымдарына сенімді талап етпей, рационалдық тұрғыдан дәлелдеуге ұмтылатындығы. Философия барлық жеке ғылымдардың /жаратылыс тану, қоғамдық және гуманитарлық/ нәтижесіне сүйенеді, сонымен қатар дүниені эстетикалық игеруге де, жалпы адамзаттың тарихи тәжірибесіне сүйенеді. Философия осының бәрін жалпы категориялар түрінде тұжырымдайды. Философияның басқа өмірге деген көзқарастардан айырмашылығы – оның рационалдығында (ratіo - латын сөзі, -ақыл-ой). Жалпы алғанда, философия қоғамдық сананың ғылыми саласының шеңберінен шығып кетпеуге тырысады, осы мақсатқа жету үшін өзінің категориалық (categorіa - грек сөзі, белгі, пікір айту, айыптау) бүкіл ғылымның жетістіктеріне, адамзаттың мыңдаған жылдық өмірден алған тәлім-тәжрибесіне негізделген жүйесін қалыптастырады.Сонымен қатар, философияны басқа жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен салыстырсақ, оның ерекшеліктерін де байқауға болады (humanus - латын сөзі, -адамдық, адамгершілік).Біріншіден, философиялық категориялардың (ұғымдардың) шегіне жеткенше жалпылығын атап өтуге болар еді. Олар болмыс пен ойлаудың ең маңызды және мәнді терең байланыстары мен қатынастарын көрсетеді. Жеке ғылымдар тек қана Дүниенің белгілі бір бөлігін ерекше объект ретінде қарап, соның мәнді байланыстары мен қатынастарын зерттейді (objectum - латын сөзі, -зат).Екіншіден, философия басқа ғылымдар сияқты ғылыми деректерді пайдаланады. Бірақ, философиялық деректердің айырмашылығы – ол жеке ғылымдарда сарапталған, белгілі бір теоретикалық орта деңгейге көтерілген білімді дерек ретінде қорытады, әсіресе, бұл философияның онтология және гносеология салаларына тән нәрсе (ontos - грек сөзі, -болу, өмір сүру), (gnosіs – грек сөзі, -білім, таным).Үшіншіден, философияда ғасырлар бойы жиналған сан-алуан теоретикалық жүйеге келтірілген көзқарастарды кездестіруге болады. Бірақ, соған қарамастан, бұл ғылымның саласында үзілді-кесілді шешілген барлық философиялық қауымның бір ойынан шығатын бірде-бір тұжырымдамасы жоқ сынайлы. Философия саласында қызмет еткен ірі тұлғаның өзіндік дүние сезімі, түсінігі, көзқарасы қалыптасады. Сондықтан біз Платон, Спиноза, Гегель т.с.с. ірі тұлғалардың философиясын ерекше түрде басқалардан бөліп алып зерттейміз.

Философия статусы (status – латын сөзі, -орын) жеке ғылымдарға қарағанда анағұрлым кеңірек, сондықтан Батыс елдерінде философияны тіпті өнер саласына жатқызатыны мәлім (the Art – ағылшын сөзі, - өнер).Мысалы, А.Шопенгауер философия ғылымының кемшіліктері – оның ғылым жолымен дамуында, ал шынында философия көркемөнердің бір түрі ғана,- деген пікір айтқан болатын.Егер біз философияны көркемөнер саласымен салыстырсақ, онда біз олардың бір-бірімен біршама көп ұқсас жақтарын ашуымызға болады.Жоғарыдағы көрсеткендей, философия саласында қызмет еткен әр ірі тұлға осы ғылымның тарихында өзінің ерекше дүниесезімі, дүниетүсінігі, көзқарасымен ерекшеленіп, ешқашан бұрын-соңғы қайталанбас орын алады. Сондықтан, қанша ірі тұлға философияға ат салысса, соншалықты философияның түрлері бар деп айтсақ артық болмайды.Өнер саласындағы туындылар да бір-бірін қайталамайды, онда өнерпаздың дүниеге деген тұлғалық-сезімдік қарым-қатынасы өзгеше болып көрініп тұрады.Философиядағы әрбір тұлға өзгеше орын алғаннан кейін, біздің алдымыздағы таңдау мәселесі пайда болады. Философияда талғамдық бар. Біреуге Гегельдің философиясы ұнаса, екіншіге Фейербахтан асқан ойшы жоқ сияқты. И.Фихтенің айтқанындай, философиялық жүйені таңдау - адамның өзінің кім екеніне байланысты, өйткені, философиялық жүйе соны жасаған адамның жан-дүниесі арқылы жанданған. Бұл жағынан алып қарағанда, - философия көркемөнерге ұқсас.

Қорытындылай келе, Дүниеге философиялық көзқарастың мәнін ашу жолында біз оның көп қырлы, көпсырлылығын байқадық. Бір жағынан алып қарағанда, философия ғылыммен ұштасып жатса, екінші жағынан оның көркем өнермен, идеологиямен, гуманитарлық біліммен, күнбе-күнгі сана мен моральдық рухани құндылықтармен, тіпті мистикалық діни сезімдермен байланысты екенін байқадық.Әрине, әрбір үлкен тарихи философиялық тұлғалардың шығармашылығында олардың алатын үлестері әр-түрлі, біреулерінде ғылыми жағы басым болса, екіншілерде – көркемөнерлік, үшіншілерде – нақылдық-моральдық, төртіншілерде – діндік-мистикалық жақтары басым болуы мүмкін. Оның өзі көп жағдайлармен, әсіресе белгілі тұлғаның өмір сүрген дәуірімен, сол тұлғаны түдырған халықтың тілі мен ділімен (менталитет) оның тәрбие, білім алған жағалай ортасымен, тіпті, жеке мінез-құлқы темпераментімен байланысты болса керек (temperamentum – латын сөзі, -жеке адамның жан-дүниесінің табиғи ерекшеліктері; mental – ағылшын сөзі, -ой-өрісі). Бірақ, қалай дегенде де, философияның әр-түрлі жақтарын бір-бірінен ажыратып бөлек алуға болмайды. Философия – біртұтас ерекше Дүниеге деген көзқарастық білім. Философия – адамзат мәдениетінің өзегі.

Философия сөзі грекшеден аударғанда, “даналыққа құштарлық” деген мағына береді. Бұл сөзді алғаш қолданған Пифагор деседі.Философияның дүниеге көзқарастың тарихи сатысы ретінде қалыптасқан кезі б.з.д. VI-V ғ.ғ.Философия осы кезеңде Ежелгі Үнді, Қытай және Грекия жерінде дүниеге келді.

Философияның негізгі мәселесін ойлаудың болмысқа қатынасы түрінде анықтаған Ф.Энгельс(XIX ғ.).Ал немістің классик философы И.Кант философияның мәселелер шеңберін мынадай төрт сұрақ түрінде түсінеді: Мен не біле аламын? Мен не істеуім керек? Мен неге үміт арта аламын? Адам деген не?

Философиялық білімді жіктеудің көптеген әдіс-тәсілдері бар. Қалай болғанда да, оның негізгі саласы, іргетасы онтология болып табылады. Онтология – болмыстың мәні туралы ілім. Одан басқа негізгі мәселелерінің қатарына таным жататындықтан, гносеология кіреді. Гносеология –таным туралы ілім. Кейде осы екі саласын теориялық философия деп атайды. Одан басқа аксиология/ құндылық туралы/, этика /әдеп туралы ілім/, эстетика /сұлулық туралы ілім/ кіреді. Бұларды практикалық философия деп бөледі.

Кейінгі кездері философияның құрылымын мынадай кестемен де беріп жүр.

Табиғат болмысы –онтология. Таным –Логика. Гносеология.

Адам болмысы –Философиялық антропология. Тарих әлемі –Тарих философиясы.

Мәдеиет әлемі –Мәдениет философиясы.Экономика әлемі –Шаруашылық философиясы.

Құқық әлемі –Құқық философиясы.Саясат әлемі –Саяси философия.

Қоғам болмысы -Әлеуметтік философия.Дін әлемі –Дін философиясы.

Ғылым әлемі –Ғылым философиясы. Эпистемология.Өнер, сұлулық әлемі –Эстетика.

Философияның қызметтерін былай жіктеуге болады: дүниетанымдық(дүние бейнесін жасау, ондағы адамның орнын анықтау); әдістемелік(ақиқатқа жету әдісін жасау), теориялық(ойларды теориялық жүйеге келтіру), сыни(дүние туралы білімге күмән келтіру,қайшылықтарын іздеу), аксиологиялық(дүниені әртүрлі, моральдық, этикалық, идеологиялық құндылықтар тұрғысынан бағалау), әлеуметтік (қоғамның пайда болу, даму жолдарын көрсету), тәрбиелік- гуманистік(адамгершілік принциптеріне сүйену).

Бақылау сұрақтары:

1.Дүниеге көзқарас дегеніміз не? Оның құрылымы, түрлері.

2.Философиялық ойлаудың өзіне тән ерекшелігі неде?

3.Философияның мәселелер шеңбері?

4. Философияның атқаратын қызметтері.

 

Ұсынылатын негізгі әдебиет:

1.Ғабитов Т. Философия. Алматы, 2004.

2.Мырзалы С. Философия. Алматы, 2008.

3. Әбішев Қ.. Философия. Алматы, 2002.

Қосымша әдебиет:

1.Рысқалиев Т. Даналық пен түсінік үлгілері. Алматы,1999.

2. Мифология: құрылымы мен рәміздері. Құраст.:Наурызбаева З., Нұрпейісова Ш. Алматы,2005.

3. Қазақтың халық философиясы../Қазақ халқының философиялық мұрасы.20 томдық. Т.7.- Астана, 2006

 

Дәріс 2. Ежелгі Шығыс философиясы- 2 сағат

Мақсаты: философиялық ойдың шығуымен, оның алғашқы тарихи типтерімен, Ежелгі Шығыс философиясында қойылған мәселелермен және негізгі мектептермен таныстыру.

Негізгі сөздер мен үғымдар:Ведалар,упанишад, варна, буддизм, джайнизм, аскетизм, иога, брахман, атман, сансара, мокша, дхарма, карма, нирвана, локаята, дао, инь, ян, у- вэй, у син, ци, цзюнь- цзы, ли, жэнь, сяо,фа.

1. Ежелгі үнді және қытай философиясының негізгі бағыттары.

2. Ежелгі Шығыс философиясының жалпы сипаты мен ерекшеліктері.

Философия б.з.д.6-5 ғ.ғ. Ежелгі Үнді, Ежелгі Қытай, Ежелгі Грекия елдерінде қалыптасты. Ежелгі Үндіде философиялық ойдың қалыптасуының бастауы брахманизммен, яғни брахмандар (абыздар) ілімімен байланысты. Брахманизм ежелгі үнді әдебиеттерінің жиынтығын, құдайлардың құрметіне арналған гимндер жинақтарын құрайтын Ведаларға (санскриттен аударғанда – «білім») негізделген. Барлық ведалық мәтіндер қасиетті кітаптар болып саналған. Ведалық әдебиет б.з,д. 2 мың жылдықтан б.з.д. VI ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Ең ежелгі бөлігі төрт самхиттен (жинақтан) тұрады: Ригведа (гимндер жинағы, арийлердің ән айтуы), Яджурведа (құрбан шалуда айтатын әндер, салт-жора жағы), Самаведа( діни әндер ), Атхарваведа (қарғыс өлең).Кейінірек Ведаларды түсіндіретінәдебиет пайда болды.Оларға жататындар: Брахман (салт-жора мәтіндері), Упанишад, санскр.:ұстаз аяғында отыру(діни-философиялық сипаттағы трактаттар) және Араньяктар (орман кітабы) – құрбан шалу және бөлініп кеткендер үшін өмір сүру ережесі сипатталған. Адамға, оның танымына, өнегелілік жағынан жетілуіне басты мән берілген.

Үнді қоғамына тән сипат – оны мүлдем тұйықталған төрт варнаға бөлінуі (тікелей мағынасында «түс», өйткені, әр варнаның өзіне тән түсті символы болған). Абыз-брахмандардың жоғарғы варнасы («брахман» - құдайға құлшылық ету) ой-парасат жағынан үстемдік етті, соғыс, мемлекет билігі кшатриялардың («кшатрия» – үстемдік, билік) еншісінде болды. Еңбек ету көп санды вайшьялардың («вайшья» - адалдық, тәуелділік) үлесіне тиді.Төртінші варна - щудралар (жұмысшылар, қолөнершілер, үй қызметшісі). Шудралар арийлер емес. Арийлер бірінші үш варнаның мүшелері болды. Бірақ шудралардың бәрі бірдей құл болған жоқ. Құл – «даса» (қоғамның ерекше әлеуметтік тобы).

Ведалық философияның негізгі ұғымдары: 1) брахман -әмбебап, жекесіз дүниелік жан, рухани бастау, одан бүкіл дүние өзінің барлық элементтерімен пайда болады; 2) атман – жеке жан, субъективті рухани бастау, “Мен”. Брахман және атман бір-біріне ұқсас, бірақ олар біріне-бірі қарсы тұрады: брахман индивидте өзін өзі таниды және сол арқылы атманға өтеді, соған айналады; 3) сансара -өмірдің дөңгеленіп айналуы. Адамның өмірін жандардың шексіз қайта туудың белгілі бір нысаны ретінде түсінеді; 4) карма – жазмыш заңы. Адамның болашақта дүниеге келуі карма заңымен айқындалады. Адамның болашағы – адам бұрынғы өмірінде жасаған істері мен әрекеттерінің нәтижесі. Жақсы өмір салтын ұстанған адам болашақ өмірде ең жоғарғы Варнаның өкілі ретінде дүниеге келеді: (сословиелер): брахман (діни қызметкер), кшатриялар (жауынгер немесе билік өкілі) немесе вайшья (жер иеленуші, қолөнерші немесе саудагер). Кім дұрыс өмір салтын ұстанбаса, болашақта кедей Варнаның тағдырын еншілейді –щудралар (қарапайым халық) немесе одан да төмен, оның “атманы” жануардың денесіне тап болуы мүмкін; 5) дхарма – адамның мінез-құлқын айқындайтын өнегелілік заңы; 6) нирвана – адамды “объектілер мен құмарлық дүниесінен” босату, жетілудің жай-күйі, қайта туудың тоқтатылуы, азаптанушылықтың тоқтатылуы; 7) девояна (құдай жолдары) – Атман мен Брахманның теңдестірлуіне бастар жол, адамның өзін-өзі пайымдау жолы, өзінің жеке әлсіздіктерін сезіну, өзін-өзі жеңуге деген ұмтылушылық, жер бетіндегі рахат атаулы мен игіліктерді, жердегі өмірдің мәнін аңғару. Бұл самсара шеңберінен шығуға, Карманың ықпалынан босануға мүмкіндік береді, яғни адам өзінің тағдырының қожасы болады, өз бақытының “ұстасына” айналады Ежелгі үнді философиясы арнайы үнді терминімен – “даршана” (“ақиқатты көру”) болып белгіленді.

Тұтастай алғанда үнді философиясында тоғыз мектеп бар – джайнизм, буддизм, чарвака, санкхья, нъяя, вайшешика, йога, миманса, веданта. Барлық даршаналар ведалық дәстүрге қатынастың белгісімен қалыптасты. Мұндай қатынас даршаналардың дәстүрлік топтастырылуының негізінде орнықты.

астика – бұл санкхья, нъяя, вайшешика, йога, миманса, веданта (Ведалардың беделін мойындайды, ортодоксальды деп есептеледі); • настика – бұл джайнизм, буддизм, чарвака (Ведалардың беделін мойындамайды, ортодоксальды емес деп есептеледі).

Джайнизм – аскеттік қозғалыс (ахимса принципі).Негізін қалаған Вардхамана, кейін Махавира(ұлы батыр),Джина (жеңімпаз)деп аталды.

Буддизм әрі дін, әрі философия. Үндістанда б.з.д. VI- б.з.д. V ғғ-да этикалық ілім ретінде дүниеге келді. Б.з.д. III ғасырда ресми дінге, идеологияға айналды. Қазіргі заманда Шри-Ланка, Жапонияда, Непалда, Бирмада, Тибетте және т.б. елдерде таралған. Буддизмді 1 млрд-қа жуық адам ұстанады.

Буддизмнің негізін қалаған Сиддхартха Гаутама, кейін Будда /сергектенген/ деп аталған. Будда айтуынша, адамның өмірі - қайғы-қасірет. Адам қандай әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен құтыла алмайды. Қасіреттен құтылудың бірден-бір жолы – сансардан толық азат болу. Ол үшін адам төрт ақиқат білуі қажет.

Будданың төрт ақиқаты:

  1. Өмір – қасірет. Өмірге келу, кәрілік, ауру, жақсы көрген нәрсеңнен айырылу, кажетіңе жете алмау және т.б. осылар бәрі – қасірет.
  2. Қасіреттің пайда болуы себептері туралы ақиқатты білу. Ол -адамның өмірге, ләзаттқа құштарлығы.
  3. Қиыншылықтан құтылудың жолы бар.
  4. Қиыншылықтан құтылу жолдарын білу.

Ол үшін сегіз қағиданы орындау немесе «сегіз жолдан» өту керек:

  1. дұрыс жол – төрт ақиқатты дұрыс түсіну
  2. дұрыс шешім – төрт ақиқатқа сәйкес өз өмірін өзгертуге бағытталған ерік-жігер
  3. дұрыс сөз - өтірік айтпау, біреуді босқа жамандамау
  4. дұрыс іс-әрекет – ешкандай тіршілік иесіне жамандық жасамау, ұрлық-қарлықтан қашык болу
  5. дұрыс тұрмыс қалпы – адал еңбек етуді әдетке айналдыру
  6. дұрыс қүш жұмсау – жаман оймен қүресу
  7. дұрыс ой бағыты – дүниенің жалған, уақытша екенің түсіну
  8. дұрыс жинақтала білу - өз дененді сезінуден, ойлаудан, туйсінуден арылу – немесе нирванаға жету

Веданта Ведалардың жоғары беделін және ведалық әдебиетті, оның ішінде Упанишадты тұтастай әрі толықтай мойындайды. Веданта нағыз ақиқаттың қайнар көзі құдай, дүниенің мәні, өмірдің мағынасы туралы жаратылыстан тыс ашылу деп есептейді. Веданта құдайды жаратушы деп біледі, өлгеннің кейінгі жанның болатындығына сенеді, алғашқы рухани тұлға деп атманды – брахманды есептейді.

Мимансаның ведантадан ерекшелігі құдайды жаратушы ретінде мойындамайды, бірақ көп жағынан оған жақын келеді.

Йога, санкхья, ньяя, вайшешика да сондай-ақ құдайды жаратушы деп мойындамайды. Бірақ оның миманса мен веданттан айырмашылығы бұл даршаналар өзінің дүниетанымын өзіндік принциптерге құрады. Осы барлық бес даршана өлгеннен кейін өмір барына сенеді.

Барлық даршаналардан чарвака –локаятаның ерекшелігі Веданы теріске шығарады, өлімнен кейін өмір барына сенбейді, барлық жағдайларда құдай барын жоққа шығарады және өзінің ілімін материяның бірінші болуына және сананың екінші тұруына деген танымға негіздейді. Бұл ежелгі үнділік материализм. “Чарвака” термині онша түсінікті емес. Нұсқалардың біріне қарағанда бұл әлдебір дана адамның бастапқы есімі тәрізді. Ал басқа болжамға қарағанда “Чарвака” “чарв” (жеу, шайнау) сөзінен шыққан, сондықтан чарвакалар деп гедонизмді уағыздағандарды атаған. Үшінші нұсқаға сәйкес “чарвака” термині “чару” (ұнамды) және “вак” (сөз) сөзінен шыққан, сонымен чарваканы “тапқыр, ұнамды сөз” деуге болады. “Локаята” термині “кәдімгі адамдардың көзқарасы” дегенді білдіреді. Чарвакалар – атеистер. Чарвакалар өмірдің мәні бақыт деп біледі, ал бақыт – сүйсіну, қанағаттану. Сана – материяға тән қасиет, ол екінші.

Ежелгі Үндістанның философиялық жүйелерінің басым көпшілігі пессимистілік (өмірден торығушылық) сарында болып келеді. Өмірден түңіліп, дүниені қанағат етпейді. Өмірді трагедия деп біледі, үнді философиясы азап шегушіліктің себептері туралы және азаптанудың өзі туралы айтып қана қоймайды, сонымен қатар азаптануды қалай тоқтатуға болатындығының жолын көрсетеді – бұл өнегелілік жетілу, тіршілік атуауыны қорғау, ешкімге зұлымдық жасамау, басқаның меншігін құрметтеу, әділдік, ерікті кедейшіліктегі өмір, парасаттылық. Өмірдің ең биік мақсаты – дүниені азаптанудан босату және жадыраған әрі мейірімді жай-күйге жету.

Ежелгі қытай философиясы. Ежелгі Қытай философиясының бастаулары – ежелгі қолжазбалар, кітаптар. “И цзин” (“Өзгерістер кітабы”), оған түсіндірмелер, “Ши цзин” (“Өлеңдер каноны”) Қытай үшін Үндістандағы Упанишадтай мәнге ие болды. Қытай философиясы өзінің пайда болу жағынан батыстық үлгіден ерекшеленеді. Оның өзегі мынадай үштік болып табыалды: “білім - әрекет - өнегелілік”. Қытайдағы философия ең алдымен этика және саясат. Білім ең алдымен өнегелілік жетілуге жол ретінде бағаланады. Ең жоғары білім – бұл ұлы адамдардың жақсы істері мен отбасынан сарайға дейінгі қоғамның барлық сатыларындағы мінез-құлық ережелері туралы білім. Елді басқару өнері мен әскери өнер маңызға ие болды. Білімнің қалған барлық басқа түрлері: математика, астрономия, медицина және т.б. кейінгі орында болды.

Қытайдағы философия дінге бағынышты болған жоқ, және де құдайға құлшылық етудің қызметшісі де болмады. Керісінше, дінде философиялық негіз болды, бұл қоғамның көңілінен шығу үшін жасалды.

Негізгі философиялық идеялар: дүниенің бес бірінші элементтері туралы дөрекі материалистік идеялар (синде) – металл, ағаш, су, от, жер; қарама-қарсы бастаулар туралы – Инь (әйел бастауы, қараңғы, ауыр) және Ян (еркек, жарық, жеңіл); жаратылыс заңы туралы (Дао).

Тұтастай алғанда, қытай философиясы қытайдың ұлттық сипатының өзіне тән ерекшеліктерін, әлеуметтік өмірдік ерекшеліктерін – патриархальдықты, прагматизмді, күнделікті тіршілікке мән беру, жер бетіндегі өмірді көрсетеді, бірақ басқа дүние жағын қамтымайды.

Негізгі философиялық ілімдер: даосизм және конфуцийшылдық.

Даосизм – негізін салушы Лао-цзы (Конфуцияының аға толқын замандасы) –б.з.д. 5ғ., “Дао дэ цзин” (б.з.д. V- б.з.д. IV ғғ.) оның бір бөлігі Лао-цзыдың өзіне тиесілі, ал ендібір бөлігі оның шәкірттерінің еншісіне тиеді. Трактаттың атауын былайша айқындауға болады: Дао – Жол, дэ – Даоның көрініс табуы, цзин – беделділік, классикалық жазбаға жатуы (“Жол және оның пайда болулары туралы кітап”), онда дүниенің, болмыстың және болмысқа жатпайтынның, адамзат қоғамының және жеке тұлғаның тіршілік ету проблемасы қойылған. “Білетін адам үндемейді, ал білмейтін адам сөйлемпаз” – даосизмнің негізгі каноны осы.

Нағыз жол бар, ол заң және негіз, ең жоғарғы бірінші прницип, әлемдік субстанция, барлық болмыстың қайнаркөзі – Дао. Әлем, адамдарың өмірі рухпен, немесе көктің еркімен емес, Даомен басқарылады. Дао көзге көрінбейді және ол өзінше (субстанция ретінде) болмайды, бірақ әркез заттың түбінде жатады. Сондықтан Дао – болмыс емес және бір мезгілдегі болмыс та емес.

Дүниеде бәрі қозғалыста болады, тұрақты өзгереді. Дао іс-әрекетте – дэ (күш). Даму қанша жерден жүрмесе де, әділдік әрқашан салтанат құрады. Осындай заңдылық бар, осыдан келіп даосизмнің басты принципі шығады – у-вэй (әрекетсіздік) – адам заттың табиғи қозғалысына араласпауы тиіс. Даосизм – бұл тек жай ғана философиялық жүйе ғана емес, ол айырықша өмір салты, өмірлік даналық, сенімді өмірлік бағыт. Даостар үшін идеальды жай-күй Даомен кірігу (мин – жарықтану). Даос өмірде парықсызды емес, тіпті зұлымдықты да емес, керісінше мәңгілік және өлмейтіндерді бағалайды, болмыстың ұлы тыныштығына көлеңке түсірмейді.

Конфуциялық – ежелгі қытай философиясының негізін салушы әрі қытайдың рухани бейнесін құрушы Чжун Ни немесе Кун Фу цзы болды, ол Еуропада дүниеден өткеннен кейін екі мың жылдықтан соң Конфуциус (Конфуций) (б.з.д. 551 ж. –б.з.д. 479 ж. дейін) деген атпен белгілі болды.

Конфуция ілімінде негізгі орынды адамның өнегелілік табиғаты, мораль, отбасы, мемлекетті басқару алады. Оның ілімінде космогонияның, онтологияның, гнесеологияның, логиканың, метафизиканың проблемалары бастапқы сатысында ғана болды.

Конфуция ілімінде “аспан” және “аспан (көк) құдыреті” тұжырымы бастапқы бастау деп есептеуге болады. Аспан – жекесіз күш. Тағдыр, заң, ең жоғарғы рухани күш. Конфуциялықта Дао – этикалық нормалар негізіндегі өнегелілік жетілу мен басқарудың жолы.

Конфуций әлеуметтік-өнегелілік идеал деп өткенді есептеді. Конфуцияның ең жоғарғы өнегелілік императиві: “Өзіңе тілемегенді өзгеге жасама”. “Алтын орта” ұғымы адамның мінез-құлқын реттейді. Адамдықтың негізін ата-анаға және жасы үлкенге көрсетілетін құрмет құрайды (“сяо”). Құрмет көрсетушілік - әлеуметтік тәртіп атаулының негізі. Конфуций этикасы адамдарды мынадай топтарға бөлуге негізделген: “парасатты ерлер” – цзюнь-цзы (жоғары өнегелі адамдар, ақсүйектер), қарапайым адамдар – жэнь (цзюнь-цзы мен сяо-жэнь арасындағы) және “кедей адамдар” – сяо-жэнь (меркантильді адамдар). “Парасатты ер” өмірінің мәні Даоның жетістігі, “жэнь” (адамдық) және вэнь (ішкі мәдениет) болып табылады. Ежелгі дәуірде қалыптасқан дәстүрлерді сақтау кейінгі ұрпақ үшін маңызды болып табылады. Конфуций әкелген сауаттылық пен білімнің талабы жетілген қоғамның атрибуты болып табылады. Конфуций өнегеліліктің балық өлшемдерін ортақ мінез-құлық жүйесіне – “лиге” біріктірді,бұл қоғамда қабылданған ережелерді сыйлау, салт-дәстүрді ұстану, сыпайылықты білдіреді.

Конфуцийдың мемлекетті басқару туралы іліміне басты қарсылық білдіргендер легистер(заңшылдар) болды.Бұл мектептің өкілдері Сюнь-цзы, Хан-фэн және басқалар.Олардың пікірінше, адам табиғатына эгоизм тән,сондықтан оны заң(фа) арқылы қатаң жазалап отыру қажет.

Бұлардан басқа моистер мектебі болды. Моизмнің негізін қалаған Мо-цзы.Ол қара халықтан шыққандықтан,адамдарды ақ сүйектер мен қара сүйектерге бөлген Конфуций іліміне қарсы шықты.Мо-цзы өз ілімінің негізіне жаппай сүйіспеншілікті қойды.

Бақылау сұрақтары:

1.Философияның пайда болуына адамзаттың темір дәуіріне өтуінің ықпалы болды ма?

2. Ежелгі Үнді философиясының қалыптасуындағы Ведалардың орны.

3. Ежелгі Қытай философиясындағы негізгі бағыттар.

4.Ежелгі үнді және қытай философиялық дүниетанымының бір-бірінен ерекшелігі.

5.Шығыс философиясының өзіндік сипаты.

Ұсынылатын негізгі әдебиет:

1.Ғабитов Т. Философия. Алматы, 2004.

2.Мырзалы С. Философия. Алматы, 2008.

3. Әбішев Қ. Философия. Алматы, 2002.

Қосымша әдебиет:

1.Ежелгі Шығыс философиясы./ӘФМ. 20 томдық. Т.1. А.,2006

2..Рысқалиев Т. Даналық пен түсінік үлгілері. Алматы,1999.





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-07-29; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 878 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Велико ли, мало ли дело, его надо делать. © Неизвестно
==> читать все изречения...

2456 - | 2138 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.01 с.