Бұл әдіс – сауыт ұлпасына қарағанда өзгеріске аз ұшырайтын, клеткалық құрылымдары аз, керісінше талшықты құрылымға бай, сондықтан өміршеңдігі жоғары түбір ұлпасын сақтауды мақсат етіп қоятын әдіс. Көбінесе жақсы нәтиже көптүбірлі тістердегі ұлпа қабынуын емдеу кезінде қолданылады. Себебі бұл тістерде сауыт ұлпасы мен түбір ұлпасының арасында анық шекара (өзектер сағалары) бар.
Бұл әдісті қолданатын кездер: ұлпаның кездейсоқ ашылуы, ұлпаның жартылай жедел қабынуы, биологиялық әдіс нәтижесіз болған кезде, ұлпаның созылмалы жәй қабынуы (тістің электрқозғыштығының көрсеткіші 40 мка дейін болса).
Бұл әдістің мақсаты көбірек өзгеріске ұшырайтын, қабыну үрдісіне төсімсіз сауыт ұлпсын алып тастап, түбір ұлпасын сақтау болғандықтан (мұнда хирургиялық және биологиялық емдеу әдістерінің қағидалары бірге кездеседі) оны биологиялық-хирургиялық әдіс немесе консервативті-хирургиялық әдіс деп те атауға болады.
Әдісті орындау тәсілі. Алдын-ала белгілі тиімді ұлпаны уақытша жансыздандыру әдісін жүргізгеннен кейін тісжегі қуысын асептика қағидаларын сақтап егеп-тазалап алады да, тісжегі қуысын антисептиктердің жылы ертіндісімен жуып алады. Тісжегі қуысын егеп-тазалауды турбиналық ұштықтың көмегімен орындауға болады. Зарарсыздандырылған шарға ұқсас бормен ұлпа мүйізшесі тұсында сауыт қуысын тесіп, күмбезін алып тастайды (бұл кезең турбиналық немесе баяу айналатын (6000-10000 айналым/мин.) ұштықтардың көмегімен орындалады). Ашылған сауыт ұлпасының жоғарғы бөлігі сауыт қуысын ашқан кезде алынып кетеді, ал қалған бөлігін аршығыштың немесе бордың көмегімен алады және өзек сағасын кеңейтеді. Осыдан кейін керіконусқа ұқсас бордың көмегімен өзек сағасында баспалдаққа ұқсас шағын кертпе қалыптастыра отырып, саға ұлпасын тереңірек алып тастайды (ұлпаны терең ампутациялау – субтотальная резекция).
Кейде өзек сағасы ұлпасын кесіп алмай-ақ, диатермокоагулятордың көмегімен (екі секөнд) қуырып тастауға болады. Қажет болса қан тоқтатып (арнаулы сорғыш, капрофер, оксицелодекс, капромин қолдану арқылы), сауыт қуысын антисептиктер ерітіндісімен жуып, кептіреді және түбір ұлпасына қысым көрсетпей емдік төсеммен жабады. Көптеген ғалымдар емдеу әдісін бір қабылдауда жүргізуді ұсынады. Егер ондай шешім қабылданған болса, емдік төсем ретінде одонтотропты қойыртпақтар қолданылып, аралық төсем төселген соң, тұрақты пломбы қойылады. Ал екі қабылдауда емдеу жүргізілетін болса, емдік төсем ретінде дәрілердің күрделі қоспалары пайдаланылып, уақытша пломбы бір аптадан 3-4 аптаға дейін қойылады. Екінші қабылдауда тіске ешқандай шағым болмаса, уақытша пломбы тұрақты пломбыға ауыстырылады және өзек сағасына одонтотропты қойыртпақтар төселеді. Көптеген гистологиялық зерттеулер нәтижесі ұлпа жартылай кесіліп алынған аймақта дентинге ұқсас қатты тіннің құрылатынын, оның астында түбір ұлпасы сақталып, тығыз дәнекер тінге ауысатынын дәлелдеген.
Өміршеңдігі сақталған түбір ұлпасы микроорганизмдерді периодонтқа жібермейтін «қорғаныс қалқан» болып қалады.
Ұлпаны жартылай сақтап емдеу әдісі балалардың сүт және тұрақты тістерінің түбірлері сорылу кезеңінде және толық қалыптасып бітпеген жағдайларда кеңірек қолданылады.
Ұлпа қабынуын ұлпаны толық және жартылай сақтап емдеу кезіндегі жіберілетін қателіктер мен асқынулар.
· Уақытша немесе тұрақты пломбыны қойғаннан кейін ауыру сезімінің күшеюі. Себебі: емдеу әдісін көрсетілімдеріне сай және дәрілерді дұрыс таңдамау, асептика ережелерін сақтамау, жұмсарған дентинді толық алмау, борды дұрыс қолданбау (қыздырып алу), тісжегі қуысын өңдеуге жоғары концентрациялы антисептиктер ертіндісін қолдану. Бұл кезде емдік төсемдер үшін қолданылатын дәрілер құрамын өзгерту немесе ұлпаны жартылай алу керек (ұлпаны толық сақтап емдеу жүргізілген болса). Егер ол да нәтижесіз болса (ұлпаны жартылай сақтап емдеу кезінде 25% жағдайда түбір ұлпасы өліеттенуге ұшырайды), ұлпаны толық алып емдеу әдісін қолданады.
· Сауыт ұлпасын алғаннан кейін түбір ұлпасынан қан ағып тоқтамауы (диатермокоагуляциялағаннан кейін де) мүмкін. Қан тоқтататын дәрілерді қайта қолдану немесе диатермокоагуляциялауды қайталау арқылы қан тоқтату керек.
· Емдік төсем құрамындағы дәрілер мен анестетиктерге аллергиялық реакцияның дамуы. Себебі: аллергологиялық анамнезді дұрыс жинамау және алғаш рет қолданылатын дәрілермен ааллергияллық сынама жүргізбеу. Аллергиялық реакцияның түріне және ауырлығына қарай жедел жәрдем көрсетіледі.
· Ұлпаны жартылай алып емдегеннен кейін біраз уақыт өткен соң тісінің температуралық тітіркендіргіштер әсерінен ауыруы. Себебі: өзек сағасынан ұлпаның толық алынбауы немесе түбір ұлпасының қабынуы (остаточный пульпит). Бұл кезде сақтап қалдырылған түбір ұлпасын толық алу қажет болады.